Оңтүстікте “Ырыс алды – ынтымақ” форумының кезекті басқосуы өтті
Бірлік пен татулықты ту еткен, ел ішіндегі келеңсіз жағдайларды көп болып ақылдасып шешуді мақсат ететін “Ырыс алды – ынтымақ” форумы Төлеби ауданының баурайындағы “Тау самалы” демалыс орталығында өтті.
Бұл жолы келелі кеңестің тақырыбына “Ырыс алды – ынтымақ” қоғамдық форумының жастар саясатын жүзеге асырудағы міндеттері” таңдалынып алынды. Расында, осы тақырып бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда күйіп тұрған мәселе. Ат жалын енді тартып мінген бозбалалардың қатарында шімірікпестен кісі өлтіру, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық көбейіп, өзегі алынбаған бітеу жараға айналып барады.
Жақында сотта судья болып жұмыс жасайтын досымыз өз көзіммен көрдім деп бір оқиғаны айтып беріп еді. Қаладағы іргелі оқу орындарының алдынан қозғала берген көлікті жанамалай, алдын кесіп такси тоқтаған. Ылғи кездесіп жататын жағдай ғой. Артқы машина рөліндегі жас жігіт атып шығып, тападай тал түсте сөзге келместен пистолетпен такси шоферін тарс еткізіп атып, машинасына отырып құйғытып кетеді. Қасында егделеу әйел адам отырыпты.
Жағасын ұстап бұл қалады. Кейінірек баласын тығып тастаған ата-ана адвокат іздеп жүріп, әлгі судьяға да шығады. Бұл “Ондай қарақшыны кім қолдайды?” дейді. Ел іші емес пе, табылады ғой. “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде”, өрімдей баланың өмірі бұзылмасын, балалықпен істеген қателігін кешірсін” деп ата сақалы беліне түскен, сөзі жүйелі ақсақалдарды, ел ағаларын ортаға салады. Дүние-мүлік шашылады. Балаға ұрысса ұрысатын шығар, таяқтайтын шығар. Маңдайы тасқа тие қоймаған бозбала бұдан кейін “бәрін таныспен, ақшамен шешуге болады екен” деген ой түйетін болса керек. Соңы біреудің дүниесін тонауға ұласып жатады.
Облыс басшысы баяндамасында осындай өткір мәселелердің түйінін тарқатып, шешу амалдарын табуға тырысты.
Форумға облыс басшылығы мен облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалардың басшылары, құрамы қала, аудан әкімдерінен, мәслихат хатшыларынан, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағаларынан, дін және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, әр қала, ауданнан 10 адамнан тұратын делегациялар, ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары, саяси партиялардың жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, облыстың зиялы қауымы, БАҚ өкілдері, барлығы 300-ден астам адам қатысты.
Форум жұмысын жазушы, журналист, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.
– Оңтүстiктiң халқына орнықты ой айтып, бiрлiк пен берекенi бекемдей түсудi басты бағдар еткен «Ырыс алды – ынтымақ» басқосуымыз дәстүр ретiнде жалғасын тауып келедi, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. – Түркiстан мен Ордабасыда, Мәртөбе мен Қазығұртта, Мақтааралда қоғамдағы маңызды мәселелердi қозғаған алқалы жиын ретiнде тарих беттерiнде қалды. Бүгiн игi мақсатты көздеген кеңесiмiз Төлеби ауданында өтiп отыр. Қазығұрттағы кеңесiмiзде жастар тәрбиесi жөнiнде ой қозғап, атқарар iстерiмiздi айтқан болатынбыз. Арада бiршама уақыт өтсе де жастар ортасындағы проблемалар азайған жоқ. Әрине, ұрпақ тәрбиесiнiң жемiсi бiр күнде немесе бiр жылда бермейтiнi белгiлi. Сонда да, тың бетбұрыс, iшiнара қозғалыс басталып, үмiтiмiздi үкiлей түсуi керек едi. Өкiнiшке қарай, жастар саясатында әлi де серпiлiс аздау, көңiлге қаяу түсiретiн мәселелер жетерлiк. Сондықтан да бүгiнгi басқосуымызда тағы да жастар саясаты сөз болмақ, – деп сөз сабақтаған облыс әкімі Оңтүстiк Қазақстан облысындағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар 773 мыңнан асып, өңiр халқының үштен бірін құрайтындығын айтты.
