2011 жылғы 8 қыркүйекте Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев ведомствоның құрылымдық бөлімшелер басшыларымен Қазақстанда қолданыста жүрген Як-42 әуе кемелерін пайдаланудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 7 қыркүйекте Ресей Федерациясының Ярославль қаласындағы орын алған ондаған адамды ажал құштырған апат ұшақтардың бұл түріне ерекше көңіл бөлуге себеп болды.
Қазіргі таңда Қазақстанда «SCAT», «Irtysh-Air» және «Авиа-Жайнар» авиакомпаниялар 4 Як-42 ұшағын жолаушылар тасымалында пайдалануда.
Соңғы оқиғаны ескере отырып, Көлік және коммуникация министрлігі аталған компанияларға ұшақтарға шұғыл түрде ұшу жарамдылық нормаларына сәйкес болуына техникалық тексеріс жүргізіп, техникалық жағдайы және ұшуға жарамдылығы жөнінде актілер жасау жөнінде нұсқау жолдады.