• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қыркүйек, 2011

Өмір сүрудің өнегелі формуласы

2564 рет
көрсетілді

Қазақстан әйелдерінің IV форумында сөй­леген сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә. На­­­­зар­­баев: «Отбасын нығайту мәселе­сінде әй­елдің рөлі ерекше, өйткені, олар иман­ды­лық пен адамгершілікті бәрінен биік қоя­ды, ал отбасы мен баланы – басты құн­ды­лық деп бағалайды. Өскелең ұрпақ­тың бо­йы­на осы құндылықтарды жас кезінен сі­ңі­руіміз керек» деген болатын. Бұл – беріден ойласа, ұл-қызының, әріге терең­дей түс­се, тұтас бір қауымның, халықтың бола­шағына немқұ­рай­ды қарай алмайтын әрбір азаматты тол­ғандыратын мәселе. Көз­ге от­тай басылып, көңілге орнығып қал­ған осы­н­­дай терең ма­ғы­налы сөздерден қат-қабат астар тауып, оны өмірде болып жатқан түрлі құбы­лыс­тарға қарай өрбітуге болады. Айталық, ата-ананың қай-қайсысы да: «Қайтсек қыздарымызды ақындар жырлай­­­тын­дай ару етіп өсіруге болады?» деп немесе: «Қайтсек ұлдарымыз масыл емес, асы­раушы азамат болып қалыптасады?» деп ойлайтыны анық. Балалар есейе келе ол ой: «Отбасының берекесін қайтсе сақ­тау­ға болады?», «отбасында ер – ақылды бас­шы­сы, әйел – сенімді қосшысы болатын отба­сы моделін қалай жаңғыртуға бола­ды?» деп әрі қарай өрбиді. Мұндай мазасыз ойлар бекерден бекер кел­мейді, әрине. Қазіргі кезде отбасы проб­лемасы – әлемдегі ең өзекті тақырыптар­­­­дың бірі. Қазақстанда да алаңдаушылық ту­­ды­­ра­тын жағдайлар баршылық: ажы­ра­су­лар кө­бейіп, кезінде теңін таппаған қыз­дары­мыз­дың «өзім үшін» деп бала тууы белең алуда. Бұған алданған қыздар өмірге әкеліп, жетім балалар үйінің тұрғынына айналатын сәби­лерді қоссаңыз, некесіз туған балалар саны кемімей тұрғанына көз жеткізесіз. Осының бәрі, түптеп келгенде, отбасы беделінің түсуінен туындайды. Ер аза­мат­тың шын мәніндегі отағасы, әйелдің киесі болуы мына заманның зымыраған ұшқыр­лы­ғына ілесе алмай, өткен ғасырларда қа­лып қойған сияқты көрінеді. Бұған біреуді жазғыру қиын – бұған жаһанданған заман, өзгерген құн­дылықтар да ықпал еткені сөзсіз. Қазіргі жастарымыздың батысқа елік­теп, алыстан ойламай, ақ баталы тұр­мыс құрмай-ақ бірге тұрып жататыны да соның салдары. Шын мәнісінде еркек үшін де, әйел мен бала үшін де ең қолайлы жағдай отба­сын­да ғана болады. Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны, жарасымды от­ба­сында өскен балалар жетістікке тез жететіні – бүкіл әлемде белгілі болып отыр­ған аксиома. Қоғамда соны насихаттау, қажет болса жарнамалаудың жеткіліксіздігі де отбасы құндылықтарының құлдырауы­на әсерін тигізіп отырғаны даусыз. Міне, сондықтан да отбасының беделін арттыру – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның күн тәртібінен түс­пей­тін өзекті мәселелерінің бірі. Және оның тұжырымдамасы жасалып, іске асы­рудың бұрыннан белгілі де, тыңнан ойлап табыл­ған, заман талабына лайық әрі ел-жұртты елең еткізер амалдары мен әдістері алдын ала ойластырылады. Әр іс-шараның жос­пар­ланып, жан-жақты, мұқият дайын­да­луы да біздің қоғамымызда отбасы мәсе­лесінің қаншалықты өзекті екендігін білдірсе керек. Алайда, тіршілік үшін аса маңызды саяси және экономикалық реформаларды