– Қазығұрттағы жиында «Жастар орталығын» ашу керектiгi айтылса, бүгiнде талапқа сай облыстық «Жастар орталығы», оған қосымша аудандарда да осындай орталықтар ашылды. Бұдан бөлек басқа да кешендер, спорттық клубтар ашылуда.
Яғни, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлiнiп, аз жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрiмiз, әдет-ғұрпымыз түгелдей дерлiк, инабатты ұрпақ өсiру, патриоттық рухы биiк, отаншылдық сезiмi жоғары азамат қалыптастыруға негiзделген. Әйтсе де, кейiнгi жылдары ескiнiң бәрiне ежiрейе қарап, жөн-жосықсыз жаңашылдыққа жаппай ұмтылудың салдарынан дәстүрден бiраз жаңылдық, ұрпақ тәрбиелеуде ұтылдық. Базбiр қиын-қыстау жылдарда басты байлыққа баланы емес, басқаны қоюымыздың салдарынан жас буынның бойында көптi түңiлдiрер жағымсыз қасиеттер қалыптасты. Жастарды айтпағанның өзiнде кәмелетке толмаған мектеп жасындағы балалардың қолымен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 33 пайызға өсiп отыр. Соның iшiнде аса ауыр қылмыстар 75 пайызға (8-ден 14-ке), ауыр қылмыс 9 пайызға (66-дан 72-ге) артқан. Егер 2010 жылы оқушылар 331 қылмысқа бой ұрса, биылғы 6 айдағы қылмыстың саны 231-ге жеттi. Бiз сонда кiмдердi тәрбиелеп жатырмыз? Әсiресе, жергiлiктi баспасөз беттерiнде жиi сыналғандай Түркiстан қаласындағы жасөспiрiмдер қылмысы шектен шығып барады.
Өткен жылы қасиеттi қалада жеткiншектердiң қатысуымен 29 қылмыс тiркелсе, үстiмiздегi жарты жылдың өзiнде 34 қылмыстық оқиға орын алып үлгердi. Бұл – қаладағы бүкiл құқық қорғау, бiлiм, әкiмшiлiк органдарымен қатар ақсақалдардың, зиялы қауымның, соның iшiнде Түркiстандағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының филиалы, ата-аналар комитетiнiң, әрбiр отбасының дабыл қағарлық жағдайы.
Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Шымкент сынды аудан, қалалардағы жасөспiрiмдер қылмысының артуы да бiздi алаңдатады. Әлi оң-солын танып үлгермеген балалардың қолымен биылғы жарты жылдың көлемiнде 7 адам қасақана өлтiрiлген. Жасөспiрiмдердiң топтасып жанжалдасуы көбейiп, суық қару қолдануы жиiлеп барады. Таяуда ғана мұндай оқиғалар Шымкент қаласында орын алып, мектеп бiтiрер ұлынан үмiт күтiп жүрген отбасыларға қара жамылдырып кеттi. Өмiрде әлi өкiнiш пен қуаныштың дәмiн татып үлгермеген бозбалалардың арасында бiр-бiрiн өлiмге қиятындай өшпендiлiк, қатыгездiлiк қайдан туындаған?! Мұның жауапкершiлiгi кiмде? Ата-ана мектеп ұжымына, ұстаздар полицияға немесе отбасылардың өздерiне сiлтеп әуре. Ал, шындығында ұрпақ тәрбиесiндегi берекесiздiк осы үшжақты үйлесiмнiң болмауынан, жауапкершiлiктi бiр-бiрiне сiлтеуiнен туындап отырғаны түсiнiктi емес пе?! Қазiргi бiлiм ұяларында ұстазына сәлем бермейтiн оқушылардың көбейгенi де шындық. Тiптен, мұғалiмдi келемежге айналдыратындар да жоқ емес. Өз кезегiнде оларға педагогтар шара қолдана бастаса, арашаға ата-ана түседi. Сес көрсетедi, қоқан-лоққы жасайды, тиiстi орындарға арыз түсiредi, сотқа бередi, дауға ұластырады. Не отбасында, не мектебiнде тыйым көрмеген баладан тiл алатын ұл-қыздың өсуi екiталай емес пе?
