Өңірдегі 31 ауыл «Тірек ауылдар мен аудан орталықтарын дамыту» бағдарламасына енгізілді. Өкінішке қарай, бұл ауылдардың тірек боларлықтай тыныс-тіршілігі әлі байқалмай отыр.
Үкіметтің 2013 жылғы 18 қыркүйекте бекітіп берген тізіміне алғашында өңірден 24 тірек ауыл енген-ді. Талапқа сәйкес, әр облыста әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары әрі орташа болып табылатын ауылдар ғана тірек ауылдар бола алады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бекітілген ортақ әдістеме аймақтық дамудың өзіндік ерекшеліктерін толық есепке алмаса керек. Сондықтан шикізаттық, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік қуаты мен басқа да маңызды факторларын еске ала отырып, алғашқы тізімге өзгерту енгізіліп, Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка, Қалқаман, Қызылжар ауылдары, Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл, Төртүй, Әлкей Марғұлан атындағы, Шиқылдақ ауылдары бар тағы 7 ауыл қосылыпты. Сөйтіп, өңірдегі тірек ауылдар саны 31-ге жеткен. Яғни, Үкіметтің тірек ауылдар мен аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы алдағы уақытты өсу, даму әлеуеті бар ауылдарды қалыптастыруға арналған. Тірек ауыл жаңғыртылған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар, жұмыс орындары ашылатын орталыққа айналуы керек. Даму үдерістері басқа ауыл тұрғындарының сол жерлерге көшіп келуге ынтасын арттыратындай деңгейде болуы маңызды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бұл бағдарлама өңірде бес бағыт бойынша кешенді жоспар арқылы іске асырылуда деп отыр. Мысалы, екінші бағыт шеңберінде Ертіс, Қашыр, Май, Шарбақты аудандарында 24 бірлік ауылшаруашылық техникасы мен сауда жабдығы сатып алыныпты. Ал Ақтоғай, Қашыр, Май аудандарында суару жүйелері қалпына келтірілді. Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдары мен ауылдық аймақтарының шаруа қожалықтары 958 бас ірі қара мал сатып алса, Лебяжі ауданының Шарбақты ауылында бақша дақылдары тұқымын өңдейтін цех ашылды. Үшінші бағыт бойынша Қашыр, Май және Успен аудандарында әлеуметтік нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, Тереңкөл ауылында 3 сауда орны ашылды.
Бұл бір қарағанда, тірек ауылдарды қалыптастыру, дамыту бағдарламасынан бұрын, ауыл шаруашылығына арналған әкімдіктердің кезекті шаралары секілді. Мәселенің мәнісіне келсек, тірек ауылдарды дамытуға арналған нақты бір жоспар, жүйе байқалмайды. Айтпақшы, Австриядан Максимилиан Федингер деген халықаралық сарапшыны шақырып өңірлік «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру» орталығында тірек ауылдардың әкімдеріне арналған «Жобаларды басқару жөніндегі шеберлік сабақтары» да өткізілді. Федингер Түркия мен Косоводағы ауылды дамытудағы нақты мысалдар арқылы ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған шағын жобаларды қаржыландыру механизмінің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп айтып берді. Еуроодақ жасаған «Мемлекеттік қызметті реформалау және жаңғырту» жобасының негізгі сарапшысы, Австрия мемлекеттік университетінің директоры М.Федингер, тірек ауылдар жобасының әр элементі басқалармен өзара байланысты екеніне және мемлекеттік сектор тарапынан қолдау көрсету шаруаларды өндіріс ашып, дамытуға ынталандыратынына сенімді. Қаржыландыру рәсімі конкурстық негізде жүзеге асырылады, бұл әділ бәсекелестіктің болуына, салынған қаражаттың қайтуына кепілдік береді. Бастапқы деректері бірдей болғанда, табысты жобалар жаңадан ашылған өндірістер санын бірнеше есе арттырады, халықтың өздігінен жұмыспен қамтылуын еселейді.
– Түркияда шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Алдымен жоба әзірлеу керек. Өйткені, нақты жобалар арқылы өзге елдерде жүзеге асқан үздік тәжірибелер ауыл, аудан әкімдерінің белсенділігі ауылдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді іске асыру жолында жасалатын үлкен қадам екенін көрсетіп отыр, – деп кетті шетелдік сарапшы.
Бұл нақты жасалған жоспар, жобалар арқылы әр ауылдың өзіндік бағытын айқындау қажет деген сөз. Біздің бар ма, жоқ па деп іздеп, көргіміз келіп отырғаны да осы ауыл, аудан әкімдері жасаған жобалар. 2012 «Павлодар облысының 2030 жылға дейінгі бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі стратегиясы» жасалды. Оны «Стратеджи Партнерс Групп» халықаралық консалтингілік компания әзірлепті. Маңызды құжатта 2030 жылға дейін өңірді дамытудың негізгі үш мақсаты белгіленген. Ендеше, қыруар қаражат кетіріп жасаған осы жаһандық мақсаттарды далада қалдырмай құжаттардың бетін ашып үңілейік, ізденейік, ойланайық, жоба-жоспар жасайық.
Жалпы, тірек ауылдар қатарына енген Майқайың да, Қалқаман да бұрыннан бері келе жатқан өндірісті кенттер. Тірек ауылға енгізілмеген өндірісті Солнечный кенті де бар. Бұл кенттерде бірнеше өндіріс орындары орналасқан. Майқайыңның өңірдегі басқа ауылдардан өзгешелігі сол, қала типтес кент, 9 мың тұрғыны бар. Бірақ, әлі де бір басына жетерлік мәселесі аз емес. Былтыр жылусыз қала жаздады. Үйде отырған 176 балаға балабақша керек. Сондықтан, Майқайың мен Қалқаманды тірек ауылдар қатарына алудан бұрын қала типтес өндірісті жұмысшылар кенті атын сақтап, өңірлік арнайы бағдарлама жасап қолға алса дұрыс болар еді.
Әлгі, алғашқы тізімге енбей, соңынан қосылған 7 ауылға келетін болсақ, бұл ауылдар өндірісті Ақсу мен Екібастұз қалаларына қарайды. Өкінішке қарай, қазір осы екі қалаға қарасты ауылдар не Ауылдарды дамыту бағдарламасына, не моноқалалар бағдарламасына енбей қалған, егер Үкімет қолдамаса, алдағы уақытта бұл ауылдардың күні не болары белгісіз. Өйткені, Екібастұз бен Ақсу моноқала деп аталады да, енді тірек ауылдарға қосылды.
Облыстық әкімдік тапсырмасымен, «Өңірдегі ауылдық аумақтардың шекараларын қайта қарау жөнінде оңтайландыру» шарасы да қолға алынды. Жаңа өзгерістерге сәйкес, бір ауылдық аумақтағы халық саны 2 мың болуы керек. Мысалы, облыстағы Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылында 2156-дей адам тұрса, Екібастұз қаласына қарасты шалғайдағы Комсомол ауылдық аумағында 505 адам бар. Бұл жақтың халқы үдере көшіп қалаларға кетіп қалды. Қазір облыста тұратын ауыл халқының саны 222 мыңдай ғана. Ауылдарда халық саны, мектептер оқушылар саны мүлде азайып барады. Туу көрсеткіштері төмен. Қайта оралман ағайындар келіп ауыл арасы біраз толып қалды. Қайбір жылы «болашағы жоқ ауылдар» деген қара тізім жасалып, санатта тұрған көптеген ауыл жойылып кетті. Облыстағы Май ауданында 10 мыңға тарта халық бар десек, әр ауылдық аумаққа 2 мың тұрғыннан бөлгенде 5 ауылдық аумақ қана келеді. Ақсу қаласына қарасты 15 ауылдық аумақтан оңтайландырудан соң 6 ауылдық аумақ қалдырды. Қызылжар, Сарышығанақ, Алғабас пен Айнакөл сияқты қаланың дәл түбінде отырған
ауылдар қосылып, бір ауылдық аумақты құрайды. Өкінішке қарай, қалалардың дәл түбінде тұрғандарымен шалғайдағы
ауылдармен күнкөрістері бірдей. Өңірдегі үш қалаға қарасты ауылдық аумақтарды дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленіп жатыр деп еді. Нәтижесін көрмедік. Облыс орталығына қарасты 5 ауылды дамыту үшін 3 жылда 17 млрд теңге бөлінеді, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы негізгі міндеттердің бірі болмақ делінді. Бұл да солай айтылды, қалды.
– Келесі жылы тірек ауыл Байқоныста ас тұзы өндіріледі. Қазіргі кезде бұл жобаға 375 миллион теңге құюға әзір инвестор бар. Ол ас тұзын өндіруге қажетті құны 75 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтар сатып алуды бастап кетті, – дейді Қашыр ауданының әкімі Жанат Шұғаев.
Біз тірек ауылдарды дамытуға бюджеттен қаржы бөліп, олардың инфрақұрылымын жақсартумен айналысамыз. Бірақ, бұл шаралар негізгі жұмыстың тек 10 пайызын ғана құрайды. Ең бастысы, әр тірек ауылда тұрғындарды жұмыспен қамтып, бюджетке салық төлеуге қауқарлы кәсіпорын болуы керек, деген болатын облыс әкімі Б.Бақауов.
Ал тірек ауылдарда орталықтандырылған су жүйесін құру жұмыстарын бастау үшін жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Б.Бақауовтың айтуынша, алдағы үш жылдың ішінде облыстағы 31 тірек ауылдың әрқайсысы қалпына келтірілуі тиіс. Ауылдың дамыған инфрақұрылымы жағынан тартымды болуы, халқы жаңа жұмыс орындарын құру есебінен жұмыспен қамтылуы керектігін, ал бұның жаңа өндірістер ашу, бизнестің қолданыстағы жобаларын кеңейту арқылы мүмкін болатынын айтады. Бұл үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар, тек оларды дұрыс пайдаланып, халыққа ақпарат беру керек.
Біз жазған мәселелер бүгін ғана емес, талай жылдардан бері беті қарамай келе жатқан, айтылған, жазылған жайлар. Ниет пен пейіл болса ауылдар жайнап, баяғыда-ақ жолға түсер еді. Ауылдан ел кетпесін дейік. Мәселе осында.
Павлодар облысы