• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Елдің лебі Елордадан сезіледі

383 рет
көрсетілді

Астанада Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының күндері өтуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жария­ланғаны белгілі. «Бейбітшілік пен жасампаз­дықтың 20 жылы» – біздің мерейто­йы­мыздың ұраны осы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолы­ның – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫ­ЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылық­тары қалыптастырылды» деп атап көрсетті Елбасы биылғы Жолдауында. Осы бүкілхалықтық шараға орай арнайы мемлекеттік комиссия құ­рылып, мере­кенің Жалпыұлттық жоспары бекітілді. Міне, осы мемлекеттік жоспарға сәйкес еліміздің бас қаласында барлық облыс­тардың күндерін өткізу белгіленген болатын. Кеше сол ауқым­ды шара шымылдығын Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыс­тары ашты. Төмендегі мақалаларда аталмыш облыс­тардың Астанадағы күндері көрініс тапқан. Шұғылалы Шығыс шақырады Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шаралар шеңберінде басталған Астанадағы облыс күндерінің ашылу салтанатын Шығыс Қазақстан облысы бас­тады. Шығысқазақстандықтар өздерінің елордадағы күндерін «Шұғылалы шығыс шақырады» атты театрландырылған кавалькадамен ашты. Елорданың орталық көшелерімен мерекелік рухтағы шығыс­қазақ­стандықтардың шеруі өтті. Облыс күндері аясында өткізілген бұл карнавал астаналықтар көңілінен шықты. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсу жолдарында ерекше орын алып отырған өңір. Облыс аймағында жалпы республика қорлары мөлшеріне шаққанда қорғасын­ның шамамен 24 пайызы, мырыштың 41 пайызы, мыстың 45 пайызы шоғырланған. Түсті металдың қоры шамамен 25 кен орнына тиесілі. «Үлбі металлургия зауыты» АҚ әлемдік деңгейдегі бірегей өнім саналатын атом стансаларына қажетті отын түрлерін, берилий, тантал өндіреді. «Жаңа металлургия» жобасы аясында «Қазцинк» ЖШС жаңадан мыс балқыту және электролиз зауытын іске қосқан. Облыстағы Титан-магний комбинаты титан құймалары мен балқымаларын шығару жөніндегі инновациялық жұмысты аяқтап қалды. Облыстағы «Азия Авто» көлік құрас­тыру зауытының қазіргі өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жұмысы жалғасуда. Шығыс Қазақстан облысы елімізде бастау алған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инвестиция тарту мәселесі бойынша елімізде алғашқы орында тұр. Қазір Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық портфелі жалпы құны 603,6 миллиард теңгені құрайтын 34 ірі индустриялық жобадан тұрады. Өткен жылы осындай қарқынды өндірістік даму жетістіктері нәтижесінде қосымша 97,3 миллиард теңгенің өнімдері шығарылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Шығысқазақстандықтар міне, осындай өнді­рістік жетістіктермен қоса, ауыл шаруа­шылығы саласында да үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Оған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекелері шараларының аясында өткізіліп отырған Астана қаласындағы Шығыс Қазақстан облысының күндерінде көзіміз анық жеткендей. Елордада шығысқазақ­стандықтар ұйымдастырған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне 17 ауданнан 83 кәсіпорын қаты­сып отыр. Жәрмеңке барысында ұйымдас­тырылған көрмелерге Өскемен және Семей қаласының ірі компаниялары өздері шыға­ратын автомобильдер, автобустар және трак­торларды келушілерге паш етті. Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда Шығыс өңіріне тән қолөнер бұйымдарының көр­месі ұйымдастырылды. Сонымен бірге жәрмеңкеде «Бал және жаңғақ фестивалі», «Қымыз мерекесі» және басқа да шаралар өткізілмек. Сонымен бірге астаналықтар шығыс­қазақстандық өнер шеберлерінің күм­бір­леген күйі мен әуезді әніне де тәнті болады. «Бәйтерек» ұлттық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласында өтіп жатқан облыс күндері аясындағы осындай жетістіктер мен шаралар туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың болашақ­тағы әлеуметтік-экономикалық даму бағдар­лары туралы да баян етті. Бердібек Сапарбаев астаналық БАҚ өкілдерінің қойған сан-алуан сұрақтарына тиянақты жауап берді. Көне Тараздан келген көш-керуен Қазақстан Республикасы Тә­уелсіздігінің 20 жылдығына арна­лып өткізіліп отырған Астана қаласындағы Жамбыл облы­сының мәдени күндері ұлыларды ұлықтаудан бастау алды. Елордадағы Жамбыл Жабаев ескерткіші алдындағы алаңқай мерекедегідей безендірілген. Ұлы Жібек жолының бойына орналас­қан қасиетті Тараз өңірі – киелі Жамбыл жері қашанда ұлыларын ұлықтап өткен. Жүз жасап, ар­тында өлмес мұра қалдырған, өз заманында «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақын, теңдессіз жырау Жамбыл баба ескерткішіне облыс басшылығы, еліміздің Пар­ламентінің депутаттары, өңірдің құрметті азаматтары гүл шоқ­тарын қойды. Осыдан кейін бұл салтанатты топ аты аңызға айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы­ның Астана қаласындағы еңселі ескерткішінің алдына келді. Өске­лең ұрпаққа Отанын сүюдің баламасыз үлгісін көрсетіп кеткен батыр бабамыздың заңғар ескерткіші бүгінде бас қаламызға асқақ рух беріп тұр. Ескерткіш алдына төселінген алқызыл кілемшенің үстімен салтанатты қадам басқан екі әскери қызметкер қуатты марш үнімен «Жамбыл облысы әкімінен» деген жазуы бар лентамен безендірілген гүл толы себетті Бауыржан Момышұлы ескерт­кішінің түбіне қойды. Одан кейін облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысынан шыққан белгілі тұлғалар Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның атақты әртістері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақ­стан Республикасы Парламенті­нің депутаттары және басқа да ресми адамдар батыр ескерткішіне тағзым етті. Елордадағы Жамбыл облысы­ның мәдени күндері аясында облыс әкімі Қанат Бозымбаев астаналық БАҚ өкілдерімен бас­па­сөз мәслихатын өткізді. Өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына жан-жақты тоқталып, бүгінгі об­лыс күндері шеңберінде ұйымдас­тырылып отырған «Көне Тараз жәрмеңкесі» шарасы туралы кең мағлұмат берді. Астанадағы «Көне Тараз жәр­меңкесі» 8-9 қыркүйек күн­дері «Хан Шатыр» маңындағы үлкен алаңда жалғасын таппақ. Облыс­тың ауылшаруашылық тауарла­рын өндірушілері бұл жәрмеңкеге өз өнімдерін молынан әкеліпті. Сауда-саттық 42 дүңгіршекте жүр­гізіледі. Жәрмеңкеде облыс кәсіпкерлері елорда тұрғында­рына 36,4 мың кило ет өнім­дерін, 4 мың кило шұжық, 4,3 мың кило сүт өнімдерін, 40 мың дана жұмыртқа, 40 мың кило балық, 500 кило бал, 1 мың кило тұз, 124,5 мың кило көкөніс пен жеміс-жидек, 20 мың кило бақша дақылдарын ұсынады. Жәрмеңке бағасы Астана базарлары бағасынан 15-20 пайыз төмен. «Көне Тараз жәрмеңкесі» Жамбыл облысының Астана қаласындағы мәдени күндері шеңберінде өткізіліп отырған­дық­тан бұл күндері сауда-саттық шараларымен қатар ел­ор­да жұртшылығы мен қонақ­тарға көрме түрінде ежелгі Әулиеата жерінің көне дәуір­дегі сауда мәдениеті, өңірде өндірілетін өнімдер көрсеті­леді. Сонымен бірге, жәрмең­кенің алғашқы күні Жамбыл облысы өнерпаздарының үлкен концерттік бағдарламасы ұсы­нылады. Облыс күндері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отырғандықтан бұл күндері бас қала тұрғындары мен қонақтары Жамбыл облы­сы агроөнеркәсіп кешенінің 20 жылдық даму жетістіктерімен танысатын болады.   Алтай арасының балы дауа Шығыс Қазақстан таңдай қақтырар тамаша балымен де танымал – Алтай араларынан алы­натын балдың жұпар иісі, дәмі мен шипалық қасиеті әлемде теңдесі жоқ деп саналады. Бұған қоса осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне алғашқы араларды әкеліп, қолға ұстай бастаған. Сол себепті Шығыс Қазақстан облысы Орталық Азия ай­ма­ғында, Сібірде және Қиыр Шығыста омарта шаруа­шылығының отаны болып саналады. Елімізде өнді­рілетін балдың 80 па­йызға жуығы Шығыс Қазақ­станның үлесінде. Сондықтан халықаралық бал фестивалінің дәл біздің өңір­де өткізілуі заң­ды­лық. Осы орайда II халықаралық бал фестиваліне облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасын қолдап, әлемнің 9 елінен өкілдер арнайы келіп қатысқан­дығын атап айтқым келеді. Менің әкем Виктор Иманбаев өмір бойы бал омартасын ұстап келеді. Катонқарағай ауда­нында біздің омартамыздан алынатын бал жоға­ры баға­ланады. Қазір әкем өзінің немерелерін де осы кәсіпке баулып, соңғы жылдары «Иманбаев» шаруа қожалығын құрды. Алтай өңірінің сулы да нулы өлкесіне қоныстанған «Ново-Поликовка» ауылында орналасқан «Иман­баев» ШҚ-ның бал аралары табиғат­тың тамаша өңіріндегі сан түрлі гүл­дер­дің шырынын жинап, балға айнал­дырады. Бүгінде «Иманбаев» ШҚ-ның бал омартала­рында 100 ара-отбасы бар. Бұл ара-отбасыла­рының әрқайсысы бір омартаға бал жинайды. Сонда маусым ішінде әрбір ара-отбасы бір фляга бал береді. Облыс бас­шы­сының бастамасы­мен былтырдан бастап біздің облысымыздағы барлық мектептердің оқушы­ларына жергілікті бюджеттің есебінен міндетті түрде балмен тамақтандыру жөніндегі қанат­қақты іс-шара қолға алынды. Біз өзіміздің жеке шаруашылы­ғымыздан алынатын өнімді маңай­дағы мектептерге де тапсырамыз. Аудан әкімінің орынбасары Сергей Мүбә­раков­тің және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас­тығы Дархан Алдажаровтың көмегімен біз облыс­та өткізіліп тұратын ауылшаруашылық жәрмең­келеріне тұрақты түрде қатысып тұра­мыз. Міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласы Астанада өткізіліп отырған Шығыс Қазақстан облысының күн­деріне де өзіміздің тарту-таралғыларымызды алып келіп қалдық. Мен бұл жолы астаналық тұтынушыларға Алтай өңірінен 1,5 тонна шипалы бал әкелдім. Елорда тұрғындары біздің әкелген өнімдерімізді зор қызығушылықпен алып жатыр. Кеше Астана қаласына келгенде мен ертегілер еліне кіргендей әсер алдым. Мұндай тамаша қалада тұратын тұрғындар қандай бақытты. Тәуелсіз еліміздің мерейі өсе берсін. Бақты ӘЛУЕТОВА,  «Иманбаев»  ШҚ жетекшісі.   Шаруа кеңейіп, табыс молайып келеді Биыл еліміздің Тә­уел­сіздік алға­ны­на 20 жыл толып отыр. Мен де осы ғұмырымның 20 жы­лын ерекше қа­нағат­танғандық сезіммен еске аламын. Осы жылдар бойы мен мал өсірумен айна­лысып келемін. Ел­басы Нұр­сұл­тан На­зарбаев­тың ауыл ең­беккерлеріне көрсет­кен көмегінің арқа­сын­да осыдан 10 жылдан астам бұрын «Жафар» атты шаруа қожалығын құрып ал­дым. Әрине, бас­тапқы кезде қиын­дықтар болды. Қазір менің шаруа қожалы­ғымда 70 сауын сиыр, 45 бор­дақыға қойылған өгізше және 100-ден астам тайынша бар. Қостөбе ауылдық округіне қарас­ты Талас ауылында 25 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мен алдымен өгізшелерді бордақы алаңына қойып, семіргеннен кейін етке өткіземін. Соңғы жылдары Мемлекет бас­шысы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге шы­найы көңіл бөліп, еліміздің ет экспорттайтын әлеуетін арттыру жөнінде келелі міндеттер қойды. Осыған байланысты мен мем­лекеттің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қаржы алып, шаруашы­лығымды одан әрі кеңейтуді қолға алдым. Біздің Байзақ ауданы Астана қаласындағы облыс күндері шең­берінде өткізіліп отырған жә­р­мең­кеге 50 тоннаға жуық ет өнім­дерін, 20 тонна картоп, 20 тонна пияз және басқа көкөніс өнім­дерін әкелді. Елорда тұрғын­да­рына ұсынылып отырған бұл ауылшаруашылық өнімдерінде ме­­нің шаруа қожалығымның да қомақты үлесі бар. Рүстем СҮЛЕЙМАНОВ, «Жафар» шаруа қожалығының жетекшісі.   Атыраулықтар тартуы қомақты Каспий теңізі жаға­сынан елордаға бағыт алған Атырау облысы­ның көш-керуені 7 қыр­күйек күні Астана қала­сына келіп жетті. Осы көштің алғы сапында келген Қызылқоға ауда­ны «Жасқайрат асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-нің директоры Төлеген Жасимовті әңгі­меге тартқан едік. «Ар­мысыздар, астаналық аға­йындар! Автокө­лік­пен 2700 шақырым жол жүріп, теңіз тартуларын ала келдік», деп бастады ол өз сөзін. – Менің «Жасқайрат» ЖШС-ін басқарғаныма біраз жылдың жүзі болды. Кешегі өкпені қысқан өтпелі кезеңде ақтылы қойдан айры­лып қала жаздаған күндеріміз де болған. Тәубе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шынайы қамқорлығының арқасында ауыл тұрмысы да қатарға қосыла бастады. Қазір біздің «Жасқайрат» шаруа­шылығында 11 мың қой бар. Ірі қара мен жылқыны қоспа­ғанда, 100 түйе өсіріп отырмыз. 1000 гектардан астам жерге егін себеміз. Дәнді-дақылдар өнімінен негізінен күнбағыс майын өндіреміз. «Елде болса, ернің кезермейді» дегендей, табысымыз жаман емес. Жасқайрат ауылының тұрғындары түгелдей дерлік, яғни жүз­ден астам адам осы серіктестікте еңбек етеді. Табыстары баршылық. Ауылымызда үлкен орта мектеп және басқа әлеуметтік мекемелер жұмыс істейді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты өткізіліп отырған Астанадағы Атырау облысының күндеріне облысымыздың 8 ауда­нынан және 1 қаладан кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін әкелді. Бас­қасын айтпағанда, өзім басқаратын серіктестік еңбеккерлері бұл жәрмеңкеге 2 тонна қой етін, 2 тонна сазан балығын және өңірімізде өндірілетін басқа да өнімдерді әкелдік, дейді сөзіне нық, ісіне сенімді серіктестік бастығы Төлеген Жасимов. Бетті ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.