Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың наурыз айында Отанымыздағы ықпалды басылым өкілдерімен сұхбат кезінде «Қазақстан» телеарнасы 1 қыркүйектен бастап, мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінде хабар таратады деп айтқан болатын. Елбасы осы байламын Дүниежүзі қазақтарының мамыр айында өткен IV құрылтайында да нақтылай түскен еді. Бұл тәуелсіздіктің арқасында қазақ тілінің абыройының асқаны және елдігіміздің 20 жылдығына толымды тарту деп білеміз. Бас басылым өткен тамыз айының 26-сы күні «Қазақстан» телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджановамен сұхбат жариялаған болатын. Енді, міне, сол материалды оқып, 1 қыркүйектен бастап тек қана қазақ тілінде хабар беретін телеарнаны көрген жұрт өздерінің алғыстары мен ризашылықтарын білдіріп, редакциямызға хат жолдап жатыр. Бүгін біз солардың бір тобын оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.
Қуана білгенге құт қонады
Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын дегендей, көптен күткен, ел боп, жұрт боп аңсаған қазақ тілді телеарнаның дүниеге келгенін қуана қарсы алдық. Тоқсан тоғыз игі істің атқарылғанын көрмей, оның жүзінші жетімсіздігін ғана көзге шұқитын халық – біз емес. Қуана білмегенге құт тұрақтамайтыны рас. Сондықтан Қазақстан телеарнасының тәулік бойы қазақ тіліне көшкеніне қуанайық, ағайын.
Ол – еліміздің Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңындағы қол жеткен ұлттық мәндегі жемістеріміздің бір парасы. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кеше ғана Парламенттің бесінші сессиясының шымылдығын ашқан сөзінде айқындап айтқан отандық телеарналар мен радиотолқындарға қуатты серпін беру міндетінің орындалуының бір көрінісі. «Біз өз үйімізде тәртіп орнатуға тиіспіз», деген Нұрсұлтан Әбішұлының кең мазмұнды нұсқауының ауқымы осынау телеарнадағы ұлт мұратын да қамтыса керек.
Бұл бір ғана «Қазақстан» телеарнасы ұжымының қам-қарекеті болуға тиіс емес. Аспанымыздың әлеміндегі құс жолындай жарық із түсті. Енді оның үзілмей, үздіксіз кеңейіп, жарқырай беруіне бүкіл зиялы қауым ат салысса – нұр үстіне нұр. Таза қазақ тілінде телеарнамыз жоқ деп шу көтерген ұлт қаймағының ендігі жерде дүниеге келген сол қарлығаштың шын мәніндегі халықтық, ұлттық мазмұнында қалыптасып дамуына үлес қосып, өздерінің нағыз ұлт зиялылары екенін дәлелдейтін сәттің біреуі – осы.
Осынау жеңісіміз жеңілдеп, құнсызданып кетпеуі қажет. Телеарнаның қазіргі бағдарламасындағыдай көбісінің тілі қазақша болғанымен, қазақи рухтан жұрдай аудармалық хабарлардан неғұрлым арылуды қолға алайық.
Бұл телеарнаның – Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға етер қызметін ұлттық мазмұн арқылы атқаруына ұлт зиялыларының көмегі керек-ақ. Ол үшін:
- біріншіден, ұлт зиялыларын осы телеарна үшін шығармашылық іске қызықтыратын, түрлі конкурстар ұйымдастырып, шығармашыл әулетіміздің әлеуетін кең тартуды қарастырса дейміз;
- екіншіден, Үкіметіміздің осы мақсатта Қазақстан телеарнасына тиісті қолдаулары саябырсымаса;
- үшіншіден, «Қазақстан» телеарнасы «Көрермен тілегі» деген сияқты арнайы бағдарламаны тұрақты енгізсе, көрермендер бұл телеарнадан нені көргісі келетінін бүкпесіз айтып отырар еді.
Ұлттық ділімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, рухани-адамгершілік байлығымызды, өркениеттік танымымызды дамытуда және сақтауда үлкен үлес қоса алатын телеарнамыздың қалыптасуына табыс тілейік!
Аягүл МИРАЗОВА, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Ұлт тілінің ұйытқысы
Жаңа басталған ай бұрын білім күнімен қуантатын. Биыл оған «Қазақстан» телеарнасы қосылды. Таза қазақ тілінде хабар таратып, ұлттық мәртебемізді көтерді. Бұл өмір бойы аңсаған егемендігіміздің шапағаты ғой. Бір замандары қазақ жырының жампозы Мағжан Жұмабаев ата-бабадан қалған жалғыз мұрам тіл деп еді. Сол тіл тәулік бойы қазақша сөйлейтін болды.
