• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

«Қазақ фелпсі». Қатардағы жауынгер...

485 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекелік салтанатында мінберге шыққан Олимпиада чемпиондары Дмитрий Баландин мен Данияр Елеусінов Елбасы алдында жастарды жігірлендіретін ұран сөзді ортаға тастады. «Алға, Қазақстан!» Көп кешікпей сол Димамыз әскерге шақырылған жастардың қатарында – Олим­пиада чемпионы зілтемірші Ниджат Рахимов екеуі алдыңғы сапта тұрды. – Ел қорғау қашан да абыройлы іс болған. Біздерге Отанымыз үлкен жауапкершілік артып отыр. Ендеше, біз міндеттелген тапсырмалар мен бұйрықтарды мінсіз орындауға уәде етеміз. Жігіттер, әскери қызметтің қиындықтарына мойымай табандылықпен төтеп беретіндеріңе мен, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, кәміл сенемін! – деді ол сонда ағынан жарылып. *** Жасыратын несі бар, суға жү­зу спортына дегенде құлағы түрік жүрген жан Дмитрий Баландинді Рио Олимпиадасынан соң «қазақ Фелпсі» атап кетті... Майкл Фелпстің спорт тарихында бұрын-соңды болмаған әлемдік рекордтарын қай­талау мүмкін бе?! Бір қарағанда, ертегі-қиялдай көрінері де ақиқат! Майкл Фелпс – Олимпиаданың 23 дүркін чемпионы! Оған 26 мәрте жеңіп алған әлем чемпионы атағын қосып қойыңыз! Судан жүзуден теңдессіз ерлік жасаған америкалық нағыз жұлдыз! Ендеше, алматылық Дмитрий Баландин спорттағы жанқиярлық еңбегі қайталанбастай көрінетін спорт жұлдызына қай жағынан теңестірілді екен? Кәнігі мамандар мен спорт шеберлерінің, жалпы жанкүйердің олай деуіне не себеп болды екен? Оған себеп, иә, оған бірден бір себеп... ең алдымен, 21 жастағы Баландиннің Риодаға 200 метрге брасс әдісімен жүзу әдісі сенсациялық көрсеткіші дер едік. Сол жүзуден соң көпшілік көп жайтты көңіліне тоқып қал­ған секілді. Қызық болғанда, алғаш­қы күнгі 100 метрлік жарыста бұл Димаңыз барша қауымға кәдімгі «дымбілместің» кейпін танытты. Се­гі­зінші жолақпен суға түскен спортшы көштің соңында сегізінші болып келді. Қожанасырдың «Жүлделі үшінші орын алдым, жарысқа үшеуміз қатысып едік» дегенінің кері. Алматылық студент жігіт 200 метрлік браспен жүзушілер қа­та­рында сап түзеп тұрғанда жұрт­шы­лық­тың Баландинге оншама көңіл аудара қоймағаны да сондықтан. Алыстағы Қазақстан, сол елдің Алматы деген қаласы... әлемдік дү­бір­­де ондай атауларға, оның ішінде бокс та емес, суға жүзуден... кім құл­­­шынып, кім құлық қойып жатты дей­сіз! Десе де, Диманың сырын білер жанашырлары тақымын қысып, тыпыршып отырды. Алматылық жүзгіш Риоға құр алақан келмеген: 2014 жылы Кванджуда өткен жазғы Универсиадада 100 метрлік браспен жүзуде бір алтын медаль алған Дмитрий Баландин, 2015 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100, 200 метрлік браспен жүзуде үш алтынды қатар алған! «Алтын» арқалаған жігіт үлкен додадан Алматыға оралған соң біршама жақсы тынығып алды. Тынығып алды да, жарқын жүзбен Санкт-Петербордағы халықаралық жа­рысқа аттанды. Әлемнің суға жүзуді мансұқ еткен ең танымал он мемлекетінен жиналған 400-ге жуық спортшы күллі Азияда күні кеше дақпырты шығып үлгерген Алматының «алтын баласына» үрке қарағандай сыңай танытуы да сондықтан шығар. Олардың арасында дүние жүзінің ең ұшқыр жүзгіштері Ласло Чех, Робер Харли, Катинка Хоссу Эвелин Веррасто жүрді. *** ...Риодағы жан беріп, жан алыс­қан атлеттер сайысында сол күні айналасы алты сағаттың ішінде Қазақстанның қоржынына 2 бірдей алтын медаль түсті! Небары алты сағаттың ішінде! Енді дәл сол тұста Рио-де Жаней­рода «екі алтынның» ортасында жан ұшырып жүгіріп жүрген Диманың анасы Татьяна­ның сөзіне бір мезет құлақ түріп көрейікші! –Құрбымыз екеуміз Диманың ақтық жарысының алдында зіл­те­мір­шілер өнер көрсетіп жатқан спорт кешеніне бардық. Жүзушілер бассейнінен аралары онша қашық та емес, – дейді спортшының анасы сол қызықты сәтті тамсана еске алып. – Содан Ниджат Рахимов алған алғашқы алтынымызды көзі­міз­бен көріп, көңіліміз көншіп, сондай қуанышпен спорт кешенінен шық­тық. Көңіл тоқынысы сондайлық күш­ті болды, есіл-дертім «Біздің Диманың жарысы қалай басталып, қалай аяқталар екен» еді. Жүз­гіш­тер сынының басталуына жарты сағаттай уақыт қалған. Билетті қо­лыма алып, отыратын орын мен жа­рыстың басталатын уа­қытын тағы бір мұқият көріп ала қояйын дегенмін. Олимпиада кешеніндегі орасан зор биік темір баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанбыз. Ұйытқып ыстық жел соғып тұрған. Абдырып келе жатып, қолымдағы жүзу бассейні орналасқан кешенге кіретін билеттен қалай айырылып қалғанымды білмеймін. Жел ұшырып әкетті. Қанша жанұшырғанмен темір құрас­тырылымның қай бұрышынан табарымызды білмедік. Дереу кешенге де жет­тік. Билет жоқ. Билет бар екен... Біз сияқты кешіккендерге, абайсызда қолындағы билетінен айы­­рылғандарға «жазалау» сияқ­­­­ты, бір билеттің құны – 600 доллар! Ондай ақша бізде қай­дан болсын? Баланың жарысы мен үшін одан да қымбат, не істеу керек? Ойлана келіп, құрбымыз екеуміз қонақ үйге қарай құстай ұштық... Қысқасы, Риоға барып тұрып, жарыс өткен сарайдың есігінен сығалай да алмай, Диманың «алтын» алғанын қонақ үйдегі теледидардан көр­дім!.. Еш өкінбеймін, ең бастысы, Дима Қазақстанға екінші олимпиадалық алтын медальды алып келді ғой! Қуаныштан көз жасымызға аяусыз ерік бердік. ... Reuters-тің қас-қағым сәтте түсірген сол суреті дүние жү­зі­не тарады. Көк туымызды желбірте жү­гірген, алтын мед­алін қуана тістеп тұрған Алматының алтын баласының бей­несі жұртшылықтың әлі де көз алдында! Дүниежүзілік «Универсиада-2017» ойындары­на қызу дайындалып жатқан ұйым­­­­дас­тыру комитеті Дмитрий Ба­лан­динді сол күні студенттер жа­рысының Туын көтеруші етіп тағайындап та жіберді. *** Аузы дуалы азаматтар Дмитрий Баландинді әлемдегі ең танымал, ең рекордшы америкалық спорт жұлдызына тектен-тек теңемеген шы­ғар. Диманың болашағы алда. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