• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Арқаны дүбірлетті өлең кеші

856 рет
көрсетілді

Қасым Аманжолов – 100 _____________________ Қарқаралы ақын мерей­то­йын алысқа жаңғыртты. Осындайда еске қалайша түс­песін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында оқу­да жүргенде қысқы демалыста ау­ыл­да аздап аунап-қунап қайтуға жол түскені бар. Ол кезде бірге оқитын, ауылы алыстау курс­тастарды жатақханада жалғыз қалдырмай, ерте кету достық пейілдің белгісіндей еді. Нұ­ра­ның бойындағы Көкөзек атала­тын ауылымыз аудан орталы­ғынан 10-12 шақырымдай болса да онда жету оңай емес-ті. Содан да жаяу тарттық. Жолай Қызыл­шіліктегі қадірменді жандар Балтай атай мен Болкен әжейге сәлемдесуге де кірдік. Таңертеңгілік шайға енді отыр­ған екеуі қуанып қалды. «Ал жолдасыңды таныстыр. Қай жақтың баласы?», – деген атаға серігім Серікбай Шоңғалов «тор­ғайлықпын» деді. «Ә, киелі то­пы­рақтың өскінімін де. Төрге жоғарыла, қысылма», деп Балтай ақсақал қалбалаңдап үстел үс­тіндегі жылы-жұмсақты серігім­нің алдына қарай ысыра бастады. Серігімсің, Сырбайымсың, ақыным, Жақсылықпен күшті достық ақырын. Жалқы жанмын жалғандағы мен жүрген, Болшы досым,болшы құрбым, жақыным – деп Қасым ақын жыр арнаған Сырбай досы елінен болдың ғой, – деп сөз орайын өлеңмен өрнектей жө­нел­ген қарт зердесіне қалайша таңданбассың. Ол енді бір уақ ақынның біраз өлеңдерін жатқа айта келе: «Бұрын Абайды ғана оқушы едім, беріде Қасымға да көңіл құлады. Қабыкен бауырым қадірлесе қадірлегендей ірі ақын екен», деп әңгімені әріден са­бақтаған. Оның бұл сөзінен ақын жырларымен Қабыкен Мұқышев арқылы танысқандығы білінді. Осы ауылдың тумасы, өзі де танымал талант Қабыкен аға­йын­дары ортасында қауышқан бір сәтте Қ.Аманжоловтың кі­табын Балтекеңе тарту етіпті. Содан бері бұл кітап көкірек көзі ашық, ой сәулесі жарық жанның қолынан түспейді екен. Ауылдың сол қарапайым қар­тының өлең құдіретіне қалт­қысыз бас иген сәті Қасым мерейтойына жан-жақтан асы­ғып жеткен жырсүйер қауым бас қосқанда ойға оралған-ды. Иә, бұл күндері жыр құдіреті одан сайын жарқырап, көпшілік көңілін мейірлендіріп жіберген еді. Ізін тереңдеткен, орны бөлектігін ардақтаған Мұқағали­дай тұлғалас інісі: «Бәрінен де Қасымның десі басым», деп ағынан жарылғанындай уақыт асқан сайын асыл мұрасының қадірі артып, алтын поэзия шуағы баршаға төгілген шақ болды. Солай болуына шығарма­шылық шыңына арналған жыл бойындағы мәдени-іс шаралар әсері тигені анық. Олай дейтініміз, ел үшін биылғы жыл – Қа­сым жылы ретінде есте қалмақ­тығы хақ. Ақын 100 жылдығын­да оқырмандар жаңадан жарық көрген кітаптарымен қауышты. Сондай-ақ, Бақытжан Қанапия­нов­тың білікті тәржімелеуімен жарық көрген орыс тіліндегі бір томдық жинағы мерейтойға тамаша тарту қатарына қосылды. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түрік жырсүйермендеріне отты өлеңдерін оқып-тұщынып, түркі әдебиеті әлеміндегі орнын та­нып, бағалай білуіне мүмкіндік жасады. Өнер ошақтарында қо­йылған сахналық туындылары, білім беру орындарында өткен әдеби кештер, ғалымдармен кездесулер, Қасым оқулары әлі де шектеліп жатқан жоқ. Осының бәрі жаңа заман жас желектері жүрегіне нұр құйып, азаматтық ойшылдыққа от жағары, тамыр тереңдетері сөзсіз. Үш күнге жалғасқан ақын мерейтойы бейсенбіде бастау алды. «Шалқыма» концерт залы­ның тамаша ғимараты сегіз қырлы қасиетімен де          танылған талант иесінің өлеңдеріне жазылған әсем әуен құшағына бөленді. Іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық сынға іліккендер де, Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева сынды қазылар алқасы да көпшілік талғамынан шықты. Ал сонымен бірге «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы жасаған Қасым Аманжолов туралы деректі фильмнің көрсетілімі назарға ұсынылды. Бұдан кейін іле кеншілердің Мәдениет сарайында республика­лық ақындар айтысы жұрт делебесін қоздырып әкетті. Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Айтбай Жұмаділов сияқты жыр жүйріктерімен жарысқан жас жұлдыздар сайысы осы өнерді өрлетуші Мырзатай Жолдас­бе­ковтің өзі жоғары бағалағандай, есте қаларлықтай өтті. Бұл жолы да Айнұрдың мысы басым түсіп, бас жүлдеге дес бермеді. Ме­рейтойлық мәдени шаралар кешкісін Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Досымның үйленуі» қойылымы көрсетілуімен жалғасты. Осы­лайша өнер мен жыр дүрсілі бірден күркіреп, алып қаланы күмбірлете тербеді. Ертеңінде шаһарда Қасым рухы одан сайын асқақтады. Об­лыс әкімі С.Ахметов алыс-жа­қыннан бас қосқан әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесті. Қабылдауға қатысушылар емен-жарқын әңгімеге тартылды. – Қазақ әдебиетінің көрнекті тұл­ғасы Қ.Аманжоловтың 100 жыл­дық мерейтойы ел тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келуі аймақ жұрты үшін зор мәртебе, елге ортақ елеулі оқиға. Соған ортақтасуға келген сіздерге қа­рағандылықтар атынан үл­кен алғысымызды білдіреміз, – деген Серік Нығметұлы сөз кезегін меймандарға ұсынды. Академик Серік Қирабаев, жазушылар Софы Сматаев, Сәбит Досанов ақын мерейтойының рухани сілкініс ретінде мән-маңызы ерекшелігін, ал түркі халықтары Жазушылар одағы басқарма­сы­ның төрағасы Якуб Делимероғлы Қасым Аманжоловтың поэзиясы түркі тілдес әдебиеттің мақта­нышына айналғандығын атады. Тұманбай Молдағалиев сиясы кеппеген өлеңін оқыды. Кездесу үстінде ақынның қыз­дары Жанна мен Дариғаға қала ортасындағы жаңа үйден пәтер кілтінің тапсырылуы жыр сәй­гүлігінің ұрпағына деген құрмет тұрғысында қосталып, ризалық­пен қабылданды. Танымал меймандар бұдан соң қаланың көрікті бір төрінде бой көтерген ақын ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Қа­зақстан Жазушылар одағы бас­қар­масының төрағасы Нұрлан Оразалин мен облыс басшысы Серік Ахметов жан-жағы жасыл желекке малынған, әсем гүл­дердің иісі аңқыған ортадағы биіктігі 8 метр мүсіннен ақ шәйі жамылғыны сыпырғанда Сәкен ағасы көшесі жаққа ойлана көз тіккен Қасым Аманжолов бейнесі жарқ етті. Рухтас ізбасары Серік Тұрғынбеков сүйсінгендей, қазақ жыры дауылпазының ақындық болмысы, өр тұлғасы көз алдыға келерліктей сомдалыпты. Солай болу үшін жарияланған байқауда белгілі сәулетші Жеңіс Молдабаев ұсынған жоба озық шығып, таңдау соған түскенін айта кеткен жөн. Ескерткіштің орталық сая­баққа кіреберіс тұста орнатылуы да жақсы