• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2011

Коалиция оңтайлы жол іздейді

579 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент мұражайының күмбезді залында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының алғашқы отырысы өтті. Еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына демократиялық құн­ды­лықтарды ұстанатын мемлекет ретінде жетті. Бүгінгі күні әр­түрлі саяси партиялар мен қо­ғам­дық ұйымдардың елдің даму жол­дары жөніндегі өзіндік көз­қарастары аз емес. Ол заңды да. Өйткені, қоғамда қилы ойлардың айтылуы, ой-пайым еркіндігінің болуы, бірнеше партиялардың өмір сүруі де сол демократияның арқасы. Әрі ол қоғамды алға жылжытып, дамытатын қозғау­шы күш екені анық. Партиялар әр­түрлі үнқатысу алаңдары арқы­лы ортақ бітімге келіп, мәсе­ле­лерді шешудің ең оңтайлы жолын таңдауға ұмтылып отыр. «Нұр Отан» ХДП-ның бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020»  Жал­пы­ұлттық демократиялық күш­тер коалициясы (ЖДКК) осы бағыт­та­ғы ең тиімді ұйым болып табы­лады. Оған 600-ге жуық саяси және қоғамдық ұйымдар мүше болып кірген. Кезектен тыс сайлау уақыты белгіленгеннен кейін ЖДКК өзін халықты біріктіруші бірден-бір күш ретінде көрсетіп, елдегі ре­формаларды қазақстандықтарға тү­сіндіру жөніндегі кең ауқымды жұмыс жүргізуді мақсат тұтуда. Осылайша ел тарихының талай-талай келелі жиындары өт­кен, тағдырлы шешімдер қабыл­дан­ған Елбасының бұрынғы ре­зиденциясының, қазіргі Тұңғыш Президент мұражайының күм­без­ді залында коалиция мүшелері алғашқы отырысын өткізіп, ұй­ым­ның болашақ қызметін тал­қы­лады. Демократиялық күштер коа­лициясы аз уақыт ішінде аза­маттық қоғамды біріктіріп, қа­зақстандықтар арасындағы беделін нықтады. Оның қызметін Елбасы, «Нұр Отан» партия­сы­ның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалады. Президент саяси партияларға осы ұйым шеңберінде бірлескен жұмысын жалғастыруды ұсынды. Бұл бастама қолдау тауып, ЖДКК мүше­лері саяси партиялармен және қоғамдық ұйымдармен елде және әлемде болып жатқан оқи­ғаларды талқылау үшін, азамат­тық қоғам институттарының сын­дарлы бас­тамалары мен қа­зақстан­дықтар­дың мүдделеріне қолдау көрсету үшін өз жұ­мысының ауқымын кеңейту ту­ралы шешімге келді. Отырыста ұйым қызметінің жаңа кезеңі бастау алды. Бұл ту­ралы «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин айтып өтті. «Биылғы президенттік сайлауда «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коали­ция­сы халықты біріктіруші ма­ңызды қоғамдық-саяси күш ретінде танылды. Сондықтан, Тәу­ел­сіздіктің 20 жылдығы қарса­ңын­да біз өз қызметімізді Жал­пы­ұлттық коалицияда жалғас­ты­рып жатқанымыз – бұл барша Қазақстан халқының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың страте­гия­лық бағытын алдағы уақытта да бірігіп іске асыруға дайын екен­дігінің нақты дәлелі», деді ол. Қазақстан Жазушылар одағы­ның төрағасы Нұрлан Ора­залин­нің айтуынша, «коалицияның құ­рылуы  Президентіміздің страте­гия­лық мақсаттарын жүзеге асы­ру үшін барлығымыздың жұмы­лып, абыроймен іске кірісуге дай­ын екенімізді анық көрсе­теді». Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай коалиция мүшелері барлық қазақстандықтарға, саяси партия­ларға, қоғамдық бірлестіктерге үн­деу жолдады. Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұ­рат Жұрынов 20 жылда елiмiздiң халықаралық аренадағы беделi­нiң жоғарылауы жайлы айта келе: «Бүгінгі коалиция қабылдап отыр­ған үндеу – бұл бүкіл қазақ халқына деген үндеу. Тұңғыш Президентіміз бастап, алға қарай адымдаған үдемелі қозғалы­сы­мызды одан әрі нығайтуымыз керек», десе, «Сауап» қоғамдық қо­рының президенті Бақытбек Сма­ғұл да коалиция үндеуіне қолдау білдіріп, оның қабылдануы Елба­сы саясатын қолдауға және де еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға зор үлесін қосатынына сенім білдірді. Егемен дамудың қос онжыл­ды­ғы мемлекеттілікті орнатудың, қоғамның тұтастығын сақтап қа­лудың, аса қауіпті экономикалық қиындықтардан ойдағыдай өту­дің кезеңіне айналды. Қазіргі уа­қытта Қазақстанның алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларды қоғам тек өзара тү­сіністік пен күш біріктіру арқы­лы ғана шеше алады. Бұған коа­ли­цияның мүшелері сенімді екен­діктерін мәлімдеп жатты. Олар халықты осы қол жеткізген жетістіктерді сақтап, оны молайта түсуге бар күшін жұмылды­руға шақырды. «Халықтың бірлігі мен ын­тымағы, оның топтасуы барлық қазақстандықтардың өмірін жақ­са­ртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік жасайды. Болашағымыздың іргесін бірге қалайық!», делінген үндеу мәтінінде. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.