• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Сенімді. Сенгіш. Сезімтал

501 рет
көрсетілді

Абзал азамат, аяулы дос Көрік Дүйсеев туралы сөз – Алдымен мына мәселені шешіп алайық, – деді ол. – Қандай мәселе айтпағың? – Адам баласы қанша ұзақ өмір жасаса да, түбінде бір өледі ғой... – Иә, пәни жалғаннан бақилық болмақ демексің ғой? – Сонда қазаның жақындағанын біле ала ма, адам? Сезе ме? – Енді бастан кешпеген соң... – Жақындағанын білсе керек. Мен ойланып қалдым. Ол ертеңгі күні болатын операцияға дайындалып жүрген. Бүйрекке. Алдында екі-үш жыл бұрын біреуін алдырып шыққан еді. Мен не дерімді білмей, тіксініп тұрмын. Бұл не батылдық? Осылай да бола ма екен? Адам ажалдан қорқу керек емес пе? Жалғыз рет берілетін жарық дүние... Ол деп отырғаным – студенттік кезден бірге келе жат­қан дос, абзал азамат, жарқын жүзді, ақ пейіл, зейінді, алғыр, бала мінезді Көрік Құндызбайұлы Дүйсеев еді... Операция ұзаққа созылып, сәтсіз аяқталды. Алладан аман-саулығын тілеп, жүректері дүрс-дүрс соғып тұрған ең жақын деген бес-алты адам үнсіз егілеміз. Халыққа, әлі елге керек бір азаматтан қапыда айырылып қалдық... Ол кім болған еді дейсіз ғой... Көрік Жамбыл облысының Шу өңірінде дүниеге келген еді. Ата-ананың мәпелі мейірі, жылы алақаны оған бұйырмаған екен. Бірақ кішкентай ауыл баласы мұқал­май, жұқармай, жүдеп-жадамай шымыр, ширақ өсті. Әке қарындасының бауырында барлық шаруаға пысық өндіршін мектепте де алғыр, зейінді, талапты бала болып шықты. Сол қалпымен онжыл­­­дық мектепті үздік бітіріп, Алматыға оқуға келді. Қайда, қандай жоғары оқу орнына түсу керек? Ол көп ойланған жоқ, өзі ұнатқан, арманына белтемір болған Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі журналистика бөліміне жол тартты. Бұл жылдары Алматы жоғары оқу орындарының бәрінде де «конкурс» деген сөздің будақтап, алдан бұрқырап, жүректі сескендіріп өріс алған кезі болатын. Тәуекел! Көрік көп ойланбастан қазақ бөліміне құжаттарын тапсырып, емтиханға сақадай сай тұрды. Бір орынға – бес-алты баладан. Жалғыз Алладан ғана жәрдем. Алланың аты – әділдік. Ол «құлаған» жоқ, «жылаған» жоқ. Құдай құлатпады, құдай жылатпады. Жиырма бестің жон ортасынан орын алып, Дүйсеев оқуға түсті. Студент. Болашақ журналист. Ол бес жыл жатпай-тұрмай оқып, кітапханалардан шықпай журналистиканың ұңғыл-шұңғылының барша­­сын түгендеп, қызыл дипломмен университетті бітірді. Енді – қызмет. Сол баяғы әкесінің қарындасы – апасы екеуі атышулы Тастақта тұрды да, Алматы облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Жетісу») газетіне жұмысқа орналасты. Тәжірибелі үлкен журналистер редакцияда оны өз қамқорлықтарына алды. Талантты жігіт газеттің қыр-сырын біліп, ішкі қазанынан қайнап шыға келді. Біз ол шақта Көрікпен бір курста оқыған алты аза­­­мат «Лениншіл жас» газетіне жолдамамен шақы­рыл­ған едік: Бекен Әбдіразақов, Әбіқұл Ибрагимов, Фермехан Шоева, Салық Молдахметов, Таңатқан Рсаев және мен. Ұстаның темір көрігінде қызған болаттай редакцияның олқы тұс­та­­­рына тіреу болып тұра-тұра қалдық. Жас қаламдардың жа­рысы. Республика жастарының асау да тасқынды ең­бегі! Темір­тау­дағы Қазақстан магниткасы атанған Бүкіл­­­одақ­тық комсомолдық құрылыс! Қаратау, Жамбыл кен-химия комбинаттары! Екінші тың