• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2011

Күнгей мен көлеңке

746 рет
көрсетілді

Бүгінгі сот жүйесі және ондағы болып жатқан өзгерістер мен толықтырулар тәуелсіз ел атанғанына 20 жыл болған егемен елдің сот саласы дамуының белгілі бір кезеңі деп түсінетін болсақ, осы жүйеге қатысты қоғамда орын алған алыпқашты әңгімелер, қаңқу сөздер, сот беделіне нұқсан келтіретін кейбір оқиғалар неден туындап отыр? Сот жүйесі дағдарысқа ұшырады дейтіндей жаңсақ пікірлер қайдан шықты? Сот сыбайластыққа белшесінен батты деген сияқты жел сөздер қалай пайда болды? Айтылып жатқан әңгімелердің ақиқаты қайсы, жаңсағы қандай? Күрмеуі мол күрделі мәселені қозғап отыруымыздың өзі осы сан-салалы сұрақтарға жауап іздеуге тырысу деп түсінгеніміз абзал. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отыр. Бір қарағанда ұзақ мерзім сияқты көрі­не­тін, ал зымыран уақыттың өлшемімен есептесек, қас-қағымдай-ақ деуге боларлықтай осы ке­зең ішінде Елбасының тікелей қолдауымен жүргізіліп келе жатқан сот реформасы бұлталаң да бұралаң біраз жолды басып өтіпті. Кеңестік шекпенді шешкеннен кейін тәуелсіз елдің сот жүйесі енді қандай бағытпен жүріп, енді қан­дай мақсатқа жүгінуі керек дейтіндей сұрақ ту­ын­даған уақыт та артта қалды. Өтпелі кезеңдегі қиыншылықты да бастан өткерген бұл сала кейін үлкен жетістіктерге жетіп, тәуелсіз елдің тәуелсіз соты дәрежесіне дейін көтерілді. Сот са­ласындағы реформаның нағыз өрістеген, өр­кен­деген кезеңі үстіміздегі ғасырдың басынан басталды. Әлемдік стандартқа сай сот жүйе­сі­нің қалыптасуы да осы кезеңнің жемісі. Десек те, осындай іргелі істер тындырылып, осындай қомақты шаруалар атқарылып, үлкен жетістіктерге жеткен сот жүйесі кейінгі екі-үш жылда үлкен әңгіменің алаңына айналғаны несі? Жоғарғы сот қызметкерінің өз кабинетінде пара алу үстінде ұсталуы, үлкен дау-дамайға ай­налған оңтайландыру мәселесі, алты бірдей Жоғарғы сот судьяларының қызметінен кетуі және оның екеуінің қамауға алынуы сияқты оқи­ғалар кейбіреулердің пікірінше сот жүйе­сінің дағдарысқа ұшырауы деп түсіндірілді. Ал енді біреулер осындай асығыс һәм ағат ай­тыл­ған пікірлерді жоққа шығарады. Мәселен, Мә­жі­ліс депутаты, белгілі заңгер Берік Бекжанов былай дейді: «Қазіргі сот жүйесінің қалпы, ондағы болып жатқан өзгерістер мен толық­ты­ру­лар тәуелсіз ел атанғанына 20 жыл толған еге­мен елдің сот жүйесінің дамуының белгілі бір кезеңі деп түсіну керек. Оны дағдарыс деу қате түсінік. Әрине, сот жүйесінің ақсап тұрған тұстары бар шығар, бірақ оны сот жүйесінің тоқырауы деу ол сот жүйесінің дамуы жоқ дегенге саяды. Ал оның бұлай емес екенін екінің бірі біледі. Мәселен, мемлекеттік атқарушы билік тармағында шешімін таппай отырған күр­де­лі мәселелер көп. Сонда біз ол билікті дамымай дағдарысқа ұшырап жатыр дейміз бе? Онда экономикада болып жатқан жоғары көрсет­кіш­тер қайдан келді? Сондықтан біз әрнәрсеге объективті тұрғыдан баға бере білуіміз керек. Қоғам бір орнында тұрмайды. Ол даму үстінде. Сол себепті даму кезеңі бітті, енді тоқ­тау керек деген ұғым болмауы керек. Сот жүйе­сі де қоғам мен заман талабына сай әркез өзге­ріп, толықтырылып келеді. Жетілдірудің шегі жоқ демекші, оны қашанда дамытуға, жетілдіруге болады. Мәселен, осы соңғы жиырма жыл­да сот жүйесі көптеген реформалаудан өтті. Сол реформалар құқық қолдану тәжірибесінде орын алған қарама-қайшылықтарды жойып, жүйені одан әрі дамытуға бағытталды. Жемісті де жеңісті жұмыстар атқарылды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына түскен ауыртпалық өткен кезеңдермен салыс­тыр­ғанда өте жоғары. Жұмыстың көп, оны ат­қаратын қызметшінің аз болуы бұл өнімнің са­па­сына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан мұны шешудің бір жолы ретінде қылмыстық іс­тердің соттылығын (подсудность) қайта қарау керек. Мәселен, барлық істер бойынша соңғы екі саты болып есептелетін аймақтық соттар (облысаралық) құрылса. Ол сот облыстық сот пен Жоғарғы Сот арасындағы сот сатысын және белгілі бір деңгейде қадағалау функция­сын атқаруы тиіс. Жоғарғы сот болса, Конституцияда өзіне белгіленген міндетті, яғни сот­тар­дың қызметіне заңда көзделген іс жүргізу нысандарына сай қадағалау жүргізе отырып, нормативтік қаулы қабылдау арқылы сот тәжі­рибесі бойынша түсініктемелер беруді жүзеге асыруы, оларға әдістемелер дайындап берумен айналысуы тиіс». Сот саласында біраз басшы қызметтерді атқарған, бүгінгі күні халық қалаулысы болып отырған Берік Бекжановтың сот жүйесіндегі қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты пікірі осыған саяды. Оның «... бүгінгі жағдайды егемен елдің сот жүйесінің дамуының белгілі бір кезеңі деп түсіну керек. Оны дағдарыс деу өте қате түсінік» деген тұжырымын салиқалы ойдың көрінісі деуге болады. Өткен жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік бюджеті және Ұлт­тық Банктің сметасы (бюджеті) есебінен қам­тыл­ған органдардың штат санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабыл­дан­ған болатын. Осыған сәйкес сот жүйесі де оңтайландырылды. Басқа саланы қайдам, сот жүйесіндегі оңтайландыру мәселесі аз шу тудырған жоқ. Оның түрлі себептері де бар. Осыған байланысты әртүрлі пікір-таластардың туындағаны да рас. Бүгінгі сот жүйесіндегі судьялар жұмысын оңтайландыру шаралары ту­ралы өз пікірін ортаға салған Алматы қалалық сотының судьясы Мәриям Қарабаева республи­ка­лық бір басылымға берген сұхбатында былай дейді: «Қазақстанның сот жүйесі континен­таль­дық, роман-германдық құқықтық жүйеге бағыт­талған. Осы жүйе бойынша жасалған реформалар сотқа келген тараптардың құ­қықтарын қор­ғауға бағытталып келеді. Ал судьялардың жұ­мысын жеңілдету немесе оңтайландыру жағы қалып кетті. Олай дейтінім, 2001-2005 жылда­ры бізде аптасына 3-4 іс қаралатын, 2008-2009 жылдары 7-8 іс, ал жаз айларында 18-20 іске дейін қарадық. Былтыр судьяларды қысқарт­қан­ның кері әсері қатты байқалды. Алматының жағдайында судьяларды қысқарту сот жүйесіне жасалған қиянат деп білемін. Нақты дерек, 2009 жылдың мамырында сотқа түскен істердің кіріс нөмірі 1610-1820 болса, қазір 3000-шы істер қаралуда. Яғни, бүгінде судьяның міндеті екі жарым есеге көбейді. Ал апелляциялық саты­ның қаулысы заң бойынша бес күнде жазылуы керек. Бір судья айына 40, 90-100 іс қарайды. Жалпы, 15-20 сот актісін бес күнде жазып бітіру мүмкін бе? Заңда қарастырылған соң біз оны орындауға міндеттіміз. Алайда асығыстық сот актісінің сапасына кері әсерін тигізері анық. Қазір біз күйіп-жанып тұрған дом­на пешінде жұмыс істеп жатқандаймыз. Бірінші сатыдағы соттар­дың жайы бұдан да ауыр. Бекітілген норматив бойынша әр судья­ның қарауында айына 22,4 іс болуы тиіс. Был­тырғы статистикалық мәлі­мет­тер Алматының аудан­дық сот судьяларының әрқайсысының айы­на орта есеппен 130-150, кейбіреуінде 160-180 істен түскенін көрсетіп отыр. Орта есеппен әр судья айына 50-60 шешім шығарыпты, бұдан басқа қаншама ұйғарым­дар мен хаттамалар бар. Сот шеші­мі­нің ар­тында адам тағдыры тұр­­ғанын, оның мемлекет аты­нан шығары­латын акті екенін ескерсек, әрбір сөйлем емес, тіпті әр нүкте мен үтір екшелеп, ойланып-толғанып жазу­ды талап етеді. Сондықтан, АІЖК-дегі сот актісін шы­ға­ру мерзімі он күнге дейін ұзар­тылуы қажет деп ой­лай­мын. Сондай-ақ, істі апелля­ция­лық сатыда қарау­дың мерзімі екі айға дейін ұзар­тылуы тиіс. Бұл мәселелер заң тұр­­ғысынан шешімін тапса, біріншіден, судья­лар­дың жұмысы едәуір жеңілдеп, екіншіден, сотқа қатысу­шылар та­ра­пынан судьялар үстінен түсетін шағымдар толастар еді». Сөзді айта алатын адам айтуы керек. Пікірі бар, өзінің ұстанымы бар маман ғана (мейлі ол судья бол­сын, мейлі жай ғана заңгер болсын) сұхбат беруден қашпайды. Мәриям Қарабаева­ның «Заң газетіндегі» сұхбатын оқи отырып, оның өз қызметінің, өз кәсібінің, өз маман­дығының шын жан­ашыры екеніне көз жеткізгендей боласың. Сот жүйесіндегі оңтайландыру мәселесінде біраз шудың болғанын жоғарыда айттық. Бұл мәселе кейбір облыс­тарда бүгінгі күнге дейін нүктесі қойылмаған дау-дамайларға да ұласты. Осы бір оңтайлан­дыру мәселесіне байланысты бізбен ой-пікірін бөліскен тәжірибелі заңгер, Алматы қалалық сотында біраз жыл жемісті еңбек еткен бұрын­ғы судья Адайбек Бейімбетов былай дейді: «Тек қана біздің Алматы қалалық сотында зейнеткерлік жасқа толғандар мен жұмысында кем­шіліктер кездескен судьялардан тысқары сегіз бірдей зейнеткерлік жасқа толмаған тәжі­ри­белі судьялар бір күнде отставкаға кету жө­нінде арыз беріп, 2010 жылдың 2 қарашасы күні өз өкілеттіктерін тоқтатты. Бұл сегіз судья­ның барлығы дерлік 20 жылдан артық судьялық өтілі бар тәжірибелі және сауатты судьялар болатын. Олардың ішінде С.Айбасов, Б.Темірханов, Н.Орлованың судьялық өтілі 30 жылдан да артық. Бұлардың бәрі де өмірдің талай өткелдерінен өткен, талай күрделі істерді әділ шешкен, әлі де қуат-күштері сарқылмаған судьялар еді. Осы судьялармен қызметтес бола жүріп, олардың қай-қайсысының да жаманатын естімеппін. Қызметтерінде қателесіп, жазалан­ған­дары да болған жоқ. Солай бола тұра, зейнеткерлік жасқа жете қоймағанымызбен, не зейнеткерлік жоқ, не басқадай табыс көзі болмаса да отставкаға кетуге бізді кім мәжбүрледі? Жүрегімді ұстап тұрып айта аламын, мен айтып отырған 8 судья отставкаға кету туралы шешімді өзіміз қабылдадық. Себебі, отставкаға кетпей отырып алсақ, көптеген жас судьялар қысқартуға ұшырап кетуі мүмкін еді. Оның үстіне басшылық тарапы да біздің кеткенімізді жөн көрген сияқты. Дегенмен, мен сол басшы­лықтың атына өкпе немесе реніш айтудан аулақпын. Тек наз ретінде бір ауыз сөзім бар. Жақында мен Елбасымыз Н.Назарбаев жөнінде жазылған «Кемеңгерлік құпиясы» атты кітапты оқып шықтым. Ғайыптан тайып, ел тізгінін ұстаған бір ақылсыздау хан бақ пен тақтан басы айналып, қиялданып отырып, елдегі қарт кісілердің бәрін масылға санап, жасы 60-тан асқандардың басын алуға бұйрық береді. Жар­лық орындалмаса басы кететінін білетін бас уәзір елдегі қарттардың бәрін қырып салып, тек өз әкесін өлтіруге дәті бармай, сандықта ты­ғып ұстап, жұрт басына күн туған алмағай­ып заманда тығылып жатқан қарттың ақылы­мен бүкіл ел аман қалыпты. Осыны білген хан сонда өз қателігін түсініп: «Қайран қарттарым-ай, қадірлеріңді білмеппін-ау, масыл емес, асыл екенсіңдер ғой», деген екен. Осы аңызды ести отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қарты бар елдің – қазынасы бар», деп ой түйеді. Біздің қалалық сотта да қазына қарттар бар­шылық еді. Солардың біреуінен де жұмыстан кетпеуді, ең болмаса зейнеткерлік жасқа дейін шыдауды сұраған басшы болған жоқ. Бұл қадіріміздің қашқаны емес пе? Біздер, Алматы қалалық сотының отставкаға шыққан судьяла­ры өз таңдауымызды жасадық. Бірақ осы шешімді қабылдаған кезде келешекте немен ай­налысатынымызды ойламаппыз. Дегенмен, бо­ла­ры болып, бояуы сіңген дүние ғой, ширек ғасырдай сот шекпенін киген соң соттың атына айтылып жатқан сөздерге елеңдеп отырамыз. Жақсы сөз естісек қуанамыз, жаман пікір ай­тылса ренжіп жүрген жайымыз бар. Әсіресе, көңілге медет тұтарымыз, Жоғарғы Сот тізгінін қолына алған Бектас Бекназаровтың білімді, һәм адамгершілікті адам екендігі. Сырттан болса да тілеулес бола жүріп, оның атқарып жат­қан жұмыстарына көңіліміздің көншитіні де рас. Менің жоғарыда наз ретінде айтқан сөз­дерім­ді сот басшылығы дұрыс түсінеді ғой деп ойлаймын. «Су ішкен құдығыңа түкірме», деген қағидатты берік ұстайтын өз басым, қашанда сот саласының беделі төмендемесін деген ниеттемін». Бұрынғы судьяның назы ретінде айт­қан бұл сөздерінің астарынан бір-ақ нәрсені аң­ғаруға болады; оның өзі ардагер судьялары­мыз­дың отставкаға кетуін «қысқарту» ісіне аралас­тырмай, өз жолы, өз жөнімен жасап, жеке-дара сый-құрметпен шығарып салғанда дұрыс болар ма еді, деген пікір сияқты. Сот саласындағы қысқарту мәселесіне бай­ла­нысты депутат Берік Бекжановтың да пікірі бар: «Әрине, қоғамда соттар тек консти­туция­лық заңда көзделген негіздермен босатылуы керек деген пікірлер айтылуда. Бұл жерде мына мәселені ұғып алған дұрыс. Қызметтен босату мен қызметтен қысқарту екітүрлі жағдай. Сондықтан жұмыс істеп тұрған қызметтен босату мен ол қызмет орнын жою мәселесінің жер мен көктей айырмашылығы бар екенін ұғып алу керек. Осы қысқарту салдарынан сотта қаралатын істер саны көбеюде. Мәселен, 2010 жылы аудандық соттар барлығы (азамат­тық, әкімшілік, қылмыстық) 861 941 іс қараса, 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында бұл көрсеткіш 380 730 іске тең болып отыр. Қазіргі таңда нақты қызмет атқарушы аудандық судьялар санына (1653) бөлсек, орташа ауыртпалық айына 38,3 іске тең болып отыр. Оның үстіне Жоғарғы Сот судьяларының ауыртпалығы 70-80 іске тең. Негізі жоғарыда айтып өткеніміз­дей, жұмыстың көп, ал қызметшінің аз болуы бұл өнімнің