• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Тәлім – тәрбиеден

625 рет
көрсетілді

Қазақ әйелі – елін де, ерін де сыйлай білген халық. «Ердің көңілін сақта, лебізін сатпа» дейді. Қызын да жастайынан тектілікке тәрбиелеген. Балалардың көзінше ана отағасының бетінен алып, оған қарсы сөз айтып, дауыс көтер­меген. Іштегі азын-аулақ ренішін ұл-қызының көзінен таса жерде айтқан. Ұсақ-түйекке бола отана­сы ешуақытта да ерінің мазасын алмаған. Бар шаруаны өзі реттеп отырған. «Батырды үйде көрме, түзде көр» дегендей, ардақты жар өз ерінің ерлігін әрдайым сырттан көруге асыққан. Осылайша асыл тәрбиенің ұшқыны отбасынан бас­талып, өсе келе ондай ұшқын ұла­ғатты ұл-қыз тәрбиелейтін абзал ананың шексіз махаббат алауына айналады. Ал ер кісілер болса еш­қашан да қызға дауыс көтеріп ұрыс­пақ түгілі, бетіне тура қа­ра­маған. Қыздарын қадір тұтып, еркелеткен. Жарының да үнемі қас-қабағына қараған. Қыз бен ананың өнегесін ұлына үлгі ететін. Бұрынғы ата қазаққа қарағанда, бүгінгі қазақтың сапалық, һәм рухани дүние-танымдық көзқарасы түбегейлі өзгерді деп айтуға бола­ды. Бұрынғы мәрттік, өжеттілілік, ерлік, тектілік көріне бермейді. Қо­ғамдағы азын-аулақ отбасының тәрбиесі бұрынғы рухани адамгершілік қағидаттарымен ұштасып жатса, көпшілік отбасында бұл тым сұрланып кеткені байқалады. Ата-ана мен бала арасы алшақтап бара жатқан тәрізді. Тәрбиеден жұрдай, өзгені сыйлау былай тұр­сын өз ата-анасының тілін алмай­тын безбүйректерді, өзімшілдерді кез келген жерден кездестіре аласың. Сапалық деңгейіміздің бұзы­луы­на не әсер етті, қоғамдағы от­басы тәрбиесінің нашарлауына кім кінәлі, мұндай жағдай жалғаса берсе, ертеңгі ұлттық бейнеміз қан­дай болмақ? Осы сынды сұ­рақтарға талдау жасап көрсек. Жоғарыда қазақ әйелін ері сый­лай білген дедік. Ал бүгінгі еркектердің бәрі сондай деп айта аламыз ба? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ерге тән қасиет азайып бара жатқаны айдан анық. Аты еркек болғанмен түр-тұлғасына қарап олай деуге аузың бармайды. Шашын бұйра­лат­қан, құлағына сырға тағып алған. Одан қала берді әйелдерше опа-далап жаққан, шашын өсіріп өрген. Мен де әкеден жаралдым, ол мен үшін құрмет саналады. Еркек ту­ралы айтқандарым көбіне жас­тар­ға қатысты. Елдің ертеңі солар ғой. Ер адам өзіне табиғат берген қа­сиетінен жаңылмаса жөн болар еді. Әйелдерді де ақтап ала алма­сақ керек. Бұрынғы аналар бір руды ғана емес, бүкіл елді айрандай ұйытып, береке-бірлікке ша­қы­рып отырған. Отбасында аз ғана келіспеушілік бола қалса, бә­рін ақылмен реттеген. Кейбір істі отағасының араласуынсыз-ақ, тіпті оған жеткізбей тігісін білдірмей бітіре қоятын болған. ХХІ ғасырдың әйелдері қан­дай? Іскерлік, лауазымды қызмет деп үй ішінің берекесін қашы­ра­тын­дар бар. Қызға қырық тый­ым­ды үйретпей бетімен жіберетіндер жоқ емес. Оны айтасыз, қызымен бірге отырып шылым шегетін, ішімдік ішетін аналар да кездеседі. Ағайын-туысқанның ұйытқысы болудың орнына «от жағып», ой­рандайтындар баршылық. Абы­сын­дар арасындағы татулық көп жағдайда өсек-аяңға ұласып кете береді. Отбасы амандығын, үй іші тыныштығын, балаларының тілеуін тілеудің орнын бәсекелестік басып бара жатқандай. Әке анау, шеше мынау болса, бала қайдан оңады. Түске дейін ұй­қысын қандырады. Сабаққа, не жұмысқа барғысы келсе барады, барғысы келмесе жата береді. Оқу жылының соңында әкесі мен ше­шесінің тапқан-таянғандарын оқы­тушылардың қалтасына салады. Үй­дегі дайын тамақ таңдайға та­ты­майды. Сыртқа әуес. Сырттан ішкен «бал» деп біледі... Тізе берсек көп. Бір замандардағы сүліктей сүйкімді қыздар жартылай жа­лаңаш­танып қалды. «Мұның не?» десең: «Онда тұрған не бар екен», деп төстен алып, бетке ша­бады. Университетте оқитын қыз­дар­ды былай қойып, мектепте оқи­тын сіңлілеріміз биік өкше то­қылдақ туфли киіп, көздерін бояп алады. Көрген көргенін істейді деген осы. Айта берсең бүгінгі қазақ қо­ғамында мұндай  шайтан аралас­қан жағымсыз жайттер жетерлік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп еді ұлы жазушы М.Әуезов. Бесікті бекем түзесек, ұрпақ тәр­биелі, ұлт үлгісі үкідей үлбіреп тұрады. Біздікі осылай болса деген ниет қой. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.