Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханалық басқарудың халықаралық тәжірибесін тарта отырып, елімізде «Болашақ госпиталін» құру туралы тапсырма бергені мәлім. Бұл Отанымыздың денсаулық саласын дамыту жөніндегі 2011-2012 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында да жан-жақты көрініс тапқан болатын. Енді сол міндетті айқындауға елдік тәжірибемізді халықаралық үрдіспен жалғастыруға арналған форум кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Бұл алқалы жиын қасиетті Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі шеңберінде болған шара екенін де айта кетсек дейміз.
Форумның негізгі мақсаты, денсаулық сақтаудағы менеджменттің әлемдік және отандық беталыстарын пікірталас алаңында талқылау, іскерлік-серіктестік қарым-қатынастарды дамыту, Қазақ елінің медицина ұйымдарының басшыларына шетелдік әріптестердің басқарушылық тәжірибесімен танысуға мүмкіндік жасау. Сол секілді медициналық ұйымдарды аккредиттеудің халықаралық стандарттары, пациент-бағдарлы күтім, ақпараттық-технологиялардың рөлі, саладағы мемлекеттік және жеке меншік серіктестік саласындағы өзекті мәселелерді ой елегінен өткізу.
Осы жиынға Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП және бірқатар ведомстволардың басшылары қатысты. Жиналғандар алдында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев сөз сөйлеп, отандық медицинаны дамытудың бүгіні мен келешегі туралы жан-жақты баяндады. Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова екінші рет өткізіліп отырған форумның мән-мағынасына тоқталды. «Назарбаев университетінің» президенті Шигео Катсу жиынға қатысқандарды шын жүректен құттықтап, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, маман дайындау жайын айтты.
Екі күнге созылатын форумның алғашқы күні АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы әлемдік сарапшылары мен өкілдері, сондай-ақ отандық мамандар баяндама жасаса, екінші күні секция жұмыстарында тәжірибе алмасып, адам денсаулығын жақсарту, әсіресе әр мемлекеттің келешегі саналатын жас ұрпақтың болашағын кемелді ету ісінде медицинаның рөлі туралы ой бөліседі.
Біз төрткүл дүниеден келген білімді де білікті мамандармен тілдескенімізде, олар өмірде адам денсаулығынан артық нәрсенің болмайтынын атап айтты. Мысалы, Еуропадан келген Карло Рампони болашақ госпиталінің индикаторы ретіндегі сапа бағасы мен сапасыздық туралы өз ой-байламдарын айтса, сингапурлық профессор Пуа Кай Хунг өз еліндегі денсаулық реформасы осыдан 25 жыл бұрын басталғанын, қазір соның нәтижесін көріп отырғандарын, ең бастысы, тұрмысы төмен азаматтарға аса көңіл бөлінетінін, оларға қызмет көрсетудің көп жағдайда жеңілдікпен атқарылатынын алға тартса, АҚШ азаматы Эдвард Мартинез сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету жайын қозғады. Жалпы, бұл форумның басты мақсаты – отандық медицинаны әлемдік озық тәжірибемен ұштастыра отырып дамыту, жаңа технологияларды тиімді пайдалану.
Сүлеймен МӘМЕТ.