ЕЛДЕГІЛЕРДІ ҚУАНТҚАН ЕРЕКШЕ КҮН
Өткен аптада Қашыр ауданындағы Песчан ауылында 5 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория ашылды. Республикалық бюджеттен 140 миллион теңге қаржы бөлінген бұл құрылысты «ГСУ Құрылыс» серіктестігі биылғы жылдың наурыз айында бастап, белгіленген мерзімде аяқтады.
Енді көршілес Байқоныс, Қызылтаң, Тілеубай ауылдарының да тұрғындары осы емханада емделе алады. Күніне 30-40 адам қабылдайды. Дәрігерлік мекемеде барлық жағдай жасалған, мамандар да жеткілікті. «Биыл облыста 60-қа жуық осындай бөлімшелер ашылады», деді Песчандағы дәрігерлік бөлімшенің ашылуына қатысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.
* * *
«100 КҮН – 100 ИГІ ІС» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына байланысты «100 күн – 100 игі іс» деп аталған шараны бастады. Оның барысында ел тәуелсіздігінің мерейтойын атап өтетін күнге дейін түрлі танымдық шаралар өткізілетін болады. Университеттің негізгі ғимаратына кіре берісте тәуелсіздік мерейтойын атап өтетін күнді кері қарай санайтын күнтізбе орналастырылды.
Университеттің әр студенті 100 күнді өзі үшін де, Отаны үшін де пайдалы өткізуге міндеттеме алды. Белсенді студенттер бас болып, жоғары оқу орнының басшылығымен келісіп, әр күні өткізілетін шаралардың кестесін жасады.
Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент.
* * *
АЛЫС АУЫЛҒА АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗІЛДІ
Республикалық қазынадан бөлінген 0,5 миллиард теңгеге Ақжар ауданындағы Бостандық ауылына 52 шақырымдық су құбыры желісі тартылып, су мұнарасы қоса пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Ағзам Тастеміров «Таза су» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қыруар жұмыс атқарылып, 14 мекенге сапалы ауыз су жеткізілгенін атап өтті.
Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасатын болады. Бас мердігер «Петропавлспейкоммунстрой» ЖШС-нің басшысы В.Калмыков бірер айдың ішінде Киев ауылы таза сумен қамтылатынын мәлімдеді. Сөйтіп, аудан тұрғындарының 90 пайыздайы сапалы тіршілік нәрімен сусындап отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.
* * *
«СЕН МАҒАН ҚЫМБАТСЫҢ, ҚАЗАҚСТАН!»
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналған шараның бірі ретінде Атыраудағы Ш. Сариев атындағы өнер мұражайында жергілікті суретшілердің көрмесі ашылды. Үш күн бойы атыраулықтардың қызығушылығын оятқан көрмеде суретшілер Светлана Гузева мен Надежда Эксузьянның шығармашылық шеберханасынан әр түрлі тақырыптарды қамтыған 90 сурет қойылды. Суреттердің барлығы да майлы бояумен салыныпты.
– Біз өз шығармашылығымызда Қазақстанның әдемі табиғатын, ынтымағы жарасқан адамдарының достық рәуішін көрсетуді мақсат тұттық. Себебі, өзіміз мекен еткен елдегі бірлік пен достық бәрінен қымбат. Тіпті, тасы мен тауы да, өзен-көлдері де, адамдары да біз үшін қымбат екенін сезіне түстік, – дейді суретші Надежда Эксузьян.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.
* * *
ЖИЫРМА БЕС ӘЖЕ ...«ЖҰМЫССЫЗ» ҚАЛДЫ
«Жұмыссыз» адамдар, әдетте, қабағын түйіп, қобалжып жүрмеуші ме еді, сөйтсек, мұндай «бақытқа» қуанатындар да бар екен. Мысалы, жақында, Жуалы ауданының Тоғызтарау ауылындағы бір топ әже өздерін қызметтен «босатқан» жергілікті билікке рахмет айтып, мәз-мейрам болды да қалды.
Қуаныштың себебі, ауылдан 25 бүлдіршінге арналған балабақшаның ашылуына байланысты екен. Ол мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы шеңберінде дүниеге келіпті. Сөйтіп, балабақшадағы 18 қызметкер бала баққан әжелердің жұмысын толығымен өз мойындарына алыпты. Бір балабақшаның арқасында алыстағы ауылдағы жиырма шақты жасқа жұмыс табылып, ал жиырмадан астам әженің... «жұмыссыз» қалуы, әрине, жақсылық.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.
* * *
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҰЛТТЫ ҰЙЫТАДЫ
Талдықорғанның шығысындағы әсем ғимарат – Тіл сарайында мерейлі 20 жылдығымыз қарсаңында ұлтжандылыққа ұйытатын ана тіліміздің келешегі жайлы кең көлемде «дөңгелек үстел» өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шараға мемлекеттік тілдің ертеңіне үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жалпы жұртшылық белсене қатысты.
«Дөңгелек үстелде» Ата Заңымызға сәйкес бүгінгі күні әлеуметтік саяси өмірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы арта түскені айтылды. Сонымен қатар, ұлттық рухымыз нығайып, кемелдену үстінде. Осы мәселелер жайлы журналистер Атсалим Идигов, Жұматай Оспанұлы, Мәулітхан Ақсан, Айтақын Бұлғақов және басқалар ой бөлісіп, келелі пікір айтты.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
* * *
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ – ҮЛКЕН КҮШ
Қарағандыда үкіметтік емес ұйымдардың ұйытқысымен «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы – азаматтық бастамалардың құрылуы мен дамуының 20 жылдығы: өрлеу қезеңдері, табысты тәжірибесі мен болашағы» атты конференция өтті. Онда «Әлеуметтік сүйемелдеу және бейімделу», «Отбасы мен неке мәселелері, «Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың тәжірибесі» секциялары бойынша осы бағыттағы іс-шаралар, ізденістер талданды.
«Ең таңдаулы ҮЕҰ», «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларының жеңімпаздары анықталып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қазақстанның V Азаматтық форумына делегаттар сайланды.
Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.