• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2011

Маңызды жобаға мән берілді

300 рет
көрсетілді

Алматы облысында Пре­мьер-Министрдің орынба­са­ры – Индустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин­нің қаты­суы­мен «Қорғас» халықаралық шекара­лық кеден бекеті орта­лы­ғын да­мы­ту мен Жетіген-Қор­ғас темір жол желісінің құрылыс ба­ры­сы ту­ралы көшпелі штаб отырысы өтті. Штаб отырысына Төтенше жағдайлар министрлігі, Кеден комитеті, Шекара қызметі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Көлік және коммуникация министрлігі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және Алматы облыстық әкімдігінің өкілдері қатысты. «Қорғас» шекаралық кеден бе­кеті – Қазақстан мен ҚХР ара­сындағы уағдаластыққа сай жа­сал­ған ірі жоба. Бұл екі ел ара­сындағы транзиттік әлеуетті да­мытуға арналған Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі жо­ба­сын жүзеге асырудың бір парасы іспетті. «Қорғас» ХКБО еліміздегі көліктік-логистикалық дамыту жүйесінің маңызды бір бөлігі болып саналады. Мемлекет бас­шы­сының 2016 жылға дейін Қа­зақстанды Орталық Азия айма­ғы­ның сауда, логистикалық және іскерлік халықаралық байла­ныс­тың көп салалы орталығын жасау жөніндегі тапсырмасына орай Үкімет шешімімен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сының басқаруына сеніп тапсы­рылса, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық әріптестіктің маңызды бөлігі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қо­ры жүйесіне кіреді. Осыған орай компания сенімді басқаруға ғана ие болып қоймай, орталықтың кешенді түрде дамуына ықпал етеді. Қазақстан темір жолы өз тарапынан мемлекеттік ықпал­дас­қан көліктік-логистикалық опе­ратор ретінде Жетіген-Қорғас темір жол желісінің құрылысында екінші шекаралық бекетті және Алтынкөл стансасының жобасын жүзеге асырады. Болашақта Үкі­мет «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы жо­басында сауда, көліктік-логис­ти­калық, индустриялық және іскерлік алаңын жүзеге асырмақ. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» кө­лік жолы, «Жетіген-Қорғас» темір жолы секілді жобалар Қы­таймен екі арада экономикалық, мәдени, туристік қарым-қатынас көкжиегін кеңейте түспек. Оған қоса жеке инвестициялар тарту­ға, экспортты дамытуға, тұрғын­дардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын көтеруге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Қанат ЕСКЕНДІР.