Биылғы жылғы қазақ поэзиясы өзінің жаңа дәуірлеу кезеңіндегі екі алыбының мерейтойларымен ерекшеленіп отыр. «Бәрінен де Қасымның десі басым», деп сөз өнерінің хас талантына бас иген Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы Алатау баурайындағы Қарасазда дүбірлеп өтсе, ұстаздығын пір тұтқан Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы ертең Қарағандыда басталып, Қарқаралыда жалғасады. Осыған байланысты іс-шаралар бағдарламасы сан алуан. Солардың бір парасы мынадай.
*8 қыркүйекте Қ.Аманжолов әндері мен өлеңдеріне жазылған әндер фестивалі ашылып, мерейтой иесі туралы бейнефильмнің көрсетілімі болады. Содан соң ақындар айтысы өтіп, «Досымның үйленуі» спектаклі қойылады.
*9 қыркүйекте Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесіп, содан кейін Қ.Аманжолов ескерткішінің ашылу салтанаты болады. Осы күні мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференция мен жазба ақындар жыр-мүшәйрасы өтеді.
*10 қыркүйекте Қарқаралыда Құнанбай мешітіне мінәжат жасалып, аудан орталығындағы орталықтандырылған кітапханаға ақын есімін беру рәсімі өтеді. Осыдан кейін мерейтойдың салтанатты ашылуы болып, өнер жұлдыздары концерт қояды. Аламан бәйге өтеді.