• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Диплом дипломаттан шықпайтын уақыт өтті

481 рет
көрсетілді

Талпынсаң талабыңа нұр жауар уақыт жетті Диплом дипломаттан шықпаған уақыт болған. Бір кездері үлкен өмірдің жолдама­сындай, баянды болашақтың бастамасындай болған диплом көп құжаттың бірі ретінде жатты. Екінің бірі, егіздің сыңарының қолы жете бермейтін құнды құжат құндылығынан айрыла бастағандай еді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында қос-қостан қатырма қағазы болса да, екі қолға бір күректі қанағат еткендердің қарасы көбейді. Саудагердің саны артты. Етек-жеңіңді жаба алмай, оң-солыңды тани алмай жатқан заманда мұндай кері құбылыстың болуы таңқаларлық емес еді. Дегенмен уақыт бір орнында тұрмайды. Алға жылжиды. Дамылдамайды, дамиды. Мына өмір бізден сабырды талап етеді. «Сабыр түбі – сары алтын» екенін бабаларымыз баяғыда айтып кеткен. Бір адамның ғана емес, бүкіл елдің сабыры мемлекетті жүрісінен жа­ңыл­дырмайды. Доңғалағына ағаш тықпайды, қайта алға жүруіне көмек қылады. Үлкен са­быр­дың арқасында Қазақ елі дамудың даңғыл жолына түсті. Елдің әлеуеті артқан сайын, жұмыс күшінің де қажеттілігі туындайды. Сөй­тіп, экономикамыз өркендеген сайын, жұмыс­сыз­дардың саны қысқара бастайды. Бірақ жұ­мысқа тәжірибесі мол, көрген-білгені бар білікті мамандар тартылады. Ол – заңды да. Өйт­кені, кадрдың қадірі артты. «Кадр бәрін шешеді» деген ескі тәмсілді басшылыққа алған мекемелер, тісқаққан мамандарды пышақ үстінен таратып алып жатты. Ал жас маман ше? Дипломын кеше ғана алып, өмірдің қайнаған қазанына енді кірсек дегендер шетқақпай көрді. Әр есікті қағып, қанша табалдырықты тоздырғанымен, жұмыс табылмады. Таудай талаптары шағыла бастады. Көбісі дипломын бір сипап сандыққа салып, басқа кәсіп іздеді. Осы сәтте ғой «дипломның құны көк тиын» деген әңгіменің айтыла бастағаны. Десек те, мемлекет азаматтарын далада қалдырмады. Елбасының сындарлы саясатының арқасында «Дипломмен – ауылға» бастамасы көтерілді. Оның қоғам үшін қан­ша­лықты құнды екенін айтып жатудың өзі басы артық мәселе. Бірақ ел үдере қалаға көшкенде жастарды ауылға жұмыс істеуге жіберу, со­ны­мен қатар, жас мамандарға үстемеақы төлеп, баспанамен қамтамасыз етудің қаншалықты сауапты іс екенін әркімнің іші сезсе керек. Осы бастаманың аясында жұмысқа ор­наласқан жас маманның бірі – Динара Жәлело­ва. Ендігі жайды Динараның өз аузымен баян­дайық. – Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған әрбір жас түлектің басты проб­ле­ма­сы жұмысқа орналасу болса керек. Өйткені, іс-тәжірибесінің жоқтығын сылтауратып, жұмыс­қа қабылдаудан бас тартатындар көп кездеседі. Жастар үшін осындай толғандырарлық мә­се­леге мемлекет тарапынан назар аударылып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшы­лығымен әртүрлі жобалар, бағдарламалар іске асырылуда. Соның бас­тысы, «Дипломмен – ауылға» бағдар­ла­масы десек болады. Бұл бағдарлама бой­ын­ша жоғары оқу ор­нын, колледждерді бітірген жас түлектерге мемлекеттік қолдау көр­се­тілуде. Соның ар­қа­сында дәл қазір көп­теген жас кадрлар өз мамандығы бойын­ша жұмыс істеп жатыр. Ал өзім 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін химия мамандығы бойынша бітіріп келдім. «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасы бой­ын­ша өзім туып өскен Қазалы ауданы, Абай ауылына келіп, бітірген мектебіме қызметке  орналастым. Маған №90 орта мектеп бас­шы­лары мен тәжірибелі ұстаздары қазіргі заманғы оқу мен тәрбиенің қыр-сырын үйре­тіп, педагогикалық шеберлікке тәрбиелеуде. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бой­ын­ша жұмысқа орналасқаннан соң аудандық білім бөліміне және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мі­не қажетті құжаттарды өткіздім. Бағдар­ла­маға сәйкес 98 000 теңге көлемінде үсте­ме­ақымды алдым. Одан бөлек биыл берілетін қаржылай қолдауды жақын күндері аламын деп отырмын. Бұл бағдарлама жалғыз менің ғана емес, еліміздегі мен сияқты мыңдаған жас мамандардың жұмысқа деген ықыласын арттырды. Бастысы, біз мемлекеттің бола­ша­ғы екенімізді түсіндік. Елдің келешегі үшін жұмыс істей бермекпіз, дейді жас маман. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.