сапасына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан судьялардың штатын көбейту керек. Алайда, кадр іріктеу мәселесіне келгенде өте ұқыпты да, тиянақты болу шарт. Себебі, судьяның білікті, адал және таза болуы жалпы судьялық корпустың кәсіби болуына әсері мол. Бұл өз кезегінде азаматтар мен заңды тұлғалар­дың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіріп, олардың мемлекеттік билікке деген сенімін ұлғайтатыны сөзсіз». «Судьяларды қысқарту сот жүйесіне жаса­ған қиянат деп білемін», деп ащы да болса ақи­қатты айтқан Алматы қалалық сотының судья­сы Мәриям Қарабаеваның «қызметтен қыс­қар­ту мен қызметтен босатудың екі түрлі жағ­дай екенін» сыпайылап жеткізген депутат Берік Бекжановтың, «алпыстан асқандарды қысқар­ту емес, оларды жөн-жосығымен отставкаға шығарып салу керек» екенін наз ретінде жеткізген Адайбек Бейімбетовтің пікірлерінде әралуандылықтың бар екенін көрдік. Айтылған пікір дейміз бе, өкпе-реніш дейміз бе, наз дейміз бе, қалай айтсақ та айтылып қалған бұл әңгімелердің астарында ақиқат жатқаны рас. Біреу артық айтар, енді біреу кем айтар, мәселе онда емес, негізгі мәселе – сол әңгіменің айты­луында. Ең бастысы, осы мәселелерді олардың айта алғандығында дер едік. Республикалық бір басылым: «Әрине, жаңа төр­ағаға елдің соттарға деген сенімін қайтару оңай­ға соқпасы анық», деп жазыпты. Түсінік­сіз­деу тұжырым сияқты. Олай дейтініміз, жалпы жұрт­тың сот жүйесіне деген сенімі басы бүтін жо­ғала қойған жоқ. Көптеген кемшіліктердің анық­талғаны рас. Дегенмен, одан сот жүйесі бат­паққа белшесінен батып қалған екен деген пікір қалыптаспауы тиіс. Ең бастысы, бұл әлде­кімдер айтып жүргендей, дағдарыс та емес. Жоғарғы Сот тізгінін қолына алған Бектас Бек­на­заровтың «Негізінен біздің елімізде әлемдік стандартқа сәйкес келетін сот жүйесі құрылған. Бұл респуб­ли­ка­да­ғы сот жүйесінің уақыт тала­бына сәйкес жұмыс істей алатындығын білдіреді» деуі сондықтан. Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Әбдіханұлы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында: «Сот жүйесінің бүгінгі жағдайын тоқыраудағы күй деп есептемеймін. Бұл жағдай жүйені заман талабына сәйкестендіруді қажет етіп тұрған алғышарттар. Елбасы тапсырма­ларына сәйкес, біз қазіргі күнгі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты талпыныс жасап жатырмыз», дейді. Мұның өзі бұл жүйеге келген жаңа бас­шының бұл қызметке кездейсоқ емес, керісінше үлкен мақсатпен келгенін білдіреді. Көптен ат­ үстінде келе жатқан Жоғарғы Соттың судья­сы қызметін атқарған, бірнеше облыстық сот­тың тізгінін ұстаған, елімізде тұңғыш құрылған Қаржы сотының тұңғыш төрағасы қызметін атқарған Бектас Бекназаровтың Жоғарғы сот тіз­гінін қолына алуы әлдеқандай әңгіменің өзе­гі бола қойған жоқ. Мәдениетті һәм сыпайы, білімді, һәм білікті азаматтың бұл лауазымға лай­ық­ты екені де рас. Дегенмен, сот жүйесінде беделі де бар, абыройы да кем емес бұрынғы төр­аға М.Әлімбеков қай жерден сүрінді? Білімі тө­мен, білігі аз ба еді? Ұйымдастыру қабілеті нашар ма еді? Жоқ. Ол кісінің бойында да төр­ағаға лайық барлық қасиеттер табылатын. Дегенмен, Жоғарғы Соттағы алты судьяның бір мерзімде жазықты болуы сот жүйесі үшін де, М.