Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына сапардан кейінгі ойлар
Әйел затының қандай данагөйі болса да, қоғамда оған өз деңгейінде теңдік тие қоюы қиын. Ол қандай ақылды, білімді, көреген болса да, бір бөрік кигеннің қарауында бар шаруаны бітіріп, жақсы атақты бастығына беріп, өзі көлеңкеде жүреді. Осындай бір сіңліміз Маңғыстаудың Түпқараған ауданында мәслихат хатшысы болып жұмыс істейді. Жұрт алдында жарқылдап сөйлегенде, айналадағы болып жатқан дүниенің қаны сорғалаған ащы шындығын оның аузынан естіген ел жапырлай қол соғып, жиын біткесін кейбіреулері жанына барып алғыстарын айтады, мұңдарын шағады. Шындықты айтқан адамның істің басы-қасында жүргендерге жаға қоймайтыны белгілі. Себебі Айкүміс бетің бар, жүзің бар демей, анау жерде ана мәселе, мынау жерде ойсырап жатқанды көрмейсіңдер ме деп турасын айтады. Ал ол мекемелердің басшылары дауыстарын шығарып айтпаса да, іштерінен: «Осы кісі-ақ бәрін көріп қояды екен – не бар соншама сынап», деп жақтырмайтындары айдан анық. Кейде ауданның келелі мәселелері әңгіме болатын жиындар жайлы Айкүмістің «естімей» қалатын, «облысқа кеткен екен» секілді сылтаулар себеп болатын кездер де оқта-текте болып тұратыны да сондықтан. Мен Айкүмісті осы ауданның әкімдігінде орынбасар болып жүрген жылдарынан білетінмін. Ақсары өңінен, өткір жанарынан батылдығы да, жақсы-жаманды бірден айыра білетін, яғни кісі танитын қасиеті де бар жас екені көзге ұрып тұратын. Әлі де сол күйінде екен. Осы аудан орталығы Ақкетік маңындағы Қызыл өзен елді мекенінде туып-өсті. Әкесі Сәрсенғали мұғалім болған, көңіл көзі ашық, ауыл-ел сыйлайтын азамат еді – дүниеден ерте озды. Анасы Алыяның аяғы ауыр болатын, отағасы: – Егер ішіңдегі ұл болса, инженерлікке оқытарсың, ал қыз бола қалса, мына Айкүмісімді сондай оқуға бер, – деп келіншегіне тапсырды. Айкүміс Айсара деген сіңлілі болды. Анасы Алыя өнер десе ішкен асын жерге қоятын әнші, көркі де келіскен, ауылдық кеңестің хатшысы болған, оқыған-тоқыған есті әйел еді. Ақшұқыр ауылынан орта мектепті бітіргесін, әке арманын орындау мақсатында инженерлік оқу іздеп, Алматы қайдасың деп тартып отырсын. Қолында көне шамадан, қалтасында жүз сом – сөйтіп он жеті жасар Айкүміс Алматыдан бір-ақ шықты. «Инженерлік оқу орны қаланың орта тұсында» дегенді ауылда естігені бар, такси жүргізуші орыс жігіті қай оқу орны деп сұрамастан Алматының орталығындағы С.М.Киров атындағы университеттің химия-биология факультетінің жанына әкеліп түсірді. Ығы-жығы жастар. Дәлізде қазақша сөйлесіп тұрған үш-төрт өзі шамалас бозбала шамаданын көтерген күйі жан-жағына алаңдап тұрған әдемі сары қыздың жанына келіп амандасып, жөн сұрасты. Ақтөбе жақтың балалары екен, бұлар да оқу іздеп жүргендер болып шықты. – Жататын үй керек, маған көмектесіңдер, – деп Айкүміс бірден батыл сөйлеп, оларға шамаданын көтертіп қойды. Жақын көшелерді кезіп жүріп, бір орыс кемпірдің үйіне тап болды. Келбеті орысқа ұқсас ақсары өңді, қой көзді, қасындағы ер балаларға қарағанда орысшасы да келіскен қыз бала баба Катяға бірден ұнады. Екеуі шүйіркелесіп, шәй ішті. Катя апайдың қызы КазГу-дің химия-биология факультетінде істейді екен. Кешкілік үшеуі ақылдасып, химия факультетіне емтихан тапсыруды ұйғарды. Мектепті алтын медальмен бітірген ол бір ғана сабақтан емтихан тапсырып, оқуға түсті. Жатақханаға кетерде қалтасындағы жүз сомын шығарып, жиырма сомдайын Катя апайға ұсынып еді, апай азарда-безер болып алмады. Айкүміс