• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Қойнауы толы қазына

886 рет
көрсетілді

Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік, өзіңді алаш ұранды халқың қаншама ғасыр сағына да сарғая күтіп еді?! Тәубе, сол алағай-бұлағай кезеңдерге тонын берсе де қоңын бермей, сырын берсе де сынын бермей егемендігіне есен-сау жеткен жұртымыз бүгінгі таңда сол егіле тосқан егемендігінің уыз сорғалаған еміздігінен ернін ала алмай жатыр. Сондай өңірлердің бірі де бірегейі – ақбас Алтай мен ақниет Арқаның са­мұ­рық қанаты талар алты айшылық ара­сындағы алтын көпір іспетті, үстіндегі құндыз жағалы бұлғын шапа­ны­­­ның қос өңірін асқаралы шыңдарынан лекіте соққан самал желі желп еткізсе болды алтын мен күміс, мыс пен қорғасын, уран мен титан сауылдай төгілетін – Шығыс Қазақстан облысы. Бірінші сарын: Күн шапағы Шы­ғыс­тан құйылады. Мынау – ерке әрі кексе Ертіс. Ал мынау бір үлбірей ағып, сыңғырлай кү­ліп, Ертіс әпкесінің қолтығын қолаң ша­шымен қытықтап, айпара құшағына кіріп бара жатқан Үлбі атты ару өзен. Әне, солардың тоғысар мүйісінде кер маралдай керіліп, айшылық жерден көрініп әсем бір қала жатыр. Ол – Өскемен. Қа­ланың тарихы үш ғасырдың төңірегін шаңдатады. Жыры да, сыры да, мұңы мен шері де, өткен ғасырлар шежіресінен шертер әпсаналары да мол. Әңгіме онда да емес, бүгінгі әңгіме – бұл қа­ла­ның облыстағы жақсылықтар мен жа­сам­паз­дықтың ұйытқысы болып отырғанында. Атар таң мен шығар күннің Шы­ғыс­тан бастау алатыны, сонан кейін барып бүткіл Қазақстанға шапағы мен шуағын тарататыны – бесенеден белгілі. Яғни, бұл өңірдің жұрты, біздер, атар таңды алғаш қарсы аламыз. Ал, көк түріктердің кіндік жұрты – Күн тауы, қазіргі ата­уы­мен атар болсақ Алтай тауының шап­шы­ма шың­дары Күн шапағына бірінші бо­лып маң­дай­ын сүйгізеді екен. Сіз сонау бағзы за­ман­дардағы бабаларымыздың өз­­де­­ріне құтты мекен таңдауы мен жа­ңа­ғы ерекшеліктерден жұмбағи бір фило­со­фия­лық сәйкестік байқамайсыз ба? Өңірдің басты бренді түсті металлургия екендігі көпшілікке аян. Облыс Қазақстандағы түсті металдың қаймағы бес елі қазанын сапырып отыр. Әлемдегі көкжал мемлекеттердің басым бөлігі біздің Шығыстың ураны мен танталына, берилийі мен мырышына, мысына тәу­елді. Облыс стратегиялық аса маңызды аймақ. Сондай ұшан-теңіз байлықты ба­сып отыруға да, ұқсата білуге де бай­ып­тылық, іскерлік, парасаттылық қажет. Бо­дандықтың қамыты мойнын қажап, ақжем еткен Қазақстан сандаған ғасыр­лар жүзінде өз байлығына өзі иелік ете алмай, пұшайман күй кешкені өтірік емес. Бар байлығы бөтендердің қанжы­ға­сына байланып, боздап жүрген жұрт едік. Басқа халықты білмеймін, дәл қазақ үшін Тәуелсіздік атты ұғым тым-тым қасиетті. Екінші сарын: Жері – бай, көдесі – май, елі – жайсаң... Тәуелсіздіктің басты тірегі аса қуатты экономика екендігі белгілі. Кешегі күні Кеңес одағы ыдырап, бір-біріне күш­пен телінген республикалар өз күн­дерін өздері көруге көшкен аса ауыр шақта тек Қазақстанның ғана емес, бүт­кіл Одақтың қорғаныс қуатына, эконо­ми­касына мелжемді үлесін қосып, абы­ройын асқақ­татып тұрған Шығыс Қа­зақстандағы түсті металлургияның алып зауыттары мен ком­бинаттарының тыны­сы тарылып, өкпе­сіне сырыл араласа бастаған естанды кезеңде Елбасы өзі бас болып тығы­рықтан шығу жолдарын аласұра іздегені белгілі. Алыс-жақын елдердегі нарықтық экономиканың «тілін» біліп, әліпбиін меңгеріп қалған маман­дарды арнайы ша­қыртып, әужайларын түйген. Ақылдас­қан, кеңескен. Елбасы түсті металлургия қазанының астындағы қоламталанған от өшер болса, қайта тұтату қиынға со­ға­рын кемеңгерлікпен болжай білді. Жанталаса инвесторлар іздеді. Шындығын айтайық­шы, бүгінгі күні Шығыс Қазақ­стандағы түсті металлургия комбинат­тарының ай­да­рынан жел есіп, ысқырығы жер жарып тұрса, онда ел Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев­тың ұйқысыз түн­де­рі мен күлкісіз күндерінің, ерен еңбе­гінің ақталғаны деп білген жөн. Шығыс Қазақстан облысы еліміздің өнеркәсібі дамыған өңірлерінің біріне жа­тады. Алтай мен Арқа аралығындағы айшылық аймақта жоғарыда айтып өт­кен түсті металлургиядан басқа машина жасау, энергетика, азық-түлік, жеңіл және ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индус­трия­сының ірі кәсіпорындары шоғыр­лан­ған. Олар негізінен үш сала бойынша жіліктеледі: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өн­дірісі, электр энергиясы. Мәселен, соң­ғы он жыл аралығындағы өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің көлемін тара­зы­лар болсақ, шындығында да таң қал­мас­қа шараңыз қалмайды. 2000 жылы өнді­ріл­ген өнім көлемі 143,3 млрд. теңгені құраса, ол көрсеткіш 2010 жылы 624,2 млрд. теңгеге жеткен. Яғни, көлем 4,4 есеге ұлғайды деген сөз. Сонымен қоса өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі де төрт есеге артып, 449,9 млрд. теңгені құраған. Ал тау-кен өндірісінің өнім көлемі тіпті 8,9 есеге дейін көтерілген. Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығына осыдан артық қандай шашу, осыдан артық қандай базарлық болмақ! Бас-аяғы он жыл ішінде мы­на­дай қарқынмен дамыған өндірісіміз осы шабысынан таймаса игі еді. Нарықтың басты қоз­­ғаушы күші деп шағын кәсіпкерлікті тегіннен-тегін атамаса керек. Об­лыста бұл саланы жеті мыңнан аса шағын кә­сіпорын, 50 мың­­нан астам жеке кә­сіп­­­кер­лер то­л­ықтыруда. Әри­не, бұл жерде сауда және қыз­мет көрсету са­ла­ла­ры ба­сымдыққа ие. Өң­ір­дің жұмысқа қа­бі­лет­ті тұр­ғын­дарының төрт­­тен бірі дәл осы са­ла­­ның қо­лам­тасын қа­ғыс­тырып, алауын тұтатуда. Аймақта жаңа инно­вациялық өндірісті жа­сақ­тау, инновациялық ин­фрақұрылымды да­мы­ту жөнінде де қыруар ша­ралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл салада әсіресе, «Ядролық тех­но­логиялар паркі», «Алтай» технопаркі өте белсенділік байқатуда. Мә­­се­лен, бір ғана 2010 жы­лы «Алтай» технопаркі аясында 16 ірі жобаның тұсаукесері өткізіліп, сараптау кеңесінің сүзгі­сі­нен жалпы құны 28 759 000 теңгелік төрт инно­­­ва­циялық жо­ба өткенін айтпай кетуге болмас. Со­нымен қатар Президентіміз Н.