Әлімбеков үшін де ауыр соққы болды. Осы­ған байланысты өз пікірін білдірген жаңа төр­аға Бектас Бекназаров былай дейді: «Менің ойым­ша, сот жүйесінде мұндай өрескел жағ­дай­дың орын алуына негізгі себептердің бірі – сот жүйесі жұмысының дұрыс қалыптастырыл­мауынан болды». Бектас Әбдіханұлының мең­зеп отырғаны, Жоғарғы Сот республика бойын­ша барлық істерді өз құшағына жиып, қадаға­лау алқалары мен сот актілерінің заңдылығын тексеруге ұмтылуы. Содан Жоғарғы Сотқа елдің түкпір-түкпірінен ағылған адамдардың бірқатары таныс іздеуге көшті, бірқатары судья­ның істі сараптау барысында оған ықпал ету амалдарын қарастырды. Біреу істің заң жо­лымен шешілуін қаласа, екіншісі заң талап­тарын айналып өтуге тырысып бақты. Бұл әре­кеттер де кейбір судьяларды заңсыз тірліктерге баруға итермелейтіні шындық. Судья сотқа өз заңды мүдделерін қорғауға келген тұлғалар мен тек сот залында ғана кездесуі керек. Мұның бәрі заңнама мен судьялық әдеп (этика) кодек­сі­нің талаптарын сақтаудан туындайтын нәрсе. Осы орайда, мына анықтамаға назар салып өт­кеніміз артық бола қоймас. Соңғы бес жылдың ішінде республика бойынша 744 судья тәртіптік-білік­тілік алқаларында жауапкершілікке тартылған. Бұл еліміздегі барлық судьялардың 40 пайызын құрайды екен. Осыдан-ақ пайым­дай беріңіз. Сот жүйесі өз мүшелерінің жұмы­сына, тәртібіне қатысты қандай талаптар қойып отырғанын. Кешегі кеңестік кезеңде «бәрін де кадр шешеді» деген қағида қалыптасқан болатын. Осы бір қанатты сөз бүгінгі күні де күшін жоя қоймағаны анық. Жоғарғы Соттың төрағасы кадр мәселесі туралы өз ойын былай өрбітеді: «Кадр таңдау мәселесі халық үшін ашық болуы қажет. Қазіргі күні Жоғарғы Сот аудандық, об­лыстық сот деңгейінде бос жұмыс орындарына үмітті судьялардың, судьялыққа үміткерлердің аты-жөндері, білімі мен жұмыс тәжірибесі көр­сетілген толық ақпаратты бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы таратып, осы мәселе бой­ынша қоғамның пікірін білдіруге бағытталған біршама шараларды жүзеге асыруда». Егер, Бектас Әбдіханұлының айтып отырған осы ша­ралары орындалар болса, сөз жоқ сот сала­сын­дағы кадр таңдау мәселесі оң өзгерістерге қол жеткізе алар еді. Бұл жағдай судьялық қызмет­ке білімді әрі білікті, ар-ожданы таза адамдар­дың келуіне ықпал етері сөзсіз. Ал осы күнге дейінгі жүргізіліп келген кадр таңдау мәселе­сінде жасыратыны жоқ, тамыр-таныстық, бар­мақ­басты, көзқыстылық сияқты келеңсіз әрекет­тердің орын алғаны жасырын емес. Нә­тижесінде, бойында кемшілігі көп, сауатсыз әрі жалтақ судьялар пайда болды. – Жоғарыға, яғни, басшысына жалтақтап тұратын судья еш уақытта жеке өзі шешім шығаруға бата алмай­ды, – дейді осы мәселе туралы пікірін білдірген Жоғарғы Сот төрағасы, – мұндайлар үшін алдына әділдік іздеп келген адам тағдыры емес, өз басының қамы артық. Жоғарғы Сот төрағасы ретінде бірнеше рет, жалпы 60-қа жуық аза­матты жеке қабылдадым. Қабылдау барысында шағымданушылар кейбір жергілікті судья­лар­дың қызметіне көңілі толмайтындығын айтып, ағынан жарылды. Оның себебі неде? Менің ойымша, – дейді Бектас Әбдіханұлы, – оның себебі нақты бір судья сөзге шешен, сауатты, сот үрдісін жақсы ұйымдастыра алады