8-9 қыркүйекте Астанада Жамбыл облысының күндері өтеді
Өңірдегі ең өзекті іс – өнеркәсіпті өркендету Ел мен жердің байлығын игеру, экономикасын көтеру, сөйтіп тәуелсіз мемлекетіміздің тегеурінді әлеуетін төрткүл дүниеге таныту әрбір облыс басшысының білім-білігіне, қабілет-қарымына көп байланысты. Соңғы жылдары Жамбыл жерінде ел-жұртқа «Бәрекелді!» дегізген біраз шаруалар атқарылды. Нақтырақ айтсақ, бүгінде облыс үлкен құрылыс алаңына айналған. Алып кешендер, сәулетті ғимараттар және жаңа тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Біз өңірдің осы және басқа да өркенді өзгерістері туралы облыс әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Қанат Алдабергенұлы, өзінің дамыған мемлекет екенін әлемге танытумен басталған биылғы жылдың соңы, міне, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына ұласқалы отыр. Сондықтан қазақстандықтар үшін ел тәуелсіздігінің 20 жылының әр жылы жаңа тарихымыздың тұтас бір дәуірі десек, ел үшін оның әр айы, әр аптасы, әр күні бір сәтке де бос өтпегенін көрсетеді. Сонда мұны ненің жемісі, кімнің жеңісі деп бағалаймыз?
– Әрине, ең алдымен, Қазақстанның болашағына деген ел халқының зор сенімінің жемісі дер едім. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ата-бабалар аманатына адалдықтың, құр «аттан» мен беталды «айтаққа» ермейтін ауызбірлігі мықты халықтың жеңісі дер едім. Нарықтық экономика мен ішкі және сыртқы саясат саласында өркениетті елдер ұтымды пайдаланып отырған даңғылды таңдаған қазақстандықтардың ерен ерлігі дер едім. Өйткені, сонау қиын да қатал сексенінші жылдардың соңы және тоқсаныншы жылдардың басында елімізді жиырма жылдан кейін дәл осындай халықаралық зор табысқа жетеді деп ешкім де айта алмайтын.
– Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасын ертегіге балап, «ол уақытқа дейін кім бар, кім жоқ?!.» деген тұрғыда мысқылдай күлгендерді де көргенбіз...
– Қазақстан мемлeкеті, міне, сол тұста өзінің алдында қойған үлкен мақсаттарының үдесінен шығып, оны кезек-кезегімен орындап келеді. Сол арқылы ел экономикасы алға қарай қарыштап дами бастады.
Мысалы, біздің облыста өнеркәсіп өнімін өндіруде оң динамика қалыптасты. Оның көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 14,0%-ға өсіп, 124,7 млрд. теңгені құрады. Бұл өсу мен өркендеу облыс кәсіпорындарының өндіріс көлемін ұлғайтып, индустрияландыру картасына енгізілген жаңа өндірістерді іске қосу есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Сол сияқты, кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеруде 7,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Экономиканың ілгері даму қарқыны фосфор шикізаты, алтын құрамды кен, барит рудасы мен қойыртпалары, әк тасы және гипс өндіруді арттыру есебінен де қамтамасыз етілуде. Ал өңдеу өнеркәсібі саласында химия, металлургия өнімдері, дайын металл, резеңке және пластмасса бұйымдары, өзге де металл емес минералды өнімдер, тері және соған жататын өнімдер өндіру көлемі бойынша өсім 13,4%-ды құрады. Қара металдарды өндіруде ферроқорытпаларды шығарудың өсімі байқалып отыр.
– Өңірді өркендеткен осы өркенді істердің бәрі ірі инвестиция тартумен орындалатыны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін айта кетпейсіз бе?
– Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 140, 8 млрд. теңгені, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің қаражаты 23, 8 млрд. теңгені, кәсіпорындардың өз қаражаттары 38,5 млрд. теңгені, шетел қаражаттары 40,8 млрд. теңгені және қарызға алынған қаражаттар 37,7 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялардағы мемлекеттік бюджет қаражатының үлесі 7,6 %-дан 16,9 %-ға дейін, өз қаражаттарымыздың үлесі 7,9 %-дан 27, 3 %-ға дейін, қарызға алынған қаражаттар үлесі – 7,8 %-дан 26,8 %-ға дейін артты. Елбасының ең негізгі тапсырмаларының бірі индустриялық-инновациялық даму қарқынын бір сәт те бәсеңдетпеу болып отыр. Жалпы, 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша құны 665,5 млрд. теңге болатын 22 жобаны жоспарлаған болатынбыз. Мысалы, өткен жылы соның 52,7 млрд. теңге көлеміндегі 7 жобасы іске қосылды. Сөйтіп 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Атап айтсам, «Аль Басар» ЖШС-нің гранит өңдеу және гранит бұйымдарын шығару цехы, «Жаңатас» металлургиялық комбинаты» ЖШС-нің болат балқыту өндірісі, «Мыңарал Тас Компании» ЖШС-нің цемент зауытының құрылысы, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің ферроқорытпа өндірісін кеңейту мен жетілдіру, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің шикі мұнайды қайта өңдеу зауытының құрылысы және «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-нің топс өндірісі, «Жасұлан және К» ЖШС-нің өндірістік негізде гүл өсіру кешені бүгінде өңір экономикасына жаңаша сипат беруде. Сонымен бірге, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2010–2014 жылдарға арналған 3 жаңа жобасы бар. Олар: Қаратаудағы «ЕуроХим-Удобрения» зауыты, Шу қаласындағы құс фабрикасы және «Қазфосфат» компаниясының 12 млрд. теңге тұратын күкірт қышқылын шығаратын цехын іске қосу. Бұлардың ішінде «ЕуроХим-Удобрения» зауытының жобасы әртүрлі кедергілердің салдарынан сағыздай созылып келе жатыр. Бірақ біз жобаның жарты жолда қалмауын табандылықпен талап етіп отырмыз. Өйткені құны 394 млрд. теңге болатын осы алып зауыт іске қосылса, онда 3,5 мың адам жұмысқа тартылады.
– Өткен жылдарға өкпе жоқ екені ел игілігін көре бастаған өнеркәсіп орындарының мысалдарынан анық көрініп тұр. Бірақ зулаған уақыт биылғы жартыжылдыққа да есеп беретіндей айларды артқа тастап үлгеріпті. Сондықтан биылғы жартыжылдықтың көрсеткіштеріне де көңіл бөле отырсақ?
– Биылғы жартыжылдықта облыс өнеркәсіп кәсіпорындары 79,5 млрд. теңгеге өнім өндіріп, нақты көлем индексі 128,3%-ды құрады. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеруде – 6,1 млрд. (112,6%); өңдеу өнеркәсібінде – 58,9 млрд. (133,6%); электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 13,7 млрд. (115,8%) және сумен жабдықтауда, кәріз жүйесінде 0,8 млрд. теңгенің (109,9%) өнімдері өндірілді. Кен өндіру өнеркәсібі мен ашық кеніштерді игеру саласы бойынша өткен жылдың қаңтар-маусымындағы деңгеймен салыстырып қарасақ, фосфат шикізатын өндіру көлемі – 1,5 есеге, әк және гипс өндіру – 2,2 есеге, көмір – 2,3 есеге, табиғи құмды дайындау – 5,3 есеге, барит рудасы мен қойыртпалары – 41%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де даму бар.
– Бәрекелді, елдің әлеуетін, жердің байлығын және өнеркәсіпті өркендетуде өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көрсететін толымды табыстар бар екен. Содан кейін, бүгінде облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған. Алып кешендер, жаңа тұрғын үй құрылыстары және «Достық» алаңындағы архитектуралық ансамбльмен салынған әкімшілік ғимараттарының қасбеттері мен көшелер, саябақтар, субұрқақтар адам танымастай қайта түлеп жатыр...
