Өмір өнермен өрнектеледі. Қазақ табиғатында оны өмір жөргегіне балайтынымыз бар. Бұл тұрғыда төл мәдениетіміздің мәйегіне айналған Көкшетауға қаратып құрмет сезімдері мен лебіздерін ақтаратынымыз айқын. Орақ тілді Шал ақыннан бері қайтарып сөйлегеннің өзінде, әйгілі Ақан сері, Біржан сал, Орынбайдың рухани даңғылымыздағы дарабоз жолын дүйім жұрт мақтан етеді. Дәуір жолы жалғасып келеді. Бүгінгі күні өнер кемесін өрге сүйрегендер қатарында тұнық бұлақтай Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжі мемлекеттік мекемесін бөлектеп айтуға болар еді.
Осыдан тура 35 жыл бұрын құрылған оқу орны Көкшенің мәдени-музыкалық өміріне айрықша оқиға ретінде қосылды. Алғашқы директор еліміздің айтулы азаматы Манарбек Бексейітов жұмысқа білек сыбана кірісті. Сол кездегі музыка училищесіне 26 адам қабылданып, пианино, домбыра, баян және үрлемелі аспаптар класында сабақ алды. Ізденімпаз басшы келесі жылы дирижерлік-хор, ішекті аспаптар және ән бөлімдерін ашуға қол жеткізді. Жас ұжымның қалыптасу кезеңіндегі ұмытылмас әсер әлі күнге суымағаны таң қалдырады. Ең бірінші ағыл-тегіл қуанышты республикалық жас орындаушылар конкурсының дипломанты Болат Әминов алып келді. Бұл педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің өскендігін, Көкшенің дәстүрлі және академиялық өнер арнасының кеңігендігін айқындайтын, сонымен бірге, болашақ күндердің жарқындығына сенім ұялатқан жеңіс еді.
Көкше түлектері еліміздің жоғары оқу орындары мен Алматы консерваториясында бақ сынап жатты. Бұл жолдың да жемісті екендігін атап өткен ләзім. Қазіргі колледж оқытушыларының директор Қайырлы Сәрсенбаевтан бастап түгелге дерлігі туған ұясында еңбектеніп жатқан азаматтар. Олардың қатарында Б.Әминовтың, З.Салықованың, Е.Балапаеваның, Ж.Жағыпарованың, Л.Сорокинаның, А.Аубакированың, Г.Горьбанның, А.Есмұрзенованың есімдері жұртшылық арасында зор ілтипатпен аталады. Жалпы, мұнда колледждің үшінші ұрпақ буыны жұмыс істеп жатқаны кез келгенге үлгі боларлық жағдай. Е.Суховой, Р.Жұманова, С.Мұхамедияров, Е.Устюгова, Д.Біржанов, Е.Мусайпова, Е.Куценколар жаңа лептің өкілдері десек, артық айтқандық емес.
Колледждің айналасынан балғындар шаттығы, әуелеген ән, классикалық музыка әуені, домбыра мен қобыз үні тынымсыз қалықтап, толқынданып жатады. Қос қабатты ғимараттан өмір нәрі шалқып жатқандай әсерге бөленетініңіз анық. Бұл ұжымдағы 47 оқытушының тынымсыз да қажырлы еңбегінің байрағы биіктегенінен дерек береді. Олардың қызметі пәндік-цикльдік бағытта біріктірілген. Сабақтар фортепьяно және үрлемелі аспаптар, ән, хор дирижерлігі, музыка теориясы, жалпы білім пәндерінен тәлім таратады. Көп жылдардан бері З.Салықова жетекшілік ететін педагогикалық тәжірибе секторының жұмысы да жемісті. Оның шәкірті Дариға Таңатарова республикалық жас музыканттар байқауының лауреаты атанды.
