• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2011

Мүдделестіктен – әріптестікке

298 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев Қазақ­стан­ға ресми сапармен келген Пәкстан Ислам Республи­ка­сы­ның Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гиланимен кездесті, деп хабарлады Қа­зақ­стан Республикасы Пре­зи­дентінің баспасөз қызметі. Ақордада өткен кездесудің рес­ми рәсімінен кейін келіс­сөз­дер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Пәкстан Ислам Республикасы­ның Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гилани халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екі­жақты өзара іс-қимыл мен ынты­мақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. – Мен сізбен Қазақстанда кездесіп тұрғаныма өте қуаныш­ты­мын. Бұл – сіздің бірінші сапа­ры­ңыз. Біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап сіздердің елде­рі­ңізбен жақын қарым-қатынастар орнатуға ұмтылып келеміз. Мен сіздің елде екі рет болдым. Пәкс­тан басшылығы да біздің елімізде болды. Біздің елдеріміз арасында халықаралық құжаттар пакеті, уағдаластықтар, келісімдер бар. Біздің өзара іс-қимылдарымызды одан әрі дамытудың жолдарын талдап, нығайту және белгілеу үшін сіздің сапарыңыз қазір біз үшін өте маңызды. Әлем шын мәнінде өзгерістерге толы, біздің аймаққа зор көңіл бөлініп отыр­ғаны байқалады. Біз бұл аймақта бейбіт жағдайда тарихи өмір сү­ріп жатырмыз, бұл сауда үшін, көптеген өмірлік мәселелерді бірлесіп шешу үшін тиімді, деді Мемлекет басшысы. – Президент мырза, сіздердің әсем астаналарыңызда маған және мен бастап келген делега­ция­ға көр­сетілген жылы шырай­лы қа­был­дауларыңыз үшін үлкен рахмет. Астана әуежайына келіп қон­ға­нымызда, мен елордала­ры­ңыз­дың айналасында созылып жат­қан бидай даласын көрдім. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Пәкстанда да бидай өсіріледі. Бүгін Қазақ­стан­ның Премьер-Ми­нистрімен кездесу кезінде мен бидайдың өнім­ділігін арттыру үшін зерттеулер жүргізіп, бидай өсіру жөнінде екі ел арасында ғылыми-өндірістік тәжірибе ал­ма­суды ұсындым, деді Сайед Юсуф Реза Гилани. Кездесу барысында Ауған­стан, Магриб аймағы мен Таяу Шығыстағы жағдайлар туралы пікір алмасылды. Ядролық қару­сыздану мәселесі, аймақтық «күн тәртібіндегі» өзекті мәселелер, оның ішінде қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету саласындағы мәселе­лер талқыланды. Лаңкестікпен және экстремизммен күресте құ­зыр­лы органдардың өзара іс-қи­мылы қажеттігіне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы саласында және ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу жөнінде бірлескен өндірістер құру туралы перспективалық жобалар бар. Қазақстан дәнді дақылдардың ірі өндірушісі ретінде аталған өнімді Пәкстанға тасымалдаушы болуы мүмкін. Пәкстан қазақстандық тауарлардың транзиті үшін теңіз айлағын ұсынуға дайын. Бұл Қа­зақстанның экспорттық өнімде­рін әлемдік рынокқа шығаруға мүмкіндіктер туғызады. Сауда-экономикалық байланыстарды ке­ңейтуге қосымша серпін беру үшін темір жол мен автокөлік дәлізі пайдаланылатын болады. Пәкстандық инвесторларға Қа­зақ­станның Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масына қатысу туралы ұсы­ныстар жасалды. Осы орайда Пәкстанның іскер топтары үшін қазақстандық рынок пен Кеден одағына мүше Ресей мен Бела­русь­тің рынок әлеуеті ашық.