Баланың қалыпты өмiр сүруiн қамтамасыз етуде ата-ана да заң жүзiнде жауапты. «Неке және отбасы туралы» Заңының 62-бабында ата-ананың бала тәрбиесiндегi жауапкершiлiгi анық жазылған. Олай болса жасөспiрiмдердiң қылмысы үшiн ата-анадан сұрайтын уақыт келдi. Ағымдағы 6 айда облыстық iшкi iстер органдарымен жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылықтың, тыйым салынған уақытта компьютерлiк клубтар мен интернет-кафелерде жүруiн бақылау үшiн 507 рейдтiк тексеру ұйымдастырылды. Нәтижесiнде ұл-қызын бақылаусыз жiберген, заңға сәйкес ата-аналық мiндетiн тиiстi дәрежеде атқармағаны үшiн 187 тұлға әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды. Өздерiңiз бiлетiндей, кейiнгi кезде мемлекеттiк органдарға кәсiпкерлiк нысандарын тексеруге шектеу қойылған. Бiрақ осыған ата-аналар комитетi, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар бас болып, интернет-кафелер мен түнгi клубтардағы жағдайды бiрлесе көтерiп, кәмелеттік жасқа толмағандарды өздерi анықтап, тиiстi шара қолдануға болады. Бiрақ бұл жұмыс мүлде жоқ. Бұл жерде «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының, бұқаралық ақпарат құралдарының айрықша белсендiлiгiн күтемiз. Бұл – басқа да саяси партиялардың назарынан тыс қалмайтын қоғамдық мәселе. Әсiресе, қоғамдық пiкiр тудыруда БАҚ аянып қалмауға тиiс. Неге баспасөз беттерiнде бiрде-бiр түнгi клуб, компьютер клубы, не болмаса баласы қылмыс жасаған ата-ана туралы сын мақалалар, зиялы қауым пiкiрлерi жоқ, журналистiк зерттеу жүргiзiлмейдi?
Жастар арасындағы суицид баршамызды ойландыруы қажет. Әзiрге емi табыла қоймаған тылсым кеселге 2010 жылдың көлемiнде 294 оқушы ұшырап, оның 62-сi көз жұмды. Ал, ағымдағы 6 айда 34-iн өлiмнен арашалау мүмкiн болмады. Деректерден аңғарғандарыңыздай, үстiмiздегi жылы дертке ұшырағандардың арасында ажал құшқандар өткен жылдың кезеңiмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Тiптен, Сайрам ауданында небәрi 3-сыныптың оқушысына жарық дүниеден түңiлетiндей не көрiндi? Суицидтiң алдын-алудың бiр амалы ретiнде бiлiм мекемелерiне психолог штатын көбейтiп, жалпы санын 1405-ке жеткiзгенiмiзбен, мәселенiң бетi берi қарар емес. Басты себеп, психолог мамандардың өз кәсiбiн дұрыс бiлмеуi, балалармен тұрақты жұмыстың жүргiзiлмеуi, түрлi жағдайларға ұшырап бойында өзгерiс байқалған оқушыларды дер кезiнде анықтамауы.
Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Қазiргi қалыптасқан түсiнiкке сай кейбiр ата-ана баласын «ортасының алды болсын» деп, барынша қымбат киiмдермен киiндiрiп, қымбат әшекейлерге малындырып, құнды көлiктермен тасымалдауда өзара жарыс өткiзiп жүр. Бұл мұндай жастардың өмiр құндылығын дұрыс түсiнуден алыстатса, екiншi жағынан оның бәрi табысы төмен немесе ортанқол отбасыдан шыққан жеткiншектiң жүрегiне жара салып, санасын сансырататыны сөзсiз. Ел ағалары, бiздiң форум, басқа да қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитеттерi осыған байланысты тиiстi жұмыстар атқаруымыз қажет.