Назар­ба­ев­тың 2009 жылғы мамырдағы тапсыр­масына сәйкес өңірде жаңа технологиялар аймағын құру жұмысы бір сәт те толастамаған. Бұл өңір экономи­ка­сы­­на елеулі серпін берері рас. ЖТА аясын­да конструкторлық бюро және металлургия орталығы бірлесе қызмет атқармақ. Шығыс Қазақстанның қойнауы толы қазына, қазба байлық. Сондықтан да шы­ғар, оның екінші атауы – Кенді Алтай. Басты байлығы полиметалл кендері. Қорғасын, мырыш, мыстан кадмий, висмут, алтын, күміс, сынап, селен, теллур, индий, күкірт алынады. Сонымен бірге, аса сирек кездесетін металдар: титан, бериллий, церий, ниобий, самарий, европий және олардың қосылыстарын өнді­румен де шұғылданады. Облыс аумағында тас көмір мен қо­ңыр көмірдің үлкен кен орындары ашы­лып, оларды қазбалау жұмыстары қар­қын­ды жүргізілуде. Құрылыс мате­риал­дары өндірісін дамытуға қажетті шикі­заттың бай қоры бар. Гранит, мәрмәр, тағы да басқа өңдеу тастары өндіріледі. Оған қоса минералды сулар мен шипалы балшығы тағы бар. Мұнай барлау жұ­мыстары жүргізілуде. Алдағы бесжыл­дық­тар жүзінде Шығыс Қазақстан мұ­найлы аймаққа айналып жатса, оған мүлдем таң қалмаңыз. Облыс Қазақстандағы атом электр стансаларына отын өндіретін бірден-бір аймақ. Мәселен, «Қазмырыш» АҚ-тың мырыш өндірісінің көлемі әлемдегі мы­рыш өндірісінің 5 пайызын құрайды. Өнеркәсіп өндірісі көлемінде машина жасаудың үлес салмағы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Машина жасау және металл өңдеумен «Семей машина жасау зауыты» ААҚ, «Броньді танк жөн­деу зауыты» РМК, «Қазақкабель» ЖШС, «Шығысмашзауыт» ААҚ, «Өскемен арматура зауыты», тағы басқалар шұғыл­данады. Қазақстандағы бірден-бір жеңіл автомашина құрастыратын «Азия-Авто» зауыты 2002 жылы құрылып, онда шетелдік көліктермен тайталасқа түсуге қа­білетті машиналар шығарылуда. Соны­мен қатар, құрылыс материалдары өнді­рісімен «Бұқтырма цемент компаниясы» ААҚ, «Семей асбоцембұйымдар зауы­ты» ЖШС, «Семейцемент» ЖАҚ, «Силикат» АҚ шұғылданып жатыр. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Шығыста ГОЭЛРО жоспарына сәйкес ал­ғашқы электр стансаларының бірі – Жоғарғы Қарауыз (Громотуха өзені) салынды. Тұңғыш гидротурбина орнаты­лыпты. Ол ленинградтықтардың сыйы көрінеді. Кейіннен электр энергетикасы саласына Ертістегі Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі ГЭС-тері қосылды. Десек те, осылардың барлығы жиналып келгенде бүгінгі таңдағы сұранысты қанағат­тан­дыруға әлсіздік байқатуда. Сондықтан облыста қосымша энергия көздерін табу жолдары іздестірілуде. Өңірдегі атқарушы биліктің басты мұраты – облыс тұрғындарының әлеу­мет­тік тұрмысын жақсарту, соған сай жоспарлар кешенін жүзеге асыру. Шы­ғыс Қазақстан облысы Ресей, Қытай, Моң­ғолия секілді мемлекеттермен шекаралас жатыр. Сондықтан да осы көр­ші­лес мемлекеттермен тығыз сауда-эконо­ми­калық байланыс орнатуға мүдделі. Өткен күзде облыс орталығы Өскеменде Қазақстан-Ресей мемлекеттері арасын­да­ғы дәстүрлі экономикалық форум өткі­зілді. Оған екі ел президенттері – Назарбаев пен Медведев қатысты. Сол алқалы жиын аясында Ресейдің Алтай өлкесі, Таулы Алтай Республикасы, Новосібір, Том, Омбы, Челябі, Самара облы­с­та­ры­мен отыздан астам келісім-шарттарға, көп­теген меморандумдарға қол қой­ыл­ды. Жалпы, Ресейдің аталмыш облыста­ры­мен Шығыс Қазақстанның арасында ертеректен сауда-экономикалық байла­ныс жақсы жолға қойылған. Сауда-сат­тықты