Бұл алып кәсіпорын бұрынғы Қостанай дизель қозғалтқыштары зауытының орнында 2003 жылы іргесін қалаған болатын. Содан бері еліміздегі машина жасау саласының ірі нысаны Елбасының мұқият назарында. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы осы жылдар ішінде бүгін үшінші рет атбасын тіреп тұр. «Президент әр келген сайын кәсіпорын биік сатыға өсіп отырды, көп іс тындырдық», дейді «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким журналистермен әңгімесінде.
Расында, «АгромашХолдинг» астықты, кенді Қостанайдың даңқын енді машина жасау ісімен алысқа апаратын болады. Мұнда қатарынан бірнеше инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірегейі деп Оңтүстік Кореяның Ssang Young жүрдек көлігінің Қостанайда құрастырылуын айтуға болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаз-қатар тізілген Ssang Young көлігінің жанына келді. Бұл жобаның құны 2,4 миллиард теңгені құрайды. Ол қолға алынған аз уақыттың ішінде Ssang Young жүрдек көлігінің 600 данасы құрастырылып, тіпті сатылып та үлгерді. Бүгінге дейін Қостанайдан бұл машинаның 5 түрі шығарылады. Оның «Nomad» маркасы жақын шетелдерге экспортталады. Жыл аяғына дейін марканың әкелінуіне байланысты құрастырудың жаңа желісі іске қосылады. Соның арқасында жыл сайын көлік саны еселеп артатын болады. Мысалы, биыл қостанайлық Ssang Young көлігінің 1500 данасы сапқа тұратын болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 7500-ге жетеді деп болжануда. Қазақстандықтар сәні де, сапасы да келіскен жүрдек көліктерді енді шекара аспай-ақ Қостанайдан алып мінетін уақыт алыс емес. Бұл цехта 35 қостанайлық үстіне қылау жұқтырмай, халатпен жүріп жұмыс істейді. Агромашхолдингтіктер кореялық көлікті шығарғанда, оған қазақстандық мазмұн беруге ерекше көңіл бөліп отыр. Жақын уақытта Ssang Young жүрдек машинасының қауы (кузовы) «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының цехында дәнекерленіп, боялатын болады. Корейлердің жасағанын қостанайлықтар жасай алмай ма? Осы цехқа қосымша 150 адам жұмысқа тұрады! «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының атшаптырым ғимаратында құрастырылып, қаз-қатар қойылған жеңіл машинадан кейін ауыл шаруашылығы техникалары жалғасады. Нұрсұлтан Назарбаев комбайндардың қасында кідірді. Еліміздің тұралаған экономикасы 2000-шы жылдары еңсесін көтере бастағанда, алып кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласының тозған техника паркін жаңалауды мақсат еткен болатын. Бұл күнде қарымды жұмыстар жүргізіліп жатқан кәсіпорында сол меже сөз күйінше қалмай, іске ұласқан. «АгромашХолдинг» қазірде ауыл шаруашылығы техникаларының оннан аса түрін құрастырып шығарады. Астық жинайтын ESSIL-740, ESSIL-760, жем-шөпке арналған КСК-600 комбайндары диқандар сынынан өткен. «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы Қостанай филиалының директоры Петр Максаковтың айтуынша, кәсіпорын осы комбайндардың биыл 6-шы буынын (класын) шығаруға қол жеткізді. Үстіміздегі жылдың өзінде кәсіпорын еліміздің барлық шалғайындағы диқан қауымына 420 комбайн сатқан. Биыл ғана құрастырылған әлгі 6-шы класты 30 комбайн да иесін тауып үлгерген. «Қазақстанда жасалған» белгісімен өз Отанымызда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының көп артықшылықтары бар. Әсіресе, сауда-сервис орталықтары диқандарға тиімділігін көрсетіп отыр. «АгромашХолдингтің» Қазақстанның облыстарында 8 сауда-сервистік орталықтары жұмыс істейді. Олар өздері сатқан техникаларға қызмет көрсетеді. Техниканың