Баянауылдың қойнындағы көп ауылдардың бірі – Қаражар, екіншісі Қаратомар деп аталады. Екеуі де Ақсан ауылдық аумағына қарайды. Қазір қарап отырғаны бір мектеп болған соң, жыл сайын 1-сыныпқа келетін бала санының көбейгені әрине, ауыл үшін қуаныш. Өткен жылы баянауылдық 213 ана «Алтын алқа» алса, 272 ана «Күміс алқа» иегерлері атаныпты. Ал, елімізде қабылданған «Балапан» бағдарламасы арқылы мектеп жанынан ашылып жатқан шағын орталықтар болса, үйде отырған ауылдың қарадомалақтарын олардың, ата-аналарын тағы бір қуантты. Қаражар ауылындағы жалпы білім беретін орта мектептің негізінде ашылған «Нұрай» атты шағын орталыққа бұл күнде он бала келіп жүр. Аудан әкімдігі бұл орталықты ашу үшін 1 миллион 145 мың теңге жұмсапты. Мектеп директоры Айнагүл Шомақованың айтуынша, ауылда бес жасқа дейінгі тағы да елу шақты бала бар екен. Қазіргі кезде шағын орталықты 20-30 балаға лайықтап қайта қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда. Шағын орталықта ауылдың тоғыз адамы жұмыс жасайды. Мысалы, Ақбота Бапи облыс орталығындағы педагогикалық колледж бітіріп, алыстағы ауылға келіпті. Ал, көршілес Қаратомар ауылындағы жалпы білім беретін орта мектеп жанынан ашылған «Мөлдір» атты шағын орталыққа 43 бала келеді. Ауылдың қыз-келіншектеріне де жұмыс табылды. Екі шағын орталықта да балабақшадағыдай барлық жағдай жасалған. Аудан әкімі Ернұр Айткеновтың айтуынша, ауыл іші «Балапан» – игілікке, жақсылыққа орай жасалған бағдарлама деп отыр екен. Ал, ауданда қазіргі кезде 15 ауылда осындай шағын орталықтар және 4 балабақша жұмыс жасайды.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы.