• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2011

Дүлдүлдің дүбірі

1005 рет
көрсетілді

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп. Күніне мың ойланып, жүз толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.   Жә, жамағат! Сабыр, сабыр... Бір ауық ақынның өзіне дес берелікші!   Ескі дүние есігін теуіп ашып, Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып. Босағада тұрмады, төрге ұмтылды, Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып. Кербез әйел сықылды дүние паң Қылығына жігіттің бұлқан-талқан. Ала көзбен бір қарап дүниеге Ақын тұрды азырақ болып аң-таң. Дүние-базар, аралап кете барды, Тілін ұқты, сырын да тез аңғарды. Су орнына жұтты да аққан жасты, Күй орнына тыңдады қайғы-зарды. Жалбарыну, үһілеу, бос даурығу, Біреу өлген, біреу сау, біреу ауру. Жылаған көп, күлген аз, өсек гу-гу, Азан-қазан, беймаза, дүние у-шу. Осы шуды қақ жарып шықты бір үн, Естімеген дүние мұны бұрын, Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп, Қанатымен сыпырды дүние кірін. Ақын сонда әлемге айтты шынын, Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын». Бар даусымен айқайлап жіберді кеп, Жер құлағын тындырды даусы мұның. Дүние шуын бұл дауыс кетті басып, Есі шыққан ескілік қалды сасып, Баса қашты құлағын нәзік муза, Музаны бұл не қылсын, емес ғашық. Не қыламыз, шынында да, музаны біз, Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз, Муза жазып бермейді бізге өлең, Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз. Өлеңді де жазушы ед бұрқыратып, Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып, Көрікті де басушы ед күмпілдетіп, Балғаны да соғушы ед тасты уатып. Дабылдатып еді бір дүниені, Амал қанша, дариға-ай, ол да өлді. Арыстандай ақырған ақын еді-ау, Абайсызда сұм ажал қапы жеңді. Даусы қалды құлақта саңқылдаған, Жыры қалды жүректе жарқылдаған. Жыр керек қой дүниеге, жыр керек қой, Неге ғана өледі ақын адам?! Бұл – сонау тоталитаризм қан­жа­ры­нан қан шашырап тұрған қырқыншы жылы жазылған жолдар еді. Кім туралы? Маяковский туралы. Айтыпсыз! Бұл – Қасым Аман­жо­лов­тың Қасым Аманжолов туралы жазған өлеңі. Бір­де-бір өтірігі жоқ. Бәрі келіп тұр. Бәрі – өзінің мінезі. Бәрі өзінің қыл­ы­ғы. Бәрі өзінің айт­қа­ны. Бәрі өзінің ақыр­ғаны. Бәрі өзінің «аһ» ұр­ғаны. Аумайды-ау, аумайды. Отты жа­нарын өң­ме­ніңнен өткізе, осқырына қара­ған­да, тұрған орныңнан тырп ете алмай қала­сың. Қасым Аманжолов Владимир Маяковскийді де айнытпай өзіне ұқсатқан. «Бұл кім еді? Анау не дейді? Бұл өзі неге бұлай?» деп тіміскілейтін дүмбілез дүниедегі қай дауыл­паз ақынның тағдыры, міне, осындай-ды. Құдірет күші ұлы Отанның! Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ыза-кегі Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл, жүрек! Мұны кім айтқан? Абдолла Жұма­ға­лиев айтқан! Ол рас. Бірақ бұл жолдарды дүниеден өтіп бара жатқан жан досының аузына Қасым Аманжолов еді салған. Мұндай өлеңді тек Қасым Аманжолов қана жаза алады. Бұлай деп тек қана Қасым айта алады. Ол өзінің қалай өмір сүретінін білмейді. Бірақ, қалай өлетінін біледі. Олай етпесе, ақын бола ма! Олай етпесе, Қасым бола ма! Иә, Қасым айт­қан... Қасым айтқандықтан сен айтқан­сың, мен айтқанмын, ол айтқан. Мәселен, мына өлеңді кім айтпады? Мыңдар айтқан.   