Қазақстанның қай өңірі болмасын өзіндік ерекшеліктер мен артықшылықтарға ие. Еліміздің батыс аймағында мұнай және табиғи газ мол келсе, солтүстік өңірлер бидайлы, астықты өлке болып саналады. Әрине, мұнай, газ секілді әлем көзін тігіп отырған ресурстар Қазақстанның барлық өңірлерінде бірдей кездесе бермейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында мұндай шикізат атымен жоқ. Алайда, еліміздің экономикасында облыстың алып отырған өзіндік стратегиялық орнын ауыл шаруашылық, аграрлық сектор түзеді. Бидай, басқа да дәнді дақылдар өсіру, мал шаруашылығы, жалпы ауыл шаруашылығы дамуы жөнінен алдыңғы қатарлы облыстардың бірі саналады. Тұрғындардың 59,5 пайызы ауылды жерлерде тұрып, жер өңдеумен айналысады. Өткен жылы облыстың аймақтық өнімділік көрсеткіші жаман болған жоқ. Аймақ басшысы Серік Біләловтың айтуынша, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмаларына сәйкес алда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Олар – индустриалық-инновациялық жобаларды іске асыру, әлеуметтік, экономикалық салаларды одан әрі ілгерілету, коммуналдық-шаруашылық мәселелерін басты назарда ұстау, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту. Облыс былтыр бітік егін өсіріп, 6 миллион тонна астық өндірді. Оның бір миллион тоннадайы экспортқа жөнелтілді. Осының өзі астықты аймақтың ішкі мүмкіндігінің қуаттылығын аңғартса керек. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндіріс көлемі 238 миллиард теңгені құраған. Республикадан бөлінген 5,4 миллиард теңге трансферт мақсатты түрде игерілген. Мал шаруашылығы саласының да жақсы дамып келе жатқанын айта кеткен жөн. Ел бойынша өндірілетін еттің – 2, сүттің – 4,7, жұмыртқаның – 17,3 пайызы облыстың үлесіне тиеді. Жолдау талаптарына орай еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған пәрменді шаралар салаға өзгеше леп берді. Салыстыру үшін нақты цифрлар келтірейік. 2009 жылы аймақтық өнім өндіру көрсеткіші 403,9 миллиард теңгені құраса, облыс тұрғындарына есептегенде 625,5 миллион теңгеге жеткен. Сөйтіп, 2001 жылға қарағанда 4,8 есеге артқан.
Облыс экономикасының негізгі бөлігі ауылшаруашылық секторына тиесілі, яғни 34,7 пайызды құрайды. 2010 жылы бұл саладағы жалпы өнім көлемі 158,7 миллиард теңгеден асып түсіп, кәсіпкерлер 81,7 миллиард теңгенің өнімдерін өндірген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 53,3 миллиард теңгені құрап, соңғы он жылда 51,2 пайызға көбейген. Инвестицияның үштен бірі аграрлық секторға, 26,4 пайызы өндірістік салаларға тартылған. Тұтастай алғанда, ауыл шаруашылық саласына 90 миллиард теңге инвестиция бағытталып, инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымдар, трактор-машина паркі жаңартылған. Өндіріс саласына құйылған инвестицияның жартысына жуығы өңдеуші өнеркәсіпке жұмсалған. «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 141 жоба жүзеге асырылған. Биыл 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр.
Облыста әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық салаларда қордаланып қалған түйінді мәселелерді шешудің жолдары да жан-жақты қарастырылғаны байқалады. Серік Сұлтанғазыұлы олардың қатарына бірінші кезекте ауыз су, балабақшалардың жетіспеуі, аз қамтылған жандар мен отбасыларды қолдау, қолжетімді азық-түлік бағаларын қалыптастыру мәселелерін қосады. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар аз көрінбейді. 145 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізілген. Тұрмысы төмен тұрғындар үшін 19 дүкен, 87 сауда нүктесі, 46 дәріхана ашылған.
Облыс басшылығы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын орындауда да іргелі табыстарға жетіп келеді. Киров атындағы зауыт сандық тележелі қондырғысын ойлап тауып, кешенді қондырғылар шығаруға кіріскен. «Құрылыс материалдары» кәсіпорны төзімі берік, жылуұстағыш полиэтиленді құбырлар өндіру, ЗИКСТО зауыты отандық вагондар құрастыру ісін қолға алған. Машина жасау бойынша – 2, құрылыс индустриясында – 3, тау-кен саласында – 2, ауыл шаруашылығында – 6 жоба игерілуде. Сөйтіп, жаңа технологияларға негізделген техникалық қайта жаңғырулар сұранымға ие жоғары сапалы өнімдер мен тауарлар өндіру қарқынын арттыра түсетін болады.
Облысты «Солтүстіктің қақпасы» деп тегін атамайды. Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарымен шектесетіндіктен, жыл өткен сайын шекаралық аймақтағы екіжақты сауда-өнеркәсіп, экономикалық байланысы нығайып келеді. Мемлекет басшысының үш ел арасындағы Кеден одағын жедел де тиімді дамыту ұстанымына сәйкес өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы қадамдар одан әрі өріс ала түсті. Ресейдің іскер, бизнес топтарымен бірлесе отырып, екіжақты пайдалы кездесулер ұйымдастыру, біріккен кәсіпорындар салу тәжірибесі қалыптасқан. Мұның өзі халықтар арасындағы достыққа, татулыққа, өзара түсіністікке кең жол ашары сөзсіз.
Солтүстікқазақстандықтардың биылғы межесі тіпті үлкен. Қазір өңірде егін орағы кең өріс алған. Диқандар 3,9 миллион гектар алқаптың дәнді дақылдарын жинау жұмысын барынша қысқа мерзімде өткізуге жұмылған. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау күткен нәтижесін беруде. Гектар берекелілігі 18 центнерден айналуы осыны айғақтайды. Демек, Отан қамбасына кемі 6-6,5 миллион тонна Қызылжардың астығы құйылады деген сөз. Мұның өзі Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту болары анық.
Ғаділбек ӘКІМОВ, әлеуметтанушы-экономист.
Солтүстік Қазақстан облысы.