• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Алда ауқымды міндеттер тұр

309 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тия­лық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамед­жанов­тың төрағалығымен ел тәуелсіздігінің тарихында тұң­ғыш рет партиялық тізім арқылы сайланған палатаның бесінші сессиядағы алғашқы отырысы болып өтті. Онда спикер кіріспе сөз сөйлеп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталып өтті. – Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары демократия мен на­рық­тық экономиканың жаңа моделін жасау, еркін, ынтымағы жарас­қан, көп ұлтты қоғам орнату жо­лында біршама қиындықтарды бастан өткерді, – деді Мәжіліс Төрағасы өзінің кіріспе сөзінде. – Еліміз сол қиындықтарды жеңіп шығып, көршілес елдерден бұ­рын қарқынды даму жолына тү­сіп, өзінің жалпы адамзаттық мұ­раттар мен мақсаттарды ұстана­тын­дығын растай алды. Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына ойдағыдай төр­ағалық ету, осы ұйымның тарихи Астана Саммиті, Шанхай ынты­мақтастық ұйымына, Ислам ын­ты­мақтастығы ұйымына төраға­лық ету және Қазақстанның бас­қа да сыртқы саяси табыстары – еліміздің халықаралық аренадағы жоғары беделінің көрсеткіші екен­дігі даусыз. Осыны айтқан спикер табыс­тарымыздың бәрі тәуелсіз Қа­зақ­станның негізін қалаушы, оны ор­натушы – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың басшылығының ар­қасында қол жеткізілген бүкіл Қазақстан халқының жеңісі екендігін ерекше атады. О.Мұхамеджанов бесінші сес­сияны ашарда Елбасы заң шы­ға­рушылардың жұмысына жоғары баға бергендігін айта келіп, бұл заң шығару процесін одан әрі жандандыруға ынталанды­раты­нын, жоғары жауапкершілік пен ұйымшылдықты талап ететіндігін жеткізді. Алда елдің орнықты және теңгерімді дамуын, ұлттық экономиканың бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету жо­лындағы үлкен шаруалар күтіп тұр. Отандық экономиканың ин­но­вациялық жолға шығуын қам­та­масыз ететін, сондай-ақ энер­ге­тика саласының инвестициялық мүмкіндіктерін арттыратын нор­ма­тивтік-құқықтық база қалып­тас­тыруды жалғастыру қажет, деді осы орайда Орал Байғонысұлы сөзін сабақтай түсіп. Сондықтан да «Индустриялық-инновация­лық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» және жуық арада келіп түсетін «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобаларын жедел қарап, қолданысқа енгізу қажет. Қазақ­стандықтардың әл-ауқа­тын арттыру және бизнес пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту мақсатында «Халықтық IPO» бағдарламасын іске қосу үшін жаңа құқықтық негіз жасау да уақыт талабы. Елбасы Қа­зақ­стандағы бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту үшін бизнестің жаңа субъектілерін тіркелген күн­нен бастап 3 жылға дейінгі мерзімде мемлекеттік орган­дар­дың жоспар­лы тексерулеріне заң­намалық тұр­ғыдан тыйым салу қажеттігін атап көрсетті. Депутаттар бюджет жоба­сына қатыс­ты нысаналы ұс­танымдар мен талаптарды заң жо­басы Парламентке енгізілгенге дейін-ақ айқындауға тиіс. Әлеуметтік жаңғырту процесін одан әрі жалғастыруды заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сол арқылы бүкіл қазақстан­дықтардың тұрмыс сапасын арт­тыру алдағы сессиядағы басты міндеттердің бірі болып табы­ла­ды, деді О.Мұхамеджанов. Олай болса, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдау­ла­рын­да айтылған тапсырмаларды іске асыруды заңнамалық дең­гей­де қамтамасыз ету өз жалғасын таппақ. Бюджет жобасымен жұ­мыс істеу барысында халықты әлеу­меттік қорғау сияқты стра­тегиялық бағытты қажет ететін қаржы ресурстарымен нығайта түсу біз үшін аса маңызды. Пре­зиденттің тапсырмасы бойынша білім беру мен ғылымның құ­қық­тық базасын халықаралық стан­дарттарға сәйкес келтіру керек. Спикер, сонымен қатар, зияткерлік меншік нарығы дамуының негізін қалап, еңбек қатынасына қатысушылардың мүдделеріне сай Еңбек кодексін жетілдіру де орынды екендігін айтып кетті. Мемлекет басшысы құқық қор­ғау органдары мен сот жүйе­сін реформалаудың заңдық негізін кеңейту жөнінде нақты тап­сырма бергендігін, осыған байла­нысты Парламент ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес сала­сын­дағы қылмыстық және қылмыс­тық-іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған заңдарды қа­былдауы керек екендігін жеткізді. Жергілікті соттардың рөлін арт­ты­ру және Жоғарғы Соттың қада­ға­лау функцияларын кеңейту үшін бірқатар мәселелерді шешу назар­ға алынған. Сонымен бірге, «Ұлт­тық қауіпсіздік туралы» Заң­ның жаңа редакциясын және «Арнайы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын қабылдау қажет. Алдағы сессиядағы депутат­тар­дың заң шығару қызметіндегі басым бағыттардың бірі отандық бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды дамыту болып отыр, деген Мә­жі­ліс Төрағасы Парламент «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобаларын қа­былдауы керектігін атап көр­сетті. Спикердің сөзінен жақын арада қабылдануға тиісті банк қызметі және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу, жобалық қаржыландыру, адвокатура, мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс, бюджеттік процесс пен уәкілетті органдардың мемлекеттік және бюджеттік жос­пар­лауға қатысты құзыретінің аражігін ажырату мәселелері жө­нін­дегі заң жобалары пысықталып жатқаны да белгілі болды. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша мемле­кет­тің стратегиялық жоспарлары­ның орындалуына, даму бағдар­ла­маларына жұмсалатын қара­жат­ты тиімді пайдалануға Парламент қатаң бақылау жасап оты­руы қажет. Бұдан басқа, Парламент палаталарының бірлескен отырысында саяси маңызы зор құжат – Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің жиырма жылдығы деклара­ция­сын қабылдау жоспарлануда. Атқарылатын істер қанша ауқым­ды болғанымен, еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық және қо­ғам­дық-саяси дамуы арқылы әр­бір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Елбасы алды­мыз­ға қойған міндеттерді ойдағыдай шешетінімізге кәміл сенемін. Әрине, мұндай көлемді де қо­мақ­ты жұмысты абыроймен атқару Үкімет тарапынан да ширақ іс-қимылды талап етеді. Үкімет тиісті заң жобаларын Мәжіліске дер кезінде және сапалы түрде түсіріп, депутаттардың көтерген мәселелеріне уақытында жауап қайтарып, орынды ұсыныстары­на қолдау көрсетіп отыруға міндетті, деді О.Мұхамеджанов. Кешегі отырыстың күн тәр­ті­біне шығарылған жиырма мәсе­ле­нің барлығы да оң шешілді. Ал­дымен күн тәртібінде Қызыл­орда мемлекеттік университе­ті­нің ректоры болып тағайындалған Мәжіліс депутаты Қылышбай Би­сеновтің депутаттық өкілетті­гін мерзімінен бұрын тоқтату ту­ралы мәселе депутаттар тарапы­нан қолдау тапты. Мәжіліс Төр­ағасы депутаттың төрт жыл бірлесе атқарған заңшығарушылық жұмысын жоғары бағалай келіп, өзі және әріптестері атынан үл­кен ризашылығын жеткізді. Осы ретте «2012-2014 жыл­дарға арналған республикалық бюджет туралы» және осы жыл­дар аралығында Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ту­ра­лы заң жобаларына қорытынды әзір­леу мәселесі де қолдау тап­қан­дығын айта кету керек. Сон­дай-ақ күн тәртібінде Парламент палаталарының бірлескен отыры­сында Президент айқындап берген төрт блок бойынша бірқатар заң жобаларына қорытынды әзір­леу мерзімдері анықталды. Атап айтқанда, «Индустриялық-инно­ва­циялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ілеспе заң жобалары қаралып, заңнамалық айналымға алынды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.