Тәуелсіздігіміздің 20 жылында еліміздің іргесі бекіп, халықаралық аренадағы беделі артты. Алыс-жақын шетелдерде елшіліктер ашылып, олар елмен елді жақындастыруға өз үлестерін қосып келеді.
Біздің тілшіміз ғаламтор көмегіне жүгініп, Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ғалымжан ҚОЙШЫБАЕВҚА қызметіне қатысты бірнеше сауал қойған еді.
– Ғалымжан Тельманұлы, әуелі Қазақстанның Балтық жағалауы елдерімен және Финляндиямен қарым-қатынастары туралы әңгімелесеңіз.
– Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлем картасынан орын алды. Содан бергі кезеңде мемлекеттілігіміз қалыптасып қана қоймай, Қазақстан дүние жүзіндегі дамыған елу елдің қатарына ұмтылуда. Еліміз осы мақсаттағы алғашқы баспалдақтардан сәтті өтіп келеді. Жаңа Қазақстан әлемдік аренада үлкен абыройға ие болып, жаһандық түйіндерді шешудің бастамашысына айналды. Төрде отырып, төрелік айтатын дәрежеге көтерілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ егемен ел ретінде шет елдермен өзара тиімді байланыс қалыптастыру мақсатында басқа мемлекеттерде Қазақстанның елшіліктері ашыла бастады. Қазақстанның Балтық жағалауы елдері және Финляндиямен дипломатиялық қатынастары 1992 жылы орнады. Ал 1993 жылы Вильнюс қаласында Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы елшілігі ашылды. Елшіліктің қызметтік аймағына Литва Республикасымен қатар Латвия, Эстония және Финляндия кіреді. Осы уақыттан бері Латвия мен Эстонияда консулдық бөлімдер ашылған, әр елдің астанасында және Литваның Клайпеда қаласында Қазақстанның Құрметті консулдықтары дипломатиялық қатынастарға сай жұмыстар атқаруда.
Финляндия мен Қазақстан арасындағы қатынастарды нығайту үшін саяси тұрғыдан алғанда барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Жоғары деңгейде өзара сенімге негізделген үнқатысу орнады, өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтары белгіленді, Үкіметаралық комиссия мен екіжақты ынтымақтастықтың басқа да тетіктері іске қосылды. Сонымен қатар, Қазақстан мен осы елдер арасындағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың келешек көкжиегі бұрынғыдан да кеңейе түсті.
Оған 2009 жылдың наурыз айында өткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия Республикасына мемлекеттік сапары дәлел. Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан мен Финляндия арасында бірқатар екіжақты құжаттарға, оның ішінде табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Финляндия Республикасы Білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы келісімдерге қол қойылды.
Екіжақты қатынастарда сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үкіметаралық комиссиясы үлкен рөл атқаруда. Осы уақытқа дейін аталған комиссияның алты отырысы өткен, соңғысы осы жылдың ақпан айында болды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен жиырмадан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Финляндияның озық технологияларын және осы елдегі ірі капиталды Қазақстанға тарту мақсатында елшілік 2010 жылдың желтоқсанында Хельсинки қаласында «Қазақстанның экономика күндері» атты бизнес-форум өткізді. Бизнес-форум қазір өз нәтижесін әкелуде.
Латвия Республикасы да Қазақстанның әлемдік аренадағы сенімді серіктесі болып табылады. Қазақстан Латвияны Балтық бойындағы маңызды экономикалық әріптесі ретінде қарастырады. Латвияда жиырмадан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда. Олар ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы жобаларды іске асыруда. Қазақстанның Латвияға экспорт басымдықтары тоқыма өндірісі, металдар, өсімдік тағамдары болып табылады. Ал Латвиядан машина, құрал-жабдық, азық-түлік өнімдері және жер үсті көліктері импортталады.
– Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Эстонияда болды. Кездесу қорытындыларына шолу жасасаңыз.
– Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Эстонияға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында Қазақстан басшысы Эстония Президенті Тоомас Хендрик Ильвес, Парламент спикері Эне Эргма және Премьер-министр Андрус Ансиппен кездесулер өткізді. Осы мемлекеттік сапардың барысында көлік, транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары анықталды. Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Президенті мен Эстония Президенті Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Басқа да екі жақты келісімдер жасалды.
Бірлескен баспасөз мәслихаты барысындағы сөзінде Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Эстониямен ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән беретінін және екі ел арасында сенімді үнқатысу жоғары деңгейде орнығып, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары анықталғанын, осының нәтижесінде келісім-шарттық-құқықтық база құрылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан басшысы Эстонияның Астанада өз елшілігін ашу туралы шешіміне ризашылығын білдірді. Тәуелсіздік жылдарында Эстония зор табыстарға жетіп, Еуропалық Одақтың, НАТО мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болды, сондай-ақ жалпыеуропалық валюта – еуроны қабылдағаны белгілі.
Жалпы, өткен жылы Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 37 пайызға өссе, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында екі есе артты. Осы жағымды үрдіс бекітіле түсуде. Кеден одағының құрылуына байланысты жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыру өте маңызды.
– Қазақстан мен Литва арасындағы қарым-қатынастар туралы да айта кетсеңіз.
– Дипломатиялық қатынастар орнатылғаннан бері екі елдің саяси байланысы құрылымды және қарқынды дамып келеді. Елбасы Литваға, ал Литва басшылығы Қазақстанға ресми сапарлармен алмасқан. Осы жылдың күзінде Литва Президенті Даля Грибаускайтенің Қазақстанға сапары көзделуде.
Қазіргі таңда Вильнюс Астананы Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде таниды. Литва сыртқы саясат бағытында қазақстандық бастамаларға, соның ішінде ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде, сондай-ақ, БСҰ-ға кіру мәселесінде қолдау көрсетуде. Астана өз кезегінде Вильнюсті Балтық жағалауындағы және жалпы Еуроодақтағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі ретінде бағалайды.
Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының эстафетасын 2011 жылы Литва Республикасы қабылдағаны белгілі. Қазіргі таңда екі мемлекеттің ЕҚЫҰ-ның «Үштігіндегі» жұмысы түсіністік жағдайында одан әрі табысты жалғасуда. Жалпы, Литва ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы шеңберінде Астана декларациясын ұстанымға алып, көптеген шаралар өткізуде. Атап айтатын шаралардың бірі – 2011 жылғы 7-8 маусымда Вильнюсте Литва төрағалығы және БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ өкілінің кеңсесі ұйымдастырған журналистер қауіпсіздігі жөнінде ЕҚЫҰ конференциясы. Конференцияның қорытындысы бойынша «Журналистердің қауіпсіздігі жөніндегі Вильнюс ұсыныстары» құжаты қабылданды.
Екі елден өзара инвестициялар тарту және жаңа байланыстар орнату мақсатымен 2011 жылғы 15-16 маусымда Клайпеда қаласында Литва мен Қазақстанның Сыртқы істер және Көлік министрліктері қолдауымен, сонымен бірге, «Jūra-Mоре-Sеа» халықаралық журналы, Қазақстанның Клайпедадағы Құрметті консулдығы, Клайпеда университеті және Қазақстанның Литвадағы елшілігі ұйымдастыруымен «Балтық теңізі: Еуразияға қақпа» атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияның отырысы кезінде Кеден одағы құрылуына байланысты елдеріміздің транзиттік ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Конференцияның қорытынды отырысында экономикалық дағдарыстың көлік бизнесіне қатысты салдары қарастырылды.
Осы жылдың шілде айының ортасында Қазақстанның Клайпедадағы Құрметті консулы Бенедиктас Петраускастың басшылығымен Литваның бір топ іскер адамдары Қазақстанға сапар шекті. Сапар барысында литвалық бизнесмендер Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, Сыртқы істер министрлігінің, «Атамекен» СЭП-тың және қазақстандық бизнес қауымның өкілдерімен бірнеше пайдалы кездесулер өткізді.
Сонымен қатар, 2000 жылы құрылған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия екі жақты экономикалық қатынастардың маңызды тетігі болып табылатынын ерекше атап өткім келеді. Осы уақытқа дейін аталған комиссияның 7 отырысы өтті. Келесі отырыс ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Литвадағы «Нұрсәуле» қазақтар қоғамдастығы және Қазақстандағы «Lituanica» литван қоғамдық ұйымы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту жұмысына үлкен үлес қосуда. Аталған ұйымдар қоғамдық өмірге белсенді қатысып, екі жақты мәдени ынтымақтастықты дамытуда. Биыл мамыр айында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайына Литва қазақтары атынан өкіл болып «Нұрсәуленің» төрайымы Аида Молиене қатысты.
Алда әлі де атқарылар істер көп. Заманауи талаптарға, жаһандық үрдістерге орай елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың жаңғыртылып, тереңдей түсуі заңды құбылыс болып табылады. Сөйтіп, екі жақты қалыптасқан өзара байланыс одан әрі тиімді дамып, экономикалық қатынастар екі ел халқының мүдделеріне қызмет ете беретін болады.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.