Дәстүрлі кино-думан ретінде құлашын кеңге жайып келе жатқан кезекті VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалі биыл 19 қыркүйекте Алматы қаласында ашылып, бір аптаға ұласатын болады. Қазіргі кезде оның іріктеу комиссиясы өз жұмысын аяқтады. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен арнайы баспасөз мәслихатында кеңінен баяндалды.
Іріктеу комиссиясының құрамында кинотанушы Инна Смаилова (комиссия төрайымы), кинорежиссерлер Сатыбалды Нарымбетов, Ахат Ыбыраев, Әмір Байғазин мен фестивальдің арт-директоры Гүлнар Әбікеева жұмыс істеді.
Биылғы жылы фестивальдің конкурстық бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді. Соңғы жылдары оған Орталық Азия елдерінің фильмдері қатысып келген болатын. Енді «Еуразия» фестивалі аясын кеңейтіп, қайтадан үлкен халықаралық байқауға айналмақ. Онда Еуропа, Азия, ТМД елдері мен қазақстандық жаңа картиналар бақ сынайтын болады.
Халықаралық байқауда іріктеп алынған 12 картинаның ішінде: «Көңілдес» (Румыния), «Өтінем, мазалама» (Иран), «Шуақты күндер» (Қазақстан), «Жанартау» (Исландия), «Махаббатты мойындау» (Қырғызстан), «Бәдеуи» (Ресей), «Риэлтор» (Қазақстан), «Алыс көрші» (Франция), «Өзге аспан» (Ресей), «Қорғасын» (Өзбекстан), «Найзағайдан бұрын» (Жапония-Қазақстан), «Бусонг» (Филиппин) фильмдері бар.
Халықаралық кинододаға жолдама алған картиналардың қысқа мазмұны төмендегідей. Исландиялық режиссер Рунар Рунарссонның «Жанартау» фильмі Еуропаның кино әлеміне үлкен жаңалық әкелмек. Өйткені, бұл шығармада талайдан айтылып жүрген тақырыпты өзге қырынан көрсетуге деген ұмтылыс бар. Режиссер «келместің кемесіне мініп» жағада тұрған қарттың ішкі жан-дүниесіне үңіліп қана қоймай, қазіргі заман адамының санасына ой салады. Оның өмірін өзгертіп, басқаша тіршілік етуге мүмкіндігі бар екенін байқатады.
Ирандық режиссер Мохсен Абдолвахабтың «Өтінем, мазалама» фильмінің сюжеті қарапайым өмір қағидаларына құрылса, ресейлік Дмитрий Мамулияның «Өзге аспан» атты картинасының басты кейіпкері ақша табам деп кеткен әйелін іздеп, ұлымен бірге Орталық Азиядан Ресейге аттанған жанның машақатын баяндайды. Ал Каталин Митулескудің «Көңілдес» (Румыния) фильмінде өмірдегі әлеуметтік шындықтар көрсетілсе, Филлипиндік «Бусонг» кинолентасында режиссер Ауреус Солито адам мен қоршаған ортаны бір-бірімен тамаша үйлестіре білген.
Қырғыздың «Махабатты мойындау» деп аталатын картинасының да өзіндік ерекшеліктері бар. Үш режиссер, үш фильм, үш драма. Отандасымыз Нариман Төребаевтың «Шуақты күндер» деп аталатын картинасы кейіпкерінің ұстанымы мүлдем бөлек. Басқа шығармалардан ол осы шешімімен ерекшеленеді.
Мұндай ерекшеліктер осы фестивальда көрсетілетін «Бәдеуи», «Қорғасын» фильмдеріне де тән.
Осы арада VII халықаралық «Еуразия» кинофестивалімен қатар төмендегідей бағдарламалардың да жүзеге асырылатынын айта кетелік. «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» аясында 2010 жылдың соңы мен 2011 жылдың басында түсірілген картиналар көрерменге жол тартады. Сондай-ақ, «Халықаралық кинофестивальдерден жүлде алған фильмдер», «Виртуалды Батыс», «Өзгермелі Шығыс», «Венеция кинофестивалінің жаңғырығы», «Американың деректі киносы» атты бағдарламалар киносүйер қауымға көп жаңалық сыйлайтын болады.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.