делік. Сөйте тұра ол судья дүниеқұмарлық, парақорлық секілді жағымсыз қасиеттердің иесі болуы да мүмкін. Ал енді бойында қаншалықты дәреже­де адал­дық, имандылық, кішілік пен кісілік бар? Егер бұл қасиеттер болмаса, онда мұндай адам­дардың еш уақытта судьялыққа, яғни адам­ның тағдырына төрелік етуіне жол бермеу қажет... Жоғарғы Сот төрағасының осы пікірін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заң­гері, құрметті судья, заң ғылымдарының док­торы, профессор Бекет Тұрғараевтың пікірі де нақтылай түсетіні байқалады. Осы мәселеге қатысты бізбен әңгімесінде Бекет Тұрғараұлы былай дейді: «Кадр мәселесі қай кезеңде бол­масын, қандай формацияда өмір сүрмейік, мемлекеттік жүйенің негізі болып есептелінеді. Кадрлардың дұрыс жұмыс істеуі, оларға дұрыс бағыт-бағдар берілуі осы кадрлық жұмысқа байланысты. Біз Судьялар одағының IV съезін­де жасалынған баяндамада: «Дертті қоғамда дені сау сот құру мүмкін емес», деп пікірімізді ашық айтқан едік. Олай деуімізге қоғамның барлық саласын қамтыған, яғни төменнен төбеге дейін жалғасқан жемқорлыққа қатысты айтылып еді. Сондықтан қоғамды осы дерттен айықтырмай, әділдікті айтатын әділ сот құра алмаймыз. Негізінен басшылар осы жұмысты дұрыс ұйымдас­тырып, реттеуге ұмтылыс жасауда. Нәтижеден гөрі іркілістің бары байқалады, дегенмен сілкініс те жоқ емес. Сот жүйесінің жұмысын халық қалағандай етіп ұйымдастыру үшін білікті ма­мандарды білгір басшылар таңдауы қажет. Бізде Жоғары Сот кеңесі бар. Ол сот сала­сындағы бүкіл кадр мәселесін шешіп отыратын орын. Осы органға тиісті мүмкіндіктерді мемлекет тарапынан шешіп беріп құзырын кеңей­тіп, құрамын тұрақты жұмыс істейтін мүше­лер­мен жасақтап, айлық алып жұмыс істейтін, белгілі мүшелері бар, өмірлік тәжірибесі, кадр таңдауда іскерлік қабілеті бар, қоғамда абырой-беделі Жоғарғы сот саласының білікті-білгір мамандарынан құраса мемлекеттік жүйеге айналдырса, олар тек қана кадрларды даярлаумен, таңдаумен, орналастырумен және осы мәсе­лелерді қадағалаумен айналысатын болса дұрыс нәтижеге қол жеткізер едік. Қазіргі Жоғары Сот кеңесі ондай талаптың деңгейінен көріне алмай отыр. Өйткені, оның бүгінгі міндеті лауазымды тұлғалардың бас қосып, мәжі­лісте мақұлдасудан артық іс бітіре алмай отыр­ғандығында. Әлсіз құрылымды жетілдіру қажет. Әлемдік тәжірибеде сот саласының тәуелсіздігі мен тазалығын кадр­мен қамтамасыз ететін сот кеңестері жұмыс істейді. Ондай елдерде соттың соңынан атына кір келтіретін жағымсыз жағ­дай­лар кездеспейді. Біз де осындай жағдайға қол жеткізуіміз керек. Елімізде сот саласының жұмысын реттейтін заң бар. Бір қарағанда, тамаша заң. Сол заңда жазылғандай, судьяларға тәуелсіздік берілсе, сол тәуелсіздік қорғалса, кадрлар сол заңда көр­сетілгендей таңдалса, біз көп нәрсеге қол жет­кізген болар едік. Ал іс жүзінде сол заңмен тайталасқан қағаз бетіне түспеген жүйе қа­лыптасқан. Сол жүйе заңның астында тұрып, әрекетін заңдылықпен бүркемелеп отырады. Судьяның іс шешуіне араласу, тәуелсіздігіне қол сұғу – оның тәуелсіздігіне жасалған қиянат. Әділдіктен ауытқуға әкеп соғатын жол. Ерік-жігері төмен, өз тәуелсіздігін қорғай алмайтын судья ықпалдының ығына жығылады. Осыдан