былай қойғанда, мәселен, білім беру, денсаулық сақтау сияқты салаларда тығыз қарым-қатынас бұрыннан бар. Сондай-ақ, алып көршіміз Қытаймен, шығыстағы Моңғолиямен де қарым-қатынас бір ізге түскен. Өткен жылғы қыс пен көктем Шығыс Қазақстанның халқына да, атқарушы билігіне де алапат ауыр жүк артты, үлкен сын болды. Ерте көктемде аяқ астынан еріген қалың қар облыстың оңтүстік аудандарының бірқатар ауылдарын су тасқынының астында қалдырды. Тарба­ғатай ауданындағы Көкжыра, Жәнтекей секілді ауылдар түгелге жуық шайылып кетті. Әйтеуір сақтық шараларын алдын-ала жасаудың арқасында мал шығыны болғанымен, адамдардың құрбандығына жол берілген жоқ. Жаз бойы осы ауданда қарқынды құрылыс жүрді. Екі ауыл жаңадан тұрғызылды. Қара күзге дейін тұрғындар түгелдей су жаңа үйлерге кірді, қоныс тойларын тойлады. Мектеп оқу­шылары жаңа мектептердің босаға­сынан аттады, жаңа парталарда отырды. Әрине, барлығын облыс өз күшімен тұр­ғызды, барлық қаржылық шығынды өз­дері көтеріп алды десек асылық болар, бүткіл республика көмекке келді. Қазақ­стан атты берекесі мен бірлігі ұйысқан мемлекет өз ұйымшылдығының жарқын үлгісін көрсетті. Сол бір қиын-қыстау кезеңде көмек қолдарын созған Қазақ­стан­ның барлық халқына облыс жұрты әлі күнгі алғысын алқалап отыр. Елбасының мұрындық болуымен дү­ниеге келген «Нұрлы көш» бағдар­ла­ма­сына сай Өскемен қаласының іргесінде ине-жіптен жаңа ғана шыққан ақшаңқан ауыл бой көтерді. Онда бас-аяғы 700-ден астам үй тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда 360 үй пайдалануға берілді. Орал­мандардың қуанышында шек жоқ. Неге десеңіз, оларға салынған үйлердің қа­ладағы пәтерлерден еш айырмасы жоқ, барлық жағдай жасалған. Ол ауылдың тұсаукесер тойына Елбасы Н.Назар­баевтың өзі қатысып, қоныстану­шы­лар­ға ақ тілегін білдірді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына үлкен шашу да осы болар. Тізе берсек, жақсылықтар жетерлік. Облыстың болашаққа деген жоспарлары одан да қомақты. Мәселен, 2015 жылға дейін «Қазақмыс корпорациясына» қа­райтын, жалпы құны 225 млрд. теңгелік Ақтоғай кен байыту комбинатын, «Азия Авто» АҚ-қа қарасты автозауыт (жалпы құны 74,5 млрд. теңге) және 125,8 млрд. теңгелік Бақыршық кен-байыту комби­натының құрылысын аяқтау жобалары бар. Облыста тек ауыр өнеркәсіп, тау-кен өндірісі ғана емес, ауыл шаруашылығы салаларында да қол жеткен жетістіктер жетерлік. Онда тек өткен жылы ғана индустриялық-инновациялық үш ірі жоба іске қосылыпты. Ет өнімдерін өндіру, оны тек өз сұраныстарын қана­ғат­тан­ды­рып қою үшін емес, экспорттау жағына да көңіл аударылуда. Бүгінгі таңда бұл саланы өркендету үшін облыс бойынша 238 мал бордақылау алаңы, 156 асыл тұқымды мал өсірумен шұ­ғыл­данатын шаруашылықтар айналысуда. Шығыстың әдеті осы, мақтануға жоқ. Бұзауын боталы түйе етіп көрсе­ту­ден қашады. Алладан қорқатын шығар. Әйтпесе, соңғы он жыл ішіндегі тауар айналымының өсімі 4,3 есеге артқанын, Индустрияландыру картасы шеңберінде 2010 жылдың қорытындысында облыс­тың 493,5 млрд. теңгелік 12 инвести­ция­лық жобасы енгенін, соның негізінде 1,7 мың жұмыс орны ашылғанын, ауылша­руа­шылық өнімдерінің жалпы