Осы бірер күннің алдында ғана 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Қасым Аманжолов туралы әдемі хабар берді. Ұлы ақынның қыздары Дариға мен Жанна сөйлеп, әкелері туралы естеліктер айтса, өзге азаматтар оның өмір жолына тоқталып, отты өлеңдерін еске түсірді. Бұрын мұндай бағдарламалардың басы дұрыс басталғанмен, аяғы тез бітіп қалушы еді. Мына дидарласуда ән мен өлең астасып, сүйсіне отырып көрдік.
Ұлттық арнаның қазақша сөйлеуі бұл тілді сақтаудың, ұлтты сақтаудың, қазақ деген халықтың болғанын, бола беретінін, оның болашағы зор екенін көрсетсе керек. Бір тілегім бар, телеаудармалар бергені жөн. Бірақ, өзгелердің жетегінде кетіп қалмаса екен. Сан ғасырлық тарихы бар қазақтың елі мен жері, ұлттық болмысы, өнері, дәстүрі, әдет-ғұрпы, несін айтасыз, іздеп таба алсақ, асылы жетіп жатыр. Соны көретін көз, сезетін жүрек болса екен деймін.
Рысбек БЕЙСЕТАЕВ, нейрофизиолог.
Қарағанды.
Ауыл жұртының да айтары бар
Қиянда жатқан ауыл жұрты бұрын «Қазақстан» телеарнасын қосқанда бірде қазақша сөйлеп, бірде орысша сөйлеп, хабардың кейде басын, кейде аяғын көріп жүретін едік. Енді ұлттық арна ұлт тіліне көшіп, халқымыздың қадір-қасиетімен жан-жақты таныса бастадық. Әсіресе, «Келбет», «Сыр-сұхбат», ертеңгісін үлкен-кішіміз қызыға тамашалап, елге белгілі азаматтардың әңгімелерін естіп, дидарын көретін «Таңшолпанның» жөні бөлек.
Ал, балаларға арналған қызықты хабарлар, мультфильмдер ерекше есте қалады. Мен бүкіл саналы ғұмырымды білім саласына арнап келе жатырмын. Ұлтымыздың тілінде жүретін бұл телеарнада алдағы уақытта ауыл өмірі жиі беріліп тұрса, елді мекендердегі мәдениет ошақтары, білім саласында жүрген азаматтар туралы да ауқымды хабарлар ұйымдастырылса жөн болар еді. Тіпті, үздік мұғалімдердің озық тәжірибесі беріліп отырса, бұл жастар үшін тәлімді болар еді. Қажет болып жатса, ұстаздар бағдарламасы деп аптаның бір күнінен белгілі уақытты көрсетсе, ұрпақ тәрбиесінде жүргендерге көмек болар еді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл өмірі әр қырынан берілсе деген тілегімді білдіре кетсем деймін.
Жалпы, «Қазақстан» телеарнасын қазаша сөйлетуге ұйытқы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахметімізді айта отырып, жақсы іс елдік тұрғыда, жұрттық үлгіде әр қырынан көрініп жатса нұр үстіне нұр болмақ.
Серік БАЯНБАЕВ, Ерікті орта мектебі директорының орынбасары.
Алматы облысы,
Сарқан ауданы,
Көкжиде ауылы.
Жағымдылық жанымызды жадыратты
Еліміздің күн санап, еңсесі биіктеп, ертеңі бүгіннен бақытты болып келе жатқанына нақты мысалдар жеткілікті. Оны мерзімді басылымдарда шыққан мақалалардан оқып, телеарналардан берілген хабарлардан көріп жүрміз. Жақында еліміздің бас басылымынан осы газеттің тілшісі Қорғанбек Аманжолдың «Сүйінші!» айдарымен берілген «Қазақстан» телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанованың Тәуелсіздіктің тамаша табысы» атты әңгімесін оқып, мемлекетіміздің мерейін көтеретін ұлтымыздың ұлылығын айқындайтын жылы жаңалық, қуанышты хабарға қанықтым.