– Құрылыс – бүгінде экономикамыздағы ең маңызды саланың бірі. Оған атсалысамыз деген компаниялар да көп, инвестиция да мол. Құрылыс саласын дамытуға өте жақсы мүмкіндіктеріміз де бар. Өйткені, біз – цемент, гипс, кірпіш, шағал тас, құм, тағы басқа да көптеген құрылыс материалдарына бай өңірміз. Осыған байланысты алдағы жылы құрылыс қарқыны бұдан да еселене түспекші. Облыс орталығы соңғы жылдары құлашын оңтүстік-батыс аймаққа қарай жайып келеді. Тараз қаласының 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жоспары бекітіліп, облыс орталығының аумағы іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарының жер қоры есебінен 6 мың гектарға ұлғайды. Бұл жерді игеріп, қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету бізге жаңа міндеттер жүктейді. Оның үстіне облыстағы 132 саябақ, 46 субұрқақтардың 18%-ы жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы Тараз қаласындағы 3 саябақ пен 1 гүлзарды 81 млн. теңгеге жөндедік. Сондай-ақ, Төле би, Абай және Жамбыл көшелерін кеңейтіп, қайта жөндеу және «Достық» алаңындағы тарихи маңызы бар үйлердің қасбеттері мен ғимараттардың алдындағы субұрқақтарды қайта әрлеу, әсемдеу қолға алынып отыр. Мен қызметке келген кезде өзіңіз «Егемен Қазақстан» газеті арқылы құлаққағыс еткен «сақалды құрылыс», яғни Кеңес өкіметі құлағалы бері есік-терезесі үңірейіп тұрған көп қабатты қонақ үй ғимараты әкімшілік үйі болып қайта бой көтерді. Сондай-ақ, Тараз қаласына Алматы бағытынан кіретін күрежол заман талабына сай қайта салынып жатыр...
– Қанат Алдабергенұлы, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл толатын торқалы той күні де алыс емес. Осыған орай сұрайын дегенім, тәуелсіздік деген тәтті сөз тіліңізге оралғанда ойыңызға не түседі?
– Тәуелсіздік туралы ойлансақ, XV ғасырдағы Әз Жәнібек, Керей хандардың бастауымен алғаш рет Жамбыл облысындағы Шу бойында ту көтерген қазақ хандығынан бастап кешегі Желтоқсан көтерілісіне дейінгі аралықта сан ғасырлық шежіре еске оралады. Бірақ, тәуелсiз еліміздің бүгiнгi биiгiнен ата тарихымыздың арғы-бергi шежiресiне қарайтын болсақ, дәл қазіргідей абыройы асқан, экономикасы дамыған, саясаты дербес және баянды болашағына нық сенген Қазақ елі болған емес. Біз жиырма жыл ішінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Елордамыз – Астана қаласы әлемге танылды. Бұл, сөз жоқ, еліміздің ұлттық абыройы. Бұл – еліміздің тәуелсіз тарихына алтын әріптермен жазылып қалатын аса зор саяси оқиға. Бұл – тәуелсіз еліміздің жаңа тарихындағы жаңа кезеңнің басталуы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Дерек пен дәйек
Еліміздің үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы шеңберінде 135 млрд. теңге болатын 19 жоба қолға алынса, биыл оның 23,2 млрд. теңгені құрайтын 8 жобасы іске асырылмақ.
***
Биыл Талас ауданындағы Тамабек Қартабаев, Көшек батыр және Шу ауданындағы Төле би ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі.
***
Бүгінде облыста 21 этномәдени бірлестік, республикалық 9 саяси партияның филиалдары, 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдар мен 400-ге жуық діни бірлестіктер жұмыс істеуде.
*** Бүгінде Тараз қаласында – 7, ал аудан орталықтарында 2 шағын футбол алаңы бар. Келесі жылы 20 шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек.
***
Облыс әкімдігі техникалық реттеу және метрология департаментімен бірлесе отырып, «Қазақстанның үздік тауары» атты аймақтық көрме-конкурсын өткізді. Конкурс жеңімпаздары мен лауреаттары Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» атты республикалық көрме-конкурсына жолдама алды.
***
Облыс орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне өрт сөндіру техникаларын сатып алуға биыл жергілікті бюджеттен 62,4 млн теңге. қаржы бөлініп, оған 14 өрт сөндіргіш тіркемелі цистерна, 7 МТЗ-80 тракторы, 2 УАЗ автомашинасы, 6 көшет отырғызу машинасы, 14 бірлік қосалқы агрегаттар ( 12 соқа, 2 скоба) сатып алынды.
***
Бүгінде облыста көлемі 21,20 гектарды құрайтын 304 жылыжай бар. Оның ішінде көлемі 84,2 мың шаршы метр 188 жылыжай тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал 116 жылыжай ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілуде.
***
Өткен жылы Тараз қаласында бір жылда 15 мың литр қан дайындайтын облыстық қан орталығы мен 500 адамды қабылдайтын емхана пайдалануға берілді.
*** «Астана» шағын ауданында 280 орындық № 26 «Нұрай» балабақшасы ашылды. Балабақшада 12 топқа арналған бөлме бар. Жыл аяғына дейін Қордай және Меркі аудандарында 220 орындық 2 жаңа балабақша бүлдіршіндерді қабылдайтын болады.
***
Өткен жылы демеушілер қаражаты арқылы Тараз қаласындағы 65 аула жөнделсе, биыл 100 ауланы жөндеу жоспарланды. Бүгінге дейін оның 27-сі жөнделді. Ал 14 аулада жол көмкермелері ауыстырылып, асфальт төселіп, балалар ойын алаңдары ретке келтірілді.
***
Биыл облыс орталығындағы 10 көше 1 053 534 000 теңгеге жөнделіп жатыр. Мұның ішінде Төле би мен Жамбыл даңғылдары, «Достық» алаңы және «Жігер», «Рассвет», «Проектировщик», «Родничок», «Мелиоратор» тұрғын аймақтарына апаратын жолдар да бар. Ал Д.А.Қонаев, Рысбек батыр, М.Тынышбаев, Коммунальный, Ы.Дүкенұлы көшелерінің жөндеу жұмыстарына 110 млн. теңге қарастырылған.
***
Тараз металлургия зауыты ферроқорытпалар пешін іске қосты. Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген бұл жоба мекемеге 11,5 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
«Ақбақайдың» ат басындай алтыны
Мойынқұмда алтын өндіретін «Алтыналмас» фабрикасы іске кірісті
Әуелі кен орнының «аты-жөніне» тоқталып өтейік. Ол кәдімгі «Ат қайда Ақбақайдай-ау шаппай желген» деп басталатын кең құлашты, еркін тынысты классикалық әннің атауынан туындайды. Бірақ оның сырын біреу білсе, біреу білмес. Тоқетерін айтсақ, сонау 1968 жылы Мойынқұм өңірінен алтын кен орнын ашқан кезде музыка өнерін жанындай жақсы көретін, оның ішінде халықтың жан дүниесіне жақын әндерді аузынан тастамайтын геолог Д.Дүйсенбеков: «Бұл алтын кенішінің аты «Ақбақай» болсын» депті. Ағамыздың аузы дуалы екен, міне, содан бері елге белгілі алтын кені халыққа әйгілі ән атымен... «Ақбақай» аталып келеді.
Ал кеніш жөніндегі дерек пен дәйекке жүгінсек, мұнда алтынның 4 түрі бар деседі. Мамандар оның біріншісін – арсенопирит, минералы бойындағы ұнтақ диспересті алтын, екіншісін – кварцстағы сеппе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын, үшіншісін – кварц-карбонатты желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын және төртіншісін – гипергендік процеспен байланысты қабыршықты және дендритті алтын деп атайды.
Айтайық дегеніміз, биыл жаз осы кеніште алтын өндіретін «Алтыналмас» зауыты іске қосылды. Мемлекет басшысы өткен жылы облысқа келген кезінде осындағы алтын өндірумен айналысатын жаңа фабриканың құрылыс жобасын мақұлдаған болатын. Міне, сол жобаның құрылыс жұмысы аз уақыт ішінде аяқталып, алтын өндіру ісі басталып та кетті.
Көзі ашық, көкірегі ояу кейбір оқырмандар: «Ақбақайда» алтын зауыты бұрыннан бар емес пе еді?» деп сұрауы бек мүмкін. Өте орынды сұрақ. Бірақ «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» дегендей, бұрынғы алтын өндіру фабрикасы қайта жабдықтау және модернизациялау жобасы арқылы мүлде жаңарып шыға келді. Жобаның құны 100 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл қыруар қаржының 55 миллионы фабриканы модернизациялауға және 50 миллионы кен орнын ашу мен өңдеу жұмыстарына жұмсалды. Жобаны қаржыландыруға тәуекел еткен «Еуразиялық банк» екен. Жә...
Сонымен, «Ақбақай кластері» деп аталатын шикізат базасының алдын-ала жасалған құны 100 тоннаға жуық асыл тастан тұрады. Бұл кенді аймақта «Ақбақаймен» бірге «Светинское», «Бескемпір» және «Карьерное» деп аталатын кен орындары да қатар орналасқан. Кәсіпорынды қайта түлету осы кен орындарын игеру үшін экономикалық және инфрақұрылымдық тірек болып табылмақ. Сондықтан аталмыш компания Думан-Шуақ кен орнының байлығын игеру құқын қолға алуға да талпыныс жасауда.
Жаңаның аты – жаңа. Бұрынғы комбинаттың инемен құдық қазғандай тірлігіне қарағанда, қайта түлеген зауыттан жаңа серпілісті анық байқауға болады. Мысалы, бұрын бір жылда 240 тонна шикізат өңделсе, қазір оның орнына 1 миллион тонна шикізат өңделуде. Қалдық та аз. Нәтижесінде жылына 2,8-3 тонна алтын өндіруге толық мүмкіндік бар.
Зауыттың зәру құрал-жабдықтары осы салаға ертеден бейімделген Ресей мен Оңтүстік Африкадан алыныпты. Шахта жұмысына Канададағы алтын кеніштерінде қолданылатын бұрғылау машинасы жегілген. Бұлар – алтын өндірудегі ең соңғы әлемдік әдістер. Зауыттағы жаңа технологияның арқасында, айталық, металлургиялық өнім дайындаудағы аса жоғары бөлістер жасалып, бұрын шығарылып келген флотоконцентраттардың орнына ендігі кезекте өте сапалы Доре кесекті алтыны шығарыла бастаған.
Өндіріс бар жерде, әлбетте, өмір де бар. Алыстағы Ақбақай кентінде әлеуметтік түйінді мәселелер де оң шешімін таба бастапты. Кент оқушылары кеншілер көмегінің арқасында жаңа мектепте білім алуда. Мектеп жанынан спортқа құштар оқушылар үшін бокс секциясы ашылған. Сондай-ақ, тұрғындар үшін монша салынып, тәртіп сақшыларының мекемесі күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мұның бәрі бағалай білетіндерге, әрине, аз жұмыс емес.
Зауыт жұмысшыларының қатары да, негізінен, Мойынқұм ауданы тұрғындары арқылы толығып келеді. Кеніште бүгінде 450 жаңа жұмыс орны ашылған. «Сарыбұлақ-2» жер асты су көзінен 75 километрлік су құбыры тартылуда. Бұл құрылыс жұмысы жыл аяғына дейін аяқталып, алдағы уақытта кент тұрғындары мен зауыт жұмысшылары қажетті ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілетін болады.
«Ақбақайдың ат басындай алтыны» дегеннен шығады, «Алтыналмас» зауыты өңір экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып, облыс бюджетіне жыл сайын 15 млн. АҚШ долларына жуық кіріс әкеледі дейді мамандар.
Тараз ырғақтары
Тілек
Түтінін түзу шығарсын жерде әр үйлер,
Жердегі барлық жақсылықтарым дами бер.
Қуанып қалам ойнап жүргенде сәбилер,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Табиғаттың мен де кішкентай ғана бөлшегі,
Көтеріп жүргім келеді ылғи еңсені.
Ерлікпен ғана қорғасам деймін ел сені,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Жүрегім сыздар естісем суық сөзді мен,
Бар әлі елдер құтылмай жүрген езгіден.
Жанымды қалай жаһанға түгел сездірем,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Қалалар тұрсын аман-сау осы қалпында,
Өмір ғой мынау айырбастамайтын алтынға.
Қажетсіз маған қошеметің де, даңқың да,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Таңырқап бір сәт үңілші сонау тарихқа,
Тарихтың көзі қашанда, қалқам, халықта.
Тіршілік мына адаммен ғана жарықта,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Ойымды құптап тұрғандай заңғар тау менің,
Бағасы қымбат Күннен құйылған сәуленің.
Кешіп тұр дүние керемет ғажап дәуренін,
Бейбіт күндердің бесігі болшы, Жер-Ана!
Мен сенің жанарыңның қарасымын
Сен маған өкпелеме, асыл жарым,
Жанымның аяғам жоқ асылдарын.
Тағдырға мың рахмет
Сен болмасаң
Жайқалмай кетер ме еді жасыл бағым!
Өзіңсің, өмірімнің өзегі де,
Қайтемін не десең де төземін де.
Биікке ұмтылғаның ұнар маған
Халқыңның мұңын ойлап өз еліңде!
Ойлайсың, отбасының жарасымын,
Төгіліп бойыңдағы бар асылың.
Түсініп, бағаласаң болмысымды,
Мен сенің жанарыңның қарасымын!
Бар әлі байқағанға балаңдығым,
Кей кезде өкпелетіп алам, күнім!
Білесің жоқ екенін қиянатым
Және де жоқ екенін жамандығым!
Үй ортақ,
Бір шаңырақ аясында,
Ақ қырау шашымызды боясын да!
Ақындық жүрекпенен сезсең егер
Шіркін-ай, тірлік тәтті, тоясың ба?
Жаным-ау, қандай ғажап жаралғаның.
Өмірден от-жалынды нәр алғаның.
Миым, ойым, қуатым сарқылғанша
Өзіңді бақытты ету бар арманым!
Аптап
Шілде түсіп,
Жалынға орап аптабы,
Бәрімізді
Ыстығына қақтады.
Тымырсық күн, жаңбыр да жоқ, жел де жоқ,
Салқын су да арықтардан ақпады.
Адамдардың
Амалдары таусылып,
Қабылдайды
Жаздың ыстық маусымын.
Қаланы да, даланы да шілде айы
Құшағына алғандай-ау қаусырып!
Таусылмайды
Табиғаттың ырысы,
Қайнап кетті
Қаланың әр бұрышы.
Шыдай алмай талай күнгі аптапқа
Тараздың да тарылғандай тынысы.
Табиғатты
Жаратқан ғой тылсым ғып,
Адамзатқа
Дәлелденбес бұл шындық.
Басу үшін ішкі-сыртқы жалынды
Мұздай суға алсам ба екен бір сүңгіп?!
Күз белгісі
Мұнартып тағы да бiр таңым атты,
Тауларым ақ сәлдесiн тағып апты.
Ызғарлы күздiң суық желi тұрып.
Ағаштың жапырағын жамыратты.
Сұрықсыз күйге түсiп төңiрегiм,
Бұлт басып, тұмшаланды көгiм, керiм.
Ыстыққа ала жаздай шыдамаған
Мұздайды сәл нәрседен көкiрегiм.
Күз бе, қыс па, бiлмеймiн, түсiнiксiз,
Баға бере алмайсыз түсiнiп сiз.
Жаңбыр жауып, соңынан қарға айналып,
Талайлардың зәресiн ұшырып күз.
Етек-жеңiн жиғызып баршамыздың,
Үсiк шалып тамырын аршамыздың.
Кеше ғана қысқа етек көйлек киген
Сұлулығын жасырды барша қыздың.
Ойнақтап жүрген едi күшiк бiткен,
Құлақтары салбырап түсiп кеткен.
Адамдар қалады екен шарасыз боп,
Табиғат көрсетсе егер күшiн көктен!
Қарқынды Қазақстан
Елім, жерім танымастай өзгерді,
Артқа тастап талай-талай өзге елді.
Елбасының ақыл-ойы сомдаған
Ертегідей Астананы көз көрді.
Күннен-күнге сұлуланып жас қала,
Жауһарлардай әсер етті басқаға.
Шындығыммен үйлескендей үмітім,
Көз алдымда қанат қақты бас қала!
Алтай менен Атыраудың арасы
Жаңа өмірге ұмтылғандай, қарашы!
Бір мақсатқа білек қосып жұмылған
Өршіл, өжет қазағымның баласы!
Жан бітіріп ұлан-байтақ далама
Жұлдызымыз мәңгі өшпестей жана ма?
Қазақ елін сара жолға бастаған
Сенім арттық Нұрсұлтандай ағаға!
Құтты болсын, Қазақстан, қадамың,
Ең алдымен халық екен – бағалың.
Жаһандану заманынан қалыспай,
Асқақтасын жаңа әлемде жаңа әнің!
Қай кезде де, ей, қазағым, таза арың,
Тәңір саған көрсетпесін азабын.
Елі сүйген, елін сүйген Елбасы,
Бастай берсін болашаққа қазағын!
Қайырбек Асанов,Тараз қаласы.
«Мейірімнің» шапағаты мол
«Мейірім» медициналық орталығы 1999 жылы қаңтар айында ашылды. Ол содан бері облыс орталығындағы ең үздік жекеменшік медицина мекемелерінің бірі болып табылады. Оның құрамында 30 мың тұрғынға дейін қызмет көрсететін емхана, 75 адамға арналған төсегі бар көпсалалы аурухана кіреді.
Мысалы, №8 қалалық емхана темір жол бекеті маңындағы тұрғындарға терапиялық, педиатрлық, акушерлік-гинекологиялық, тағы басқа да аурулардың алдын алу мен емдеу бойынша қызмет көрсетсе, «Мейірім» медициналық орталығы, негізінен, кардиологиялық, неврологиялық ауруларды емдеуге бағытталған. Әлбетте, жанына шипа іздеген басқа ауруларға да қызмет жасаймыз. Сондықтан орталыққа «Philips» және «Neusoft Superstar» – 0,35 Тс компанияларының соңғы үлгідегі ядролық магниттік-резонанстық томография құрал-жабдығы қойылған. Ол облыс бойынша тек қана біздің мекемеде бар десек, артық айтқандық емес. Ал медициналық орталықтың аты айтып тұрғандай, біздің дәрігерлер мен медбикелер аурулардың жанына мейірім-шапағат сыйлаудан ешқашан жалыққан емес.
Еліміздің басты байлығы – адам. Сондықтан олардың ауруын дер кезінде анықтау және емдеу – біздің басты міндетіміз. Ол үшін орталық замана талабына сай көптеген медициналық құрал-жабдықтармен бірге, білімді, білікті және тәжірибелі дәрігерлермен толық қамтамасыз етілген.
Гүлдара НҰРЫМОВА, «Мейірім» медициналық орталығының директоры.
Мүсілімнің «Виртуалды қаласы»
Тараз қаласының тұрғыны Мүсілім Шәкіров «Озық инновациялық жоба-2011» республикалық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Мүсілім Әнуарұлы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық телекоммуникациялар дирекциясында жетекші маман болып қызмет істейді. Ол байқауға телекоммуникация саласы бойынша болашағы кемел жоба ұсыныпты. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 14 жоба авторы қатысқан. Алайда комиссия сарапшылары тек жамбылдық жоба иесінің жұмысын таңдаған.
Интернет ресурстарын пайдаланушылар үшін Мүсілім Тараз қаласы аумағында «виртуалды қала» жобасын жасап шығыпты. Үй тұрмысы мен шаруашылығын басқару мүмкіндігінше автоматтандырыла бастаған қазіргі уақытта, бұл жоба тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болғалы тұр, дейді ол.
Мүсілім өзінің «Виртуалды қала» жобасын байқау жарияланбай тұрып ойластырғанын айтады. My.telecom.kz сайтында басталған сайыс инновациялық ойды одан әрі өрістетіп, оны жеріне жеткізе дайындап шығуға себеп болған. Инновациялық бұл жоба бойынша, барлық интернет пайдаланушылар, яғни Мегалайнға қосылған азаматтар «виртуалды қалаға» бірігеді. Бұл олардың бір-бірімен дерек алмасу тәсілін дамытады. Яғни, виртуалды ресурстарды қолданады, бір «виртуалды» қаланың ішінде отырып, сондай-ақ, компьютер желілерін де біріктіре алады. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру шаралары қолға алынуда. Алғашында «Виртуалды қала» тек Тараз аумағында ғана құрылады делінген, бірақ қазіргі техникалық мүмкіндік аясының кеңдігін есептей отырып, ол «виртуалды қаланы» облыс көлемінде ашуға болатындығына көз жеткізіпті.
– Телекоммуникация саласы – өздігінен үлкен ілім, оны игеру үшін мұқият зерттеу қажет. Ал ілім үнемі дамуды, ілгерілеуді қажет етеді. Бұл жобаны, о баста, адамдардың бір-бірімен хабарласуын қазіргіден де жеңілдетіп, олардың енді топ-топ болып бірлесіп араласуына мүмкіндік туса деген ниетпен бастадым, – дейді ол.
Қызметін қарапайым оператор болып бастаған М.Шәкіров осыдан біраз бұрын облыс байланыс желілерінің даму жоспарын түзуге қатысқан болатын. Қазір кеңейтілген сервис орталығына жетекшілік етеді. «Қазақтелеком» базасында жасалған «Виртуалды қала» жобасы ұлттық байланыс операторының меншігі болып табылады. «Виртуалды қала» сөзін де Мүсілімнің өзі ойлап тауыпты.