көлемі он жыл ішінде 3,2 есеге көтерілгенін, негізгі қаржыға инвестиция тарту 3,9 есеге артқанын, Семейдегі жылу орталығы­ның бастысы саналатын ЖЭО-1-де қай­тара жарақтандыру жүріп жатқанын, тағы да... жылу мәселесі әр қыс сайын жырға айналатын осы қалада тағы да бір жаңа жылу орталығын салуды жоспарлап жатқандарын, бір ғана 2010 жылдың өзінде ауылшаруашылық тауарын өнді­ру­шілерге 4,8 млрд. теңге субсидия берілгенін, мал басының жыл өткен сайын өте жоғары қарқынмен өсу үстінде екендігін, жай ғана мал емес, жаппай асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрғандарын айтса қайтер еді. Әттең, қулықтан ада, қайран Шығыстың аңқылдақ халқы-ай!... Үшінші сарын: Ойхой, Шығыс да­ласы, Абайлаған... Шырайлы да шұрайлы Шығыстың төскейде малы, төсекте басы қосылған, барға қанағат, жоққа салауат айтып үй­ренген көмбіс те көнтерлі жұрты жоқ­шы­­лығыңа да, тоқшылығыңа да, лып етіп келіп қонып, іле-шала екінші біреудің маңдайына ұя салар баянсыз құс – ба­қытыңа да аса көп пысқырмайды. Абы­рой мен өлмейтін, өшпейтін өнер тұрған жерде, жоғарыдағылардың бетіне түкіріп кетуге бар. Бұл жұрт пайғамбарлармен бәсекеге түсе қоймас, алайда кемең­гер­лік­тен ада емес. Алысқа қылта созып та қажеті шамалы. Абай мен Шәкәрім, Мұх­тар сынды алыптардың өздері-ақ мұ­қым қазақтың абыройы мен ар-ож­даны екендігі бесенеден белгілі. Бәз­бі­реулер анау Арқамен малы аралас, қойы қоралас жатқан Аягөздегі сыбан руынан 17 ақын шыққан десе, енді бір өңір шежіресінің қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығаратын ақикөздері: «Өу, мына тұрған он жетіні не бетіңмен малданып отырсың? Сыбаннан 162 ақынның шық­қаны – тарихтан белгілі» деп көз алар­тады. Мейлі, мәселе олардың санында да емес болар, әйтеуір қазақ руханияты дегенде ең бірінші Жидебайға ат шал­дыратынымыз рас. Экономикасы кемелденген соң, енді келіп дәуір арбасынан әр ғасыр текеме­ті­нің пұшпақтарына шашылып қалған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өнері мен мә­дениетін, басқа да ұлттық жауһар­ла­рын түгендеуге көшкен Қазақстанның бір жоқшысы Шығыс өңірі екендігі шын­дық. Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың тікелей басшылығымен жол­ға шыққан «Мәдени мұра» бағдарламасы осынау жылдар ішінде қыруар шаруа тындырды. Бел шешіп, тер баспағаны, тағы да рас. Әнеу бір жылдары көк түріктердің ата­мекені Төр Алтайдан, оның кіндігі Катонқарағайдағы Берел жазығынан жер бесігінде 25 ғасыр тербеліп жатқан патша әулеті мұқым нөкерлерімен, сауыт-сайман, астарына мінген аламан тұл­пар­ларымен қоса қазылып алынды. Тарих үшін, күллі түркі жұрты үшін бұл тең­де­сі жоқ кесек оқиға болғаны рас. Тәуел­сіз­дік жемісін осы оқиғадан бастап тергеніміз, оның қадір-қасиетін осы тамаша жетістік арқылы танығанымыз жөн болар. Сол бір аса қымбат жәдігерлер ар­қы­лы қазақ жұрты бүткіл әлемге аттың жалы, түйенің қомында ғана туып, кө­шіп-қонып, өсіп-өнген жартылай жаба­йы халық емес, сол дәуірлердегі өрке­ни­ет­тің көш басында болғанын дәлелдеді. Сондай тарихи жұрттың суын ішіп, отын жағып отырған облыс халқы да бабалар дәргейіне татитындай болуға ты­рысатыны сөзсіз. Өңірдің