да, ел ішінде күнделікті тірлікте болып жатқан жаңа құбылыс, тың бастамаларды да көп­ші­ліктің бірден және жаппай қабылдай қо­юы неғайбыл. Олардың адамдар сана­сын­да орнығып, өзімізге тән, халқымыздың ерек­шеліктерін сіңірген төл іс-шараға ай­на­луы үшін біраз жыл өтіп, біршама тер төгілетіні белгілі. Сондай іс-шаралардың бі­рі ретінде әйел затының сұлулығын паш етуді көз­дей­тін «Қала аруы», «Облыс аруы», «Қазақстан аруы» сияқты конкурс­тарды атауға болады. Елімізде өткізілген бұл конкурстарды өзі­міздің өмірімізге, салт-дәстүрлерімізге бейімдеу оның атын өзгертуден бастал­ға­ны көңілге қуаныш ұялатады. Күні кешегі кеңестік кеңістіктегі орыс тілді мемлекеттерді қоса алғанда, бүкіл әлемде бұл конкурстар «miss» деп аталса, бізде сынға тү­се­тін қыздар «ару» деп әспеттелетін болды. Әлемде бір ғасырға жуық уақыттан бері өткізіліп келе жатқан мұндай конкурс­тар­дың біздің халықтың қабылдауына барын­ша жақын түрі жиырмасыншы ғасырдың 80-ші жылдары «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны» деген тақырыптармен бастау ал­ғаны көпшіліктің есінде болар. Әлемдік конкурстардан айырмашылығы сол – бұл конкурстар тән сұлулығын емес, жан сұлу­лы­ғын паш етуге бағытталған еді. Сон­дық­тан да оларда қыздар мен жігіттердің ақылы мен білімін, қарымы мен қабілетін көрсе­туге арналған тапсырмаларға басымдық беріліп, әрине, қойылатын сұрақтар да сол бағытта ойластырылды. Алғашқы сын өткізілгелі бері бұл кон­курстардың шарттары да, форматы да сан өзгеріп, үнемі жетілдірілу үстінде. Мысалы, белгілі бір салалар өз конкурстарын өткізіп, сол саланың ел ішіндегі немесе шетелдегі қызметін насихаттайтын аруларды таңдады («Ана тілі» аруы, «Мисс Туризм», «Мисс LG Electronik» және т.б.). Электрондық дауыс беру, sms хабарламалар арқылы дау­ыс беру арқылы Алматыда «Көктем аруы», «Қыс аруы», «Күз аруы», «Жаз аруы» сияқ­ты конкурстар өткізілгенінен де көпшілік хабардар болар. Мұның бәрі бір жағынан қоғамның қыздарды жан-жақты тәрбие беріп өсіруге, соның ішінде, олардың көз қуантар көркіне қоса ақылды болып, сол арқылы өзі қатарлас жастарға өнеге көрсетуін көздесе, екінші жағынан әлемнің мәдени өмірінде болып жатқан оқиғалардан еліміздің тыс қалмағанын білдіреді. Соның бір мысалы ретінде бізде «Сезон» журналының бастамасымен және Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнін­де­гі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен осымен үшінші рет өткізілгелі отырған «Мис­сис Қазақстан» конкурсының алар орны ерекше. Бойжеткен қыздар сайысы емес, жар сүйіп, тұрмыс құрған, бала тәр­биесі мен қоғамдық қызметін қатар алып жүрген келіншектердің сайысы болған соң, бұл конкурс атауының қазақша баламасын табуда әлі бірауызды шешім жоқ, сондық­тан көпшілікке оның әзірше «Миссис Қа­зақстан» деп аталып жүргенін айта кеткен жөн болар. Жасыратыны жоқ, алғашында көпшілік ішінде бұл жаңа конкурсты жатырқай қа­был­дау анық байқалды. Пікірлерін ашық айт­паса да, «қыздардың жөні бір басқа, әйел­дерді сайыстырғандары несі?» деп күң­кілдеушілер болғаны рас. Және, бір өкі­ніштісі, ондайлар қазір де табылатын сияқ­ты. Ондай адамдармен дауласып жатпай-ақ, конкурс өтетін жерге барып, сахнаға шық­қан