сот әділдігі тазалықпен атқарылмайды. Бұл айтып отырғанымыз өмірде орын алған, қалыптасқан дәстүр. Осыны жоймайынша, сот билігі таза­лық таразысын тең тартып отыр деп айта ал­май­мыз. Іс қарауда өз білім-жігері мен тәуел­сіз­дігін қорғай отырып, батыл шешім шығаратын, ар-ожданын аяққа бастырмайтын судья болу керек. Бас шұлғи беретін жағымпаз, жалтақ, өзін қорғай алмайтын, өзінің ойымен емес, басқа­ның басқаруымен жұмыс істейтін судьялардан арылуымыз керек... Бүкіл саналы ғұмырын сот жүйесіне, судья­лыққа арнап келе жатқан тәжірибелі заңгер Бекет Тұрғараұлының айтқан пікірлері жоғары жақтағы лауазым иелеріне жетер болса, нұр үстіне нұр. Сол салаға еңбегі сіңген, сол салада өсіп-өнген, сол жүйеге жаны ашитын адам­ның осы бір пікірлерді тыңдар құлақ, ұғар жүрек болса және осы бір ащы да болса ақиқат ойлар жүзеге асар болса тәуелсіз еліміздің тәуелсіз соты биік белестерге шығар еді, деген ой ғой біздікі. Басшыға мінез қажет. Мінезі жоқ басшы өзі басқарған саланы оңдыртпайтыны рас. Осы орайда Жоғарғы Сот төрағасы Бектас Бекназаров туралы әртүрлі әңгіменің болуы мүмкін. Де­генмен, оны білетін, оны танитын әріптес­терінің арасында оны шын құрметтейтіндер көпшілік. Олай дейтініміз, осы төрағалыққа дейін қай жерде, қандай қызмет атқармасын ол өзінің соңынан жаман сөз ерткен адам емес. Бүгінгі лауазымға дейін Бектас Әбдіханұлы атына сын, затына мін түсірмей келді, дейтін пікірдегі адамдар көп. Қажет жерінде қаттырақ айта алатын мінезі де байқалып қалады. Мәсе­лен, жақында ол облыстық сот төрағаларымен болған бір жиналыста: «Құрметті облыстық сот төрағалары, егер Жоғарғы Сот төрағасы ұсы­ныс білдірсе, бұл ұсынысқа құрметпен қара­ған­дарыңыз жөн. Егер үміткер лайық болмаса, оны ашық айтыңыздар. Ал сол үміткерлерге «саған бұл жерде не бар, сен мұнда неге келдің, бұл жерде сен не жоғалттың?» дейтіндей сұрақтарды ендігәрі естімейтін болайын. Олай болмаса, мұндай сұрақтарды мен сіздерге қоятын боламын», деуі Бектас Әбдіханұлының принципшілдігін ғана емес, оның мінезсіз емес екендігін де байқатып тұр. Жалпы, қай дәуірде де сот саласының «құлағы шуламаған» кезі болған емес. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Жоғарғы Сот­тың төрағасы болған Малаховтың масқаралықпен қызметтен кетуі, одан кейінгі төраға М.Нәрікбаевтың кезінде үлкен айғай-шу болмағанымен, сот жүйесінде айтарлықтай өзгерістер көрінбегені, одан бертінде төраға М.Әлімбековтің келуінен кетуі тез болғаны сол кезде, сол кезеңдерде түрлі әңгіменің өзегіне айналып отырды. Олай болса, сот жүйесі төңірегінде болып жатқан бүгінгі әңгімелерді де қалыпты жағдай деп тү­сінгеніміз жөн. Қай нәрсенің де екі жағы болатынын ескерсек, сот саласының да күнгейі һәм көлеңкелі жақтары бар екені рас. Ең бастысы, осы саладағы қа­лыптасқан бүгінгі ахуал әлдекімдер айтып жүргендей, дағдарыс емес, қордаланған проблемаларды шешуге талпыныс деп түсінгеніміз жөн шығар. Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаровтың: «Еліміздің сот жүйесі қысылтаяң шақты өткеріп, ізгіліктің үміт жібін қайта жалғады. Сот жүйесі өзгеруде», деуінің өзі бұл саланы игі өзгерістердің күтіп тұрғанын байқатады... Еркін ҚЫДЫР, Шарафаддин ӘМІР.