Өмірге ендім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден. Жетімдік тағдыр жетті ептеп, Қабағын түйіп түксиген. Өмірден үміт жоқ өзге Даланың тердім тезегін. Әкем боп таптың сол кезде Советтік менің өз елім. ...Дүние бүкіл дөңгелеп Көзімнің келді алдына. Үстіне шықтым өрмелеп, Қарадым бойлап арғыға. Ой жетер жерге көз жетті, Арғысын және сеземін. Жатырсың алып жер-көкті, Советтік менің өз елім. ... Бұлбұлым, сайра кеудемде, Бұлбұлым – менің жүрегім. Көңілімнің күйі келгенде Ағыл да тегіл жыр едім. Ағыттым ойдан ел үшін Өлеңнің ерке өзенін, Ақының болдым сен үшін, Советтік менің өз елім. Басқа айтса жәреукеліктен айтады. Қа­сым айтса, сенгендіктен айтады. Қа­сым шындап айтады, Қасым шыннан айтады. Қасым айтқан бұл сөзді аштан өліп, көштен қалған көп жетімектің бәрі айтады. Көздерінен жас мөлтілдеп тұрып, шын көңілімен айтады. Иә, бұл далада солай да болғаны рас. Бір уақыт аңқылдай ескен Сары­арқ­а­ның сар желіне сарын қосқан Нарманбетке құлақ түріңізші. Кең дала кеберсіген кер бетеге, Мұнда да бала туып ер жете ме! Суырдай іннен қашқан сүмірейіп, Дариға-ай, мекенінен ел кетер ме! Атқан оқ қайта оралмас бір атқан соң, Батқан күн қайта атпас бір батқан соң, Жаныңды жабырқатар заман қайда Қорғанын көңіліңнің құлатқан соң. Дәл осылай естияр ұрпақтың тауда ізі, сайда саны қалмай, түгел қырылғанда артта қалған аш қарын ұрпақ бет-бетіне тентіреп кеткені де рас. Әкесінен жастай айырылған Қасымның Семейге, Оралға оқу іздеп сапар шеккені де рас. Шағанның бойы көк шалғын, Шалқамнан жатқам шаңқай түс. Гүл толып менің құшағым, Кеудеме қонған бұлбұл құс... Сонау бір шет те, сонау үй, Кетер ме сірә көңілден, Алушы ед тартып мені ылғи Махаббат жастың лебімен. Терезе алды – жас терек, Тұр екен кімдер сүйеніп? Жүр екен кімдер еркіндеп, Жүрегін ұстап үйге еніп. 1963 жылы алғаш рет Оралға бардым. Ызғыған қыс еді. Ақын жырлаған сол үйді іздеп келемін. Үй орнында тұр екен. Есік-терезесі жабық. Тілдесер кісі жоқ. Сұр­­ғай­ып келе жатсам, су алуға келген үш-төрт әйел сыпсыңдасып тұрды. Қай­тер екен деп: «Қасымды білмейсіздер ме?» – деп сұра­дым. Олар ыршып түсті: «Қай­дағы Қасым­ды айтасыз?». Орта­ларын­дағы сұрғылт бө­ке­баймен мойнын таңып алған ақсары келіншек жалт бұ­рыл­ды. «Қасымның кімі бо­ла­сыз?» – деді жұлып алғандай қып. Жө­нім­ді айттым. Заманында талайдың жүре­гін бебеулеткен «шаян көз­дер» сүзіле қа­рап, салғырт­тау жымиып тұр. «Ол әлде­қа­шан Сақып­жамалының соңы­нан Алма­ты­сы­на тайып тұр­ған. Біздің Орал­ға ақын тұтқан ба? Кезінде Ғаб­долла Тоқай мен Мұса Жәлел де безіп отыр­ған. Қасым да сөйтті»,  деді. Бейтаныс келіншектің кенет жұмыла қалған алқызыл ернінде бір жұмбақ емеурін тұрды. Оған Қасым ақынның өзі болмаса, біз түсіне алмай, үнсіз жылыстай бердік. Иә, ол әйбәт тоташ бірдеңені біліп тұрды. Бірақ, ішке бүгіп жасы­рып қалды. Біз Қасымның Оралдағы ол жылдарды да босқа өткіз­бегенін аңғардық. Пианино, ман­далино, скрипка, гитара, аккордеон, домбыра – барлық ас­паптың құлағында ойнаған нағыз жайдарман жігіт Қасым­ның қай ортаның да гүлі болып, талайдың көзін сүздіргенін түсіндік. Жоқ-жітікке бой алдырмай, нұрлы дүниенің ертеңіне сеніп еркелеп өскен ақынның: «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға, Жүгіресің ол шеті мен бұл шетіне, Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? Уа, дариға, алтын бесік туған жер,   Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр! Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей, Ақын болмай, тасың болсам мен егер. Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің, Нендей күйге жүрегімді бөледің?! Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім. Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім, Қызығыңды көріп еркін келемін. Сен де аямай бердің маған барыңды, Мен де аямай барым саған беремін. Болдым ғашық, туған далам, мен саған, Алыс жүрсең, арманым сен аңсаған, Жақын жүрсем, мен төрінде жаннаттың, Алтын діңгек – өзім туған босағам!» – дегеніне имандай сенесіз. Осыншама өліп-өшіп, күйіп-жанып жақсы көретін жомарт жүректің әр лүпі­лі­мен оптимизм лебі есіп, шынайы отан­шылдығымен баурап алады. Сол аңқылдаған ақын көкіректің:   Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім, Көре алмай көп жеріңді мен кетемін, Арпалыс ала құйын заманалар Арбасып тұрып алды, мен не етемін?! Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға, Көп күттім, көп тіледім құмарлана, Қайтейін жетер емес қысқа өмірім, Алыстан көрінгенмен мұнарлана. Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап, Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде, Көрпемді мен жатармын қырда қымтап. ...Дүрілдеп жалын атқан кеудем көрік, Сөз соққам құлашымды еркін керіп, Суарып шынықтырған күйге малып, Болсын деп әрі әдемі, әрі берік... ...Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімді көл жасадым тамшыменен, Серінің семсеріндей сертке таққан Өлеңнің өткірін бір алшы менен! – дегенін естіп, көз нұрын соңғы там­шы­сы­на дейін сарқып берер сақилығына бас ұрасың. Шіркін-ай, Иса Байзақов айтқандай, Қа­сым «ақыл тісі балғадай» шын ақын ғой! Ол сөйлегенде таулар теңселіп, көл­дер шайқалып, дүние опыр-топыр опы­ры­лып, қара жер қарс-қарс айырылып кетердей бо­ла­ды. Қасым айтып тұрғанда, басқаны тың­дап қайтесіз... Қазаққа Қа­сым­ның аузындай ауыз берген мырза құ­дайдан айналмайсың ба?! Қазаққа Қа­сым­дікіндей сарқылмас та таусылмас ақылды қиған жомарт, тәңірден садағасы кетпессің бе?! Пай-пай! Ақын тебіренгенде көмейінен небір киік құлақ серке сөздер секіріп-секіріп шығады-ау. Небір ет-жүрегіңді елжіретіп, өзегіңе бал құйған­дай өн бойыңды ерітіп, сүйегіңді жібітетін сиқыр сөздер құлағыңды баурап, көзіңді арбайды-ау! Осынша мол­шы­лық, осынша сақилық, осынша мәрт­тік ақын бойына қалай сыйып тұрды екен деп таңғаласыз?! Таңғаласыз да, бір сәт есіңізді жиып аласыз. Қасым бұлай болмағанда қалай болады?! Мұқағали айтқандай, «Қасым олай болмаса, несі Қасым?!». Бір кезде көш­кен дүниенің көлбеңдетіп тізгінін ұста­ған Келдібек бидің көне сөздерін, қас сең­гірлерге тіреліп, аңтарылған көштің алды­нан жөн шығарып, аяғына сара жол