мәдениеті, білім беру, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салалары ел егемендік алған­нан бергі кезеңде қарқынды дамып келеді десек, қателесе қоймаспыз. Бұл жыл­дар ішінде халықтың әлеуметтік деңгейі шынайы көтерілді, бір ғана 2010 жылы 16,8 мың адам жұмыспен қамтылса, 900-ден астам білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары жөндеуден өткізіліпті. Өткен жылдар жүзінде жаңа­дан ғана 14 денсаулық сақтау ғимараты, он бес жыл ішінде 65 жаңа мектеп са­лы­нып, пайдалануға берілген. Облыс ау­мағындағы 731 білім беру мекемесі Қа­зақстанның болашағы саналар жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде республикада алдыңғы орында. 2003 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Өскемендегі Пушкин атындағы облыс­тық кітапханада кітапханалардың интернетке қосылған компьютерлік жүйесі пай­да болды. Қазіргі таңда облыста 671 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Жыл сайын мәдениет саласына бөлінетін қа­р­жы да артып келеді. Шығыс Қазақстан – халықтар досты­ғының күміс жақтаулы бесігі. Мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкіл­­дері бейбіт қатар өмір сүріп, қол­тық­таса еңбек етуде. Олардың туған жұрт­та­ры­­­ның әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, тілі мен ділінен қол үзбеулеріне барлық жағдайлар жасалған. Ертіс өзенінің сол жағалауы аталатын телімінде сандаған ұлттардың тұрмыс-тіршілігінен толық мағ­­лұмат беретін әсем де көрікті Этно­ауыл бой көтерді. Ол ауылдың Қазақ­стан­да баламасы жоқ. Оның тұсауын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кескенін облыс халқы үлкен абырой санайды. Спорт және туризм саласында жеткен жетістіктері де атан түйеге жүк болар­лықтай. Тәуелсіздіктің мерейтойы жыл­ғы Қазақстанда өткен Азиада ойын­да­рын­да Шығыстың спортшылар жақсы нәтижелер көрсетті. Ол ойынға облыс­тан 20 спортшы қатысты. Полторанин, Яцкая, Малахова, Коломина, Закурдаев, Галышева, Бабенко сынды саңлақтары әлем спортының төрін шаңдатып жүр... Қазақтың пайғамбардан не әрі, не бері емес кемеңгері Абайдай алыбы­мыз­ды Өскеменнің төріне шығарға­ны­мыз­ды, та­ғы да сол Өскеменнің марксизм-ле­нинизм классиктерінің макинтошын жамылған кө­шелері бүгінгі күні Қа­бан­бай боп, Сәт­баев, Қайсенов, Төлеген Тоқ­таров, Тәуел­сіз­дік боп ұрандап жат­қанын әңгіме ара­сын­да қыстыра кетсе қайтер еді?! Әлібек ҚАҢТАРБАЙ, журналист. Өскеменді қақ бөліп, қолаң шашты арудың қос бұрымындай ширатылып, еркелігінен ерте айырылған кексе Ертіс пен оның төркіндес «сіңлісі» – үл­бі­ре­ген Үлбі бет жүздерін солтүстікке бұра моп-момақан ағып барады. Бағзы замандардан солай. Бастауын жатжұрттан ала­тын ақ Ертістің арна­­сы сәл-пәл тө­мендеген. Оған кінәлі мен емеспін дегендей қы­зара қымсынады. Оған қара­ғанда Үлбі тым-тым еркіндеу. Ша­ңы­рақ­тағы оң жақта отырған кенже қыз секілді. Шолжың. Ерте көктемде шол­жаңдаймын деп жү­ріп жағалауында жан сақ­тап отырған біраз жұрттың дүние-мүкәмалын шайып та кетеді. Оған жұрт та мейіріммен қа­рауға үйренген... Қалай бол­ған­да да осы қос өзен ағысын тоқтатпаса екен. Өңір өмір нә­рін осы екеуінен алып отырғаны шындық.