Тарих және тағдыр тауқыметімен 5 миллиондай этностық қазақтардың әлемге тарыдай шашылып кеткені баршаға мәлім. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон саясатын ұлттық саясаттың өзекті саласы ретінде қарастыруына сәйкес, қазір 1 миллионға жуық бауырларымыз тарихи Отанына келіп үлгерді.
Дегенмен, соңғы уақытта Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасалуда. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов: «Біздің баратын базарымыз бір, жататын мазарымыз бір», дегеніне қарамастан, туыстас мемлекеттің шенеуніктері этностық отандастарымыздың Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін бұрынғыдан да қатаңдата түскені мәлім болып отыр.
Мәселен, Өзбекстан Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы Өзбекстан азаматтығынан шығу үшін 15 пункттен тұратын талап қоюда. Соның «7-пунктінде – если супруг является гражданином Республики Узбекистан, взять заявление-согласие, заверенное нотариусом о том, что он (она) не возражает против вашего выхода из гражданства Республики Узбекистан, 8-пунктінде – если вместе с Вами выходит ребенок, достигший 14 летнего возраста, то заявление, заверенное нотариусом о том, что он не возражает против вашего выхода из гражданства Республики Узбекистан, ал 9-пунктінде – если родители (брат, сестра) проживают в Республике Узбекистан, то нотариально заверенное заявление-согласие о том, что он не возражает против вашего выхода из гражданства Республики Узбекистан» деген талаптар қойылған. Оған қосымша 110 АҚШ доллары көлемінде консулдық шығын төленуге тиіс.
Бұдан 7 жыл бұрын да осындай талаптар болған. Проблема кезінде Қ.К.Тоқаевтың араласуымен шешіліп, Қазақстан азаматтығын алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген болатын. Қалыптасқан жағдайға орай, еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені дипломатиялық жолмен реттеп шешсе, дұрыс болар еді.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты.