• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Жаңбырлы жаздың сыйы

461 рет
көрсетілді

Еліміздің батыс өңірінде бұ­ған дейінгі  үш жыл қатарынан болған қуаңшылық диқан ба­баның қамбасын ортайтып, егіс салу керек пе, керек емес пе деген екіұдай ойға итермелегені де рас. Шаруашылықтардың эко­номикалық-қаржылық жағ­дайы әлсіреді. Өткен жылы об­лыс қажетті тұқымдық астықты да жинай алмады. Бұл егіс ал­қа­бын әртараптандыруға  мәж­бүр етті. Яғни, анағұрлым өнім­ділігі жоғары, балл бонитеті 25-30 болатын алқаптарға ғана тұ­қым себуге шешім қабылданды. Бұрындары облыс бойынша 730 мың гектардан астам алқапқа дән себіліп келсе, енді оны 505 мың гектарға дейін кеміту  ұсы­нылды. Соның өзінде де Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау сияқ­ты  аудандардың құнарлы алқап­та­рына егіс салу қажеттігі туын­да­ды. Осы алқаптың өзіне себілуге қажетті 55 мың тонна тұқым­ның 25  мың тоннасы ғана об­лы­с­тан табылды. Сон­дық­тан  ел Үкі­меті мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Қос­танай облысынан қосымша 30 мың тонна тұқым бөл­гізді. Сөйтіп, қашанда  ауа райы­ның қас-қабағын аңдитын диқан қауымы ылғалды көк­темге үміт артып  588 мың гек­тарға егіс салған болатын. Бұл жерде өз қаржыларына тұқым­дық астық тауып, егіс алқабын ұсынылған межеден кеңейте түсуге бағыт ұстаған шаруа қо­жалықтары­ның бастамашы­лы­ғын да айта кеткен жөн. Диқан қауымы күт­кен­де­гі­дей биылғы жаз жауын-шашын­ды болды. Егіннің көктеуі, са­бақтануы жақсы өтті. Алайда,  егін дән салар кездегі  тамыз­дың аптап ыс­тығы кей жерлерде  астық­тың толысуына кері әсер етті. Дегенмен биыл ақтө­белік диқандар қуаңшылықты жыл­дармен салыстырғанда біршама тәуір егін өсірді. Қазір егін орағы қарқынды жүр­гі­зілу­де. Егін орағында 2 мыңнан    астам комбайндар жұ­мыс істейді, оның 120-сы өнім­ділігі жоғары, тех­ноло­гия­лық мүмкіндігі әмбебап шет­елдік техникалар. Ас­тық жинау жұмысы екі ауы­сымда ұйымдасты­рыл­ған. Осы кезге дейін ас­ты­ғы жиналуға тиіс 588 мың гектар алқаптың 60 пайыз­ының  алтын дәні бас­ты­рылып, қырмандарға жеткізілді. Об­лыста жұмыс істеп тұрған 120 механи­ка­лан­дырылған қырманда ас­тық тазарту жұмыстары қыза түсті. – Облыс бойынша гектар түсімділігі биыл са­лыс­тыр­малы түрде анағұр­лым жо­ға­ры. Арпаның әр гек­тарынан 7,7 центнер өнім жиналды. Мәртөк ау­да­­нының диқандары гектар түсімін орташа 12 цент­нерден айнал­дырса, қарға­лылықтар – 10,  хромтау­лықтар 9,6 центнерге жеткізді. Ал, бидайдың түсімі сәл төмен, гектарына об­лыс бойынша орташа 7,5 центнерден келуде. Мәр­төк ауданы әр гектардан 11 центнер алтын дән бас­ты­рып, көш бастауда.  