салып берген Қазыбек бидің дана сөздерін, одан бергі қиыр-шиыр көп бұралаңдарда тау бүркітіндей шаңқылдаған Мәди Бопы­ұлы­ның өжет сөздерін өрбіткен қасиетті Қар­қаралы топырағы алағайы мен былағайы көп біздің заманымызда да жайбарақат жата алды дейсің бе? Жоқ, жата алмайды. Ата аруақтар  қалғып кетсе, көзде­рін­дей болсын деп, ояу тұрса, өздеріндей болсын деп, ағыл-тегіл шалқар дария ақын Қа­сымды сыйлады. Қасымды да құдай қазаққа бердім деп берген еді. Қасым да бұл дүниенің думанын қыз­ды­рып, ажарын асырып, базарын тасыту үшін келген еді. Бірақ, ақын көкіректің: «Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын, бақы­тын ойламаймын құр басым­ның; тымырсық түнек болсаң дұшпаныңмын, ақкөңіл, адал болсаң сырласыңмын. Боламын ақын Қасым әлі де мен, өлеңін бөбегіндей әлдилеген, қанатын қағып жылдам келер жылдар, бәрін де қарсы аламын ән-күйменен. Бір күні от өмірім қалса өшіп, қайран ел туған жерден кетпес көшіп, торқадай жамылып ап топырағын, жатар­мын өз жерімде бір төмпешік... Тоқтамас өмірімнің сағатындай, жүрегім енді қанша соғар тын­бай; тыншыр ма ақтық рет бір талпынып, мерт болған бала­панның қанатындай! Түсірген ой сәулесін шартарапқа, ақыл­дың алтын оты сөнген шақта, бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім, кетерсің судай сіңіп табиғатқа» деп күрсінгеніне құлақ түрмеске шараң жоқ. Кең дүниені өзіндей көріп өзеуреп алабұртқан албырт ақын­ның жүрек дүрсілінен бір салқын ызғар, тосын леп сезіледі. Бұл кең өріс, салқар сахара, сары жайлауда аяғы жеткенше сайран салып жүрген шу асаудың, құйрық, жалын жел тараған шал құйрықтың шабысы болса, бір жөн ғой. Бұл – ұшар шыңның басына самғап шығып, кәусар ауаға емін-еркін қанат жайған қыранның тұңғиық түбінде көктеп жат­қан көркем тіршілікке көңілі бітіп, құл­шына саңқылдағаны болса, бір жөн ғой... Жоқ, құйрық-жалын отап, өзін тұсап-матап қойған өрелеулі аттың көз жетер биігіне қарай жанұшыра шапшығып жантал­а­сы ғой... Ауызы-басын томағалап қойған тұғыр­дағы қыранның жанұшыра ышқынған жан дауысы ғой. Қасым өткізген балалық шақ Қар­қа­ралы­ның ұзыннан-ұзақ сұлап жатқан кең қойнауларына да сыймады. Қасымның алабұртқан жастық шағы жазыла аққан Жайық бойларына да сый­мады. Тіпті Алтаудың зәулім мұзарттары мен Алматының кең көсілген кербез көше­леріне де сыймады. Қасым бүкіл қазақ даласына сыймады. Ақын Қасым кең дүниеге де сыймай кетті. Бәрі де тапшылық етті. Бәрі де аздық етті. Асқар тау тізесінен, жұмыр жер жұлығы­нан келмеді. Өйткені, ол жоқтан өзгеге мәз болатын ұсақ-түйек тоғышарлардан емес еді. Өйткені, оған тек бір өзінің ғана емес, бүкіл дүниенің мейманасы тасып күліп тұрғаны керек еді. Апшымай, асып-төгіліп жатқаны керек еді. «Нұрлы дүние» деп айқара құшақ ашса да, дүние оған сыз қабақтанып, салғырт, салқын қарады. Кірпияз ақын жүрегін аттаған сайын жаралап бақты. Ақырында суық төсекке алып ұрды. Ауру төсегінде асау ақын Кавказ тауына апарып буып тастаған алып Прометейдей арпалысты. Шыңға буылған Прометейдің жалаңаш бүйрегін шоқуға алып қарақұстар жан-жақтан анталасса, төсекке таңылған Қасым – Прометейдің жан дүниесін күйкі тіршілік күнде ойрандап, күнде ойнақ салды. Ақырында бұның бәріне жаны шыдамады. Көз жұмды. Ақын өлді. Бірақ, ақын арманы ақырында орын­далды. Қызыл тоталитаризм қырғидай тиіп, түгел отап кеткен қазақ жырының тып-типыл егінжайына қылтиып қылтанақтар көрінді. Қасым сепкен асыл дән бірте-бірте бас алып, дүр етіп қаулай бой көтерді.  