• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Шырайлы Шығыстың шарықтаған шағы

925 рет
көрсетілді

8-9 қыркүйекте Астанада Шығыс Қазақстан облысының күндері өтеді «Шығыс Қазақстан – кең байтақ елі­міз­дің інжу-маржаны іспеттес өңір. Бұл те­ңеу оның таңғажайып табиғатына ғана емес, барша бітім-болмысына, тамаша адам­да­ры­на да тікелей қатысты. Шығыс Қазақстан облысы – тәуелсіз елі­міздің экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан, өнеркәсібі қарыштап дамыған аймақтардың бірі. Жүзден астам ұлттың басын қосып отыр­ған бұл аймақ еліміздің рухани орта­лықтарының бірі болып саналады».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

 

 Өңі кірген, өзгерген  өр Алтай

Облыс әкімі  Бердібек Сапарбаевпен әңгіме

– Бердібек Мәшбекұлы, ең ал­дымен Елбасы атап өткендей, Шы­ғыс өңірі еліміздің рухани ор­та­лықтарының бірі болып сана­ла­ды деген ұлағатты сөздің ас­та­рына үңіле кетсек? – Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңса­ған тәуелсіздік өзі келіп тұғырына орнай қоймағаны белгілі. Ендеше кейінгі ұрпақ тәуелсіздік туын жо­ғары ұстап, оған өздерінің үлес­терін қосса, нұр үстіне нұр! Биыл хал­қы­мыз тәуелсіздіктің 20 жыл­дық мерейлі мерекесін атап өтетін айы­­рық­ша қастерлі де ардақты жыл. Күш-қайраты мен жігері жа­нып тұрған жас жігіттің жасындай ғана бұл жи­ырма жыл айтуға жеңіл болғаны­мен, тарих тереңіне үңіл­сеңіз, талай асқар асулар мен белестерден өте­­­сіз. Осындай үлкен шекараны ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшы­мен ұстап тұрған ата-баба­ла­ры­мыз атамекен үшін жан алысып, жан берісіп жүріп, ғасырлар бойы ұмтыла аңсаған асыл арманына қол жеткізді. Жи­ырма жылда тәуелсіз мемлекетіміз құрылып, қазір оны бүкіл әлем жұрт­шылығы біліп отыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы да көреген басшылығымен кемел келешекке – өркениет өлкесіне жол тартқан сал­­­қар керуеніміздің жүгі салмақ­ты әрі сара. Бір ғана мысал. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз, төрт­­­күл дүниеде қысқы Азия ойын­­­да­­рының төртінші мемлекет болып бізде өтуі, халықаралық дәрежедегі игі шаралардың Қазақстанда өтуі мем­лекеттің байрағын аспандата түсті. Өткен жылы кенді Алтайда Қа­зақ­стан және Ресей мемлекеттері Пре­зиденттерінің қатысуымен өт­кен халықаралық инвестициялық фо­рум­ның аясы ауқымды болып, талай келісім-шарттарға қол қой­ылды. Кенді Алтайдың экономи­касы күн сайын артып келеді. Ел­­басының тапсырмасы бойынша тек өткен жылы шырайлы Шығыста 43 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, шағын және орта кәсіпкерлік дами түсті. Бұл күндері кенді Алтайда ірі-ірі бірнеше ин­дус­трия­­лық-инно­­ва­ция­лық жобалар жүзеге асты. Ол­ардың қатарында «Казцинк», «Өскемен титан-магний» комби­на­ты, «Үлбі» металлургия зауытын­дағы ірі жобалар бар. «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестік биылдың өзінде екі зауытты қатарға қосты. – Облысты индустриялық-ин­но­­­вациялық дамытуда тағы қан­дай істер атқарылмақ? – Бақыршық және Ақтоғайдағы комбинаттар алтын, басқа да сирек кездесетін полиметалл кендерін өң­дейтін қуаттарды іске қоспақ. Оларда бірнеше мың адам жұмыс істейді. Елбасының ауыл тұрғын­да­рын еңбекке орналастыру жөнін­де­гі тап­­сырмасы күнделікті назарда. Семейдегі автокөлік және «Беларусь» трак­­торын шығаратын зауыт қазір өз өнімділігін арттыра түскен. Қа­зақ­стандық трактор арзан бол­­­ған­дықтан, оған тапсырыс көбейе түс­ті. Өскемендегі «Азия-авто» кө­лік зауытының қуатын жылына 25 мың дана тұлпар шығаруға жеткізу ба­ғы­тында да жұмыстар істелуде. Мә­се­лен, кәсіпорынға қосымша құрылыс алаңдарын салу үшін жер телімдері берілді. Семей мен Курчатов қала­ларында да тежегіш құ­ралдарын шы­ғару ойда бар. Семейде құрт ауруын емдейтін аурухана, Күр­шімде 150 миллион тең­геге қо­нақүй салынбақ. Өткен жы­лы пай­да­лануға берілген жа­­­ңа ауыл – «Шығыста» да құ­­­­ры­­­лыс жалға­сып, жаңадан тұр­­­­ғын үй­лер са­лы­нып жатыр. – Соңғы үш жылда кенді Алтайға тар­­­тыл­­­ған ин­вес­ти­­­цияның көлемі қанша? – 2009 жылы – 139, өткен жы­лы – 144,7 ал биылғы жеті айда 84,9 миллиард тең­ге инвестиция тар­тыл­­­ған екен. Бұл жаман көр­сеткіш емес. – Екі жарым жылда атқарған істеріңізге қандай баға бересіз? – Әрине, өз командамызбен қо­ян-қолтық еңбек етіп, халықтың алғы­сына бөленсек, одан артық қан­дай баға керек. Адамдарды рухани жа­ғынан түлетіп, келешекке деген сенімін, күш-жігерін күш­ейте алсақ, жаман болмағаны ғой. Шағын және орта кәсіпкерлік өң­ірде онша да­мы­май отыр. Ол кем дегенде 30 пайыздан төмен бол­мауы тиіс. Со­нымен бірге, өңдеуші кәсіпорын­дар салуда да «әттеген-айлар» орын алып отыр. Жол салу, кәсіп­кер­лік­тің жауапкершілігін арттыру мәсе­ле­лері де мені ой­­лан­ды­рады. Туризмді да­мыту үшін ең алдымен сапалы жол жөндеу назарда. Ал­тай­­дың бренді – бал және марал шаруа­шылығын тың белеске шы­­ғару да басты міндет болса керек. Осыдан екі жыл бұрын Өске­мен­нің төрінде хакім Абайдың ескерткіші орнатылды. Бұл ел өмі­ріндегі елеулі оқиға болатын. Ор­ыс­тың ұлы ақыны Пушкиннің ескерткіші ақын есімімен аталатын облыстық кітапхана алдында бой түзеді. Үндінің ұлы ақыны Рабиндранат Тагордың қоладан құйылған тұғыры Жамбыл атындағы саяба­қ­тан бой түзегенде, Үндістанның Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі салтанатты оқиғаға қаты­сып, Қазақстанның болаша­ғы­на кә­міл сенетінін мәлім етті. – Бердібек Мәшбекұлы, өзіңіз тізгінін ұстаған өркенді өңірде үш жылға таяу уақытта Өске­мен құлпырып сала берді. Ертіс пен Үлбі жағалауы қала тұрғын­да­рының сүйікті орнына айнал­ды. Өткен жылы кенді Алтайда жаңадан үш ауылдың аш­ыл­ғаны белгілі. Енді осылар жай­лы тарқа­тып айтып берсеңіз. – Тек Шығыс өңірі ғана емес, ел өміріндегі елеулі оқиғаның бірі деп үстіміздегі жылдың 25-28 тамызы аралығында «Алтай – түркі әле­мі­нің алтын бесігі» атты бірінші ха­лықаралық форумды атар едім. Бұл шараны облыс әкімі мен түркі мә­дениетінің «Түрксой» халық­ара­лық ұйымы бірлесіп өткізді. Ха­лық­аралық форум ашылатын күні оған қатысушыларды Елбасы Н. Назарбаев және Түркия Президенті Абдулла Гюль құттықтады. Жапония, Оңтүс­тік Корея, Түркия, Ресей, барлығы 12 мемлекеттің елшілері мен та­рих­шылары, мамандары қатысқан фо­рум­ның мақсаты – халқымыздың, жал­пы түркі әлемі­нің төл құн­ды­лық­тарын терең зерттеу, облыс ау­ма­ғын­да мәдени туризмді дамытып, оған инвестиция тарту болып табылады. Берел қорғанына әлем жұрт­шы­лығының назары ауып отырғаны шындық. Соңғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей, Алтай Қиыр Шы­­ғыстан Еуропаға дейінгі ара­лық­ты мекендейтін сан алуан ха­лық­т­ардың атамекені. Берел қор­ға­нындағы қазба жұмыстары адамзат өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын айшықтай түсті. Сондықтан болса керек, Шы­ғыс Қазақстан түркі мәдениетін сақтаушы өлке болып саналып келді, санала береді де. Халықаралық форумның басқа да басымдықтары бар екенін айта кету керек. Мәсе­лен, форум барысында біз Қазақ­стандағы Түркия мен Жапония мем­лекеттерінің Төтенше және өкі­летті елшілері Лале Үлкен мен Юд­зо Харадамен кездесіп, маңыз­ды мәселелерді талқыладық. Оларға Берел қорғаны қатты ұнады. Берелдегі тағы бірнеше қорғанды зерт­теу­ге қаржы бөлетінін де жасыр­ма­ды. Сауда-экономикалық, саяси, мә­дени-гуманитарлық салаларда қос мемлекетпен қарым-қатынас жыл сайын жақсарып келеді. Мәселен, Семей мен Түркияның Бурса қала­сының арасында экономикалық тұр­ғыда біршама ұқсастықтарды аңға­ру­ға болады. Ауыл шаруашылығы, білім саласы мен мата тоқуда сау­да-саттық күшейе түспек. Бурса қала­сы басшылығының шақыруы­мен қыркүйектің 22-23 күндері об­лыс делегаттары аттанып кетпек. Бұл кез­десу нәтижесінде екі ел ара­сын­дағы сауда-саттық дамып қана қой­май, инвестиция көлемі арта түспек. Өткен жылы 600 миллион теңгеге «Нұрорда» халықаралық мектебін түрік ағайындары салып берді. Қа­зір онда 200 шәкірт терең білім ал­ып жатыр. Ал Жапония мен Қазақ­стан арасындағы экономи­ка­лық бай­­ла­ны­с­тар да жемісін бере баста­ды. Екі жақты тауар айнал­ы­мы ағымдағы жылдың алты айында екі есеге жуық өсіп, 18,1 миллион долларға жеткен. Атап айтқанда, атом энер­гия­сын бейбіт мақсатқа пайдалану, машина құрастыру са­ла­ларында әріп­тестік күшейе түсті. Бұл ретте Курчатов қаласындағы атом өнер­кә­сібінде бірлесіп жұмыс атқарып жат­қан біздің мамандар мен жапон­дық ғалымдардың жоба­ларын ерекше атаған орынды. Қыс­қасы, халық­аралық форум аясында жасалған келісім-шарттар туризмді дамытуға, Берел қорғанының әлі ашылмай жатқан құпиясын зерт­теуге, басқа да тарихи құнды­лық­тар­ды ашуға тың серпін береді деген ойдамын. – Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғына арналған тағы бір маңыз­ды шара – «Шығыс шынары» ха­лық­аралық жыр мүшәйрасы. Би­ыл екінші рет өт­кі­­зілген мү­шәй­ра­ның мақсаты мен мұраты жай­лы не айтар едіңіз? – Тәуелсіздігіміздің басты құн­ды­лығы – тіл. Тіл жойылған жерде ұлт та құрып бітеді. Егер Қызыл­орда немесе Шымкентте жыр мү­шәйраларын өткізсе, ел елеңдеп, құлағын түре қоймайтыны белгілі. Себебі ол күнделікті оқиға ретінде қабылданады. Ал орыстар көп шо­­ғырланған, ал