Қарға­лы және Хромтау аудан­да­рында тиісінше өнімділік гектарына  8,7 және 8 цент­нер болып отыр. Жал­пы, биыл өңір диқандары 400 мың тоннадан астам астық  дайындауға  бағыт ұстауда. Бұл өзімізге қа­жетті ас­тық­ты дайындап алуға, тұқым құйып алуға молынан жетеді. Сондай-ақ, шаруа қожа­лық­тары мен шаруашылық құры­лым­дарының көктемде ал­ған тұқымын өтеуге, ішінара болса да бұрынғы қа­рыз­дарын қайтаруға алғы­шарт жасайды. Үкімет егін орағын өткізуге жеңіл­де­тіл­ген бағамен жанармай бөл­ген-ді. Облыстық бюд­жет­тен осы мақсатқа бұ­ған қо­сымша 113 миллион теңге қарастырылды. Бұл дизель отынының литрін 71 теңгеге дейін арзан­да­ту­ға мүмкіндік берді. Мұ­ның өзі шаруа­ларға біраз қолдау-көмек бо­лып отыр, – дейді облыс­тық ауыл ша­руашылығы басқармасы­ның бастығы Мұхтар Жұ­ма­ғазиев. Оның мәлімдеуінше, жи­налған астықты сақтау­дың мүмкіндігі мол. Өңір­дегі 11 элеватордың бар­лы­ғы жаңа егіннің асты­ғын қабылдауға сақадай-сай әзір.  Астық қой­ма­ла­ры газдандырылып, тазар­тыл­ған, жөндеу жұ­мыс­та­ры  алдын-ала жүргі­зілген. Бұл элеваторлардағы сыйым­дылықтарда  600 мың тонна астық сақтауға бо­лады. Оларда облысқа қа­жетті азық-түліктік және тұқым­дық астықпен бірге Азық-түлік корпорация­сының  200 мың тонна ас­тығын да сақ­тау көзделуде. Бұдан басқа 54 мың гек­тарға майлы дақылдар өсі­рілуде. Бұл өткен жыл­ғы­дан екі еседен астам  көп. Қазір осы майлы да­қылдарды жинап алудың ал­ғышарттары жасалуда. Майлы дақыл­дар­дың шы­ғымы жақсы, гектар түсімділігі ойдағыдай бо­лады дейді мамандар. Облыс диқандары келесі жылдың егісіне жер дай­ындауға да көңіл бөлуде. Қазірдің өзінде 205 мың гектар парлы алқап дайын­далды. Егін орағы еңсеріле келе күздік сүдігер жыр­ту­ды да іле-шала бастаудың барлық мүмкіндіктері қа­рас­тырылуда.  Осы кезге дей­ін 1,5 мың гектар күз­дік бидай себілді.  Бұл жұ­мыс алда да жалғаса бермек. Егіншілік­тің агро­тех­никалық талап­тарын қатаң сақтауға ша­руа­лардың өз­де­рі де мүд­де­лілік таны­тып отыр. Сон­дықтан да олар ресурс сақтағыш техникалар алуға, егін алқап­тарын химиялық өңдеуге ден қоя бастапты. Олар бұл гектар түсімділігін арт­т­ы­рудың бірден-бір жолы екенін бек түсінген. Об­лыс­тық ауыл ша­руа­шы­лы­ғы бас­қармасының басшы­лығы облыстағы  ғалым­дар­мен кез­десіп, егінші­лік­тің өзекті мәселелерін ортақ ойласып шешуге, астықтың аудандас­ты­рыл­ған, өңірдің ауа райы­на бейімделген сорттарын өнді­ріске пайдалану ба­ғытында ой-пікір­лерін білуге ұмтылы­сы да құп­тарлық. Ауа райы қалай болады деп күтіп отыр­май, егіншілікті ғылыми негізде жүргізуді уақыттың өзі талап етіп отыр. Бұған қуаң­шылықты жылдардың ащы сабағы да итермелеуде.  Жаң­бырлы жаздың несібесін төкпей-шашпай құт қамбаға құйып алуға ұм­тыл­ған диқан қауымы  ең­бегінің егіншілік­тің қайта­рым­ды­лығын артты­ру ба­ғы­тындағы қадамдармен ұш­тастырылуы  бұл сала­ның табысты бола тү­сетініне сендіреді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.