Қазақ мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. Белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мыңжасар Маңғытаев дүние салды.
Мыңжасар Маңғытаев 1937 жылы 23 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір (Отырар) ауданының Маяқұм ауылында туған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын Қ.Қожамияровтың класы бойынша бітірді. Осы жылы еңбек жолын Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің өнер басқармасында аға инспектор болып бастады. 1967-1969 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының жауапты хатшысы, 1969-1976 жылдары «Жазушы» баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін істеді.
Композитор М.Маңғытаев бұдан кейін бірқатар жылдар шығармашылық жұмыста болды. Ал 1988-1991 жылдар аралығында Алматы облыстық музыка қоғамына төрағалық етті. 1991-1993 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының бас кеңесшісі, ал 1997 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шыққанға дейін екінші хатшы міндеттерін атқарды.
Шығармашылығына ұлттық саздың бояуын тиімді пайдалана білген Мыңжасар Маңғытаев сол үрдіспен “Отырар” операсын, “Қозы мен Баян” балетін, “Арман”, “Құлагер” симфониялық поэмаларын, “Шексіз махаббат” ораториясын, “Ақсақ құлан”, “Қаратау әуендері” атты хорға арналған поэмаларын, ұлы Абайдың өлеңдері бойынша бірнеше әуен жазды. Оның үш жүзден астам әндері, вокальдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кантаталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кинофильмдер мен спектакльдерге жазған музыкалары заман тынысын, өмір келбетін, дүние сұлулығын жырға қосты.
М.Маңғытаев халқының ән өнеріне сіңірген осындай еңбектері үшін 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Абзал азамат, белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі.
Жаны сұлу суреткер еді
Ажал деген ауыр сөз екен. Мыңжасар Маңғытаев өмірден өтті дегенді естігенде есеңгіреп қалғаным рас. Біздің замандас композиторлардың ішінде Мыңжасардың азаматтық болмысы да, композиторлық таланты да бір сирек кездесетін жарқын тұлға еді. Біз Шәмші Қалдаяқов екеуміздің әндеріміз 1958 жылдың алғашқы айларында эфирге шықты. Сол тұста композиторлық факультетте оқып жүрген Мыңжасардың ешкімге ұқсамайтын лирикалық ән-романстары газет-журналдарда көрініп, радиода айтыла бастады. Сол әндердің ішінде Қазақстан туралы үлкен патриоттық сезіммен жазылған «Іздедім сені» (сөзі Н.Шәкеновтікі) деген әні кең тарап, жұртты бірден баурап алды. Ал капеллаға арнап жазған «Ақсақ құлан» хор поэмасы, симфониялық шығармалары, өзге де дүниелері оны жан-жақты танытқан, көркемдігі биік туындылар болды.
Ол қандай шығарма жазса да ұлттық колориті тұнған туындылар ретінде композиторлар мен дирижерлер, музыка мамандары арасында әрдайым жоғары бағаланып жүрді. Ол өз алдындағы ұлы ұстаздары А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Төлебаев, Б.Байқадамов, Қ.Мусин сияқты музыканың ірі жанрларында жазатын атақты композиторлар Мыңжасар Маңғытаевтың әр жанрдағы шығармаларын қызығып тыңдайтын еді. Бұл оның суреткер ретінде өзгеше жаратылған болмысын дәйектейтін. Ал адамгершілік парасаты, адалдығы, өмірдегі тазалығы Мыңжасарды өз әріптестері ортасында сүйкімді етті, беделді етті.
Мен ән жанрында Мыңжасар Маңғытаевтың ән-романстарын жақсы көремін. Оның ашық жарқын баритон даусы болды. Ол өзінің өзегін жарып шыққан ән-романстарын орындағанда әншілердің өзін рахатқа бөлейтін. Мен Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған жылдарымда қадірлі әріптесіммен байланыста болдым. 1984 жылға дейін эфирге шығатын әндерін жаздыруға жетекшілік еттім.
Ол өнерде өзеуреген жоқ. Атаққұмар емес еді. Нағыз музыкамен тыныстайтын жаны сұлу суреткер еді. Оның қазақ музыка тарихында алатын орны ерекше деп білемін.
Амал не, жазмыштың ісі осылай болып тұр. Сәби кейпіндегі Мыңжасар досым, қош, қош, қош!
Илья ЖАҚАНОВ, композитор, жазушы.