жергілікті ұлт өкіл­дері аз тұратын Өскеменде жыр мүшәйрасын өткізудің салмағы ба­сым, маңызы зор. Сондықтан өткен жылы алғаш рет Өскеменде «Шы­ғыс шы­нары» атты жыр мүшәй­ра­сы өткен кезде еліміздің жер-же­рі­нен, тіпті бірнеше шетелдерден 145-тен астам ақындар қатысты. Екінші рет өткен ха­лықаралық ақын­дар сайы­сы Ата Заңның 16 жыл­ды­ғы мен Қа­зақ­стан­ның 20 жылды­ғы­на арналды. Былтырғыға қарағанда жыр мү­шәйрасының ерекшелігі – соңғы ке­зеңге өткен ақындарды бес-алты күн ерте шақырды, облыс тұрғын­да­ры­мен, мектеп оқушыларымен жүздес­тірдік. Айту­лы ақын-жа­зу­шы­­лар­мен кездесу Абай және Жарма аудан­да­рында өтті. «Шы­ғыс шынары» жыр са­йы­сын Өскемен қаласының әкім­ді­гі мен Қазақстан Жазушылар ода­ғы бірлесіп өткізді. Оның қорытын­ды­сы «Егемен Қа­зақстанда» жария­ла­нып, жеңімпаз ақындардың өлең­де­рі берілді. Десек те, өлең жырға сусап қалған шырайлы Шығыс хал­қы үшін мұн­дай жыр додаларының жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұ­руы заң­ды­лық. Мүшәйраға қатыс­қан ақындар өлеңдеріне Өскеменді, ел Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығын, ел тыныш­ты­ғын арқау етті. – Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы құрметіне өткізілген екінші халықаралық бал фестивалі жө­нін­де де сөз қозғай кетсеңіз.  – Марал мен тең­біл бұғы асқа­ралы Алтайда ғана өседі. Бір кездері оның саны 30 мың­ға жеткен. Алай­да нарықтың өт­пелі кезінде қиын­дық­тың қыспа­ғын­да қалған шаруа­шылықтар біраз маралдың басын құртып жіберді. Қазір кер марал мен теңбіл бұ­ғы­ның басын көбейту шаралары атқарылып жа­тыр. «Ақ­су-Дэн» кор­порациясы пан­тыдан түрлі дәрі­лер­ді жасап шы­ғарады, ол шетелдерге де саты­лып жатыр. Қазір бір Ка­тон­қарағай ауданында пантымен ем­дейтін оңға тарта шипажайлар бар. Т.Иса­ба­ев­тың «Баян», Топ­қай­ың ауылы ма­ңын­дағы «Екі дос» шипажайы тұр­ғындарды пантымен емдеуде. Басқа да панты­мен емдейтін мекемелер баршылық. Бұл өңі­р­де туризмді да­мытудың та­яудағы бес жылға ар­налған бағ­дар­ламасы бар. Атақты «Рахман қай­на­ры» шипажайына жол салу мәселесі де біртіндеп шешілмек. Ал таңдай қақ­қызған Алтай балы екінші ха­лықаралық фестивалін өткізудегі мақ­сат – Қазақ­станда омарта шаруа­шы­лығын да­мыту, оған шетел­дік­тердің ынта­сын тудыру, балдың сапасын арт­тыру болып табылады. Еліміз бойынша балдың 80 па­йызы кенді Алтайда өндіріледі. Өт­кен жылы да алғашқы бал фестивалін өткізген едік. Аралардың тұ­қы­мын көбейту мақсатында был­тыр төрт миллион теңге субсидия бөлін­ген. Ал биыл асыл тұқымды ара шаруашылықтарына 24 миллион теңге субсидия берілді. Соның нә­ти­жесінде, асыл тұқымды омарта ша­руа­шылығының саны 8-ден 31-ге жеткізілді. Елімізде таяу жыл­да­ры бал арасының ұясын 2 милли­он­ға жеткізу көзде­ліп отыр. Бал – адам ағзасына аса қажет биоло­гия­лық зат. Жапондар сүт пен балды күн­де­­лік­ті тұтыну нәти­же­сінде 80-90 жыл ғұ­мыр кешуде. Өт­кен жыл­дан бастап біз мектеп оқу­шы­ла­рына күн сайын 20 грамм бал мен бір стақан сүт беруді бастадық. Оны об­лыс бюд­жеті көтеріп алады. Сон­дық­тан биылғы бал фестивалінде әр елден келген ғалымдар мен мамандар Алтай балының әлемде теңдесі жоқ сапалы екенін мойындады. – Сөз соңында бұдан басқа да бас­тамалар туралы не айтар едіңіз? – Шығыстың шырайы кірсін деп жүрген азаматтар аз емес. «Туған жерге тағзым!», «Туған ел – алтын бесігім!» акциялары бойын­­ша был­тыр да облыс орталығында әр аудан, қаланың мәдени күндері, аз­ық-түлік жәрмеңкелері өтті. Оған әр ауданнан шыққан талантты ға­лымдар мен өнер адамдары, еңбек тарландары қатысып, арзан баға­мен азық-түлік тауарлары сатылды. Қалталы азаматтар кіндік қаны тамған мекендеріне атбасын бұ­рып, өз қаржы­ла­рына мәдени-әлеу­меттік ғимараттар мен мешіттер, спорт залдарын са­лып берді. Олар­дың қатарында Қа­зақстанның Че­хиядағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Анарбек Карашев бар. Ол бұдан екі-үш жыл бұрын өзі туған жері Үржарда мешіт салып берсе, қазір спорт кешені құры­лы­сын аяқтап қалды. Жақында ғана Ая­гөз­дің тумасы Төлеутай Сүлей­ме­нов деген азамат 84 миллион тең­геге спорт кешенін салып берді. Зай­сан­дық кәсіпкер, Алматыда тұ­ратын Айдар Барысов деген азамат та кіндік қаны тамған Зайсанына сүт зауытын салып берді, қазір онда жиырмадан астам адам еңбек етіп жатыр. Көкпектідегі «Елім-ай» деген жоба маңыздылығымен есте қа­лады. Бағдарлама аясында ет өң­дейтін зауыт, тұрмыстық кешен жұмыс істемек. Бесқарағай ауданы қы­тайлармен бірлесіп 10-20 грам­дық балды арнайы қораптарға құй­ып, тұрғындардың қажетін өте­мек. Бас­қа аудандардың азамат­та­ры да «Ту­ған ел – алтын бесігім!» ак­ция­сы бойынша осындай игі ша­ра­лар­ға белсене араласа бастады. Шырайлы Шығыс Қазақстан об­лысының өкілдері осы аптада Астана жұртшылығына өздері шы­ғарған ауыл шаруашылығы өнім­де­рін, Өс­кеменде құрастырылған ав­токө­лік­тері мен экономика сала­сын­дағы жетістіктерін көрсете ала­ды. Қыс­қа­сы, асқақ Алтай Аста­на­ға көшіп бар­ған­дай әсер қалдыруды көздеп отырмыз.   