аты – техника. Көктемгі, күзгі науқандарда диқан бір қолын екі ете алмай жанығып жатқан кезде техника сынса, сервистік қызмет олардың қасынан табылады. Еуропадан, мұхит асып Америкадан әкелінген қуатты ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу мен олардың қосалқы бөлшектерін табу диқандардың әрі қолын байлап, әрі шығынға батырып отырғаны жасырын емес. Ал «АгромашХолдингтен» ауыл шаруашылығы техникалары қосалқы бөлшектерінің 170 аталымы шығарылады. Әрі мамандар сынған техниканы сол сәтінде барып жөндеп береді. Міне, дамудың сүрлеуі! «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында тағы бар инвестициялық жоба қанат қағу алдында тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев УАЗ машиналарын құрастыруға дайындалып жатқан цехқа келіп, болашақ өнімнің үлгілерімен танысты. Ресейлік «Соллерс» компаниясы мен қостанайлық «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп, тамаша істі қолға алды. «Тобыл» ӘКК бұл жобаға 2,4 миллиард теңге шығарып отыр. Осы екі ел инвесторлары құйған қаржыға «Сарыарқа Автопром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі УАЗ машиналарының 8 түрін құрастырып шығаратын болады. Жобаның жылына 18 мың машина жасайтын қуатты мүмкіндігі бар. Биыл көз үйреніп, қол жаттыққанша 122 машина құрастырылады, оның 52-сі өз иесін тауып қалады деген ой бар. Келесі жылы зауыттан 4175 УАЗ көлігі шығарылып, сатылады. Ал 2017 жылы бұл сан екі еседен аса көбейетін болады. 130 қостанайлық осы цехтан жұмыс орнын табады. Нұрсұлтан Назарбаев цехқа келгенде жұмысшылармен кездесті. Елбасы елімізде адамдарға жасалып жатқан әлеуметтік игіліктерді айтты. – Мемлекет еңбек адамына барлық жағдайды жасауға ұмтылып отыр. Баспаналы болуға да мүмкіндік мол. Мысалы, үй аласың ба, өз меншігіңдегі үйіңді жөндейсің бе, соған қажетті қаржының 50 пайызын өзің жинайсын, қалған 50 пайызын мемлекеттен несиеге аласың. Үйіңе келетін жылу, су, канализаця құбырларының барлығын да мемлекет өз мойнына алған. Оған сенен шығын шықпайды. Алған несиеңді 7 жылда қайтарасың. Үйіңді сыйға бергенмен бірдей емес пе мұндай мүмкіндік? Мемлекет халық үшін жасап отырған осындай әлеуметтік жағдай басқа ешбір елде жоқ. Айлық жалақыны, зейнетақыны көтеріп отырмыз. Бұрынғы жабылған зауыт, фабрикаларды қалпына келтіріп, жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Мұның барлығы биыл кең көлемде 20 жылдығы атап өтілетін ел тәуелсіздігінің арқасы, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «АгромашХолдинг» кәсіпорнының жұмысшысы Сәкен Жиентаев Елбасыдан бір ауыз сөз сұрады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз бізге екі рет келгенде де жұмыстан кетпеңдер, еңбек етіңдер деген едіңіз. Сол сөзіңіз санамда жаңғырып тұрғандай, мен сүйікті ісімді жалғастырып келемін. Ешқайда кеткен жоқпын. Тәуелсіз елімізді қандай да қиындықтардан алып шығып келесіз. Алдағы уақытта да елді табысқа бастай беріңіз, Сізге денсаулық тілеймін, – деді ол. Мұнан кейін Президент мінген кортеж Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың құрылысы енді біткен корпусына қарай беттеді. Бес блоктан тұратын 6 қабатты аурухана кешенінің құрылысы 2008 жылы басталған болатын. Бұл инвестициялық нысанға қаржы республика қазынасынан бөлініп, ол «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынды. Үстіміздегі жылы 300 орындық жаңа блок пайдалануға берілгенде, облыстың емдеу орталығының қуаттылығы 555 төсекке жетті. Жаңа кешеннің құрамына емдеу-диагностикалық, жұқпалы аурулар, шаруашылық, әкімшілік корпустары мен емхана кіреді. Жаңа құрылыстың сметалық құны 6 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде 1 миллиард 600 мың теңгеге аурухана компьютерлік томограф, эндобейнетехника, ультрадыбысты аппараттар, операциялық блок шамдары алынды және урология, нейрохирургия, торакальды хирургия бөлімшелері заманауи құралдармен жабдықталды. Елбасы 1913 жылы бой көтерген үйдің сыртқы тарихи бейнесін сақтай отырып салынған еңселі ғимаратқа кірген соң, дәрігерлермен әңгімелесіп, ауруханада қазір қандай күрделі операциялар жасалатындығын, жабдықтардың қандай шет елдерден алынғанын, мамандардың қайда оқытылғанын сұрады. Президентке облыс әкімі Сергей Кулагин мен облыстық аурухананың бас дәрігері Владимир Стельмах жан-жақты жауап берді. 555 төсектік қуатты аурухана Қазақстанда некен-саяқ. Мұны Елбасының өзі де байқады. Облыста бүгінге дейін жөндеу жұмысын күтіп тұрған бес емдеу орны ғана бар, қалған қалалық, аудандық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, учаскелік ауруханалардың барлығы да жөндеуден өткізілген. Сергей Кулагиннің айтуынша, 2000 жылы облыста денсаулық сақтау саласына 2,3 миллиард теңге жұмсалса, қазір бұл қаржы 22 миллиард теңгені құрайды. Елбасы дәрігерлерге ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. – Мен өз Жолдауымда адамдар өз денсаулығын өзі ойлау керектігін, медицинаға 10-15 пайыз ғана байланысты екенін айтқан едім. Сол 10-15 пайыздың өзі де маңызды. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жүрекке операция жасалған жоқ. Қазір облыс орталықтарының барлығында дерлік мұндай операциялар жасалуда. Он мың адам шетелге барып емделуге кезекте тұрды. Оған 50 мың доллар қаржы керек болатын. Сол мәселенің барлығы қазір шешімін тапты, олар өзімізде емделуде. Денсаулық сақтау ісі – Қазақстанда ең басты назардағы іс. Мемлекеттен қанша қаржы бөліп отырмыз, сіздерден, дәрігерлерден адам өмірін сақтау талап етіледі. Бұл – өте қасиетті жұмыс. Сол үшін экономиканы дамытып отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы емдеу мекемелерін медициналық заманауи озық құралдармен жабдықтау жөнінен Қостанай облысы алдыңғылардың қатарында екенін айтты. Адам өмірі ұзаруы үшін елімізде алдымен жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, туберкулез аурулары мен ана мен бала өлімін азайту жолында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ана мен бала өлімі республика бойынша 23 пайызға азайды. Ал Қостанай облысында ана мен бала өлімі, туберкулез, басқа бірқатар аурулар республикалық көрсеткіштен төмен. Облыста соңғы он жылда бала туу 28 пайызға өскен. Дегенмен, Елбасы дәрігерлерге егер ана мен бала өлімін азайтпасақ, өмірге ұрпақ әкелетін ана денсаулығын жақсартпасақ, мақтануға ерте екенін де ескертті. Елбасымен кездесуде дәрігерлер үстіміздегі жылдың шілдесінен бастап айлық жалақыларына үстеме қосылғаны үшін Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет айтты. Сондай-ақ жас маман дәрігер Құралбай Асанов ауруханада еңбек етуге барлық жағдай жасалғанын және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша өзінің баспаналы болғанын жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына сапарының алғашқы күні толағай табысы бар Тобыл өңіріндегі осындай жақсы істерге қанықты. Бүгін мәртебелі қонақ Қостанай ауданының алтын жалатқандай астық алқаптарында болып, облыс диқандарымен кездеседі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
•
08 Қыркүйек, 2011
Толағай табысы бар Тобыл өңірі
433 рет
көрсетілді