атанған – комсомол-жастардың қой шаруашылығы, қой санын елу миллионға жеткізу! Алғаш Көрік екеуміздің журналист ретіндегі сапары­­­мыз 1960 жылдың ақпан айында Алматы облысындағы Кеген ауданының Жалаңаш селосында түйісті. Ол – «Коммунизм таңынан», мен – «Лениншіл жастан» іссапармен бір күнде, бір сағатта. Ортақ тақырып, ортақ мәселе. Кеген аудандық комсомол комитеті бір дүріл­де­ген жаңалық бастаған. Бүкіл аппарат қызметкерлері тай­­­лы-таяғымен комитеттегі үстел, қағаздарын мансұқ етіп, ауданның артта қалып, «көгермей» жатқан «Ұзын­бұлақ» совхозы «Жалаулы» сиыр фермасын биікке алып шығуға бастама жасаған. Бұрын-соңды болмаған, ел естімеген қадам! Соны Орталық Комитеті бар, облыстық комитеті бар қолдап, қостап, марапаттап бүкіл респуб­ли­ка­ға паш етуі керек. Паш ету деген не? Радиосы, теле­ди­дары бар,  ең бастысы – «Лениншіл жас» пен «Коммунизм таңы» газеттері! Партия мен комсомол айтты – бітті!.. Ол дәуірдің ішкі бір құпиясы – артта қалғандарды алға бастыру. Ұран! Айғайлау. Қорытынды, нәтижесімен ешкімнің жұмысы, бәтуәгерлігі тәмәм. Аудан комсомолдарының бірінші жетекшісі Нү­сіп­ақынова деген өткір, табанды келіншек – «Жа­лаулы» фермасының меңгерушісі, қалған қызмет­кер­лер – бригадир, есепші, сауыншы, бұзаушы, падашы боп кете береді. Жалпақ дүниеге жаятын жаңалық! Жаңалықтың жік-жігін, бақайшағына дейін қал­дыр­­­май, біз Көрік екеуміз ұйқы-күлкі жоқ, екі күн ішінде бір-бір беттен екі газетке жарқ еткіздік. Тау құлатқандай мәзбіз. Өмірде болмаған оқиғаны бірінші боп көкке көтерген жас... талантты, қалам иелері! Сөйтсек... Бір жұма өтпей «Комсомольская правда» газеті: «Мұндай жаңалықты қолдауға болмайды, ау­дан­дық комсомол жетекшілері бүкіл аудан шаруа­шылығына жастарды жұмылдыруы тиіс, бір ферманы емес...» деп қарап отыр. Айтты-айтпады, Көрік екеуміз бір тапсырманы осылай орындаған едік. Содан көп ұзамай досымыз партия қатарына өтіп, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жауапты қыз­­мет­­­ке орналасты. Одан көп ұзамай Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің партиялық-ұйым­дас­тыру бөліміне инспектор-ұйымдастырушы боп өсті. Мақтадық, мақ­тан­­­­дық. «Ой, ерім-ай! Тусаң – ту», дедік. Біздер сол отыз бес болып бітірген жігіттер арасынан ғалымдар, ақындар, жазушылар, облыстық газеттердің редактор­ла­ры шықты. Бес жыл бойы курс­та белімізден басып «ста­росталықта» жүрген апай­ы­мыз Тұрсынхан Әбдірах­ма­нова филология ғылым­да­рының докторы, профессор, Қа­зақстанның халық жазушысы, Жайсаңбек Молдаға­лиев – ғылым канди­даты, Жазушылар одағының мүшесі, тың туралы романдарды дүниеге әкелген әйдік прозашы болды. Содан кейінгі төрт курстасымыз: Бақыт Мұстафин – Солтүстік Қазақстан, Салық Молдахметов – Қос­танай, Құмар Жиенғалиев – Гурьев, (Атырау) Бақ­тияр Әбілдаев – Жамбыл облыстық газеттерін бас­қарды. Бекен Әбдіразақов – «Жұлдызда» жауапты хат­шы, Байжігіт Әбдіразақов – «Социалистік Қазақ­стан» («Егемен Қазақстан») газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі, Мағзом Сүндетов – зор қаламгер, «Жа­зушы» баспасының жауапты қыз­­мет­­ке­рі, Әбіқұл Ибрагимов – Ал­­­маты облыстық радиосының ди­ректоры жұмы­сын абыроймен атқарды. Бұларға «Қазақ энцик­ло­­­пе­диясы» Бас ре­дакторының ор­ын­басары Таңатқан Рсаев­ты, тарихшы Ағыбай Мұ­қатаевты, журналистерден шық­қан тұңғыш генерал-майор Мұрат Қалматаев пен телевизия қызметінің ардагері Нығметжан Әбеновті қосыңыз. Бәрі-бәрі Көрік Құндызбайұлының жақын, пікірлес достары еді. ...Үшінші курста оқып жүрген кезде ол «Білім және еңбек» деген журналда машинистка болып істейтін Тойхан деген қызға үйленді. Комсомолда қыз­мет­те жүргенде. Мен күйеу жолдас болдым Көрікке. Ақ жарқын, әдемі күлкісі бар, бидай өңді, ажарлы қыз еді. Тойларында Ғафу Қайырбеков асабалық жасап, дүниені, жас жұбайларды асқақ көңіл күйге бө­ле­ді. Қасымның «Дариға сол қыз» әнін шырқап берді... Көрік Тойханнан екі ұл, бір қыз көрді. Ермек, Еркін, Ажар. Олар да әкелеріне тартып білімді, қарым­ды, адал азаматтар боп өсті. Үйлі-баранды, балалы-шағалы, әртүрлі қызметте қазір. Көрік Дүйсеев келе-келе Орталық Комитеттегі үл­кен басшы – идеология хатшысының көмекшісі, сон­дағы идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, аға газет «Социалистік Қазақстанның» бас редак­то­ры, республика Жоғарғы Советінің депутаты деген биік мансаптарда тізгін ұстап, беделі биіктей берді. Сөйтіп, біз біраз жылдар курстас, сырлас, адал әріп­тесімізден алыста қалып, шеттей жаздағанымыз бар. Біз оны Белинский деуші едік... Әдебиетті, әде­биет сынын жақсы көретін. Барлық жанрларды талдай түссе, білімдарлығына таң-тамаша қалатын едік. Көрік Құндызбайұлы Дүйсеев еліміздің тәуел­сіздік­ке қол жеткен жылдары Президент Әкімшілігі Наградалар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқар­ды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мемлекеттік, қоғамдық қызметтердің тізгінін ұстап халқына, туған еліне, жеріне берілгендігін көрсетті. Белгілі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Кө­рік Құндызбайұлы Дүйсеев шығармашылық жұ­мыс­та да ай­­­тар­лықтай еңбек етті. Әдеби-публицис­ти­калық үлкен шы­ғар­маларды қазақ тіліне ғажап тәр­жімалады. Ол ту­ын­­ды­ла­ры қазақ әдеби аударма­сы­ның алтын қорында. Журналис­тер достығынан ар­тылып, халықтар достығын, бірлігін ойлаған азамат­қа қандай ескерткіш қойса да жарасады. Көкеңмен «Егемен Қазақстан» газетіне басшы бо­лып барғанда жиірек ха­барласып тұрдық. Респуб­ли­каның бас газетіне басшы­лық жасау жауапкершілігін ойдағыдай атқару үшін жа­нын салып жұмыс істегеніне куәміз. Жолыға қалғанда, газет нендей мәселе кө­теріп жатқанын айтып, әңгіме арнасын соған аударар еді. Әлі есімізде, Алаш ардақ­ты­ла­ры Шәкәрім, Мағ­жан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауы­тов, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатовты ақтау жү­ріп жатқанда, олар жайында жедел материал беруде «Егемен Қа­зақстан» үлкен белсенділік көрсетсе, оның Көрік Дүй­сеевке тікелей қатысы болды. Ол үкіметтік комис­сиямен байланыс жасап, кімнің қашан ақталатынын біліп отырды, күні бұрын олар жайында материалдар әзірлетті. Адами құрмет өз алдына, Көрік ресми құрметке де бөленген жан еді. Ордендермен, медальдармен, Құр­мет грамоталарымен де бір емес, талай рет ма­ра­­патталған. Жақын жүрген, жақын білген адам­дар­дың көңілінде оның айналасына шуақ шашқан жай­да­ры бейнесі ешқашанда өшпейді. Оның достары көп еді. Бәрін жақсы көретін. Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ, жазушы. Алматы.