Қойнауы толы қазына Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік, өзіңді алаш ұранды халқың қаншама ғасыр сағына да сарғая күтіп еді?! Тәубе, сол алағай-бұлағай кезеңдерге тонын берсе де қоңын бермей, сырын берсе де сынын бермей егемендігіне есен-сау жеткен жұртымыз бүгінгі таңда сол егіле тосқан егемендігінің уыз сорғалаған еміздігінен ернін ала алмай жатыр. Сондай өңірлердің бірі де бірегейі – ақбас Алтай мен ақниет Арқаның са­мұ­рық қанаты талар алты айшылық ара­сындағы алтын көпір іспетті, үстіндегі құндыз жағалы бұлғын шапа­ны­­­ның қос өңірін асқаралы шыңдарынан лекіте соққан самал желі желп еткізсе болды алтын мен күміс, мыс пен қорғасын, уран мен титан сауылдай төгілетін – Шығыс Қазақстан облысы. Бірінші сарын: Күн шапағы Шы­ғыс­тан құйылады. Мынау – ерке әрі кексе Ертіс. Ал мынау бір үлбірей ағып, сыңғырлай кү­ліп, Ертіс әпкесінің қолтығын қолаң ша­шымен қытықтап, айпара құшағына кіріп бара жатқан Үлбі атты ару өзен. Әне, солардың тоғысар мүйісінде кер маралдай керіліп, айшылық жерден көрініп әсем бір қала жатыр. Ол – Өскемен. Қа­ланың тарихы үш ғасырдың төңірегін шаңдатады. Жыры да, сыры да, мұңы мен шері де, өткен ғасырлар шежіресінен шертер әпсаналары да мол. Әңгіме онда да емес, бүгінгі әңгіме – бұл қа­ла­ның облыстағы жақсылықтар мен жа­сам­паз­дықтың ұйытқысы болып отырғанында. Атар таң мен шығар күннің Шы­ғыс­тан бастау алатыны, сонан кейін барып бүткіл Қазақстанға шапағы мен шуағын тарататыны – бесенеден белгілі. Яғни, бұл өңірдің жұрты, біздер, атар таңды алғаш қарсы аламыз. Ал, көк түріктердің кіндік жұрты – Күн тауы, қазіргі ата­уы­мен атар болсақ Алтай тауының шап­шы­ма шың­дары Күн шапағына бірінші бо­лып маң­дай­ын сүйгізеді екен. Сіз сонау бағзы за­ман­дардағы бабаларымыздың өз­­де­­ріне құтты мекен таңдауы мен жа­ңа­ғы ерекшеліктерден жұмбағи бір фило­со­фия­лық сәйкестік байқамайсыз ба? Өңірдің басты бренді түсті металлургия екендігі көпшілікке аян. Облыс Қазақстандағы түсті металдың қаймағы бес елі қазанын сапырып отыр. Әлемдегі көкжал мемлекеттердің басым бөлігі біздің Шығыстың ураны мен танталына, берилийі мен мырышына, мысына тәу­елді. Облыс стратегиялық аса маңызды аймақ. Сондай ұшан-теңіз байлықты ба­сып отыруға да, ұқсата білуге де бай­ып­тылық, іскерлік, парасаттылық қажет. Бо­дандықтың қамыты мойнын қажап, ақжем еткен Қазақстан сандаған ғасыр­лар жүзінде өз байлығына өзі иелік ете алмай, пұшайман күй кешкені өтірік емес. Бар байлығы бөтендердің қанжы­ға­сына байланып, боздап жүрген жұрт едік. Басқа халықты білмеймін, дәл қазақ үшін Тәуелсіздік атты ұғым тым-тым қасиетті. Екінші сарын: Жері – бай, көдесі – май, елі – жайсаң... Тәуелсіздіктің басты тірегі аса қуатты экономика екендігі белгілі. Кешегі күні Кеңес одағы ыдырап, бір-біріне күш­пен телінген республикалар өз күн­дерін өздері көруге көшкен аса ауыр шақта тек Қазақстанның ғана емес, бүт­кіл Одақтың қорғаныс қуатына, эконо­ми­касына мелжемді үлесін қосып, абы­ройын асқақ­татып тұрған Шығыс Қа­зақстандағы түсті металлургияның алып зауыттары мен ком­бинаттарының тыны­сы тарылып, өкпе­сіне сырыл араласа бастаған естанды кезеңде Елбасы өзі бас болып тығы­рықтан шығу жолдарын аласұра іздегені белгілі. Алыс-жақын елдердегі нарықтық экономиканың «тілін» біліп, әліпбиін меңгеріп қалған маман­дарды арнайы ша­қыртып, әужайларын түйген. Ақылдас­қан, кеңескен. Елбасы түсті металлургия қазанының астындағы қоламталанған от өшер болса, қайта тұтату қиынға со­ға­рын кемеңгерлікпен болжай білді. Жанталаса инвесторлар іздеді. Шындығын айтайық­шы, бүгінгі күні Шығыс Қазақ­стандағы түсті металлургия комбинат­тарының ай­да­рынан жел есіп, ысқырығы жер жарып тұрса, онда ел Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев­тың ұйқысыз түн­де­рі мен күлкісіз күндерінің, ерен еңбе­гінің ақталғаны деп білген жөн. Шығыс Қазақстан облысы еліміздің өнеркәсібі дамыған өңірлерінің біріне жа­тады. Алтай мен Арқа аралығындағы айшылық аймақта жоғарыда айтып өт­кен түсті металлургиядан басқа машина жасау, энергетика, азық-түлік, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индус­трия­сының ірі кәсіпорындары шоғыр­лан­ған. Олар негізінен үш сала бойынша жіліктеледі: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өн­дірісі, электр энергиясы. Мәселен, соң­ғы он жыл аралығындағы өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемін тара­зы­лар болсақ, шындығында да таң қал­мас­қа шараңыз қалмайды. 2000 жылы өнді­ріл­ген өнім көлемі 143,3 млрд. теңгені құраса, ол көрсеткіш 2010 жылы 624,2 млрд. теңгеге жеткен. Яғни, көлем 4,4 есеге ұлғайды деген сөз. Сонымен қоса өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі де төрт есеге артып, 449,9 млрд. теңгені құраған. Ал тау-кен өндірісінің өнім көлемі тіпті 8,9 есеге дейін көтерілген. Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығына осыдан артық қандай шашу, осыдан артық қандай базарлық болмақ! Бас-аяғы он жыл ішінде мы­на­дай қарқынмен дамыған өндірісіміз осы шабысынан таймаса игі еді. Нарықтың басты қоз­­ғаушы күші деп шағын кәсіпкерлікті тегіннен-тегін атамаса керек. Об­лыста бұл саланы жеті мыңнан аса шағын кә­сіпорын, 50 мың­­нан астам жеке кә­сіп­­­кер­лер то­л­ықтыруда. Әри­не, бұл жерде сауда және қыз­мет көрсету са­ла­ла­ры ба­сымдыққа ие. Өң­ір­дің жұмысқа қа­бі­лет­ті тұр­ғын­дарының төрт­­тен бірі дәл осы са­ла­­ның қо­лам­тасын қа­ғыс­тырып, алауын тұтатуда. Аймақта жаңа инно­вациялық өндірісті жа­сақ­тау, инновациялық ин­фрақұрылымды да­мы­ту жөнінде де қыруар ша­ралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл салада әсіресе, «Ядролық тех­но­логиялар паркі», «Алтай» технопаркі өте белсенділік байқатуда. Мә­­се­лен, бір ғана 2010 жы­лы «Алтай» технопаркі аясында 16 ірі жобаның тұсаукесері өткізіліп, сараптау кеңесінің сүзгі­сі­нен жалпы құны 28 759 000 теңгелік төрт инно­­­ва­циялық жо­ба өткенін айтпай кетуге болмас. Со­нымен қатар Президентіміз Н.Назар­ба­ев­тың 2009 жылғы мамырдағы тапсыр­масына сәйкес өңірде жаңа технологиялар аймағын құру жұмысы бір сәт те толастамаған. Бұл өңір экономи­ка­сы­­на елеулі серпін берері рас. ЖТА аясын­да конструкторлық бюро және металлургия орталығы бірлесе қызмет атқармақ. Шығыс Қазақстанның қойнауы толы қазына, қазба байлық. Сондықтан да шы­ғар, оның екінші атауы – Кенді Алтай. Басты байлығы полиметалл кендері. Қорғасын, мырыш, мыстан кадмий, висмут, алтын, күміс, сынап, селен, теллур, индий, күкірт алынады. Сонымен бірге, аса сирек кездесетін металдар: титан, бериллий, церий, ниобий, самарий, европий және олардың қосылыстарын өнді­румен де шұғылданады. Облыс аумағында тас көмір мен қо­ңыр көмірдің үлкен кен орындары ашы­лып, оларды қазбалау жұмыстары қар­қын­ды жүргізілуде. Құрылыс мате­риал­дары өндірісін дамытуға қажетті шикі­заттың бай қоры бар. Гранит, мәрмәр, тағы да басқа өңдеу тастары өндіріледі. Оған қоса минералды сулар мен шипалы балшығы тағы бар. Мұнай барлау жұ­мыстары жүргізілуде. Алдағы бесжыл­дық­тар жүзінде Шығыс Қазақстан мұ­найлы аймаққа айналып жатса, оған мүлдем таң қалмаңыз. Облыс Қазақстандағы атом электр стансаларына отын өндіретін бірден-бір аймақ. Мәселен, «Қазмырыш» АҚ-тың мырыш өндірісінің көлемі әлемдегі мы­рыш өндірісінің 5 пайызын құрайды. Өнеркәсіп өндірісі көлемінде машина жасаудың үлес салмағы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Машина жасау және металл өңдеумен «Семей машина жасау зауыты» ААҚ, «Броньді танк жөн­деу зауыты» РМК, «Қазақкабель» ЖШС, «Шығысмашзауыт» ААҚ, «Өскемен арматура зауыты», тағы басқалар шұғыл­данады. Қазақстандағы бірден-бір жеңіл автомашина құрастыратын «Азия-Авто» зауыты 2002 жылы құрылып, онда шетелдік көліктермен тайталасқа түсуге қа­білетті машиналар шығарылуда. Соны­мен қатар, құрылыс материалдары өнді­рісімен «Бұқтырма цемент компаниясы» ААҚ, «Семей асбоцембұйымдар зауы­ты» ЖШС, «Семейцемент» ЖАҚ, «Силикат» АҚ шұғылданып жатыр. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Шығыста ГОЭЛРО жоспарына сәйкес ал­ғашқы электр стансаларының бірі – Жоғарғы Қарауыз (Громотуха өзені) салынды. Тұңғыш гидротурбина орнаты­лыпты. Ол ленинградтықтардың сыйы көрінеді. Кейіннен электр энергетикасы саласына Ертістегі Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі ГЭС-тері қосылды. Десек те, осылардың барлығы жиналып келгенде бүгінгі таңдағы сұранысты қанағат­тан­дыруға әлсіздік байқатуда. Сондықтан облыста қосымша энергия көздерін табу жолдары іздестірілуде. Өңірдегі атқарушы биліктің басты мұраты – облыс тұрғындарының әлеу­мет­тік тұрмысын жақсарту, соған сай жоспарлар кешенін жүзеге асыру. Шы­ғыс Қазақстан облысы Ресей, Қытай, Моң­ғолия секілді мемлекеттермен шекаралас жатыр. Сондықтан