Қазағын сүйген азамат
Мыңжасар Маңғытаев қазақ музыкасындағы ірі тұлға екенін дәлелдеп жатудың өзі басы артық нәрсе. Ол ірі формадағы симфониядан бастап күнделікті радиоқабылдағыш, теледидардан әндетіп жататын керемет әндерімен де танымал болған кісі. Классикалық опера да жазды. «Отырар» деген операсының премьерасын көре алмай кетіп барады, өкініштісі сол ғана. Ал былай алғанда, ол кісі қалам тартпаған музыканың түрі жоқ. Пьесадан бастап, ән, опера, симфониялық шығармалар жазды. Мысалы, Ақан сері туралы «Құлагер» поэмасын тыңдап отырсаңыз, кісінің жүрегін елжіретеді. Ақан серінің бүкіл өмірін, қоғамдағы орнын, адалдық, әділдік жолындағы күресін музыка тілімен ғажап жеткізе біледі. Мыңқаң өзі қазақы психологиядағы, қазақ тұрмысын, мәдениетін өте жақсы білетін композитор еді. Тілі жатық, діні берік, ділі зерек. Өз ұлтының өнерін, мәдениетін, руханиятын жүрегімен, жанымен түсінген жан. Осы қасиеттерінің нәтижесінде ол шығарған саз әуендердің барлығы жұртшылықтың көкейіне барып қонақтай қалатын. Мәселен, «Қарагөз», «Іздедім сені», «Ақ маржан» сияқты әндері ауыздан-ауызға айтылып жүр. Қай жерде жиын-той, ел-жұрт жиналған жерде оның әндерін жас болсын, егдесі болсын жабылып айтып жатады. Бұл нені көрсетеді? Бұл композитордың халықшылдығын, ұлтжандылығын, өз халқының мәдениетін терең меңгергендігін көрсетеді. Сондықтан оған берілген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақтар тегін болмаса керек. Ол шын мәнінде халқының махаббатына, сүйіспеншілігіне бөленген өнер иесі. Сүйкімді, соншалықты ақ жарқын, жазық маңдай, ақ жарма, аңқылдаған ақ көйлек жағалы ағамыз еді. Бірақ сол аңқылдаған мінезіне сай артында самалдай ескен әндері, музыкалық шығармалары қалды. Ойлаймын, сол мұраларын медет тұтудан басқа пенде біткенде шара жоқ. Жатқан жері кең, нұры пейіште шалқысын.
Әшірбек СЫҒАЙ, өнертанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Замандасым, сырласым-ай...
Кеше ғана аңқылдап, арамызда жүрген, өнердегі үзеңгілес жандарды қапыда ажалға қимайды екенсің. Күтпеген қаза болды. Мыңжасар арамызда әлі мың жасап жүре беретіндей көрінетін. Құрдас болмасақ та, замандас едік. Енді міне, Маңғытаевтай майталманнан да көз жазып қалдық.
Осыдан біраз уақыт бұрын, «Қазақстан» телеарнасындағы Нұрғали Нүсіпжановтың шығармашылығына арналған «Кеш жарық» бағдарламасында қатар отырып, хал сұрасып, қауқылдасып қалып едік. Соңғы рет көріскеніміз екен.
Ол саз әлеміне өзінің қолтаңбасын қалдырып кетті. Бірқатар әндерін шырқадым. Нүсіпжанов екеуміз кейбір әндерін дуэтпен орындаған кездеріміз болды. Оны әнсүйер қауым ұмытпаған да болар?! «Алматының ақ түні» атты әнін Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырғанымыз есімде сақталып қалыпты.
Маңғытаев беделді, белгілі, шоқтығы биік композиторлар санатынан орын алатын. Ол жәй ғана әндер туғызып қойған жоқ, күрделі музыкалық шығармалар жазды. Романстарын айтпағанның өзінде, симфониялық шығармалары, хордың орындауына арналған туындылары оның шабытты сазгер екенін мойындатты. Кейбір көркем фильмдердің де музыкасы Маңғытаевтікі екендігін екінің бірі біле бермейді. Опера саласында да композиторлық қарымын көрсете алды.
Менің есімде Мыңжасар жаны жайсаң азамат ретінде қалады. Кең жігіт болатын. Бір-біріміздің шығармашылығымызды сыйлайтын едік.
Өнерде өз орны бар Мыңжасардай жанның жоқтығы білініп тұрар. Өкіне отырып, қазақтың белгілі композиторының аруағына бас иіп, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғай деп көңіл айтуға тура келіп тұр.
Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі, композитор.
Әндерін бүкіл ел-жұрт орындайтын
Мыңжасар Маңғытаев – біздің бала кезімізден ел аузына іліккен, әндерін бүкіл ел-жұрт болып сүйіп орындайтын кәсіби деңгейі өте жоғары композитор еді. Оның әндерін Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты танымал әншілеріміз орындап, сахнаға шығарған. Сонымен қатар классикалық дүниелерге де барып, көптеген симфония, опералар дүниеге әкелді. Ол еңбектері опера және балет театрында талай рет қойылып, елдің құрметіне бөленді, халықтың рухани қажетін өтеді. Мыңкең өмірге өте құштар, сондай бір елгезек, өте сергек жан болатын. Бүкіл ел мен жұрттың алғысына бөленген қадірлі азамат еді. Өзі де үлкенді үлкендей, кішіні кішідей құрметпен күтетін, құрметтейтін. Ол – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Талай беделді жиындарда өзінің тұлғалық келбетін көрсете отырып, ұлттық өнеріміздің, ұлттық мәдениетіміздің нағыз жанашыры бола білді. Мыңқа, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын.
Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.