• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
31 Желтоқсан, 2016

Тарих тағылымы келер күнге жалғасады

526 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханның 300 жылдығына байланыс­ты жазған «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында «Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады. Ол үшін біз ұрпақ алдындағы өз міндетімізді толық атқарып, жастардың ой-санасының дұрыс қалыптасуына барынша жағдай жасауымыз қажет», деп жазған еді. Расында да, өткенін білмеген ұрпақтың болашақты бағдарлауы, бағамдауы қиын-ақ. Ғасырлар бойы азаттық үшін арпалысқан бабаларының ерлігінен, еңбегінен бейхабар буын тәуелсіздіктің де қадірін жеткілікті деңгейде бағалай алмас еді. Біздің де ұлт тарихында өзіндік орны бар басты оқиғалар мен тұлғалар төңірегінде сөз қозғап отырғанымыз да сол себепті. Қазақ тарихындағы қай қозғалыстың да орны жеке-дара. Олардың қай-қайсысы да бұқараның азаттық үшін арпалысымен астасып жатыр. Әйтсе де, осыдан бір ғасыр бұрын Ресей патшасының шектен шыққан озбырлығы туындатқан қазақ даласындағы көтерілістің белгілі бір деңгейде монархияның тақтан таюына ықпал еткені анық. Әу басында қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістің басталуына түрткі болған патшаның Қазақстан, Орталық Азия, Сібір тұрғындарының 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды тыл жұмысына алу туралы жарлығы болды. 25 маусымдағы жарлықтан кейін елдің түкпір-түкпірінде наразылық күшейіп, соңы қарулы көтеріліске ұласты. Оның ірі ошақтары Жетісу мен Торғай өңірін қамтыды. Жетісудағы көтерілістің басшылары Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаев және басқалар болды. Алайда, Бекболат Әшекеев басшылығымен басталған көтеріліс сәтсіздікке ұшырады. Көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевке өлім жазасына үкім шығарылып, көтеріліске қатысушылар жаппай жазаланды. 1917 жылдың 1 ақпанына дейін Түркістан өлкесінде 347 адам өлім жазасына кесілсе, 168 адам каторгалық жұмысқа жегіліп, 129 адам абақтыға қамалды. Патша өкіметінің қудалауы кесірінен 300 мың қазақ пен қырғыз бас сауғалап, Қытайға қашуға мәжбүр болды. Ал Торғайда Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар бас болған көтеріліске қатысушылар саны 50 мың адамды қамтыды. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы шайқастар үздік-создық жалғасып, ақпанның екінші жартысына дейін, яғни патша өкіметі құлатылғанға дейін созылды. Патшаны тақтан төңкеріп, өкімет басына келген қызылдар да патшаға қарсы шыққандарды жарылқай қойған жоқ-ты. Ұлт азаттығын аңсаған ерлердің қуғын-сүргінге ұшырап, большевиктердің нысанасына ілінгені де сондықтан. Әйтпесе, Кейкі батырда Кеңес өкіметінің қандай кегі бар еді?! Кейкі батыр демекші, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырады. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде Кейкіні аңдып жүрген қызылдың әскерлері түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтірді. Мергеннің бас сүйегі күні кешеге дейін Санкт-Петербург қаласында орналасқан Ресей Ғылым академиясы Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінде сақталып келді. Тарихи тұлғаларымызға қатысты биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі – Ресей мен Қазақстан билігі арасындағы мәмілеге сәйкес, Кейкі батырдың бас сүйегі Қазақстанға қайтарылды. –       Бұл – мемлекетіміз және ұлттық тарихымыз үшін ерекше маңызы бар тарихи оқиға. Ресей Мәдениет министрлігі және мәдениет министрінің өзі Владимир Мединский жан-жақты қолдау көрсетті. Бас сүйекті Қазақстанға қайтару және тасымалды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмыстың ірі көлемі жүзеге асырылды, – дейді еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлының бейнесін қалпына келтіру жұмыстарымен венгр ғалымдары айналысты. Антропологтардың айтуы бойынша, батырдың басына жеті ауыр соққы тиген екен. Бірақ, антропологиялық реконструкцияларды жасауға арналған заманауи технологиялардың арқасында венгр ғалымдары екі ай бойы үздіксіз жұмыстың нәтижесінде Кейкі батырдың мүсінін қалпына келтірді. Осылайша, тағы бір тарихи тұлғаның рухы туған жерінде жай табатын болды. Әлихан Бөкейханов – қазақ тарихындағы дара тұлға. Биыл ұлт қайраткерінің 150 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Мәртебелі деңгейдегі мемлекетшілдік ұстанымды қалыптастырған қайраткер тұлғаның айтқан биік белесін бағындыру алдағы күннің еншісінде. Яғни, Қазақ елі осы ұстанымдарды жүзеге асыру арқылы алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алатын болады. Әлихан Бөкейхановтың ұстанымына тоқ­талатын болсақ, ең бірінші – қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі тиіс. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге тиіс. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құраушы ұлттың тілі, діні, ділі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге саяды. Ал бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құру керек. Елбасының мемлекет алдына қойып отырған бес институттық реформасы да осы мақсаттарды көздейді. Ендігі жерде алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көріну үшін, Әлихан бабамыз айтпақшы, «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады». Әйтпесе, «Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді». Кеңес одағының күйреуіне себепші болған Желтоқсан оқиғасына да биыл 30 жыл толды. «Ақырып теңдік сұраған» Махамбеттің ұрпағы 1986 жылы әділетсіздікке қарсылығын білдіріп, Алматыдағы Брежнев алаңына бейбіт мақсатта жиналған еді. Алайда, КСРО басшылығы қазақ жастарының шеруін «бүлік» деп ұғып, Одақтың түкпір-түкпірінен әскер әкелді. Әрине, бұйрық берілгесін әскер аясын ба, жастарды аяусыз жазалады. Кейін сол жазалаушылардың бірі халықтан кешірім сұраса ғой. Қайдағы... Кешірім сұраса ғой демекші, Желтоқсан оқиғасына байланысты адамды толқытатын, кейінгі ұрпаққа тағылым боларлық бір дерек бар. Ол қырғыз жігіті Талайбек Ылаевтың хаты. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде ішкі әскер сапында Алматыда болған екен. Сол үшін Мақтау қағазымен марапатталыпты. Талайбек әскерден оралысымен Мақтау қағазын «Мен мына бұйымды өздеріңе қайтарамын. Себебі, ол менің үйімде сақтайтындай құнды емес. Мен өзімді фашист, мәңгүрт сезінгім келмейді», деп жазып, Алматыға қайтарып жіберіпті. Азаматтық ұстаным деп осыны айт. Соңғы отыз жылдың бедерінде Қазақ елінде талай-талай өзгерістер болды. Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізді, әлемге танылды. Сол тәуелсіздікке бастау болған оқиғалардың ортасында Желтоқсанның орны бөлек. Өткен ғасырдың басында қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалыс патшалық монархияның саясат сахнасынан кетуіне ықпал етсе, ғасыр аяғында Бекболат пен Кейкілердің ұрпағы КСРО атты алып империяның ыдырауына себепші болды. Өтіп бара жатқан жылдың тарихқа қатысты оқиғалары мен тарихи тұлғалары жөнінде не үшін айтып отырмыз? Өйткені, халықтың «дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады». Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»