да осы көр­ші­лес мемлекеттермен тығыз сауда-эконо­ми­калық байланыс орнатуға мүдделі. Өткен күзде облыс орталығы Өскеменде Қазақстан-Ресей мемлекеттері арасын­да­ғы дәстүрлі экономикалық форум өткі­зілді. Оған екі ел президенттері – Назарбаев пен Медведев қатысты. Сол алқалы жиын аясында Ресейдің Алтай өлкесі, Таулы Алтай Республикасы, Новосібір, Том, Омбы, Челябі, Самара облы­с­та­ры­мен отыздан астам келісім-шарттарға, көп­теген меморандумдарға қол қой­ыл­ды. Жалпы, Ресейдің аталмыш облыста­ры­мен Шығыс Қазақстанның арасында ертеректен сауда-экономикалық байла­ныс жақсы жолға қойылған. Сауда-сат­тықты былай қойғанда, мәселен, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда тығыз қарым-қатынас бұрыннан бар. Сондай-ақ, алып көршіміз Қытаймен, шығыстағы Моңғолиямен де қарым-қатынас бір ізге түскен. Өткен жылғы қыс пен көктем Шығыс Қазақстанның халқына да, атқарушы билігіне де алапат ауыр жүк артты, үлкен сын болды. Ерте көктемде аяқ астынан еріген қалың қар облыстың оңтүстік аудандарының бірқатар ауылдарын су тасқынының астында қалдырды. Тарба­ғатай ауданындағы Көкжыра, Жәнтекей секілді ауылдар түгелге жуық шайылып кетті. Әйтеуір сақтық шараларын алдын-ала жасаудың арқасында мал шығыны болғанымен, адамдардың құрбандығына жол берілген жоқ. Жаз бойы осы ауданда қарқынды құрылыс жүрді. Екі ауыл жаңадан тұрғызылды. Қара күзге дейін тұрғындар түгелдей су жаңа үйлерге кірді, қоныс тойларын тойлады. Мектеп оқу­шылары жаңа мектептердің босаға­сынан аттады, жаңа парталарда отырды. Әрине, барлығын облыс өз күшімен тұр­ғызды, барлық қаржылық шығынды өз­дері көтеріп алды десек асылық болар, бүткіл республика көмекке келді. Қазақ­стан атты берекесі мен бірлігі ұйысқан мемлекет өз ұйымшылдығының жарқын үлгісін көрсетті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде көмек қолдарын созған Қазақ­стан­ның барлық халқына облыс жұрты әлі күнгі алғысын алқалап отыр. Елбасының мұрындық болуымен дү­ниеге келген «Нұрлы көш» бағдар­ла­ма­сына сай Өскемен қаласының іргесінде ине-жіптен жаңа ғана шыққан ақшаңқан ауыл бой көтерді. Онда бас-аяғы 700-ден астам үй тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда 360 үй пайдалануға берілді. Орал­мандардың қуанышында шек жоқ. Неге десеңіз, оларға салынған үйлердің қа­ладағы пәтерлерден еш айырмасы жоқ, барлық жағдай жасалған. Ол ауылдың тұсаукесер тойына Елбасы Н.Назар­баевтың өзі қатысып, қоныстану­шы­лар­ға ақ тілегін білдірді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына үлкен шашу да осы болар. Тізе берсек, жақсылықтар жетерлік. Облыстың болашаққа деген жоспарлары одан да қомақты. Мәселен, 2015 жылға дейін «Қазақмыс корпорациясына» қа­райтын, жалпы құны 225 млрд. теңгелік Ақтоғай кен байыту комбинатын, «Азия Авто» АҚ-қа қарасты автозауыт (жалпы құны 74,5 млрд. теңге) және 125,8 млрд. теңгелік Бақыршық кен-байыту комби­натының құрылысын аяқтау жобалары бар. Облыста тек ауыр өнеркәсіп, тау-кен өндірісі ғана емес, ауыл шаруашылығы салаларында да қол жеткен жетістіктер жетерлік. Онда тек өткен жылы ғана индустриялық-инновациялық үш ірі жоба іске қосылыпты. Ет өнімдерін өндіру, оны тек өз сұраныстарын қана­ғат­тан­ды­рып қою үшін емес, экспорттау жағына да көңіл аударылуда. Бүгінгі таңда бұл саланы өркендету үшін облыс бойынша 238 мал бордақылау алаңы, 156 асыл тұқымды мал өсірумен шұ­ғыл­данатын шаруашылықтар айналысуда. Шығыстың әдеті осы, мақтануға жоқ. Бұзауын боталы түйе етіп көрсе­ту­ден қашады. Алладан қорқатын шығар. Әйтпесе, соңғы он жыл ішіндегі тауар айналымының өсімі 4,3 есеге артқанын, Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010 жылдың қорытындысында облыс­тың 493,5 млрд. теңгелік 12 инвести­ция­лық жобасы енгенін, соның негізінде 1,7 мың жұмыс орны ашылғанын, ауылша­руа­шылық өнімдерінің жалпы көлемі он жыл ішінде 3,2 есеге көтерілгенін, негізгі қаржыға инвестиция тарту 3,9 есеге артқанын, Семейдегі жылу орталығы­ның бастысы саналатын ЖЭО-1-де қай­тара жарақтандыру жүріп жатқанын, тағы да... жылу мәселесі әр қыс сайын жырға айналатын осы қалада тағы да бір жаңа жылу орталығын салуды жоспарлап жатқандарын, бір ғана 2010 жылдың өзінде ауылшаруашылық тауарын өнді­ру­шілерге 4,8 млрд. теңге субсидия берілгенін, мал басының жыл өткен сайын өте жоғары қарқынмен өсу үстінде екендігін, жай ғана мал емес, жаппай асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрғандарын айтса қайтер еді. Әттең, қулықтан ада, қайран Шығыстың аңқылдақ халқы-ай!... Үшінші сарын: Ойхой, Шығыс да­ласы, Абайлаған... Шырайлы да шұрайлы