әр қатысушының өзі және отбасы туралы айтатын «Таныстыру» немесе «Визитная карточка» атты нөмірлерін көруді ұсыну жеткілікті – одан кейін сөзінің жаңсақ екенін түсінері анық. Біз қатысушылардың бір де біреуінің «өзім болдым, өзім жеттім» дегенін естіген жоқпыз. Дүйім жұрттың алдында тату-тәтті тұрмысын, бала-шағасының бақытты өмі­рін, қол жеткізген табыстарын тізбектей ай­тып, «осының бәрі де менің жан жарымның арқасында жүзеге асты», «егер ерім қол­дамағанда, мен мұндай биіктікті бағындыра алмас едім», «қиналған, қысылған кезімде күйеуім қасымнан табылады», «ақылшым да, көмекшім де – сүйген жарым» деген жү­рекжарды сырларын ашқанда ерекше тол­қисың. Мұны отбасындағы сыйластықтың, рухани бірліктің көрсеткіші емес деп кім айта алады? Оны айтасыз, бұл – ер азаматты қадір­леудің, береке-бірлікті сақтай білудің мектебі емес пе? Халқымыздың «әйел – үйдің иесі, ер – әйелдің киесі» деген нақыл сөзінде де осындай мағына жатыр. Сәтті тұрмыс құрып, бала сүйіп, отбасы, ошақ қасында қалып қоймай, еңбек жолында, өнерде, бизнесте жарқырап жүрген әйелдердің мұндай сөздері залда, теледидардың алдында «мен де сондай болсам» деп, демін ішіне тартып отырған бойжеткендерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Екінші жағынан мұндай конкурсқа әйе­лінің қатысуы – ер-азаматтың беделін асыра түсетін факторлардың бірі дер едік. Себебі, халықтың «Жібекті түте алмаған жүн етеді, аруды күте алмаған күң етеді» деген сөзі бекер айтылмаған ғой. Кезінде қолын созып, жүрек сырын ашып жар еткен адамын үй­­ленгеннен кейін тамағын пісіріп, кір-қоңын жуғызатын қызметкер ретінде ғана көретін жігіттер де бары жасырын емес. Мұндай жігіттерге әйелдерінің ел алдына шығып, күйеуінің отбасына, балаларына деген қам­қорлығы, өзінің оған деген шексіз сүйіс­пен­шілігі туралы жүрекжарды сөздер­ді айтқа­нын есту бұйырмаған. Солай бола тұ­рып, «қыз кезінде бәрі жақсы…» деп күң­кіл­дейтіндер де солардың арасынан шығады. Әлемде тұрмыс құрған, балалы-шағалы әйелдердің арасында конкурс өткізу дәстүрі бұрыннан бар болса да, біздің елде ол биыл үшінші рет қана өткізілгелі отырғанын жо­ғарыда айтып кеттік. Осы аз ғана уақыт іш­інде мұндай конкурстар – мынау жаһандық ықпалдасу заманында ерте ме, кеш пе, бәрібір болатын байқау екеніне көз жеткендей. Жыл өткен сайын оның таралу аймағы кеңіп, қатысушылардың саны да өсе түсуде. Бұрын-соңды ұйымдастырылып көрмеген соны байқауды өткізуге алғашқы жылы бес облыс қана тәуекелдесе, биыл тоғыз өңірдің кербез келіншектері бақ сынасты, қатысу­шы­лардың саны екі есеге жуық өсті. Бұл елімізде азаматын ардақтап, балаларын тәр­биелей жүріп, еңбекте де өз орнын тапқан, сөйтіп ұжымының, өз ортасының сый-құр­метіне бөленген әйелдердің көбейе түс­ке­нін, сөйтіп, жоғарыдағы форумда Елбасы­мыз айтқандай: «Отбасы мен қоғамда әйел құрметтелетін болса, еліміз үшін алаң­да­мау­ға болатын» заманға аяқ басқанымызды көрсетсе керек. Республикалық алғашқы конкурстың же­ңім­пазы атанған Динара Сәтжан 2009 жылы Вьетнамда өткен әлемдік конкурсқа қаты­сып қайтты. Жүлделі орынға ие бола алмаса да, біраз нәрсені көріп, көңілге түйіп қайт­қан Динара ел ішіндегі конкурсты өт­кізу форматы бойынша бірқатар