Иә, сол баяғы Тұрымтай. Өзгермейтін сияқты. Студенттік шақ бірге өтті. Біразымыз өмірдің, уақыттың жолдамасымен еліміздің тұс-тұсына аттансақ та, Алматыға қайта бір соғуға асығар едік. Алдымен университетімізге баруды парыз санайтынбыз. Сонда алдымыздан шуақты күлкісімен Тұрымтай шығар еді. Көңіл құлпырып сала беретін. Сірә, жастық шақ бірге өтіп, енді, міне, бірге қартайып келе жатқан соң ба, әйтеуір Тұрекең өзгермейтін сияқты. Студент болды, университеттің өзінде қалды, оқытушы болды, доцент... Бәрібір, Тұрымтай өзгермейді. Сол баяғы жайдары қалпы, әдемі күлкісі, ет жүрегі елжіреп тұратын бауырмалдылығы. Сол бір қасиеттер өзгермеген соң, адам өзгере қоймайтын шығар, сірә.
Қазір журналистерді даярлайтын оқу орындары көп. Әңгіме олардың қалай даярлайтынында емес, бұрын жұрт журналист дипломын бір-ақ жерден – Қазақ университетінен, оның журналистика факультетінен алатын. Және оларды бітірген азаматтар өз қалаған жағына кете де бермейтін. Жіберген жағына ғана баратын. Ал жіберетін – республика Компартиясы орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі. Оның айтқанына көнбеуге болмайды. Бұл бөлім бүкіл республикадағы журналист кадрларының орналасу жағдайын бес саусағындай білетін де, университетті бітірген журналистерді облыстарға шашауын шығармай бөліп отыратын. Содан да ҚазМУ-ды бітірген журналистерді республиканың барлық облыс орталықтарынан ғана емес, барлық аудандарынан да кездестіруге болар еді.
Мұны ежіктеп айтып отырғанымыз сол ҚазМУ-дың журналистика факультетінде 1955-2004 жылға дейін оқығандар және жолдамамен республиканың жер-жеріне жіберілгендер Тұрекеңді, Тұрымтай Тұрлыбайқызы Дүйсебаеваны таниды. Танығанда, айрықша құрмет көрсетеді, өзінің жақын адамындай санайды.
Жоғарыда мен Тұрекеңді 1955-2004 жылдарда оқығандар біледі дегенді айтқанда, біреулер осында шамалы жаңсақтық бар-ау деуі де мүмкін. Өйткені Тұрымтай оқуға сол 1955 жылы түскенімен, университетті 1960 жылы бітіріп, сонда оқытушы болып қалған. Сонан соң, Тұрекең ұстаздық қызметін 1999 жылы аяқтады. Сонда университетті 2004 жылы бітіргендер бұл кісіні қайдан білер дерсіз. Жақында Оңтүстік Қазақстанда бір журналист қарындасымыздың: «Бірінші курста бізге Тұрымтай апайымыз сабақ берген, сонан соң зейнеткерлікке шығып кетті ғой. Ал біз ол кісіні әлі жап-жас деп жүрсек», дегені бар.
Мұны да біз Тұрекеңнің өзінің университетіне сіңірген еңбегіне баға беру үшін айтып отырмыз. Ол кісінің өмірі Қазақ ұлттық университетінен ажырағысыз. Оқып, одан білім алып қана қойған жоқ, барлық еңбек жолын сол университетіне, ұстаздыққа, шәкірттерін журналистік мамандықтың қыр-сырын меңгертуге арнады. Адами бақытын да сол университетінен тапты десек болған-ды.
Осы жерде Тұрымтайдың студенттік шағына қайта оралуға тура келеді. Бірге оқығандардың арасында да бір-біріне жақынырақ, топтаса жүретіні болады. Біздің осындай тобымызда Сәңгерей Тәжіғұлов, Тұрымтай Дүйсебаева, Амангелді Ахметәлімов, мен және Валерий Дөненбеков болды. Бұл тізім жасымызға қарай жасалып отыр. Үлкеніміз Сәңгерей 1935 жылғы, кәдімгідей өмір көрген сақа жігіт сапында. Одан кейінгілері бір жастан төмендей береді. Ең кішіміз Валерий оқуға түскенде 16 жаста еді. Осы бесеуіміз бес жыл бойы барлық емтиханға бірінші болып кіретінбіз. «Жүйкені тоздырмай, бірден бітіріп алғанымыз жөн», дейтін үлкеніміз Сәкең. Жасыратын несі бар, бір-бірімізге қарайласуды да ұмытпаймыз. Бір пәнді жетіктеу білетініміз алдымен екіншіміздің сұрағына жауап жазамыз. Содан да университетте оқыған кезде бесеуіміздің де бағаларымыз жаман болған жоқ.
Біздің бұл топқа бірігуіміздің де бір сыры бар. Сәңгерей, Валерий және мен алғашқы жылы пәтерде бірге тұрдық. Жоғарыда айтқандай, сақа жігіт Сәкеңнің бірден Тұрымтайға көзі түскен. Сірә, оны басқалардың да Тұрымтайға көз салғаны асықтырды-ау шамасы, ақыры үйленіп тынды. Бұл біздің тобымыздың ынтымағын бұрынғыдан да күшейтті. Бір үйдің баласындай жүрдік. Тіпті Сәкеңді «папа» деп, Тұрекеңді «мама» деп атауды соңғы кезге дейін жалғастырғанбыз. Сәкеңнің «балам» деп айтқан сөзінің кәдімгідей салмағы болатын. Оның айтқанын біз әсте де екі етпес едік.
Осындай жақындықтан да Тұрымтай қызға қанша жұрттың сұқтанғанын сөз еткіміз келмейді. Көрік өз алдына, Тұрымтайдың әншілігіне оны тыңдағандардың ешқайсысы да тамсанбай тұра алмас еді. Сонау 1957 жылы Мәскеуге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалармен бірге барып, ән шырқап, жүлде алғаны не тұрады! Сондай қызға қанша жігіттің сұғын қадап, қанша ақынның өлең арнағанын кім санапты, тек Тұманбайдай үлкен ақынның Тұрымтай Тұрлыбайқызының 60 жасқа толған кезінде жазған жыр шашуынан екі шумақ келтіруді жөн көріп отырмыз.
Әнші қызға ғашық боп бақыт тапқан жоқ ешкім,
Өзім қолым жетпеске қол да созған емеспін.
Құшағынан шыға алмай отыратын кезім бар,
Таңғажайып таңдағы тәтті-тәтті елестің.
Бұлт ішіне көрінбей ұшып кетті ән өрлеп,
Әп-әдемі әншінің өз өмірін мәнерлеп.
Алпыстағы әжеге сұқтана ма қара шал,
Баяғыда осы қыз әдемі еді-ау, шіркін деп.
Тұрымтай әнді керемет айтатын. «Махаббат вальсін», «Толқынды» Тұрекеңдей айтатын әнші жоқ дейтінбіз. Сондай әншілігін тастап кеткенін өнерге қиянат санағандар да болды. Ал Тұрымтай қыз барлығын да өзі тағдырласқан азамат үшін, отбасының қамы үшін құрбан еткен. Кейде өнер жерде жатқан нәрсе емес қой, жеке бір адамдардың ғана үлесіне тиетін тағдырдың сыйы емес пе еді, әншілігін босқа тастады-ау десек те, алдымен отбасын ойлаған ананың алдында бас иесің.
Осы жерде тағы бір жай ойға оралады. Университетте қалғанымен, біраз уақыт Тұрымтай лаборанттық қызметте жүріп қалды. Қабілет-қарымы бұдан әлдеқайда жоғары адамға бұл да салмақ. Осындай кезде Тұрекең әзірлеген бір жұмысқа жоғары баға берген университет ректоры Асқар Закарин оған беделі де, жалақысы да жоғары әкімшілік қызмет ұсынады. Басқалар болса, бірден келісетіні анық. Ал Тұрекең отбасымен ақылдаспай қадам жасамайды. Отағасы Сәңгерей ағамыз келіспепті. Бұл әңгіменің шет жағасына біздің де қатысқанымыз бар. Семейден Алматыға жол түсіп, «ата-ананың» үйіне тоқтағанмын. Тұрекеңнің көңілінде реніш. «Қашанғы лаборант болып жүремін. Ұсынып отырған қызметтің бұдан кейін реті келе бермес», деді. Оны біз де мақұлдап, Сәкеңе ықпал етпек болдық. «Бір үйге бір сері жететін шығар. Екеуміз де сері болып кетсек, балаларға кім қарайды?» – деді Сәңгерей ағамыз.