қазіргі күндері де біреу-міреу орыстарды жамандай бастаса, ашуланып, дәл сол адам Катя апайын жамандап жатқандай көңіліне алып, үзілді-кесілді тыйып тастайды. Студент кездегі бір бөлмеде тұрған құрбысы Клара Айкүмістің демалыс күндері Катя апасына кететініне, төсегінің тұсына Вячеслав Тихоновтың суретін іліп қоятынына ренжіп: «Сенде ұлттық сезім жоқ – ылғи орыстарды жақсы көресің», деп ұрсатын. Клара да университетті үздік бітірді, бірақ орыс тобында оқығандықтан, диплом жетекшісі украиналық азамат еді, ақыры сол жігітке тұрмысқа шығып, қазір Австралияда тұрады. Өткен жылы Қазақстанға келіп кетті, кездесті. «Сенің ұлтшыл болғаның осы ма?» деп күлді Айкүміс. Клараның мұның кіндіктен жалғыз перзенті Амандықпен шамалас қызы бар екен, ол да жан дегенде жалғызы көрінеді. «Құда болысайық, екеуміздің студенттік достығымыз құдағилыққа ұлассын», деп Клара қолқалайды. Амандық Алматыда, Әл-Фараби атындағы университеттің докторантурасында оқиды және сол жерде сабақ береді. Үйдегі анасына, сіңлі-бауырларына қарайламаса, Айкүміс ғылымның соңына түсіп-ақ кетер еді. Амал не... Үздік оқитын студент қыздың диплом жұмысын таңдауға көмектесіп ақыл берген және өзі жетекші болған Манжекен Манғанқызы Мұқамедьярова еді. «Жантақ шөбінің құрамындағы полифенолдар» тақырыбы мұны бірден қызықтырған. Себебі жантақта рак ауруын емдейтін қасиет бар деседі, ал Маңғыстау даласындағы шұбырып жүрген түйе тек жантақ жейді. Орыстар бұл шөпті «верблюжая колючка» дейді екен. Жантақ жеген түйенің сүті немесе еті емі жоқ деп жүрген ауруға дауа болса, адамзат үшін үлкен жаңалық емес пе! Университетті үздік бітіргеннен кейін Гурьевтегі (қазіргі Атырау) мұнай-химия институтына жұмысқа баруға тура келді. Себебі ол жылдары Ақтау қаласында қазақ мамандарына жұмыс табу өте қиын еді. Бірер жылдан кейін Маңғыстауға оралып, Ақтаудағы №11 училищеге мастер болып орналасты. Облыстық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Зейнолла Алшынбаев жанып тұрған іскер жас маманды комсомол жұмысына шақырды. Басшылық қызметтегі өмірбаяны осыдан басталды. Кешікпей Форт-Шевченко қаласына аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Аудандық партия комитетінде қатардағы хатшы, кейін аудан әкімінің орынбасары міндеттерін атқарды. Қазір аудандық мәслихат хатшысы. Форт-Шевченко бұл күнде Ақкетік деп аталады. Теңіздің жағасына орналасқан Ақкетікке Бәйтерек поселкесі мен Аташ елді мекені қарайды. Қаражанбас теңіз мұнай кешенінде осы ауданның үш жүзге жуық тұрғыны жұмыс істейді. Каспий теңізінен мұнай барлаушы шетелдік «Аджип» компаниясының бір бөлімшесі, Қашаған маңында аралдар салып жатқан «НК» деп аталатын түрік, сондай-ақ теңіз түбінен мұнай өндіруді ерте бастаған Голландия елінің «Багенборг» секілді компаниялары Ақкетік территориясында болғандықтан, ауданның біраз азаматына солар жұмыс беріп отыр. Ауданда түйе, жылқы, қой өседі. Жекелеген адамдар Ақкетіктен елу-алпыс шақырымдағы жерасты суы бар Сәубет деген жерде көкөніс өсіріп, кәсіп етіп жүр. Бұл кәсіпті бастаған марқұм Жомарт Нұрлаев деген осы елдің азаматы еді. Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласына көп еңбек еткен, кезінде совхоз басқарған алғыр кісі болатын. Дүниеден ерте озды. Аптапты ыстық, қыс болса, қара қатқақ, ызғырық жел үнемі соғып тұратын бұл аймақта адамдар қырық жасқа жетпей қан қысымы көтерілетін ауруға ұшырайды. Жомарт та сол аурудан кеткен. Ақкетіктің іргесінде ақжал толқындары кейде көбігін аспанға шашып, кейде бас үйренген асаудай момақан күйде мөлдіреп, бабалар Хазар атап кеткен Каспий теңізі жатыр. Теңіздің суы тұзды, қыста да қатпайды. Бұл жерді қазақтан басқа халық мекендесе, Маңғыстаудың әдеттегі 40º-50ºс аптабында суға түсетін жайнаған жағажайға айналдырып, Дубайда, Анталия мен Испанияда қалып жатқан қыруар қаражат осы елдің несібесін молайтар еді. Араб, Израиль елдеріне барсаң, жерлері сусыз, тасты таулары да Жармыштың, Бейнеудің көрінісін елестетеді. Бірақ ол елдер әр талдың түбіне түтікпен су жіберіп, көкжасыл орман жасап отыр. Мұның бәрі – Айкүмістің ой-арманы. Жалпы, біз кәс, еріншек халыққа айналып барамыз. Негізінен қанымызда осындай қасиеттер болса керек. Тәуелсіздігіміздің арқасында қандай кәсіппен айналысам десең де, мүмкіндік мол. Тіпті теңіз жағасындағы қайыршақ пен су жұқартқан тастардан да өңірдің өмір тарихын бейнелейтін сувенирлер жасауға болады. Түйенің, қойдың жүнінен әлем қызығатын алаша, текемет, сырмақты былай қойғанда, оюлаған, үйде киетін кебіс жазда табаныңды терлетпейді, қыста тоңдырмайды. Ұйғыр ағайынның қызы Фабия дәм айдап Форт-Шевченконың келіні болып келген еді. Өзі алғыр, сезімтал Фабия аудандық мәдениет үйіне директор болып орналасқан болатын. Кейін әкім ауысқан кезде ол жұмыстан босап қалды. Уәйім шегіп, азып-тозып кетті. Айкүміс екеуі сырлас құрбылар еді. Фабиямен кездесіп, пікір алысты. – Төрт қабырғаға қарап отырайын деп пе едің – кәсіп жаса. Анау теңіз жағасындағы қайыршақтардан бояп, сувенир жаса – сенің қолыңнан келеді, – деп Айкүміс құрбысына ақыл айтты. Сол-ақ екен, Фабияның қолынан шыққан сувенирлерді жұрт таласып алатын болды. Бұл күнде ол мәдениет үйіне қайта шақырылып, басқарып отыр – іскер адам әйтеуір далада қалмайды ғой – бірақ әлгі қосымша кәсібімен де айналысады. Қазір мектеп бітіргендердің бәрі заңгер, тәртіп сақтау саласының немесе кеден қызметкері болғылары келеді. Ал, теледидар, мұздатқыш, радио жөндейтін, электрик секілді мамандықтар дайындайтын арнаулы орта оқу орындарын көздеріне ілмейді. Бәтіңкенің өкшесін қақтыру, болмаса шаш қидырып, тырнағыңды тазалату үшін Ақтау қаласына баруға тура келеді. Бұрын ағаштан, жергілікті жерден шығып жатқан тастан ою оятын ел ішінде шеберлер болушы еді, бұл күнгі жастар ондай жұмысты менсінбейді. Маңғыстау өңірін айтпайақ, осы ауданның аймағында қанша тарихи орындар бар. Олардың айналасында туристер баратын, демалатын, сусын ішетін ештеңе жоқ. Ақкетіктен отыз шақты шақырым жерде ата-бабаларымыз Тамшалы деп атап кеткен бір тамаша жер бар. Таудың көлемі отыз метрдей жартылай дөңгелене біткен жарқабағының жан-жағынан жаңбырдың суындай сорғалап тұрған тамшылар. Табиғаттың таңғажайып шеберлігіне таң қаласың. Айналасы сусыз шөлге айналған даладағы ғасырлар бойы аңызақ пен жел мүжіген тасты таудан шығып жатқан су қайдан өніп тұр екен... Ретін тауып келістірсе, бұл да демалыс орны болуға лайық жер. Ақшалы кәсіпкерлер айналып-үйіріліп қаланың маңын, аудан орталықтарын айналсоқтап жүреді. Үкімет қашан көл-көсір қаражат береді деп ауыздарын ашып жүрген біреу. «Тендер» деген саясат шықты. Ол періштенің өзін де тура жолдан тайдыратын сиқырлы саясат. «Пәленшекең», «түгеншекең» қоярда-қоймай алқынумен атшаптырып келіп «Иманбайға, Сәрсенбайға беріңдер» деп немесе телефон соғып зіркілдейді. Біреудің өзі, біреудің көзі жақсыны әлі күнге дейін тастай алмай жүрген тендер комиссиясын басқарғандар ақыр соңында бастары