• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке енгізілетін өзгерістер

180 рет
көрсетілді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Нәтижесінде, сенбі күні өткен Үкіметтің кезектен тыс отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне бір айда процедураларды одан әрі жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Бірінші тоқсанның соңына дейін түрлі салалардағы типтік жобалар тізімін кеңейту және осы мәселе бойынша өңірлерге толық әдістемелік қолдау көрсету тапсырылды. «Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен бірге әкімдіктердің бюджеттік өтінімдерін қарастыру кезінде МЖӘ аясында іске асыруға болатын жобаларды қабылдамауы керек», - деп баса айтты Б. Сағынтаев. Бұдан өзге, алдағы республикалық бюджетті нақтылауға қатысты Үкімет басшысы қаржы министрі Б. Сұлтановқа осы кезеңнің өзінде осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, алдында келісілген жобалардың өзін қабылдамауды тапсырды. Өз кезегінде Тимур Сүлейменов мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) жобаларының барлық облыста бірдей деңгейде дамымай жатқанын растады. Оның пікірінше, жергілікті атқарушы билік жарнамамен барынша көп жұмыс істеуі қажет. МЖӘ-ті дамытуға барлық жағдайлар жасалуда. Осы орайда, 2016 жылы орталықтандыру жүйесі алынып тасталды, ол кезде МЖӘ жөніндегі шешімдерді орталық деңгейінде қабылдау қажет болатын. Ендігі құны 9 млрд теңгеге дейінгі жобалар қандай да бір келісімсіз, жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Бұдан өзге, МЖӘ-нің маңызды нысандары бойынша инвесторларға да, жергілікті атқарушы органдарға да қажетті типтік құжаттар әзірленді. Аталған типтік құжаттар алдағы әріптестіктің барлық ерекшеліктерін алдын ала біліп алуға мүмкіндік береді. «Жергілікті атқарушы орган да, инвестор да не нәрсеге қол қойып жатқанын нақты білетін болады. Сәйкесінше, сипаттамаларды, технологиялық және өзге де сызбаларды және келісімшарт міндеттемелерін бекіту секілді ұзақ үрдіс қысқартылады. Бұл уақытты айтарлықтай деңгейде қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Т. Сүлейменов. Бірінші тоқсан аралығында МЖӘ қолданылатын барлық сектордың типтік құжаттарын бекіту жоспарланған. Министрлік «бағдарламалық МЖӘ» түсінігін енгізуді ұсынды. Министрдің айтуынша, мұндай жобаларды барынша стандарттау қажет. «Мысалға, бізде шағын балабақшалар бірдей деңгейде стандартталған «Балапан» бағдарламасы бар. Соны негізге ала отырып, қаржыландыруға, инвестор мен мемлекеттің қатысуына да осындай стандарттау жағдайын жасауға болады. Бұл толық бағдарламаға айналатындай етіп стандарттауға болады. Мұндай жағдайда, ЖАО да, инвесторлар да келіссөзге түспей-ақ: тек шарт жасасып, құжатқа қол қойып, жұмысты жүзеге асыруға кірісе береді. Бұл біздің биыл бекітуді көздеп отырған идеяларымыздың бірі», - деп түсіндіріп өтті Т. Сүлейменов. Барлық әдістемелік көмек көрсету мен ілеспелі түсіндіру жұмыстарын Ұлттық экономика министрлігі жүргізуге міндеттеледі.