ойластырылуымен кө­ңілге ұнамды. Ақын мерей­то­йына ар­налған ең көрнекті тарту осы екенін атап өтпеске болмайды десек, Парламент депутаттары Қуа­ныш Сұлтанов пен Уәлихан Қа­лижан өз сөздерінде биігі бөлек тұл­ғаның суреткерлік қырларына қысқаша тоқталды. Астана қала­сындағы бір көшеге Қасым Аманжолов есімі берілгені туралы хабарды жиналушылар қол ша­палақтап қарсы алды. Бүгінде тоқсанға таяған майдандас досы Ізгілік Нұрмағамбетұлы ақсақал­дың отты жылдар жайлы әңгімесі жауынгер Қасымның ерлік жол­дарын еске түсірсе, аймаңдай ақын қарындасы Фариза Оңғар­сынова өлеңін көпшілік аса зейін қоя тыңдады. Бұдан былай қарай бұл жерде Қасым оқуларын өткі­зіп тұру туралы ой да қолдау тапты. Ескерткіш ашылу сәтінде мы­надай ұсыныс-пікірлер құлақ­қа шалынды. Сәкен көшесі. Қасым мүсіні. Қазақ әдебиеті екі алыбы­ның аты мен бейнесі түйісіп тұруы сүйінішті болса, осы жа­растықты қапталдас көше атауы бұзатындай болуы өкінтерлік делінген ойлар орынды көрінді. Кей тарихшылар ғана білмесе, басқаға мүлдем беймәлім Кривогуз атты адам өмірінің Қарағандыға еш­қандай қатысы болмаса да әлгі көше соған қалайша тағылғаны шынында түсініксіз. Анықтама­лық­тарды ақтарып, ақырында Ақмолада орнаған кеңес өкіметін қолдаған матростардың бірі болғандығына қанықтық. Алайда, өзге сіңірген қызметін біле алмадық. Заман жаңарды. Кеңестік жүйе келмеске кетті. Енді соның бір белсендісін есте сақтай беру қисыны қалай?! Қайта бұл көше бүкіл қазақ мақтанышына айнал­ған Қасым ақын есімімен аталса көңілге қандайлық көрікті, құлақ­қа қандайлық ыстық деп білдірілген тілектер алдағы уақытта ескерілсе құп. Мерейтойлық шаралардың есте қаларлық тағы бір жағымды жағы қасымтану бағытында үлгілі үрдіске із тасталды. Серік Қира­баев, Сейіт Қасқабасов, Тұрсын­бек Кәкішев, Марфуға Айтхожина сынды әдебиетші ғалымдар мен зерттеушілер сөз өрбітіп, шоқ тастауымен «Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты тақырыпта өткен ғылыми-тә­жірибелік конференцияда суреткер шеберлігі сан қырынан тал­данып, дарын қуаты жан-жақты таныстырылды. Қасым әлемі – тылсым, терең, әдемі әлем, ұлттың құнары –осындайлық құбылыста делініп, мұрасының құндылығын жастар­дың дұрыс түсінуіне арналған шараларды ширату қажеттігіне сөйлеушілер баса тоқталды. Қа­сымды қастерлеу Абайды ардақтаумен, Мұқағалиды мұрат тұтумен астасатындығына мән аудартылды. Алаш арыстарынан соң орны ойсырап қалған төл әдебиетті, алашшылар идеясын «өртке тиген дауылдай» өлең­дерімен қайтадан өрлетудегі үле­сін салмақтай білуде тың ізденістер күтіп тұрғандығы тілге тиек етілді. Конференцияны жүргізген «Болашақ» университетінің рек­торы, өнер мен мәдениет жана­шыры Нұрлан Дулатбеков «Абай» энциклопедиясының үлгісімен өл­кенің тұғырлы тұлғаларының әр­қайсысына арналып, жеке ең­бектер шығарыла бастағанын ай­тып, ақын Қасым туралы да энциклопедия дайында­латын­ды­ғын хабарлады. Зиялы қауым жиынына қа­тысушы танысымыз Қанапия Әбілов: «Атын білсем де ақындық даралығын білмей келіппін. Танымым кеңейіп қалды», дегендей, Е.