Колледж директоры Қайырлы Сәрсенбаев педагогтар тарапынан оқу орны мен одан тысқары жерлерде үлкен көлемдегі әдістемелік жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Аталған ұжым күшімен Қазақстанда тұңғыш рет «Неміс мәдениеті және Иоган Бахтың шығармашылығы» атты халықаралық әдістемелік конференция өткізілген. Соңғы жылдары оқу орнының концерттік қызметі белсенді екпін алуда. Колледж өнерпаздары облыстағы мәдени шаралардың ұйытқысына айналып, мектептер мен балалар бақшасының шаттық шырайын аша түсті. Бүгінгі таңда колледж жанында музыка мектебі, балалардың эстрада студиясы, балалар-жасөспірімдер хоры жұмыс істейді. Ақмола облысының барлық өнер ұжымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған колледж жер-жерлерде балалар музыка мектебі түріндегі филиалдарын ұйымдастыра бастағаны да құптарлық жағдай.
Колледждегі өнер ұялары жөнінде кеңінен әңгімелеуге болады. Өнер жанашыры Борис Лагода ұйымдастырған симфониялық оркестрдің даңқы облыс аумағынан тысқары жерлерге де мәлім. Біз оның табыстары мен жетістіктерін тізбелемей-ақ, осы өнер ұжымының негізінде Көкшетаудың үлкен симфониялық оркестрі қалыптасқанын қуана хабарлағымыз келеді. Репертуарлық тұтқасы мен жанрлық ерекшелігі күрделі оркестр биыл өзінің отыз жылдығын атап өтпек.
Біржан сал атындағы колледжді жиырма жыл басқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Манарбек Бексейітов қазақ халық аспаптары оркестрін құрған болатын. Ол ұжымның өзіндік орындаушылық дәстүрін қалыптастыруда көп еңбек сіңірді. Марқұм оркестрге арналған шығармаларды да өзі жазып отырғанын жақсы білеміз. Сондай-ақ, Манарбек Қасымұлының «Көкшетау маршы» өнер ордасының музыкалық әнұраны ретінде асқақтатып шырқауда. Республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған оркестр Венгрия, Польша көрермендерінің де ризашылығына бөленді. Айтулы азаматтар А.Құлахметовтің, бүгінгі жетекші Тұрлықожа Базаровтың басшылығындағы ұлт аспаптары оркестрі Мәскеудегі «Достық шұғыласы» фестивалінің дипломымен марапатталып, «Отрадное» мәдени кешені мен «Россия» концерт залында өнер көрсеткені үлкен мерей саналады.
Тұнық бұлақ өнер кемесі үнемі өрге жүзуде. Қазіргі таңда колледж түлектерін облыстағы барлық өнер ұжымдары мен мәдени-ағарту мекемелерінен көптеп кездестіресіз. Тіпті, Мәскеу, Уфа, Мари, Астана, Алматы сахналарының шеберлері атанғандар да бар. Ал Дина Қабыкеева К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрының әншісі, Дәрен Ғылымов Астанадағы Ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, Гүлнара Башаева Қазақ Ұлттық музыка академиясы балалар хорының дирижері, Галина Потанина Свешников атындағы академиялық хордың солисі болып жемісті қызмет атқаруда. Талантты жастар Р.Хуситдинова үрлемелі аспаптар халықаралық байқауының, ағайында Сәкен және Дәурен Біржановтар, Наталья Мизюк «Шабыт» байқауының лауреаттары, Эдуард Сорокин Парижде өткен Халықаралық конкурстың, Владимир Камерлохер «Трофей Югославии» конкурсының дипломанттары атанды. Колледжде қазақтың ұлттық халық аспаптары шеберханасы жұмыс істейтіні де жақсы үміттерді жетектейді.
Биылғы оқу жылында колледжді 32 түлек бітірсе, соның отызы елордадағы Ұлттық музыка академиясына, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға грантпен түсіп отыр.
Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.
Суреттерде: колледж директоры Қ.Сәрсенбаев оқу-тәрбие ісін жоспарлауда; колледж өмірінен көріністер.