Дiн жастар арасындағы ең өзектi мәселенiң бiрiне айналды. Соңғы уақытта орын алған оқиғалар бұл салаға бей-жай қарауға болмайтындығын тағы да көрсеттi. Жыл басынан берi өңiрiмiзде дәстүрлi емес бағытта үндеу парақтарын сақтау және тарату туралы iшкi iстер департаментiне 38 фактi тiркелген. Қылмыстық кодексiнiң 164-бабы әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, немесе дiни араздықты қоздыруға қатысты 32 оқиға анықталып, 3 дерек бойынша қылмыстық iс қозғалған. Ал, өткен жылы экстремистiк деп танылған 44 фактi тiркелiп, 22-сiне қылмыстық iс тағайындалған. Өкiнiштiсi, исламның атын жамылған сол ағымдардың арандатуына негiзiнен жастар ұшырауда. Қасиеттi Ислам экстремизм мен терроризмдi ешуақытта ақтамайды, айыптайды, адамдарды тiлiне, түрiне, дiнiне, дiлiне қарап алаламайды, артықшылық бермейдi. Бiрақ мұғалiмдi мойындамай, орамалға қатысты сотқа тарту, ата-ананы сөгу, ұлтымыздың салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын ғайбаттау, дүниенi тәрк етiп, тiршiлiк етуден безiнудi тақуалықтың тура жолы деп кiм айтады?
«Бидiң айтқанын құл да айтады, бiрақ аузының дуасы жоқ» деген даналық сөз бар. Қадiрлi Ел ағалары, зиялы қауым, жат дiни ағымдар мен секталардың зияндылығын ағайынға, ауылдасқа, халық ортасында жиi айтып, телеарнада, баспасөзде бәтуалы пiкiр бiлдiргендерiңiз абзал.
Облыс басшысының деректерге негізделіп жасаған баяндамасы есті адамдардың ешқайсысын бей-жай қалдыра алмады.
Жиында аузы дуалы ақсақалдарымыз сөз алды. Қашанда қазақ ұлтының өткенін жанғыртып, бүгінін түгендеп жүретін, мәселенің байыбына бойламай сөз шығындамайтын Мекемтас Мырзахметов есті адамға ой түсірердей байламдар айтты. “Тарих әр адамның өз өмірінде жатыр. Бұрынғы замандарда халық өзегі – ауыл ақсақалдары болатын. Дәстүр ауысқанда біз жақсы құндылықтарымыздан айырылып қалдық. Қай кезде де бозторғайдай шырылдап, туған халқын сергек жүруге, ұлттық құндылық, салт-дәстүрінен айнымауға шақыратын Мекемтас ағамыз тәрбие өзегі – отбасында жатыр дегенді жиі айтады. Ал, біз ұлтымыздың мәйегіне қанған отбасылық болмысты тұтастай сақтап қала алдық па?!
Бұл көп ұлттар мен ұлыстарға төнген қасірет екен. Патшалық Ресейден кеңестік үкіметтің сіңірген басқыншылық саясаты үш ірі халықты орыстандыруға негізделіпті. Олар ноғай, қырым татарлары және қазақтар. Мекемтас аға 2 млн. ноғай халқының бүгінде 90 мыңы қалғанын, 75 млн. халқы болған Қырым татарларының ресми есепте жарты миллион барын айтады. Осынша халық бұлт болып ауаға сіңіп кеткен жоқ, дәстүрін жоғалтып орыс болып, солардың қатарын көбейтті. Ұлтына енді оралмайды. Бұл қасірет – қазақты да айналып өткен жоқ. Қазақ та осындай империялық астамшылдықтың зардабын тартудай тартты. Нәтижесі белгілі. Қазақ тілі Қазақ мемлекетінде толық мәнінде ие болуына басқа-басқа емес, ең алдымен тілін, салт-дәстүр, ұлттық мәдениетін жоғалтқан, орыстанған қазақтар өре түрегеліп қарсы шығады.
Тамыры үзіле жаздаған қазақ зұлматтардан әлденеше азайып жатқанда, ұлттық болмысына селкеу түсірмеген өзбектер 12,5 есе өскен екен. Қытайдың езгісінен жан сауғалап қашып, анық өлімнен қалған 43 мың ұйғыр жұрты 15 есеге көбейген. Ұлттық құндылықтарын сақтап қалғандықтан, өзге ұлтқа кіріге алмаған, мақсат та тұтпаған.