Бөкетов атындағы Қараған­ды мемлекеттік университетінің ең сыйымды дәрісханасына жи­налғандар осындайлық рухани нәр-қуатқа бөленді десек, жаңы­лыспасымыз анық. Әлбетте, ақын тойы әрдайым ақындар шабытын шалқытар шақ десек, « Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты жыр мүшәй­расы олардың тебіренісін теңіздей тербелткен. Яғни, Қа­сым ұстаздарын өлеңдеріне арқау еткен өңкей дүлдүлдің үлкен бір шоғыры көп жүрегін жаулай ала жөнелген. Өлеңдер оқылған сайын Қасым жаққан оттың жалыны жарқылдай түскен. Сонымен, жыр додасы төрінен «Аманжол құдығы» атты балла­дасымен Ұлықбек Есдәулет көрінсе, Серік Тұрғынбеков, Темірхан Медетбек үзеңгілес озды. Газетіміздің Алматыдағы бөлім­ше­сінің жетекшісі Қорғанбек Аманжол да осындай айтулы ақындар қатарынан табылды. Қазақ тойының көрікті дүбірі мүшәйра, ақындар айтысы, балуандар белдесуі, ат бәйгесі емес пе. Соны қыздырған жеңімпаз­дарға бір-бір жеңіл көлік сыйға тартылды. Үш күнге жалғасқан мерей­тойлық бағдарлама 20-дан астам шараны қамтыды. Сондықтан бәрін тізбелеп шығу мүмкін болмағандықтан бастыларын атадық. Ал ең түйіні кіндік қаны тамған Кент тауының баура­йында жасалды. Алдымен меймандар Қарқа­ралы­дағы Құнанбай қажы сал­дырған мешітке мінәжат етті. Абай тоқтаған үйді көрді. Кент – келбетіне көз тоймас өңірдің әсем бір тұсы. Табиғаты қандайлық сұлу болса, тарихы да сұлу. Еркін қиялға, әдемі арманға ендіріп, сырлы ойға қанат қақ­тыратындай жер. Тау-тас, орман-тоғайлар қойнауы ежелгі ескерткіштер ізіне толы. Былтыр ғана ертедегі сақ көсемдерінің қоры­мынан табылған алтын әшекейлі жәдігерлер бұл күнде облыстық мұражайдың мақтанышы. Кейінгі кезде ақын өмірбаянының бей­мәлім жағы турасында соны деректер де табылуда. Оны ба­йыпты зерделеу зерттеушілер парызы. 200-ге тарта киіз үй тігілген ақ отаулар қалашығы төріндегі сахнадан Қ.Аманжолов әндері шырқалып, театрландырылған кө­рі­ністер жиналғандар назарын аударды. Ондағы жиналған көпшілік алдында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ақын мерей­то­йымен құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай баяндамасы ынтамен тыңдалды. Еліміздің барлық өңірлерінен келген делегация өкілдерінің ішінен жетісулықтар да шоғырлы топ болып көрінді. Мұның алдында Алаштың ақиық ақыны Мұқа­ғали Мақатаевтың 80 жылдығын Алатау бөктеріндегі Шалкөде жайлауында дүркіретіп өткізген олар той-думан үдері­сіне сүйсіне қарады. «Мұқағали» журналы­ның бас редакторы, танымал ақын Батық Мәжит­ұлының осын­дай тойлардың мәні де, сәні де өсуін қуаныш қылуы осы мере­кенің бір әсері деп білеміз. Шал­қыған ән, қалықтаған күй ая­сында, байырғы ұлттық ойын-сауықтарға кенелген ха­лайық рухани серпілісі еште­ңеге жетпесе керек. Күллі қазақтың сүйікті ақы­нына айналған жанның ұлы тойы ел есінен ұмытылмастай өтті. Қасым жыры жаңа ұрпақ көкірегі төріне тереңдей түсті. Ақын атын аспандатып, даңқын көкке көтер­ген жерлестері оның өлмес рухын қазақ жұртына ортақ етті. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. ____________________     Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Бас жүлде иесі.     