• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Қашанда оттай жанған Қасым жыры

579 рет
көрсетілді

Көп жайдың кезі келді ашылатын, Көп істің айтатын да ашып атын. Өзгеше өлең өрі, туы болған, Өзгеше құдіретті Қасым ақын.   Көп еді асып, тасқан кезі арнадан, Ол жайлы талай ұлы сөз арнаған. Одан соң талай тұлпар туғанменен, Ілгері оған жетіп, оза алмаған.   «Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын». Деп жазды асыл аға отты өлеңнің, Аспанда жарқылдатып ақ алмасын.   Қияға қыран ақын қанат керген, Қашанда өз биігін қалапты өрден. Көрсетіп өлмес жырдан өнегені, Талпынған талай жасқа қанат берген.   Бір үміт тыншу бермей жас жанымда, Талпынып жырға қадам басқанымда. Асыл нұр көкірегіме ұялатқан, Қасым жыр жарқылдады аспанымда.   Секілді бір ғажабы сүйікті елдің, Қасымдай асу бермес биік көрдім. Қасым – жыр шығар шыңы, туы болды, Мендегі арман, мақсат, үміттердің.   Мен бұрын мұндай ғажап көріп пе едім, Еліттім ерен жырға, еліктедім. Аңғардым асыл жырдың, Қасым – жырдың, Нұрлантып ел жүрегін еріткенін.   Шын сұңқар шырқай алмай тұншыққанда, Төбеге шығар құзғын, шымшық, қарға. Жанса да жаны отты жырмен лаулап, Қаншама кезікті ақын қырсықтарға.   Кемел ой асып жатқан кемерінен, Көп жайды толғаушы еді тереңінен. Бәрін де көре білді, жеңе білді, Дауылдай өртке тиген өлеңімен.   От шайнап, алау, жалын жамылатын, Салатын кейде өртке жанын ақын. Қаншама шәкірттері қалды артында, Қасымша ойлап, ағынан жарылатын.   Жүректі Қасым жыры нұрға малып, Биікте Қасым туы тұр қадалып. Армандай айналады сағынышқа, Таулардай көрінеді тұлғаланып.   Жақсыға ақын жаны ғашық еді, Маржандай сөз маржанын шашып еді. Ғасырлық ақын тойын тойлап жатыр, Бұл күнде өзі сүйген асыл елі.   Еркіндік алған қазір сүйген елі, Көп елден еңсесі озық іргедегі. Ақынға берді көше, мектеп атын, Бір кезде бір баспана тимеп еді.   Жасын жыр жанартаудай атылатын, Бірде нұр, бірде мұңға батыратын. Сақтаған жүрегінде аяулы елі, Ардақтап жатыр бүгін ақын атын.   Алтын тәж секілденген Арқадағы, Той жасап жатыр бүгін Қарқаралы. Тербеген Қасым жыры, Қасым әні, Біздегі байтақ өңір, бар қаланы.   Шыққандай шырқап шыңға, қырға Қасым, Шын тілек пен құрметтен нұрланасың. Жасауда асыл ақын ұлы тойын, Білетін қалың елі жыр бағасын.   Ақынның орындалып ұлы арманы, Қонғандай қолыңа кеп қиялдағы. Қашанда оттай жанған Қасым жыры, Жылытып жүректерді тұрар мәңгі. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда.