Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес инновациялық үрдісті игеру мәселесі Семейде де жолға қойылуда. Өндірісті уақыт талабына сай өрістету мақсатында қолға алынған жобалар аз емес. Сол жобалардың алдыңғы легі игеріліп, өз жемісін бере бастады. Біз сөз еткелі отырған өндіріс орнының өнімі бүгінгі таңда Қазақстанды қойып, Еуропада да сұраныс тудырып отыр. Кірпияз еуропалықтардың талғамына сай өнім өндіру Семейдегі «Ибраев-К» өндірістік кооперативінің бас директоры Ғаббас Төкешұлының қолынан келді.
Биенің сүті – саумалды бірден құрғатып, ақ ұнтаққа айналдыру Франция, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынған. Қымыздың бұл құрғақ түрі тек сусын үшін ғана емес, дәрі-дәрмек жасау саласында да таптырмайтын шикізат. Міне, құлақпен естігенді көзбен көрген деген осы. Дәл осындай құрғақ қымыз шығару Семей жерінде қолға алынды. Семей – Абай тасжолы бойының 11-ші шақырымында орналасқан жаңа кәсіпорын наурыз айынан бері қалыпты іске қосылып, қымыздың ұнтақталған түрін шығарып келеді. Жаңа кәсіпорынның инженері Ермек Әбдиевтің айтуына қарағанда, құрғақ қымыз өндірісі неміс технологиясымен жабдықталып, тиісті қондырғылармен толықтай қамтылған. Бие саууға арналған арнайы темір торлар салынған. Өндіріс технологиясы бойынша 100 литр саумалдан мөлшермен 30 кило құрғақ ұнтақ алынатын көрінеді.
Барлық параметрлер тиісінше сақталмаса қажетті мөлшерде өнім өндіру қиын. Мәселен, мамандардың айтуына қарағанда, биенің сүті сауылған бетте 90 пайыз мөлшерде ана сүтінің құрамына жақын болады екен. Бұл көрсеткіш деңгейі сауылған саумал ыдыста тұрған сайын төмендей бермек. Саумал бойындағы минералды заттарды қажетінше сақтап қалу үшін мұндағы технология бойынша сауылған саумалды кешіктірмей, өңдеуге мүмкіндігінше тез арада жіберген абзал. Сол үшін де өндіріс цехы мен бие сауылатын орын жақын орналасқан. Бие сауу орны жабық ғимарат ішінде орналасып, төңірегі толықтай таза тұруы қарастырылған. Бұл да құрғақ қымыз сапасының сақталуына қатысты шара. Саумалға сауылған бетте күн, жел тигізбеу де тиісті талаптардың бірі.
Қазақ даласында қымызды өндіріс жолымен өңдеп, арнайы құтыларға жауып шығару бұрын-соңды болмағаны белгілі. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, кәсіпкерлікке жол ашылғаннан бері қазақ азаматтары да бизнестегі мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, ел мақтанышына айнала түсуде. Ол бірінші кезекте, мемлекетіміздің шағын және орта кәсіпті дамытуға баса назар аударғандығының нәтижесі. Отанымыздың экономикалық қуаты еселенген сайын еліміздің өндіріс саласына инновациялық жаңалықтар енгізуге мүмкіндіктер туа бастады. Соның нәтижесінде қымызды арнайы құтыға құйып шығарудың сыртында құрғақ қымыз өндіруге де қол жетіп отыр. Семейде өндірістік жолмен қымызды құтыларға құйып шығаратын «Асау боттлер» серіктестігі жайлы осыған дейінгі мақаламызда жан-жақты айтылған.
Құрғақ қымыз жергілікті жұртты жаңалығымен тәнті қылғаны болмаса, оны пайдалануға бәлендей ынта танытпайтындығы анық. Бұл жағын да бизнесмендер ескермей отырған жоқ. Құрғақ қымызға құрақ ұша ұмтылатын елдермен келісім жүргізе отырып, өнімдеріне жол ашқан. Еуропа елдерінде құтыдағы қымыздың литрі мөлшермен 7-8 еуро болса, құрғақ қымыз килосы 20-25 еуро тұрады. Ал, дәрі-дәрумен бағытындағы құны әлдеқайда қымбатырақ. Қымыз ұнтағы сиыр сүтінің ұнтағына қарағанда өте жылдам еритініне де ғалымдар көз жеткізіпті. Нақтырақ айтқанда, құрғақ қымыз ұнтағы ол жақта негізінен косметалогия, фармецевтика, балалар мен диеталық тағамдарға қолданылады. Сонымен бірге бұл өнім ғарышкерлер, шахтерлар, альпинистер мен суда жүзушілердің де сұранысын арттыра түсуде.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «20 жарқын іс» бастамасымен тұспа-тұс ашылып жақтан Семейдегі құрғақ қымыз кәсіпорны Қазақстанда бірінші болып қолға алынып отырғанын да айта кеткен жөн. Керек десеңіз, ТМД елдері шеңберінде де бұл шаруаны әлі ешкім игере қойған жоқ. Инновациялық үрдістің игілігін көре бастаған Қазақстан кәсіпкерлері келешекте де тың жобалар мен толайым табыстар тізгінін тең ұстап, игілігін ел көретін іс тетігін таба беретініне еш күмән жоқ.
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, журналист.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.