– Ұлттық тәрбие дегеніміз – салт-дәстүр. Негізі – отбасы. Сондықтан, біз ең алдымен ұрпақ тәрбиесін түзей алсақ, Асқар Исабекұлы айтып отырған ащы шындықтардан құтылып кетуімізге болады, – деді Мекемтас Мырзахметов.
Қазақстанның халық әртісі, “Парасат” орденінің иегері Сәбит Оразбаев: – Азаттық келдi ғой деп қамсыз отыруымызға болмайды. Тәрбие басы – талбесiк, отбасынан басталады. Ұрпағымызды үлде мен бүлдеге орап, астына шетелдiк көлiк салып берiп үйрету – тәрбиеге жатпайды. Бұған тыйым салу керек. Одан құтылудың жолы – қазақтың салт-дәстүрiн берiк ұстану. Ал, дәстүрлi дiнiмiзде үлкен адамгершiлiк, иман, тәрбие бар. Облыс әкiмiнiң баяндамасында барлығы айтылды, жан-жақты қамтылды. Менiңше, мұндай форум облыс емес, республика көлемiнде өтуi тиiс, –деді. Ал, Созақтық ардагер ұстаз Сағынтай Байділдаев тәрбиенің бір ұшы бар міндетті мектепке аударып салатын ата-аналардың өзінде жатқанын айтқан.
Тәртiпсiз, мұғалiмдi сыйламайтын оқушылар бүгiнде барлық жағынан толық қамтылған отбасылардан шығып жатыр. Елiмiзде ата-ана мiндетiн айқындайтын заң бар. Бiрақ баласының бұзақылығы үшiн шара көрген жайды кездестiрген емеспiн. Балаларына көшеде жүрсе де, түнделетiп қаңғырса да қой демейтiндер бар. Ал, тәртiбiне келгенде мұғалiм мен мектептi кiнәлап шыға келедi. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi тәртiбi нашар баланы есепке алғанымен оны оқытып, түзеудi мектепке жүктеумен ғана шектеледi. Түсiндiру жұмыстарын жүргiзумен айналыспайды. Ал, жастардың жат пиғылды дiни ағымдарға ерiп кетуiне бiрден-бiр себеп, кейбiр ауылдық жерлердегi имамдардың сауаты төмен. Олар тек пiтiр-садақа жинаумен, жұма намазды өткiзумен айналысады. Халыққа ойын дұрыс жеткiзе алмайды. Өзге ағымды насихаттаушыларға тойтарыс беруге шарасыз. Содан барып жастар басқа ағымдарға бой алдыруда. Мектептерде педагог мамандарды iрiктеу өз дәрежесiнде емес. Жаңадан жұмысқа қабылданған мұғалiмдердiң өресi жетпей жатады. Мұндайда зейнеткер ұстаздардың бай тәжiрибесiн пайдаланған абзал. Осылардың барлығын ретке келтiрсек, әкiмнiң баяндамасында айтылған проблемалардан толық арылуға болады.
Жиын барысында әйтеуір сөйлеу керек болған соң сөйлегендер де болды. Түсінікті жайт. Әр аудан бір-бір шешенін сайлап әкеледі. Әкімдер қандай мәселе көтересің, ел үшін қайсысы маңызды деп сөзін бір тыңдап көрмейді-ау.
Осы форум бастау алғаннан бері қатысып келеміз. Қызыл сөзден қуырдақ қуыратындар да болады. Үйту керек, бүйту керек. Сөзінде таңдайда қалар дәм жоқ. Мекемтас Мырзахметов сияқты елдік мәселе көтеріп, ұлтының осал тұстарын бекемдеуді ойламағаннан кейін шыға бере ұмтылатын, құлақты сарсаң қылатын қыздырма сөз неге керек. Деп ойлайсың. Форумда тыңдаушылар қатарынан ұсыныстар айтылды.
Екеуінде “Ырыс алды – ынтымақ” форумындағы сөздерді кітап етіп шығаруға, елге тартуға ұсыныс айтылыпты. Облыс өмірінен екшелген, егіз қаламнан туғандай әсер қалдыратын баяндамаларды қайта қадалып оқитындар бар ма екен, тәрізі.
