Кең дәлізге қойылған көрменің кермесінен жылқы көрдім. «Ат жақсысы – кермеде, сурет жақсысы – көрмеде». «Сәйгүлік семантикасы» сериясы топтамасындағы суреттер сөйлеп қоя берді. Майлы бояумен салынған суреттерде түрлі образға толы тұлпарларды көруге болады. «Қондыгер» картинасында жылқы мен бала бастарын түйістіріп, үнсіз ұғынысқан. «Бұла мен бұлдырық», «Қыркүйек», «Күдер», «Жасырынбақ», «Қаражал толқыны», «Қыз алып қашу» картиналары сыр сандық сияқты.
Саз өнеріне арналған «Әуен» топтамасында суретші Жеңіс Кәкенұлы сыбызғы мен қобыз тартып отырған қазақ қызының жан дүниесін ашып көрсеткен. Ұлттық киімде, тоқпақтай бұрымды қазақ қызы арқылы салт-дәстүрімізді, өнерімізді насихаттаған. «Махаббат мүйісі» – айлы түнде сырласқан қыз бен жігіттің сұлбасын бейнелеу арқылы романтикаға толы жастық шақтың жарасымды шақтарын әсем бейнелейді.
Белгілі суретші Жеңіс Кәкенұлының шығармашылық кешін ұйымдастырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбаев көрме ұйымдастырып қана қоймай кешті сұхбат-диалог ретінде жалғастырды.
Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет, графика факультетін бітіріп, ауылына ат басын бұрғалы тұрған Жеңісті поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова дарынын бағалап, өзі редакторлық еткен «Пионер» (Ақжелкен) журналына жұмысқа шақырады. Жеңіс Кәкенұлының алғашқы еңбек жолы, жемісті жылдары әйгілі ақын апасының шапағатынан бастау алыпты. 1988 жылдан бері еліміздегі көрмелерге, Түркия, АҚШ, Германия көрмелеріне қатысқан. Америка елінен «Қала көріністері» аталымы бойынша «Алтын қыран» медаліне ие болды. Жеңіс Кәкенұлы суретшілер туралы жазылған «Ақ зер» кітабының авторы.
Кеш иесінің «өнер мен үшін тұтас. Сурет салғанда ән мен күйді жаныма серік етемін. Күн сайын теріңді төкпесең, қолың кете бастайды» деп айтқан сөздері кездесуге келген жастарға үлкен ой салды.
Қылқаламына Қамбар ата төлін арқау еткен Жеңіс жылқының қадір қасиетіне терең тоқталып, «Қазақ жылқыға қарыздар» дейді.
Жұлдыз ТОЙБЕК