Ауылдағы аналар енді қолдарын жылы суға малады
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Меркі ауданындағы Ақарал ауылының 143 отбасына табиғи газ құбырын тартып берді. Оның құрылыс жұмысын осы акционерлік қоғамның облыстық өндірістік филиалы жүргізді. Ағымдағы жылдың мамырында басталып тамыз айының соңына дейін жалғасқан құрылыс жұмыстары барысында 640 метр орта қысымды өткізу газ құбыры мен көше бойындағы 4620 метрлік газ тарату құбыры тартылды.
Табиғи газдың игілігін көру мүмкіндігіне ие болған ауылға келген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалының директоры Мұқан Сәдуақасов тұрғындар қуанышын бөлісіп, елді мекендерді газдандырудың әлеуметтік маңызы зор екеніне тоқталды. Оның айтуынша, үйлеріне газ құбырын кіргізу үшін жұмсалған шығынды ауыл тұрғындары бір жыл ішінде бөліп төлей алады. Бұл табысы аз отбасылар үшін көп жеңілдік болып отыр.
– Табиғи газды пайдаланғалы бері от басы, ошақ қасындағы күнделікті күйбеңім азайды. Су жылту, ас әзірлеу, кір жуу кәдімгідей жеңілдеп қалды. Әрі жылдам, әрі арзан. Бұрынғыдай отын түсірудің, ағаш жарудың, көмір сатып алудың енді қажеті жоқ, – дейді қуаныштан күлім қаққан көп балалы ана Рыскүл Ниязбекова.
Мұқан Сәдуақасовтың айтуынша, жыл аяғына дейін облыс бойынша тағы 2000 үйді газ құбырына қосу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, қазір Жамбыл ауданындағы 400 үйі бар Түрксіб ауылы, Аса ауылының газ тартылмаған бөлігіндегі 200 үй және Тараз қаласы маңындағы «Жігер» тұрғын алқабындағы 200 үй табиғи газға қосылады. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ биылдан бастап Қордай, Шу аудандарының елді мекендерін газға қосуға мүмкіндік беретін жобалық құны 4 млрд. теңгені құрайтын Қордай-Шу газ құбырының құрылысына кіріспекші. Ал Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының елді мекендеріне жүргізілетін газ құбырларының құрылысы үшін биыл республикалық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлініпті.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың таяу жылдардағы басты міндеті –республиканың газға қосылған барлық аймақтарындағы, соның ішінде, облыс аумағындағы газ тарату жүйелерін жаңарту. Өңірдің газ тарату желілерін қайта жөндеуден өткізу жөніндегі жобалар да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы Тараз қаласының газ желілерін модернизациялаудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленсе, биыл жобалық-сметалық құжаттама дайын болды. Ал келесі жылы газ жүйелерін жаңарту жұмыстары басталмақшы. Ол жобаның жалпы құны 20 млрд. теңге көлемінде болмақ.
Білімгерлер келешегіне үмітпен қарайды
Біздің колледжде сапалы білім мен саналы тәрбие берудің өзіндік жолы қалыптасқан. Бұл дәстүр сонау 1954 жылдан бері жалғасып келеді. Әлбетте, жаңа дәуір талабына сай іс-тәжірибелер де көптеп енгізілуде. Соның бірі – Қазақстан-Германия жобасы. Біз осы жоба аясында колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салдық. Оқу әдебиеттерін байыттық. Оқытушыларымыз шетелдерге барып, тәжірибе жинап қайтты.
Колледжде білім алушылардың дене шынықтыру, спорт және рухани тұрғыдан жан-жақты тәрбие алуына да баса көңіл бөліп отырамыз. Мысалы, колледж білім алушылары биыл төртінші рет Астанаға барып, Сарыарқа төріндегі әсем қаланы өз көздерімен көріп қайтты. Олардың қатарында үздік оқушылармен бірге, отбасы аз қамтамасыз етілген білім алушылар да бар. Олар әр сапардан соң Астанадан алған әсерлерін бөлісіп, достары мен құрбы-құрдастарын білімді, тәрбиелі болуға насихаттайды.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде колледж қабырғасында білім алып жүрген 1900 ұл-қыз өздерін бейбіт елдің шын мәніндегі бақытты ұландары ретінде сезінуде. Сондықтан да олар ертеңгі күндеріне сенімді.
Бәтес ЕГЕМБЕРДИЕВА, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры.
Беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның»
Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.