Шығыстың төскейде малы, төсекте басы қосылған, барға қанағат, жоққа салауат айтып үй­ренген көмбіс те көнтерлі жұрты жоқ­шы­­лығыңа да, тоқшылығыңа да, лып етіп келіп қонып, іле-шала екінші біреудің маңдайына ұя салар баянсыз құс – ба­қытыңа да аса көп пысқырмайды. Абы­рой мен өлмейтін, өшпейтін өнер тұрған жерде, жоғарыдағылардың бетіне түкіріп кетуге бар. Бұл жұрт пайғамбарлармен бәсекеге түсе қоймас, алайда кемең­гер­лік­тен ада емес. Алысқа қылта созып та қажеті шамалы. Абай мен Шәкәрім, Мұх­тар сынды алыптардың өздері-ақ мұ­қым қазақтың абыройы мен ар-ож­даны екендігі бесенеден белгілі. Бәз­бі­реулер анау Арқамен малы аралас, қойы қоралас жатқан Аягөздегі сыбан руынан 17 ақын шыққан десе, енді бір өңір шежіресінің қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығаратын ақикөздері: «Өу, мына тұрған он жетіні не бетіңмен малданып отырсың? Сыбаннан 162 ақынның шық­қаны – тарихтан белгілі» деп көз алар­тады. Мейлі, мәселе олардың санында да емес болар, әйтеуір қазақ руханияты дегенде ең бірінші Жидебайға ат шал­дыратынымыз рас. Экономикасы кемелденген соң, енді келіп дәуір арбасынан әр ғасыр текеме­ті­нің пұшпақтарына шашылып қалған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнері мен мә­дениетін, басқа да ұлттық жауһар­ла­рын түгендеуге көшкен Қазақстанның бір жоқшысы Шығыс өңірі екендігі шын­дық. Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың тікелей басшылығымен жол­ға шыққан «Мәдени мұра» бағдарламасы осынау жылдар ішінде қыруар шаруа тындырды. Бел шешіп, тер баспағаны, тағы да рас. Әнеу бір жылдары көк түріктердің ата­мекені Төр Алтайдан, оның кіндігі Катонқарағайдағы Берел жазығынан жер бесігінде 25 ғасыр тербеліп жатқан патша әулеті мұқым нөкерлерімен, сауыт-сайман, астарына мінген аламан тұл­пар­ларымен қоса қазылып алынды. Тарих үшін, күллі түркі жұрты үшін бұл тең­де­сі жоқ кесек оқиға болғаны рас. Тәуел­сіз­дік жемісін осы оқиғадан бастап тергеніміз, оның қадір-қасиетін осы тамаша жетістік арқылы танығанымыз жөн болар. Сол бір аса қымбат жәдігерлер ар­қы­лы қазақ жұрты бүткіл әлемге аттың жалы, түйенің қомында ғана туып, кө­шіп-қонып, өсіп-өнген жартылай жаба­йы халық емес, сол дәуірлердегі өрке­ни­ет­тің көш басында болғанын дәлелдеді. Сондай тарихи жұрттың суын ішіп, отын жағып отырған облыс халқы да бабалар дәргейіне татитындай болуға ты­рысатыны сөзсіз. Өңірдің мәдениеті, білім беру, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салалары ел егемендік алған­нан бергі кезеңде қарқынды дамып келеді десек, қателесе қоймаспыз. Бұл жыл­дар ішінде халықтың әлеуметтік деңгейі шынайы көтерілді, бір ғана 2010 жылы 16,8 мың адам жұмыспен қамтылса, 900-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары жөндеуден өткізіліпті. Өткен жылдар жүзінде жаңа­дан ғана 14 денсаулық сақтау ғимараты, он бес жыл ішінде 65 жаңа мектеп са­лы­нып, пайдалануға берілген. Облыс ау­мағындағы 731 білім беру мекемесі Қа­зақстанның болашағы саналар жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде республикада алдыңғы орында. 2003 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Өскемендегі Пушкин атындағы облыс­тық кітапханада кітапханалардың интернетке қосылған компьютерлік жүйесі пай­да болды. Қазіргі таңда облыста 671 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Жыл сайын мәдениет саласына бөлінетін қа­р­жы да артып келеді. Шығыс Қазақстан – халықтар досты­ғының күміс жақтаулы бесігі. Мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкіл­­дері бейбіт қатар өмір сүріп, қол­тық­таса еңбек етуде. Олардың туған жұрт­та­ры­­­ның әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, тілі мен ділінен қол үзбеулеріне барлық жағдайлар жасалған. Ертіс өзенінің сол жағалауы аталатын телімінде сандаған ұлттардың тұрмыс-тіршілігінен толық мағ­­лұмат беретін әсем де көрікті Этно­ауыл бой көтерді. Ол ауылдың Қазақ­стан­да баламасы жоқ. Оның тұсауын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кескенін облыс халқы үлкен абырой санайды. Спорт және туризм саласында жеткен жетістіктері де атан түйеге жүк болар­лықтай. Тәуелсіздіктің мерейтойы жыл­ғы Қазақстанда өткен Азиада ойын­да­рын­да Шығыстың спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті. Ол ойынға облыс­тан 20 спортшы қатысты. Полторанин, Яцкая, Малахова, Коломина, Закурдаев, Галышева, Бабенко сынды саңлақтары әлем спортының төрін шаңдатып жүр... Қазақтың пайғамбардан не әрі, не бері емес кемеңгері Абайдай алыбы­мыз­ды Өскеменнің төріне шығарға­ны­мыз­ды, та­ғы да сол Өскеменнің марксизм-ле­нинизм классиктерінің макинтошын жамылған кө­шелері бүгінгі күні Қа­бан­бай боп, Сәт­баев, Қайсенов, Төлеген Тоқ­таров, Тәуел­сіз­дік боп ұрандап жат­қанын әңгіме ара­сын­да қыстыра кетсе қайтер еді?! Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, журналист. Өскеменді қақ бөліп, қолаң шашты арудың қос бұрымындай ширатылып, еркелігінен ерте айырылған кексе Ертіс пен оның төркіндес «сіңлісі» – үл­бі­ре­ген Үлбі бет жүздерін солтүстікке бұра моп-момақан ағып барады. Бағзы замандардан солай. Бастауын жатжұрттан ала­тын ақ Ертістің арна­­сы сәл-пәл тө­мендеген. Оған кінәлі мен емеспін дегендей қы­зара қымсынады. Оған қара­ғанда Үлбі тым-тым еркіндеу. Ша­ңы­рақ­тағы оң жақта отырған кенже қыз секілді. Шолжың. Ерте көктемде шол­жаңдаймын деп жү­ріп жағалауында жан сақ­тап отырған біраз жұрттың дүние-мүкәмалын шайып та кетеді. Оған жұрт та мейіріммен қа­рауға үйренген... Қалай бол­ған­да да осы қос өзен ағысын тоқтатпаса екен. Өңір өмір нә­рін осы екеуінен алып отырғаны шындық. Дерек пен дәйек *Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы қарсаңында кәсіпорындар саны 600 есе өсті. Өндірістегі орташа жалақы 160 теңгеден 80 мың теңгеге ұлғайды. Об­лыс­­­тың инвестициялық портфелі 34 жобаны құрайды, құны 603,3 миллиард теңге, соның ішінде: республикалық карта бой­­­ын­­­­­­ша 9 жоба, құны 560,1 миллиард теңге; өңірлік карта бойынша 25 жоба, құны 43,5 миллиард тең­ге болады. * 2010 жылы 139 миллиард тең­геге 12 инвестициялық жо­­ба енгізілді. Кенді Алтайда өт­кен жылы жаңадан 3 ауыл бой көтеріп, 900-ге тарта отбасы қоныс тойларын жа­са­ды. Осы өркен жайған үш ауылда үш орта мектеп, екі балабақша, бірнеше отба­сы­лық амбулатория ашылды.VII Қысқы Азия ойындарында қа­зақстан­дық­тар 70 медальды жеңіп алса, оның 32-сі шы­ғыс­қа­зақстан­дықтар­дың үлесінде. *Өскеменде неке сарайы, жа­ңа қазақ театры, аурухана, әл­еу­­меттік ғимараттар құры­лы­сы бой көтереді. * 2009 жылы – 139, өткен жы­­лы – 144,7 ал биылғы жыл­дың же­ті айында 84,9 миллиард тең­­ге инвестиция тар­тыл­ды. *Мал шаруашылығы облыс­тың агроөнеркәсіптік кешені да­муында жетекші орын ала­ды. Мал шаруашылығының жал­­­пы өнімі көлемінің өсімі 15,1% болды. *28 асыл тұқымды шаруа­шы­лық (жоспарланғаннан 16-ға артық), 23 бордақылау ала­ңы (3-ке артық), 1 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Нә­ти­жесінде тиісінше ет және сүт өндірісі 9,1%, 3,1% ұлғ­ай­ды. Облыс республикада сүт өндіруден 1-орын алады. *Су тасқыны мен қатты қыс­тың салдарынан шығын бол­ған мал басын өтеу үшін же­ке тұлғаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойын­ша мал сатып алуға 350 млн. теңге бөлінді. Соның нәти­же­сін­де 815 бас ірі қара малы, 8463 бас қой мен ешкі, 382 бас жыл­қы саны қалпына келтірілді. *Ауыл шаруашылығын да­мы­­ту­ға әртүрлі қаржыландыру көз­дерінен 10,5% өсіммен 14,5 млрд. теңге тартылды, соның ішінде субсидиялау көлемі 5 млрд. теңгеден артық болды. Мамандыққа  құштарлық Қазіргі таңда жас жеткіншектерді жұ­мыспен қамту мәселесі ең өзекті мәсе­ленің бірі. Жақында Өскемен қаласында «Ма­ман­дығым – мақтанышым» атты жұ­­мысқа орналастыру жәрмеңкесі болып өтті. Оны облыс әкімі Б. Сапарбаев ашып, Республика алаңына жиналған он мыңға тарта колледж, жоғары оқу орындары, мектеп оқу­шыларына арнап сөз сөйледі. – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы, гүл­денуі сіздердің қолдарыңызда. Сон­дық­тан әр жас мамандық таңдау кезінде қа­те­леспеуі керек. Мамандыққа құшта­р­­лықты арттыру мақсатында бүгін облыс­­тағы орта арнаулы білім беретін колледждер, жоғары оқу орындары еңбек жәр­мең­­кесін өткізіп отыр, – деді облыс басшысы. Бұдан кейін ән мен күйге кезек берілді. Құ­рылысшылар қауымдастығының төрағасы В.Шацков жастарды өз мамандығын таңдауға, бұл мақ­сатта облыста бірнеше кәсіптік білім беретін лицей мен колледждер бар екен, солардың көрмесін тамашалауға шақырды. Қатар-қатар орналасқан қырыққа жуық білім ошақтарының еңбек жәрмеңкесін өңір басшысы аралап көрді. №8-ші кәсіптік лицейді ұзақ жылдар бойы Виктор Ярошенко басқарып келеді. Мұнда жиһаз жасаушы, ағаш ұстасы-ста­нокшы, сыршы-сылақшы, газ-электрмен дәнекер­леу­ші мамандары бойынша кадрлар әзірленеді екен. Білім беру тегін, төрт мезгіл тағам беріледі. Ал кәсіптік білім беретін лицей болашақ электрпісіруші мамандықтарын оқы­тып шығарады. Қала іргесіндегі Саратов ау­ы­лын­дағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжіне тәжірибелі бас­шы­сы Нұршат Абдуллина жетекшілік етеді. Бұл оқу орны 1945 жыл құ­рыл­ған. Осы уақыт ішінде оқу орнын ондаған мы