Өйткені, көкейде сауал көп.
“Ырыс алды – ынтымақ” форумы имандылық ордасы, рухани астана атанып жүрген Түркістанда да өткен.
Ал, сол Түркістаныңыздағы жасөспірімдер қылмысы облыста көш бастап тұр. Атқысы келеді атады, пышақтағысы келеді, мал бауыздағандай пышаққа жығады.
Көп болып кеңескен, бәтуә байласқан жиынның пайдасы қайда?!
Етегін бесіктен белі шықпай жатып көтерген қыздар көбейіп барады. Жылдан жылға. Ресми дерек облыста 2008 жылы 17 жасқа толмаған, мектеп жасындағы 100-ден астам қыз баланың аяғы ауырлағанын айтады. Ал, 2009 жылы бұлардың қатары 250-ге, 2010 жылы 352-ге жеткен. 2011 жылдың 7 айында 228-ге жетiп, олардың қатарында 14 жастағы, яғни 8-сыныпта оқитын қыз бала болған. Бұл арға түскен таңба.
Осының бәрі – ұлт қасіреті, болашаққа ұрған дабыл. Ұлыстың ұйытқысы атанған қазақы өңір осындай кесапатқа ұрынып жатса, тілін өзге тілдің әлдимен ашқан солтүстіктегі қазақтар қайтпек.
Бір жылда бір рет өтетін форуммен, көсіле, көсемсіп сөйлеумен іс бітпесе керек. Халқының саны үш миллионға жетеғабыл болған соң әлгіндей сұмдық цифрлар қарға тамған қара дақтай көрініп қала беретіндігі болмаса, жан басына шаққанда өзге облыстар да мақтана алмайды.
Осының бәрі ұлттық болмысымызды жоғалтып ала жаздағанымыздан. Мұхтар Шаханов жапондар баласына 12 жасқа келгенге дейін өзге ұлт дәстүрі мен тілін тықпаламайды. Олардың ұлтжанды болып өсетіндігі содан. Қазақтың бар болмысын сақтап қалғымыз келсе біз де сүйтейік дейді. Құлаққа іліп жүргендер аз. Кеңес үкіметі орыстандырып үлгерген қазақтармен бірге орыс тілін білмегендіктен зардап шеккен ағайын баласын орыс балабақшасына апарып, орыс мектебіне жетелейді. Бүгінде орыс тілінде оқып жатқан орта мектептерде қазақ балаларының үлесі 60 пайыздан мол асыпты. Сосын, өз ұлтының тарихын білмейтін, білгісі де келмейтін қатыгез ұрпақ қайдан пайда болды деп дағдарып аспанға қараймыз, еңкейіп жерге түкіреміз.
Баукең, Бауыржан Момышұлы сияқты ардақтыларымыздың, ұлт зиялыларының “қазақ баласы қазақ мектебінде оқысын” дегенін бүгінде құлаққа қыстырып жүрген ешкім жоқ. Бұл қазақ мектебінде оқығандар тәртіп бұзбайды дегенді білдірмесе керек. Телі мен тентек қай кезде де көп. Бірақ, иманды, зерделі, өз халқын шынайы жақсы көретін рухты ұрпақ қылмыстан аулақ жүреді. Ұлттың құнары – ұлттық тәрбиеде. Осыдан екі-үш ғасыр бұрын түрме, зынданы жоқ бір халық болса, ол – қазақ ұлты еді. Ауыл ақсақалдарының, қара қылды қақ жарған билерінің айтқанынан шықпайтын. Бүгінгідей төмендеуімізге не себеп? Облыс басшысы баяндамасында орындалуға тиісті біраз жайттарды шегелеп тапсырды. Бұл бірдің емес, көп болып атқаратын, ақырына жеткізетін жұмыс.
Форум соңында облыс әкімі А.Мырзахметов пен облыстық мәслихаттың хатшысы А.Досболов белгілі ғалым, профессор М.Мырзахметовті, халық әртісі С.Оразбаевты, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі Б.Қонысбекті, халық ақыны Ә.Қалыбекованы “Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атақтарымен марапаттады.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.