Мәселе осылай ың-шыңсыз шешілген. Тұрекең өз «құқығын» қорғап, қарсылық білдіріп, шу шығарса, мәселенің қалай шешілерін кім білген, әйтеуір отбасының берекесі кетуі әбден мүмкін-ау дейсің. Сәкеңнің «бір үйге бір сері жетеді» деуінде біраз мән бар. Сірә, бұл бір жағы өзін де біршама айыптағаны шығар. Затында өнерпаз, домбыра тартып, скрипкада да ойнайтын, әдемі қоңыр дауысы бар Сәңгерей ағамыз шынында да сері жігіт еді. Отбасының барлық шаруасын Тұрекеңе тапсырып, өзі қызметімен жүріп, кейде шалқып та кететіні болар еді. Қалай да білікті журналист Сәңгерей Тәжіғұлов қазақ теледидарының алғашқы қабырғасын қаласқандардың бірі ретінде оның тарихында қалатын азамат. Онда да отбасының барлық ауыртпалығын өз мойнына алған Тұрымтай Тұрлыбайқызының өзіндік үлесі бар.
Сөйтіп жүріп-ақ, Тұрекең лаборанттықтан ассистенттікке, одан оқытушылыққа, аға оқытушылыққа ауысып, доцент те болды. Болашақ журналистерге Тұрымтай Дүйсебаева газет ісі, оның ішінде газетті безендіру жөнінде дәріс оқыды. Терең ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға отбасының жағдайы жәр бермесе де, алғаш рет қазақ тілінде «Машинкемен жазу және іс қағаздарын жүргізу», «Қазақша іс қағаздарын жүргізу» деген екі оқулық жазып, кітап етіп бастырып шығарды. Ең бастысы – шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналды.
Бір қалада тұрған соң араласып жүреміз. Қуаныш ортақ, қиындық ортақ дегендей. Тұрекеңе деген құрметке де әрқашан куәміз. Осыдан тура он бес жыл бұрын өз университеті бұл кісінің 60 жылдығын атап өтті. Қайтесіңдер, мен аты белгілі үлкен ғалым емеспін деп қашқақтағанын да көрдік. Оған факультет басшылары көнбей, Тұрекеңді марапаттаған әдемі жиын өткен. Мәзірі мол дастарқан жайылған.
– Бұл кісі қызық өзі, – деп бір кездегі шәкірті, енді бастығы болған Намазалы Омашев айтқан назды өкпесін де естігенбіз. – Басқалар, сол үлкен ғалыммын дегендер алдымен сіздей болып алсын. Жұмыс өз алдына, бес баланы өсіріп, қатарға қосқан сіздің ерлігіңізді олар жасай алар ма екен...
Иә, бес баланы өсіріп, жеткізу Тұрымтай Тұрлыбайқызына оңай болған жоқ. Олардың екеуі Алма мен Қалима университетте оқып жүргенде дүниеге келсе, Венера, Абзал, Асқарларды университетте сабақ беріп жүріп өсірді ғой. Бірде сабаққа, бірде балаға жүгіретін. Сәңгерей ағамыз отбасының шаруасын, жөнін өзің білесің ғой деп, көбіне Тұрекеңе аударатын. Сөйтсе де отбасының тірегіндей азаматтың дүниеден ертерек озғаны бұл шаңырақты мықтап-ақ шайқалтқан. Сол балалардың, олардан өрбіген ұрпақтың қызығын көрмей кетті ғой деп өкінеді Тұрекең. Сірә сол бес баланы одан әрі жеткізу үшін де Сәңгерей ағамыздың қазасынан кейін еңсесін ертерек тіктеген Тұрымтай Тұрлыбайқызы шаңыраққа өзі тірек болды. Әрқайсысының отбасын құрып, шаңырақ көтеруінің басында жүрді. Бәрін жеткізді.
Мамадияр ЖАҚЫП, Алматы.