айналып, өздерінің жылымға қалай түскендерін білмей қалатын кездері болды. Қазір, құдайға шүкір, аудан мұндай бәледен құтылды, енді тендер мәселесінің бәрі облыс орталығында шешіледі. Аудан әкімі Серікбай Өтелгенұлы Тұрымов – іс білетін, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс азамат, осы өлкенің тумасы. Ол келгелі ауданның шаруашылығы, халықтың әл-ауқаты едәуір жақсарып қалды. Барлық елді мекенге газ жүргізілді. Ауыз су, жол мәселелері де шешіліп жатыр және жоғарыдағы аталған компаниялардың көмегімен біраз жас ауданда жетіспейтін дәрігерлік, экология, кеме және су мамандықтарын даярлайтын оқу орындарына түсті. Ауданда оқу бөлімі жанындағы мұғалімдердің білімін жетілдіру жөніндегі әдістемелік орталықтың басшысы Мейрамгүл Еңсеева «Ана мен сәби» атты семинар өткізді, оған Алматыдан гинеколог, педиатр мамандар шақырылып, ауданның әйелдер қауымы аса ықыласпен қатысты. Мұндай шара аймақта бірінші рет өткен еді. Сондай-ақ «Психология және мен» семинарында да отбасының ынтымағы, үйдегі тәрбие жайлы кеңінен әңгіме болды. Оған да Алматыдан айтулы психолог мамандар келді. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» кеші, «Кәсіпкерлік негіздері» атты дөңгелек үстел де өте тартымды өтіп, тұрғындардың көңілінен шықты. Ақкетік мектептерінде поэзия кештерін өткізу де дәстүрге айналған. – Мұның бәрі – жастарды рухани тәрбиелеуге арналған шаралар. Себебі рухы жұқарған жұрт ел болудан қалады, – дейді Айкүміс. Форт-Шевченко – бүгінгі Ақкетік қаласын негізінен зиялылар мекені деп атауға болады. Маңғыстаудан шыққан талай саңлақ ұл-қыздар осы жерден қанат қағып, Қазақ елінің игілігіне өмірлерін арнаған. Жалау Мыңбаев, Төлесін Әлиев, Георгий орденінің кавалері Оспан Көбеев, Қазақ елінің алғашқы дәрігерлерінің бірі Естөре Оразақов, Маңғыстаудың тарихын тірнектеп жинап, Тарас Шевченко мұражайының, сондай-ақ облыстық мұражайдың алғашқы шегесін қағып, жәдігерлерін жинаған Есбол Өмірбаев, ғылым докторы Шайхы Еркеғұлов, жазушы Маршал Әбдіқалықов. Қазақ заң ғылымының атасы Салық Зиманов ағамыз да алғашқы еңбек жолын осы Ақкетік мектебінде бастаған. Ол кісінің құрметіне өзі бір кезде еңбек еткен «көк школды» дарынды балалар мектебі деп атап, Салық Зиманов ағамыздың есімі беріліпті. Орыс патшасының қазақ даласын жаулап алу саясаты Маңғыстау аймағына да өз қасіретін ала келген. Патша әскерімен ұрысқа шығып ойрандаған, кейін сол ерліктерін кешіре алмаған жат саясаттың құрбандары Иса мен Досан батырлардың ат үстіндегі ескерткіш бейнесі таудың басында бүгінгі ұрпақтарын елін, жерін сүюге шақырып тұрғандай. Маңғыстаудың жері шөлейт, жазының ыссылығы 40º-50ºс-қа жететін аптап, оған қоса теңіз аңғарынан үнемі соғып тұратын аңызақ алақұйын жел – асты мұнай мен газға толы, беті күйген терідей шөп өспейтін ұлан далада тынымсыз ойран салып, шаңын сілкілеп аспанға шығарып жатады. Маңғыстаулықтар осындай жағдайда – желдің өтінде, шыжғырған күннің астында еңбек етеді. Бұл өлкеде беттеріне жел мен күн бедерін салмаған аққұба немесе бидай өңді кісіні кездестіру қиын. Бірақ еңбектері адал, бабалардан қалған атамекендерін сүйе біледі, сүйе білгендіктен көкорай шалғынды, айдын көлді, самырсынды, шыршалы тау бөктерлеріне көшуді естеріне де алмайды. Тек жерінің байлығы ұрпағының нәпақасына бұйырса деп тілейді... Солардың бірі – Айкүміс Сәрсенғалиқызы Досанова. Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.
•
08 Қыркүйек, 2011
Айкүміс
834 рет
көрсетілді