құнды ұсы­ныстар жасады. Ал былтырғы жылы конкурста жұлдызы жанған Гүлнәз Әлімгерей биыл АҚШ-та өтетін конкурста қазақ­стан­дық келіншектер атынан сайысқа түседі. «Миссис Қазақстан» конкурсының тағы бір ерекшелігі – оның қайырымдылық жасауға үндейтіні. Өткен екі конкурс кезінде да әжептәуір қаражат жиналып, алғаш­қы­сы Сарыағашта болған су тасқынынан зардап шеккендерге, ал былтырғы жылы Батыс Қазақстан облысындағы «Ивушка» өкпе дертіне шалдыққан балаларға арнал­ған диспансерге қаржылай көмек көрсе­тіл­ді. Одан басқа, жеңімпаздар білім беру ұй­ымдарында кездесулер өткізіп, жеткіншектермен көздеген мұратқа жету тақырыбына әңгімелер жүргізді, ата-ана қамқор­лы­ғын­сыз қалған балаларға сыйлықтар жасады. Міне, осындай ерекшеліктері бар бол­ған­дықтан да жыл өткен сайын қанатын кеңге жая түскен республикалық «Миссис Қазақстан» конкурсының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мәрелі сайысы биыл, 14 қыркүйек күні Астана қаласында өткізілмекші. Алғашқы конкурстағы зияткерлік сайысында Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа кірігуі сөз болса, екінші конкурстағы тапсырмаларда еліміздің Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуі, Азиада әңгіме ар­қауына айналды. Ал биылғы жылы қандай мәселелерге көңіл бөлінетіні әр қазақ­стан­дыққа айтпаса да түсінікті болса керек. Жалпы алғанда көпшіліктің басын қо­сып, көңілін көтеретін іс-шара сияқты кө­рін­генімен, әйелдер арасындағы конкурс­тың көтеретін жүгі жұрт ойлағаннан әлде­қайда салмақты: онда адал жар, жақсы ана, отбасының ұйытқысы болудан бастап, қыз­дарымызды келеңсіз жайлардан қорғау, қо­ғамда байқалған өзіміздің өмір сүру сал­тымызға жат құбылысқа қарсы тұра білу сияқты мәселелерге айрықша мән беріледі. Айталық, конкурсты ұйымдастырушы­лар­ды кейбір қыздарымыздың ділі бөлек ұлт­тарға еліктеп, хиджаб киюі толғандырады, сон­дық­тан оның ұлтымызға, ғасырлар бой­ғы салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге жат екен­дігін түсіндіруді парызымыз деп санаймыз. Әрине, конкурс болғандықтан келбетті, мүсіні мінсіз, жүрісі әсем, көйлегі сәнді жан бірден көзге түсетіні рас, бірақ әйелдер арасындағы сайыста жоғары балл алу үшін қатысушының зияткерлік деңгейі, балала­ры­ның жетістіктері, қысылтаяң сәттерде жол табатын тапқырлығы, белсенді өмір сү­ру позициясы, талғамы мен шешен сөйлеу өнері сияқты қасиет-қабілеттердің де рөлі үлкен болары сөзсіз. Мәрелі сайысқа Астана мен Алматы қа­лаларында және жеті облыста өткен өңірлік конкурстардың 20 жеңімпазы қатыспақшы. Олардың ішінде сан мамандық иесі, бірнеше ұлттың өкілі бар. Бас жүлдеге ие болып, әлемдік сайысқа еліміз атынан қатысу үшін қызу тартыс болары анық. Кімнің бағы жанатынын сайыс көрсетеді. Бірақ біздер, ұйымдастырушылар үшін маңыздысы мынау: ата-ананың алақанына салып әлпештеп отырған қыздары емес, от­басын құрып, ұл-қыз өсіріп, жарына сүйеу, ағайынға демеу бола алған 25 пен 50 жас арасындағы әйелдердің еліміздің ең үлкен кино-концерт залының сахнасынан өзінің сәтті тұрмысы, жұбайлық өмірдің бақыты туралы айтуы – біз іздеген өнегелі отбасын құрудың бір формуласы бола алары анық. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.