Қазақ поэзиясына қайтадан дауыс бітіп, қайтадан саңқылдай бастады. Жас ақындар Мағжан, Шәкәрім, Сәкен, Ілиястарды көр­мек түгіл, оқымақ түгіл, көп уақытқа дейін есімдерін де естіген жоқ. Олардың көбі Қасым бола­мын деп, ақын болды. Қасым өлеңін жаттап ержетті. Қасым өнегесі алпысыншы жылдар поэзиясының алтын туына айналды. Сауытбек Абдрахмановтың «Жи­ыр­масыншы ғасыр жырлайды» атты ав­торлық антологиясында: «Ұлттық поэ­зия­­мызды саясатты ұйқастырып сөйлейтін идеологиялық рупорға айналып бара жатқан жерінен қуатты қолымен жұлқи тартып, әу бастағы асыл тегіне қарай қайтадан бұрғызып берген, қасаң үгіттен қажыған тұғжым тұғырдай қазақ өлеңіне қан құйып, қайтадан орнынан тұрғызып кеткен тап осы Қасым еді» деп орынды айтылған. Қазіргі қазақ әдебиетін Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжоловты жақсы көретіндер жасады. Әдебиет майданында ақиқат жолында арпалысқан рухани қайсарлықтың шын  тәу етері  – Әуезов пен Аманжолов болды. Соларға қарап, ой түзеп, сөз мүсіндеді. Кейінгі шыққан алыптардың шәкірттері енді өсіп, жетіліп келеді. Қолда бардың бәрі де – Әуезов пен Аманжоловтан үлгі алғандар. Сондықтан Қасым бүгін тіріліп кетсе, не болар еді деп елегізген топ айна­ласына елеңдеп көз тастайды. Тәуелсіздік алған елін көріп, мәз болар еді. Ақорданың төбесінде көкпен таласқан көк байрағымызға сүйсіне көз салар еді. Мүшәйраға шығып жатқан ақындарды тыңдап, өзі көріп кеткендегіден жағдайдың біраз жақсарып қалғанын байқар еді. Талай тұлпардың тұяғына жел бітіп, жер тарпып тұрғанын көрер еді. Тіпті кейбіріне: «Пай! Пай!» деп сүйсініп те қояр еді. «Сөз түзел­ді, тыңдарман, сен де түзел!» деп, қаума­ласқан қауымға масаттана бұрылар еді. Ауыздарын ашып, көздерін жұмып, ақын­дар­ға елтіген жұртты көріп, тәубесіне келер еді. Біраздан соң топ арасында сөзге құлақ салғанмен, не айтып жатқанына түсі­не алмай, алаң-құлаң етіп тұрғандарды да көзі шалар еді. Бұған айран-асыр қалған ақын кейбіреулердің түсінбегендеріне түк қиналмай, жайбарақат шекілдеуік шағып тұрғандарды көріп, өліп-талып қолға тиіп отырған тәуелсіздігімізге әлі күнге ілесе алмай, күлді-көмеш күйкі күйінде жатқан ар-ұятымызға қаралай намыстанар еді. Ба­тыр болса, найзасын кезеп, қамшысын үйі­рер еді. Ақын болғасын арланып, апшып, шамына тиген соң шабытына мініп, төбеңе жәй түсірер найзағайша шатырлар еді. Өйткені, ол тасбауыр идеологияның темір құрсауы аямай сыққан айтулы жылдарда да айылын жимай кеткен-ді. Сөйтіп, Қасым туғалы бір ғасыр өтті. Оның қырық төрт жылын өз көзімен көрді. Сонша уақыт өмір атты мәңгілік сабағын тыңдап, оған өзі де талай тамаша дәрістер қосты. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясындағы ең ірі тұлғалардың бірі болды. Шын мәніндегі ұлы ақын болды. Өз халқының санасында алған бетінен қайтпайтын қайсарлықтың, жат жерлік колониализм мен тоталитарлық езгіге жұлды­зы қарсы отаншылдықтың, рухани макси­мализмнің, адамгершілік пен ізгіліктің мәңгі өшпес өнегесін көрсетті. Ақын Серік Ақсұңқарұлы дұрыс айтады: «Қасымға енді ештеңенің керегі жоқ. Ал Қасым қазаққа керек». Тіпті керегірек! Өте керек. Дүлдүлдің дүбірі керек. Жым-жырт жондарға ұлы өзгеріс әкелген асау арынның дүбірлі дүсірі керек. Қазақ әдебиетіндегі Қасымнан қалған қасқа жол жалғаса береді. Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері.   Қасым – жыр, Қасым – ән «Қазақ радиосының» «Алтын қоры­нан» алынған «Жыр жазамын жүре­гімнен» ха­ба­­рының газетке лайық нұсқа­сын оқырмандарға ұсынып отырмыз. Мұнда бар қа­зақ Сыраға деп кеткен – Сырбай Мәуле­нов пен композитор, ақын өлеңдеріне ән-романс­та­рын жазған, «Жиырма сегіз пан­филовшылар» операсына ақынның жыр­ларын қол­дан­ған Ғазиза Жұбанованың Қасым Аманжолов шығарма­шылы­ғына берген тамаша ба­ға­сы жазылған. Есте­рі­ңізге сала кетейік, бұл радио­хабарды кезінде магнитафонға түсіріп ал­ған едік. Енді онымен жұртшылықты газет бетінде таныстыруды жөн көрдік. Сырбай МӘУЛЕНОВ: «Қазақтың классик ақыны Қасым Аман­жолов Ақтайлақ өзенінің атыра­бындағы Қызыларай, Қаршығалы таула­рының бо­йын­да 1911 жылы дүниеге келді. Жасынан өжет, алғыр Қасым зейінді болып өлең өзеніне ерте құлаш ұрды. Қасым өзі қатар­лас қа­зақ ақын­дары секілді, әсіресе соғыс жылдарында қарышты қадам жасады. Оның соғыс жылдары жаз­ған «Ақын өлімі тура­лы аңыз» поэмасында, «Байкал», «Орал», «Подполковник Әлпинге», «Ғаб­дол­ға» тәрізді өлеңдерінде от-жалындар ішінде дауылдан демалып, найзағайдан от алып жүрген жауынгер ақынның тулап соққан жүрегінің дүрсілін сезінгендей боламыз. Қасым лирикасы кейде қатал, кейде нәзік, кейде мұңлы, кейде шат өз мінезіндей лирика. Оның өз мінезі өлеңінде жата­ды. Батыл, өткір сөздері Қасым айтты десе, оқушы сенеді. Ал кейбір ақынның кемшілігі – өлеңінде мінез болмайды. Ірі мінез болмаса: сырдаң, сұрқай, ығыр ұйқас, сылбыр жолдар, жансыз сұлбалар көрініп жатады. Қасым шебер аудармашы да. Ол: «Аударма деген екі адамды бір таудың қос шыңындай, бір қолдың екі саласындай, бір еменнің егіз бұтағындай бір-бірімен ту­ысты­ратын алтын көпір», деп айтып отыратын. Қасым аударма жасарда тұп­нұс­қа­ның бүкіл жаратылысын жан-жақты барлап, бай образды, терең сезімді ойына тоқып, оның ауасын жұтып, қан тамырының лүпілімен бірге соқ­ты­ратын. Ол шығар­маның қалай, қандай жағдайда туғанын, әрбір ой астарын, сөз құпияларын терең зерттейтін. А.Пушкиннің «Қысқы кешін» аударып бол­ғаннан кейін де ол жариялауға асыққан жоқ. «Қыс­қы кештің» әні мен сөзін дом­бырада, скрипкада, сырнайда қайта-қайта орындап, өлеңнің ұйқас-ыр­ғағын, өлшемін, әуенділігін, дыбыс сазын барын­ша тексергенін мен жақсы білемін. Музы­калық ас­пап­тардың бәрінде еркін ойнайтын Қа­сым аударып отырған өле­ңінің ырғағына, музыкасына көп көңіл бөлуші еді. Көзі, өзі жоқ болғанымен оқушының көкірегінде ұялап сөздері, отты өлеңдері жатыр. Қасым жыры – мәңгілік жыр. Ол келешекке біздің ұрпақ­тары­мыз­бен бірге бара береді. Оның өлеңдері уақытпен бірге адым­дайды. Қасым жазған өлеңдерді біз