Облыс орталығында жұмыспен қамту орталығы өз жұмысын бастады. Бұл орталықтың басты міндеті «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес тұрғындарды оқыту және жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады.
Аталмыш орталық үш бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бірінші бағыты еңбек нарығындағы жұмыссыз, өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етуші, аз қамтамасыз етілген адамдарды оқытуды және жұмысқа орналастыруды көздейді. Екінші бағыт ауылдық аумақтарда кәсіпкерлікті дамытуды қолдау, жеке кәсібін ашу арқылы тұрғындардың экономикалық белсенділігін арттыруды ұйымдастыру болып табылады. Үшінші бағыт еңбек қорларының ұтқырлығын арттыруға, яғни аталған екі бағыттан өткеннен кейін жалдама еңбек етуші немесе нақты жеке кәсібі жоқ қатысушыларға арналған.
Орталық директоры Қарлығаш Абдуллинаның айтуынша, биыл кәсіби даярлау, қайта даярлау курстарына, біліктілігін арттыруға 1000-нан аса адам қабылданды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша биылғы жылы барлығы 1351 адам жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде орталыққа жастардан өтініштер көптеп түсуде.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.