Елбасының Сыр еліне жасаған сапары сәтті болды. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін халықпыз ғой. Мемлекет басшысының келуіне орай халық игілігіне жұмыс істейтін нысандар іске қосылып, ел еңсесін тіктеді. Талай жылдан бері тұрғындарға ыңғайсыздық туғызып келген мәселелер де шешімін тапты. Соның бірі темір жол үстінен өтетін жолайырық еді.
Теміржолдың солтүстігінде орналасқан Шанхай, Гагарин, Титов, Қызылжарма тұрғындарының бергі бетке өтуі қиын болатын. Өйткені, өткел болғанмен, күн сайын темір жол арқылы ондаған локомотив құрамалары өтеді. Олар өткен кезде жол жабылады. Сөйтеді де, кептелек пайда болады. Пенде емеспіз бе? «Асыққан шайтанның ісі», дегенмен, жұмысына не болмаса сабағына кешіккен адамдар темір жолды кесіп өтіп кетеді. Жылдамдықпен келе жатқан пойыз оған қарасын ба? Содан апат орын алады. Кейбір адамдардың ажалы осы арадан табылып жатты. Оның үстіне қалада жыл сайын халық саны артып келеді. Ел саны артқаннан кейін, көліктің де көбейетіні бесенеден белгілі. Темір жолдың осы бір ұрымтал тұсына көпір түсіру қызылордалықтар үшін 30-40 жылдан бері арман еді десек, артық айтпаймыз. Арман болғаны сол, кеңестік кезеңнің өзінде көпірдің қажеттілігі туралы айтылды. Жазылды. Дегенмен, еш нәтиже болмады. Пойыз тізбегінің өткенін күтіп тұрған көлік кептелегі секілді бір орнынан жылжымады да. Тек ел егемендігін алып, еңсесін тіктеп, экономикасы артып, әлеуеті зорайғанда ғана барып көпір құрылысы қолға алынды.
2009 жылы құрылыстың жоба-сметалық құжаттамасы дайындалды. Оған облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Жолайырықтың құрылысын жүргізетін компания да белгілі еді. Ол «Бушра» ЖШС болатын. Құрылыс сол жылы басталып кетті. Солайша, темір жолдың үстінен өтетін жолайырықтың құрылысы Елбасының келуіне орай аяқталды. Президент арнайы барып көріп, құрылысшылармен жүздесті.
Бұл өзі заманауи талаптарға сай көпір. Ұзындығы – 887 метр. Күніне 12 мыңнан астам көлік өткізуге мүмкіндігі бар. Айналма жолдары халықтың ары-бері қатынауына өте ыңғайлы.
Осы көпірдің салынуына 1 миллиард 641 мың теңге қаржы жұмсалған екен. Ол халықтың толайым табыстарынан құралғаны анық. Басқа бір аймақта мұндай күрделі құрылыс жергілікті бюджеттен қаржыландырылды дегенді естімедік. Ендеше, мұны қызылордалықтардың ерен күш-жігерінің жеңісі десек, болатындай. Туған жерін, елін көркейтуге қосқан титтей де болса еңбегі ретінде бағалауға тұрарлық.
Елбасы өз сөзінде: «Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы құр дабырамен өтпеуі керек. Мерейлі мерекені әрбір ауыл, аудан халқы сезінуге тиіс. Ол үшін аулалар абаттандырылып, ауылдар көркеюі қажет», деген еді. Ата-бабамыз осы күнді сан ғасырлар бойына армандап өтті. Талай ердің қаны төгілді. Аналардың көзінен жасы ақты. Ақыры соның өтеуіндей болып бақ бізге қонды. Сол ақ таңның атқанына да 20 жыл толып отыр. Елбасының бұл мерейтойды әрбір қазақстандық сезінуі қажет дегені де осыдан. Ал Қызылорда қаласының тұрғындары Тәуелсіздіктің 20 жылдығын жан-жүйесімен сезініп отыр. Көптен күткен көпір ашылды. Темір жолдың екі бетіне қатынас оңтайландырылды. Барыс-келісте енді қиындық болмайтын болды. Уақытыңды жеп, жүйкеңді жұқартатын кептелістен де арылдық. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Қызылордалықтар бұл көпірді ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде қабылдап отыр.
Жәнібек НҰРҚЫШҰЛЫ, көлік саласының ардагері.
Қызылорда.