АМАНЖОЛ ҚҰДЫҒЫ Төлежіп Қасым туған кең өлкесі, Арқаға қайта оралды өлең көші. Арқалы жырларынан от шашырап, Ақынның жарқырайды көлеңкесі. Қарқаралы басында – қара құдық, Ақындар атын бұрар аракідік. Табиғат ентелейді жан-жағынан, Алғандай сол құдықты бала қылып. Қартамыс Қаракемер қойнауында, Көшелі Көшен таудың баурайында. Аманжол Рахымжанның жұрты жатыр, Торқасы тамыр сыйлап тал-қайыңға. Сол жерде шыр етіпті Қасым арман, /Өлеңде бір дәуірдің басы болған/ Орданың ойсыраған орны мынау, Қорымын қой қораға тасып алған. Тастарын қоржын тамның қына басқан, Жуады жаңбырымен жылап аспан. Қасымның көзін сүрткен сол бұлттар-ау, Қас-қағым бірін бірі қуаласқан.   Тетелес ғасырлармен жас шамасы, Шөп басқан, жермен-жексен баспанасы. Жұртына ақын қайта оралмапты, Жасында тигеннен соң тасқа басы... Жас Қасым қозы қуып, жалбыз жұлып, Жүгірген табанына кәрғыз кіріп. Бұла шақ, бір ошақтың белгісіндей, Бұзылмай аман қапты жалғыз құдық.   Айнала адыр-адыр нар жоталар, Айналған алтын қазық арғы аталар. Бұл құдық әулиенің қайнары екен, Шолпылдап шомылмаған көлбақалар.   Кәусары өлең болып өрілгендей, Көзіме көркем елес көрінгендей. Бұл құдық тұнығына жұлдыз түнеп, Шелектен ай тамшылап төгілгендей. Сол суды сарқымас па, шалқымас па, Десек те , балалықтың нарқы басқа. Құдыққа қайран Қасым шерін төккен, Әкеден айрылып алты жаста.   Осы бір қара құдық шегенделген, Адамзат шөлін басар өлең берген. Көз жасы сол құдыққа тырс-тырс тамып, Періште кірпігінде көгенделген.   Басынан бақытын да ала қашқан, Жасынан небір нәубет қара басқан. Сонда да сарқылмаған осы құдық, Ақынның көз жасымен араласқан. Тағдырдың жолы тарау, қаны қарау, Жетімнің жүрегі өрт, жаны жамау. Шоқ шайнап, от түкірген ақындығы Қасымға осы сумен дарыған-ау.   Тәу етіп сол құдықтың суын іштік, Шелектеп басымызға құйыныстық. Арқалы Ақсұңқардың ақын ұлы, Арқырап жыр оқыса сүйсіністік.   Мына әлем –сол әлем бе Қасымды ұққан, Әлде ұқпай ұлы ақынның басын жұтқан? Жоғалтып алмап па екен қасиетін, Айрылып қалмап па екен асылдықтан? Мына ауа сол ауа ма Қасым жұтқан, Уланбай қалып па екен не сұмдықтан? Ақынның көз жасына қалған әлем Жүр ме әлі зардап шегіп басырлықтан, Ұлысын ұрып жығар тасырлықтан?   Десек те дәуір басқа, ғасыр бөлек, Жамылып жаз жетсе де жасыл желек. « Арпалыс алақұйын заманалар» Айқайлар: – Қасым керек!, Қасым керек!   Өрт мінез өлеңінен шоқ тамардай, Бүгінгінің бар кеселі жоқ болардай. Соғыстан қайтқанындай сылтып басып, Қасым да құдығына кеп қалардай.   Қасымсыз баспаналар қаңырап құр, Көңілдер көншу іздеп аңырап тұр. Талантты таланынан тарықтырар, Бұл өзі неткен заман тәңір атқыр!   Мүсін боп тұрса тұрар астанаңда, Енді оған керек болмас баспанаң да! Қыранға қажет емес хан шатырың, Ғұмыры ғасырды аттап басқан алға!   Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп, Тұңғиық ғарыш пенен қара құдық... Қасым ақын тылсымын ұғам десең, Жолаушым, мойыныңды қара бұрып!   Қаға бер қанатыңды , Қарқаралы, Ғаламды қасиетің тартар әлі. Қасымның құдығынан дәм татсам деп, Шарқ ұрар дүниенің шартарабы.   Бұлықсып талай ұлың ержетуде, Бұл құдық тереңімен тербетуде. Бала Қасым бейнесін сақтап қалған, Жалғыз фотоаппарат сол жер бетінде.   Ұлылық шүпілдеген қара өлеңнен, Ұрттасаң ұлан шөлін қана берген. Құдыққа , Қасым аға , үңілемін, Суынан мөлт етердей бала бейнең!..