Жақында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Манне Вэнгборгпен кездесті.
Мәжілістің комитет төрағасы кездесуді Швеция Корольдігіне былтырғы жылдың соңында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитінде қолдау көрсеткендіктері үшін ризашылығын білдіруден бастады. Астана мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстар жайында жылы пікір айтты.
Әңгіме барысында депутат пен дипломат екі мемлекет арасындағы экономикалық және саяси өмірге, парламентаралық байланыстарға тоқталды. Дипломат олардың бүгінге дейін жемісті болып келе жатқанына, алдағы уақытта Корольдік сол дәстүрді жалғастыра беретініне сенім білдірді. Ал комитет төрағасы мейманды Қазақстанның өз тәуелсіздігінің 20 жылында жеткен табыстары мен жетістіктері және алдағы мақсаттары жайынан хабардар етті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.