Мәдениеттің тұнығы музыка өнері десек, сол сыңғырлаған музыка өнерінің түбінде жатып-ақ көзге түсетін жауһар тасы – талантты музыкант. Қобыз үні жан-жүйесін сиқырлап тастаған қазақы тыңдарманға әлемді тербеген классикалық әуез де жат емес екен. Бұл сөзімізді жас та болса есімін жаһандық дәрежеге көтеріп келе жатқан жас талант, қазақтың скрипкашы қызы Айша Оразбаева өз өнерімен дәлелдеп берді.
Араға адам жүгіртіп, не болмаса үлкен қаражатсыз қозғалғысы келмейтін есепшіл «өнерпаздар» көбейіп кеткен заманда, Айша үйінде отырып-ақ өз жетістіктерін алға тартып, ғаламтор арқылы Италиядағы БҰҰ-ның музыкалық колледжіне құжаттарын жолдап жіберген-ді. Көп ұзамай Оразбаевтар отбасына итальян тілінде жазылған оқуға шақыру жолдама-хаты жетеді. Әлемнің 70 елінен құжат тапсырған таланттылардың ішіндегі тек екі-ақ адамның басына қонатын бақ! Сол кезде Айша қыз небары 16 жастағы көкөрім бала еді. Енді, міне, араға уақыт тастап таланты толысып, өнері шыңдалған хас шебер Айша Оразбаева Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өзінің арнаулы концертін өнерсүйер қауымға ұсынып отыр.
Бір кездері скрипкасын құшақтап Ыстамбұл арқылы Италияның Триест қаласына хас өнерді іздеп кеткен қыз зал толы көрерменнің жүрегін алғашқы пернеден-ақ селт еткізіп, Батыстың ақсүйектерін тәрбиелеген ғажайып күй, шыңғырлау үнмен баурап тастады. Күнделікті теледидардан тамашалап жүрген әлемдік атышулы скрипка шеберлерімен шендесе ойнамаса, сиқырлы күйді олардан кем төкпейді. Бәрінің тартатыны бір скрипка, бәрінің орындайтыны бір концерт. Алайда Айшаның сойы өзгеше, аспапты сөйлету мәнері ешкімге ұқсамайтын өзіндік қалып. Парқы төмен ызы-қиқу жасанды эстрадалық шудан тұнып қалған құлағымыз осыны таныды.
Жас таланттың туған ортасы мен қол жеткізген жетістіктеріне аз-кем тоқтала кетейік. 1985 жылы Алматы қаласында, өнерлі отбасында дүниеге келген Айша К.Байсейітова атындағы республикалық дарынды балаларға арналған музыкалық мектепті үздіктердің алды болып тәмамдады. Аяғын апыл-тапыл басқаннан өнер мектебінің табалдырығынан аттауы да заңдылық. Өйткені, Айшаның атасы Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев секілді өнердің өріне шыққан біртуар азамат болса, әжесі Света да жүгірген баладан жетелі жігітті тәрбиелеп шығарар салиқалы жан. Ал құрсағына салып көтерген анасы «Даладағы қуғын» фильмі мен «Тағдыр тоғысында» ұлттық сериялдарынан көпшілікке танымал сүйкімді әртісіміз Гүлнәр Досматова. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Италиядағы Әлемдік біріккен колледжді және «Трио ди Триеста» музыка мектебін бітіріп, Лондондағы Корольдік музыка академиясында сабақ алған қазақтың тұңғыш скрипкашысы. Аталмыш оқуға түсу дүниедегі талай өнерлі жастың қиялындағы арман ғана. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның қолдауымен берілетін халықаралық «Trio di Trieste» стипендиасының иегері. DipRAM академиясының мәртебелі дипломына магистр дәрежесінде 2010 жылы қол жеткізген бірден-бір қазақстандық өнерлі жас. Осы Академияда скрипкашы қызымыз есімдері әлемдік музыка көгінде үлкен құрметпен аталатын Лидия Мордкович, Ремуса Азоитея және Клио Гулд секілді профессорлардан сабақ алды.
Бұл таңда Айша дүние жүзін шарлап жүріп концерт қояды. Жуырда ғана Америка Құрама Штаттарының Принстон қаласында, Мадрид пен Венада өнер көрсетті. Сонымен қатар, ол Еуропаның, Орталық Азия мен Гонконгтың үлкен сахналарына тұрақты шығып тұрады. Испанияда өткен Сантандер, Ұлыбританиядағы Альдебург, Австрияның Клангшпурен секілді фестивальдарына қатысып, Лондондағы Вигмор залында, Париждің Сала Трипкович, Триеста және Салле Плейел залдарында скрипканың әсем үнімен өз тыңдармандарын классикалық музыкамен сусындатқан.
Нотаға қарап шебер ойнауға машықтанып, тек орындаушылық деңгейде қалып қоймай, Айша заманымыздың белгілі композиторлары Йоханнес Мариа Штауд, Пьер Булез, Сэр Харрисон Бёртвисл және Питер Зиновьев секілді әйгілі өнер шеберлерімен бірлесе жұмыс істеп, күні кеше ғана «OUR» электронды күйсандығы мен скрипкаға арналған концертті жазып шықты. Бұл аз болса, Сэр Колин Дэйвис, Франк Оллу, Золтан Кошиш сияқты дәулескер дирижерлер басқаратын еуропалық үлкен оркестрлердің концертмейстері. London Sinfonietta ансамблімен өнер көрсетсе, Ensemble Modern ансамблімен бірлесіп гастрольдік сапармен Еуропа сахналарында концерт қойды. Лондонның төрінде Ossian Ensemble, Kammerklang және Azalea ансамбльдерімен әріптестік тығыз байланыста жұмыс істеуде. Осынша еңбегі ескеріліп Айша Оразбаева Англияда Leverhulme, Marjorie Hayward және Thomas C Fitton жүлделеріне ие болды. Берлин филармониясының концертмейстері Томас Брандис, Марко Рицци, Захар Брондармен бірге шеберлік сыныптарын өткізіп үлгерді. Австрияның ORF телевизиялық арнасында, BBC Radio 3 және BBC Radio 4 әуе толқынында 7 миллионнан астам өнерсүйер қауымды скрипканың сазына бөледі. Келешекте Бразилияның Сан-Пауло қаласында концерт қоюды, француздың Radio France радио арнасы үшін арнайы Мартин Маталонмен бірлескен жоба аясында Парижде концерт өткізуді жоспарлап отыр. Батыс мәдениетіндегі классикалық өнер шеберлерінің бірі Гельмут Лахенманнмен бірге Берлинде, ал биылғы қазан айында Ұлыбританияның аты әйгілі залдарының бірінде жеке концертін өткізсем деген ниеті бар.
Ниетіңе жет, назерке өнерлі Айша қыз дейміз! Қашанда қазақтың тектілігін әлемнің ақсүйек орталарында өнеріңмен паш ететініңе сенім білдіреміз. Өйткені, сен ондай жауапкершілікке лайықтысың һәм міндеттісің.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.