• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

«Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалі Шәкен рухын шалқытты

527 рет
көрсетілді

Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 2011 жылдың 6 тамыз күні киелі Баянауыл жерінің көрікті Жасыбай көлінің жағалауында алғаш рет «Жұлдызды Жа­сы­бай» атты І ретро-фестивалі өтті. Аталмыш фестиваль ұлттық өнеріміздің туын әлемге паш еткен әйгілі режиссер, даңқты жерлесіміз, қасиетті де киелі Баянауыл өлкесінің тумасы Шәкен Аймановтың кино өнеріне арналды. Ұлы актер әрі шебер суреткер Шәкен Кенжетайұлының кино әлеміндегі тарихы 1940 жылы Әуезовтің сценарийі бойынша «Райхан» фильміндегі Сәрсен рөлінен басталды. Содан бастап, Ш.Айманов он төрт кинофильмге түсіп, соның барлығы да қазақ кино өнерінің алтын қорында сақ­талуда. Қазақ киносының атасы әрі жарық жұлдызы саналатын Шәкеннің кино өне­рін­дегі туын­ды­ларының жарыққа шыққанына көп уақыт өткеніне қарамастан, көре­р­мен­нің ыстық ықыласынан кенде қалған емес. «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періш­те», «Ән шақырады» секілді кинофильмдерде шыр­қал­ған әндер де ха­лық жадында мәңгілікке сақталған. Осы тұңғыш рет өткізілген «Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалінде әуеленген Шәкеннің кино туын­ды­ларындағы әндерін «Арнау», «KeshYou» «Дауыс International» және «Премьера» топтары мен Ділназ Ахмадиева, Тал­ғат Мұсабаев, Нұрлан Абдуллин секілді опера және қазақ эстрадасының жұлдыздары орындады. Бірден айту керек, облыс әкімінің қол­дауымен өткен шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны фестивальді тамашалауға келген жұртшылық айтты. Жалпы, фестиваль аймағымызда тұңғыш рет өткізілсе де, дәстүрлі өтіп тұратын ша­радай көрініс тапты. Жергілікті тұр­ғын­дар мен қонақтардың көтеріңкі көңіл-күйлері өнерпаздардың шабытына қанат бітіргендей әсер қалдырды. Әсіресе, қазақ эстра­дасында әсем әнімен ерекшеленетін ән­ші­лер тобы Шәкен фильмдеріндегі әндерді нақышына келтіре орын­да­ды. Ф­естивальді жүргізген республикаға танымал әртіс Ба­қытжан Әлпейісов пен белгілі тележүр­гі­зуші Майя Веронская шараға ерекше көрік беріп, фестивальдің маңызын арттырды. – Жалпы, Шәкен Аймановтың қай фильмін алсақ та, керемет дүние. Оның ту­ындыларын бала кезімізден сүйіп кө­ріп, тыңдап өстік. Ол фильмдердің жүре­гі­мізде алар орны да ерекше. Сондықтан, мен үшін қазақ киносының жұлдызын жаққан Шәкен ағамыздың туған жеріне келудің өзі үлкен бақыт. Бұған дейін де көптеген шараларды өткіздік. Бірақ, «Жұл­дызды Жасыбай» фестивалінің шоқ­тығы биік, – деді Майя Веронская. Шарада әсем дауысымен жұртшылықты баурап алған елімізге танымал әнші Талғат Мұ­сабаев болса, қазақ жерінде жаңа фес­ти­вальдің дүниеге келуімен құттықтады. «Барша баянауылдықтар мен қонақтарды «Жұлдызды Жасыбай» фестивалінің дү­ниеге келуімен құттықтаймын. Елімізге белгілі адамдар дүние есігін ашқан қа­си­ет­ті өлкеде дәл осындай фес­ти­валь­дің қа­шан болмасын бір ұйымдасты­ры­луы заң­ды­лық еді. Міне, бүгін соның куәсі бол­дық. Павлодар симфониялық оркестрімен қосылып ән шырқадым. Бәрі тамаша. Кө­ңілімнен шықты. Шәкен Айманов фильміндегі әндер баршамызға бала күн­­нен таныс әрі ыстық»,– деді ол өз сөзінде. Сахналық қойылым ретінде өрбіген фестиваль жұртшылыққа мерекелік кө­ңіл-күй сыйлады. Ерекше атап өтерлігі, шараға Ж.Аймауытов атындағы облыс­тық қазақ музыкалы драма театрының әртістері де белсене атсалысты. Сонымен қатар, опера әншісі Талғат Мұсабаевпен қосылып өнер көрсеткен облыстық сим­фо­ниялық оркестр де жиналған қауым­ның көңілінен шықты. Әншілердің жанды дауыста ән айтқа­­­­­нына тәнті болған Новосібірлік журналист Андрей Цевилев: «Мен Ресей Феде­ра­циясы, Новосібір облысы­нан келдім. Баянауыл жерінде алғаш рет болуым. Та­биғаты ерекше екен. Жаныңды бірден бау­рап алады. Фестивальден алған әсе­рім­ді сөзбен жеткізе алмайын. Ән, хореография барлығы да жоғары деңгейде.Өнер­паздар­дың өнерін тамашалауға келген халықтың көптігін қарасаңызшы?! Бұл фестиваль Қазақстанның әлемдік аре­надағы беделін көтеруге ерекше үлес қо­сады деген ойдамын»,– деп өз пікірімен бөлісті. Ал, «Хабар» агенттігі бағ­дар­ла­малар бөлімінің редакторы Зейнет Тұрар­бекқызы болса, кішігірім фильм ретінде түсірілген қой­ы­лымдарды ерекше баға­ла­ды: «Өнер­­паздар фестивальге ыждаһат­ты­лықпен дай­­­ын­далғандары көрініп тұр. Әзіл-қал­­жың ретінде өрбуінің өзі үлкен жетістік. Әсіресе, Алдар көсенің қазіргі заманда тұр­мыс кешу барысында түсі­ріл­ген қо­йы­лым сәтті шыққан. Көрермен қау­ымға да ұнады. Сондай-ақ, әнші Тал­ғат Мұса­ба­евтың Жасыбай көліне зорға жеткенін бейнелеген бейнеқойылым да жұртшылықтың көңілінен шықты. Ең бастысы, фестиваль жоғары деңгейде өтті»,– деді ол. «Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалі еліміздегі белді туристік орта­лық­тар­дың бірі саналатын Баянауыл өлкесін қо­нақтарға жаңа қырынан танытты. Дем­алу­шылардың назарын да бір сәтке қазақ өнеріне бұрғызды. Ең бастысы, фестиваль киелі өлкені шетелдік қонақтарға таныстыруда маңызды қадамдардың бірі болды. Шараға қатысқандар осынау игі шара келесі жылы да жалғасын тапса деген ниеттерін жеткізді. Фархат ӘМІРЕНОВ, Павлодар облысы,   Баянауыл ауданы. Бақытжан ӘЛПЕЙІСОВ, «Жұлдызды Жасыбай»  ретро-фестивалінің жүргізушісі: – «Жұлдызды Жасыбай» секілді ау­қымды фестивальдің қасиетті Баянауыл жерінде ұйымдастырылғанына қуаныш­ты­мын. Мәні мен маңызы зор осындай шаралар елімізде көптеп өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Баянауыл өңірі негізінен тума таланттарға толы өлке ғой. Сондықтан жер жұмағы – Жасыбайда мұндай фестиваль өткізбеу «қылмыс» деп санаймын. Табиғаттың да, адам­дардың да пейілі осыған сай келіп тұр. Фестивальді жүрізгеніме өзімді бақыт­ты санаймын. Жасыбай өңірі Шәкен Аймановтың есімімен тығыз байла­ныс­ты. Ол өз туындыларының басым бөлігін осы жерде түсірген.Оның фильмдеріндегі әндерді қанша айтсақ та, жалыққан емеспіз. Бұл әндер әлі талай шырқалады. Өшпес әндерді қайта тірілтіп, жаңаша бағытта орындау өте ғажап. «Жұл­дыз­ды Жасыбай» дәстүрлі фестивальге ай­налса игі болар еді. Нұрлан АБДУЛЛИН,  әнші: – Мен Баянауыл жерінде осыдан үш-төрт жыл бұрын болғанмын. Сонда Ба­ян­ауылдың ғажайып табиғатына қайран қалған едім. Сондықтан Павлодар об­лы­сының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың фес­тивальге қатысу туралы ұсынысын бірден қабыл алдым. «Жұлдызды Жа­сы­байды» дәстүрлі түрде ұйымдастырсақ, шараның маңыздылығы арта түседі. Жал­пы, Шәкен Аймановтың әрбір фильміндегі әндерді халық сүйіп тыңдайды. Осындай тамаша фестивальден кейін Шәкен ағаның аруағы бір аунап түскен болар. Мен әйгілі әнші ағамыз Ермек Серкебаев шырқаған «Надо мной небо синее» әнін орындадым. Халыққа ұнады деген ойдамын. Ділназ АХМАДИЕВА, әнші: – Мен Баянауыл жерінде алғаш рет болып отырмын. Шыны керек, бұл өлке­нің тамаша табиғаты мені бірден баурап алды. Алдағы уақытта демалуға ар­найы келетін боламын. Өкінішке қарай, Шәкен ағамен таныс болған емеспін. Бі­рақ, ол менің әкемнің екінші әкесі болған. Қарапайым тілмен айтқанда, менің атам. Әкем Мұрат оның түсірген фильм­дерінде көптеген басты рөлдерді сом­да­ған. «Жұл­­дызды Жасыбайда» ертеректе Бибігүл Төлегенова апайымыз орындаған әнді шыр­­­қадым. Бұл – мен үшін үлкен мәр­тебе. Бүгін жаңа фестивальдің тұсауы кесілді. Құтты болсын, Алаш жұрты!