Телеарна рухани тәрбие құралы, адами құндылықтарды қалыптастырудың тетігі ретінде көп шаруалар тындыратыны белгілі. Өрекениетке қадам басып отырған қоғамда, ғаламдық жаһандану заманында оның орны мен рөлі зор. Мемлекет құрушы ұлттың тілінде тәулік бойы хабар беру бұрындары түсімізге кіріп пе еді. Бұл 20 жылдығын мерекелегелі отырған тәуелсіздіктің нәтижесі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Біз жолдасым Жұмабай екеуміз қарапайым шаруа адамымыз. Еңбектен бақытымызды тауып, он баланы аяқтандырдық. Қазір зейнеткерлерміз қол боста теледидар қараймыз.
Рас, өз балаларым есейіп, аяқтарынан нық тұрып кетті. Алайда, немерелер бар. Қала берді ана жүрегі еліміздегі жас ұрпақтың тағдырына да алаңдайды. Ана тіліміздің әсем әуезін естіген ұрпақ, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұмытпайды. «Қазақстан» телеарнасының тәулік бойы қазақ тілінде хабар беруі арқылы біз өзіміздің мемлекеттілігімізді ғана танытып қоймай, тілімізді құрметтейміз. Еліміздегі өзге халықтарға бұл үлгі-өнеге болады, әсіресе, ана тілін білмейтін шалақазақтардың санасына сәуле шашады.
Таза қазақ тілінде сөйлейтін арнаны көру барша қазақтың арманы болатын, әсіресе, біз сияқты ауылда туып-өскендердің. Бұл мұратымызға да жеттік. Бұрындары да осы телеарнаның «Меншікті мекен», «Сегіз қырлы» хабарларын қызыға қарайтынбыз. Енді бұған жаңа жобалар, болмысы бөлек бағдарламалар қосылып жатыр. Жақында қазақтың өмірден өткен белгілі тұлғаларын еске түсіретін «Сөнбес сәуле» хабары көрермендерге ұсынылады екен. Ол да танымдық, тағылымдық бағдарлама болады деп сенеміз. Телеарнада жасалатын жобаларды жүзеге асыруға зиялы қауымды көптеп тартуды ойластыру да көңілден шығады. Телеарна басшыларының көрерменге ой салып, оларды талпындыруға бағыт ұстануы корпорация жұмысының табысты болатынына кепілдік бергендей.
Бұл тәуелсіздіктің тағы бір жемісі, тамаша табысы. Тәуелсіздіктің арқасында келген игіліктеріміздің арта беретініне кәміл сенеміз.Бүгінімізден ертеңіміз сәулелі де шуақты болатынының бір дәлелі осы.
Төрехан МҰҚАНОВА, ардақты ана.
Ақтөбе облысы.
Кеш келген қуаныш
Мен – мекеніне қайтқан қаздай, өз ана тіліме енді оралып жүрген қазақтың бірімін. Балалық шағым Сарыкөл ауданында өзге ұлт өкілдерінің арасында өтті. Орыс мектебін бітірдім. Одан кейінгі жылдарда да жұмысымның ыңғайына, оның үстіне тағдырдың жетегіне байланысты қазақша сөйлеуге, ана тілім туралы ойлануға мұрша келмеген еді. Қазір ойлап отырсам, ана тілімнің мәйегінен азық ала алмаппын, сұлулығын сезінбеппін. Мұның да ұтылу екенін ойлағанда жүрегімнің жылайтынын жасыра алмаймын.
Жақында «Қазақстан» телеарнасы эфирде тек қазақ тілінде хабар тарата бастағанын байқап, қуанып қалдым. Мен «тілді қалай үйренуге болады?» деген сауал төңірегінде жиі ойланамын. Теледидардан қазақ тіліндегі қызық та мазмұнды хабарлар өтіп жатса, адамның ана тіліне алдымен құлағы үйренеді. Екіншіден, түсінгеннен кейін оны үйренуге деген қызығушылығы артады. Танымдық, рухани дүниелердің, ақпараттардың барлығын ана тілінде жанымызға сіңіреміз. Тілдік орта үлкен көлемде орнығады.
Қостанайда «Қазақстан» телеарнасының филиалы болып саналатын облыстық теледидар хабарлары әлі де екі тілді жүргізілуде. Бұл да уақыт өте келе мемлекеттік тілге көшетініне сенімім бар. Теледидар пәрменділігі ана тіліміз – мемлекеттік тіліміз аясының кеңеюіне осылай қызмет етсе игі.
Гүлжан ШАҚАНОВА,
Қостанай.