Кеше Астанада «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасының кезекті съезі болып өтті. Онда ұлттық-экономикалық палатаның жаңа басшысы сайланды. Съезден соң «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ басшысы Тимур Құлыбаев ұлттық компаниялар өкілдерінің қазақстандық мазмұнға орай есебін тыңдады.
Жоғарыда келтіріп өткеніміздей, «Атамекенге» жаңа басшы келді. Экономикалық палатаны 2006 жылдан бастап басқарып келген Азат Перуашев тамыз айында «Ақ жол» ҚДП-ға басшы болып сайлануына орай өзін босатуды сұраған болатын. Ол өз орнына экономикалық палатаның басқарма мүшесі Абылай Мырзахметовтің кандидатурасын ұсынған-тын. Күн тәртібіне шығарылған осы мәселеге байланысты палата мүшелері Абылай Мырзахметовтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ басшысы Тимур Құлыбаев «Атамекеннің» жаңа басшысын қысқаша таныстырып өтті. «Осы жылдар ішінде ұйым тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де беделге ие болды. Қоғамдық пікірдің көш басында тұрды. Бүгінде «Атамекеннің» сөзіне тоқтайтын, құлақ түретін болды. Бизнес қауымдастықтардың атынан, өз атымнан Азат Тұрлыбекұлының жемісті еңбегіне алғысымды жеткіземін, сондай-ақ жаңа жұмыстарына табыс тілеймін. Ол өз орнына Абылай Мырзахметовтің кандидатурасын ұсынған еді. Мен Абылайды студент кезінен танимын. Ол ММУ-ді экономист мамандығымен бітірген, кейінірек «ҚТЖ» ҰК-ні басқарды. Мен Абылайды дайындығы мол азамат деп есептеймін. Бизнеске жат адам емес, оның қыр-сырын, ішкі ісін жақсы біледі», деп атап өтті ол.
«Атамекен» бизнесті шоғырландыру, бизнестің мемлекеттік саясатта нақты көрініс беруі мақсатында құрылды. Менің пікірімше, «Атамекеннің» алдында алар жоғары асулар тұр. Абылайға палатаға одан әрі жоғары мәртебе беруге, сондай-ақ жұмысқа еркін ырғақ беру жолында табысты жұмыс тілеймін, дей келе, «Ақ жол» ҚДП басшысы А.Перуашев «Атамекен» президиумының мүшесі болып қала беретіндігін айтты. Өйткені, мен кәсіпкермін, бұл басты қызығушылығым деп түйді ол. Азат Перуашев съездегі сөздерін «Ақ жол» ҚДП басшысы ретінде жалғады. Партия атынан салық жүйесінің ынталандырушы рөлін қайтаруды ұсынды. «Шағын және орта бизнесті құрылған күннен бастап 3 жылдық мерзім ішінде қосымша құн салығынан толықтай босату туралы заңнамалық шешім қабылдау қажет. 1 қыркүйек күні Парламенттің 5-ші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ШОБ қызметін алғашқы 3 жыл ішінде мемлекеттік органдардың жоспарлы түрде тексеруіне заңдық тұрғыда тыйым салуды қарастыруды ұсынды. Осы орайда біз Елбасы бастамасын қолдай отырып, кәсіпкерліктің іскерлік және инвестициялық белсенділігін ынталандыру бағытында басқа да қолдаулар қажет деп санаймыз. Бұл тапсырма астарында тексеру барысында қаржылық және салықтық есептілік саласында белең алған жемқорлық жатыр. Тексеруші органдар салықты экономикалық және инвестициялық реттеуші құрал екенін назарға алмай, тек фискальды құрал ретінде ғана түсінеді. Қосымша құн салығын өндіру тәртібі де айтарлықтай күрделі. Жемқорлыққа жол ашады. Сондықтан ШОБ-ты құрылған күннен бастап 3 жыл мерзім ішінде қосымша құн салығынан босату туралы заң қабылдау қажет, деп мәлімдеді А.Перуашев.
Сарапшылардың айтуынша, жаңадан ашылған кәсіпорындардың 3 жыл мерзім ішінде 10%-ы ғана қалып, қалған 90%-ы бәсекелестікке төтеп бере алмайды немесе жемқорлық қысымына шыдамай өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады екен. Бұдан да өзге бірқатар ұсыныстар айтқан партия басшысы аталған қадамдарды қабылдау ұлттық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға жасалатын нақты қадам деп есептейтінін жеткізді. Съезд жұмысы барысында «Атамекен» ҰЭП жұмыс тобы жүргізген сараптамалық жұмыс таныстырылды. Оның қорытындысы бойынша тексерулердің барлық түрлерін оңтайландыру барысында «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңға бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне байланысты жүргізілетін тексерістерді қайта қарап, ортақ процедура бекітуді, оның мерзімін қысқартып, бір ізге салуды қарастыру керек деген байламға келді. Сондай-ақ лицензиялаудың түр-тармақтарынан бас тартуды ұсынады. Бұл рұқсат беретін құжаттар көлемін 434-тен 108-ге дейін, 4 есеге қысқартады.
Съезд барысында ұлттық компаниялар өкілдері «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ президенті Т.Құлыбаевқа қазақстандық мазмұн бойынша есеп берді. Оның қорытындысы бойынша журналистерге арналған брифингте Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» ӘӘҚ жанынан мемлекеттік сатып алулар жөніндегі қоғамдық кеңес құрылатындығын жеткізді. Оған ұлттық компанияларға арналған тауар мен өнім өндіретін ұжымдардың басшылары және белгілі бизнесмендер шақырылды. «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасы өкілдерінің ұсынысымен қоғамдық кеңестің құрамына 14 адам енгізілді. Қоғамдық кеңес ұлттық компаниялардағы мемлекеттік сатып алу үдерісін жақсартуды жетілдіретін болады, оның жариялылығын, ашықтығын жоғарылатамыз, екінші жағынан кәсіпкерлеріміз бен бизнесмендеріміз ұлттық компаниялардың қажеттіліктерін біліп отыратын болады, деді Т.Құлыбаев. Біз бес жылдық жоспарлауға көштік, сондықтан мемлекеттік сатып алулардың орта мерзімді жоспарын көрсете аламыз. Меніңше, бұл кәсіпкерлерге өте пайдалы әрі маңызды ақпарат. «Самұрық-Қазына» ӘӘК-тің мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық мазмұны 2011 жылдың соңына дейін 2010 жылғы 50%-дан 55%-ға дейін жетіп, 600 млрд.теңгені құрамақ. Отандық өнім өндірушілерден ұзақ мерзімді сатып алулардың жалпы көлемін осыған жеткізбекпіз, деді қор басшысы. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының машина жасау кәсіпорындарынан алатын мемлекеттік сатып алу көлемі 2011 жылы 29 млрд. теңгеге, ал келесі жылы 32 млрд. теңгеге жететіндігін мәлімдеді.
Шара жастар арасында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Инновациялық Қазақстан» республикалық конкурсы басталатындығы туралы баспасөз мәслихатымен аяқталды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.