бүгін қай­талаймыз. Өйткені, ол уақыттың тала­бына жауап береді. Оның дүние дұш­пан­дарына, бейбітшілік жау­лары­на жазған отты өлеңдері әлі біздің есімізде. «Дү­ние сыймас бомбыға, «Атом» деп айқай салған­мен; Дұш­панның жолы болды ма, Аяқтан талай шалғанмен!» деген жолдар арам ниетті соғыс­құ­мар­ларды әш­керелеп, оларға сілейте соққы береді. Осы сияқты өмір­шең өлеңдер – бүгінгі адал ниетті адам­дардың ойын білдіретін өлеңдер. Қасым әлі де талай ұр­пақ­тар­мен сырласып, талай ұрпақтармен шыңға аса береді». Ғазиза ЖҰБАНОВА: «Қасым Аманжолов – қазақтың ұлы ақыны. Қасымның өле­ңін білмейтін ме­ніңше адам жоқ Қа­зақ елінде, әрине. 1955 жылы «Әдебиет және исскуство» деген журналды оқы­сам, Қасымның соң­ғы жазған өлеңдері бар екен. Соның ішін­де «Ақ­сәу­ле» деген өле­ңі маған бірден әсер етті. Біздер, композиторлар, кейде бір өлең ұна­са, оқып жат­­қан­­да іші­міз­ден му­зыка шы­ғып жа­та­ды. Осы өлең­­ді оқы­ғанымда бірден әні, ме­лодиясы жү­ре­­гімнен шықты. Мен сол 1955 жыл­дан бастап жыл сайын емес, ай са­йын, тіпті күнде Қа­сымның өле­ңін оқып келемін. Неге десеңіз, па­триот­тық бар, лирика... Қа­сым­дай лири­ка­лық өлең жа­затын... білмеймін бас­қа кімді айтуға болады. Ай­та­тын болсам, «Жыр жазамын жүре­гімнен» деген алғашқы өлең­індей, бұл да сондай жүрегіме жағып, музы­касы өз-өзінен ойға ора­ла кетті. Бая­ғыда Испанияда азамат соғысы болып жатқанда Қа­сым­ның жазған өлеңі бар, «Сү­йе­­­мін мен ис­панканы» деген. Ол да өзінше, ерекше тұрған өлең. Бір жа­ғы­нан қазақша бол­са, бір жағы­нан Испа­ния­ның... ритм жа­ғынан жазылған, өзінің аты да ай­тып тұр. Шығар­ма­ла­рымның бірі – «Жи­ыр­ма сегіз пан­филов­шылар» операсы туралы айтайын. Сол туындыға мен жақсы көретін ақы­ным Қасым Аманжоловтың өлең­­дерін кіргіздім. Соғысқа кетіп бара жат­қанда жауынгер елімен, жарымен, анасымен қоштасады ғой. Сонда Әліпбай деген жігіт өзінің қалауы Раушанмен қоштасатын Қа­сымның «Қош бол, досым, жақыным, Кетіп барам сұрапыл соғысқа» деп келетін «Раушан – орамал» өлеңін қолдандым. Әлі де Қасымның өлеңдеріне ән жазғым келеді. Бізде композиторлар бар. Қасымның өлеңдеріне талай-талай тамаша ән жазады деп сенемін. Ақындығы екі бастан. Жаңа айт­тым ғой, ол – дарынды, ұлы ақынымыз. Бір жағынан өзі музыкант. Қасымның әндері де бар. «Дариға сол қыз» деген әнінің мело­диясы қандай! Қасым өлеңдерін тек композиторлар емес, кішкентай баладан бастап білуі керек. Адам өзі жаным сұлу болсын десе, әдемі болсын десе, Отанды сүйем десе, жарын сүйем десе, әр адамның алдында Қасым Аманжолов­тың өлеңдері тұруы керек. Біздің үйде Қасым­ның кітаптары біраз: үш томдығы да бар, бір­ томдығы да бар, екі томдығы да бар. Орыс­шасы да бар, қазақшасы да бар. Мен үйде бала­ларыма: «Қасым Аман­жоловтың өлең­дерін білме­сеңдер, оқыма­саңдар, сендер тек поэзия ғана емес, музыканы да біл­мейсіңдер, музыканы естімей­сіңдер», деп айтамын. Қасымның өлең­дерінің ішінде музыка ойнап тұрады. Кәдімгі қазақтың әуені. Әр сөзінде, әр өлеңінде. Сондықтан Қасым­ның өлеңі десек, музыка естіледі, ал музы­ка десек, Қасым Аманжоловтың өлеңін айтуға болады». Әзірлеген Аманғали ҚАЛЖАНОВ.