Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрк» шығармасын орыс тілінде сөйлеткен Зифа-Алуа Әуезова бүгінде Орталық Азияны зерделеу жөніндегі Еуропалық қоғамның (ЭСКАС) президенті. Голландияның Хертогенбос қаласында тұратын ғалым бізбен жүздесу барысында шығыстануға, өзінің зерттеу еңбектеріне қатысты былай деп әңгімелеген.
– Бір сәт өзіңіздің балалық шағыңызды еске түсіріңізші.
– Мен Мәскеу қаласында тудым. Сол 1966 жылы менің әкем мен анам осы қалада тұрып, жұмыс істеп жүрген еді. Анам – Хорлан Рахымбекованың Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін тәмамдап қалған, ал әкем – Мұрат Әуезовтің Әлемдік әдебиет институтының аспиранты болып жүрген кезі. Менің балалық шағым нағашы ата-әжемнің жанында өтті. Яғни, солардың қолында тәрбиелендім. Ал Алматыға, яғни әке-шешеме екінші сыныпқа баратын кезде оралдым.
Бұл қалада мен ағылшын тіліне тереңдетіп оқытатын әрі музыкаға бейімдейтін №120 орыс мектебінде оқыдым. Әжем секілді анам да менің көп оқуыма және музыкамен шұғылдануыма ерекше көңіл бөлді. Ал 16 жасымда орта мектепті бітіргеннен кейін Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсу үшін сол қалаға аттандым.
– Шығыстану ғылымын неліктен таңдадыңыз? Әлде үй-ішіңіздің ақыл-кеңесі әсер етті ме?
– Менің бұл мамандықты таңдауыма әкемнің әсері болды. Мектепте мені гуманитарлық ғылымдардан гөрі физика, химия, математика секілді түсінікті, нақты салалар анағұрлым қызықтыратын. Соған орай математика мен физикаға жан-жақты дайындалып, осы сала бойынша Мәскеудің жетекші жоғары оқу орындарының біріне түспек ойым бар еді. Бірақ, бітіру емтиханы кезінде әкем екеуміз отырып, ұзақ сөйлестік. Нәтижесінде, ол маған отбасылық дәстүрдің жібін үзбей, шығыстану ғылымын таңдауыма өзінің ақыл-кеңесін берді. Себебі, менің әкем Мәскеудегі Шығыс тілдері институтын бітіріп, қытай филологиясы мамандығы бойынша білім алған болса, атам Мұхтар Әуезов Ленинградтың тарих-филология факультетін бітіргені белгілі.
Әкемнің сенімі менің жүрегіме берік ұялады. Ал анам біздің бұл ойымызды қуаттап, қолдай түсті. Осылайша, 1982 жылы мен Ленинград мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіндегі араб филологиясы кафедрасының студенті атандым.
– Шығыстануға бет бұруыңызға орай ғылымға деген құлшынысыңыз да оянды ма?
– Ленинград мемлекеттік университетінде басынан бастап аяғына дейін оқып шығу мен үшін мереке сынды болды. Себебі, маған тілдер мен әдебиеттерді зерттеу, ешқандай да бұрмалаушылыққа және идеологиялық түсіндірулерге ұрынбаған тарихи оқиғалардан шынайы хабар беретін, оларды көз алдыңа келтіріп, елестететін ежелгі қайнар көз деректерімен танысу, олардың терең иірімдеріне бойлап ену – айрықша ұнады. Шығыстану факультетінде белгілі ғалымдардың сыни мектебінен өткен жоғары біліктілікке ие оқытушылар қызмет етті. Бұл факультетте деректер мен көне мәтіндерді оқитын және оларға түсініктеме беріп, талдайтын деректанушылар сабақ беретін.
Маған аудармадан дәріс беретін Кемаль Юнусовтың және араб-мұсылман әдебиетінен дәріс беретін Анна Долининаның сабағы айрықша ұнайтын. Профессор Долинина араб әдебиеті туралы мазмұнды әрі қызықты еңбектерімен танымал еді. Үшінші курста мен Анна Аркадьевнадан X-XI ғасырларда өмір сүрген аль-Хамадинидің мақамдары туралы курстық жұмысымның жетекшісі болуға өтініш жасадым. Бұл жұмысымды төртінші және бесінші курстарда да жалғастырдым. Яғни, дипломдық жұмысымда екі автордың новеллаларына салыстырмалы саралау әрі талдау жүргіздім. Университетті тәмамдағаннан кейін А.Долининаның кафедрасында жүріп, аспирантураны жалғастырдым. Кейіннен кандидаттық диссертациямның тақырыбы да ХІІ-ХV ғасырлардағы бірнеше араб тілді авторлардың мақамы болды. Аспирантурада оқып жүрген кезімде Мәскеудегі ресейлік аспиранттарға арналған Сорос қорының грантын жеңіп алдым да бір жыл бойы (1991-1992 жылдар) Оксфорд университетінде білім алуыма мүмкіндік туды. 1993 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап шығып, Алматыға қайта оралдым.
– Сіздің 1200 беттен асатын Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрк» шығармасын орыс тілінде тәржімалағаныңызды біз білеміз. Бұл шығарманы аударуға кез келген ғалымның жүрегі дауалай қоймайтыны да белгілі.
– Не айтқыңыз келгенін түсіндім. Менің ХІ ғасырдағы түркі лексикографиясы жөніндегі араб тілді дереккөз – «Диуани лұғат ат-Түркке» бет бұруым – бір жағынан, кездейсоқтық болғанымен, екінші жағынан араб тілді ортағасырлық мәтіндермен жұмыс істеудегі тәжірибемді ескеретін болсақ, бұл заңдылық еді. 1997-1998 жылдары Махмұд Қашғаридың атақты трактаттарының орыс тіліндегі қажеттіліктері туралы біздің аға буын әріптестеріміз айта бастады. Осы орайда, бұл трактаттарды аударатын, осы бір қиын жұмысқа тісі бататын ғалымдарды Алматыдағы Сорос қоры іздестіре бастаған. «Диуани» – өзінің ауқымдылығымен ерекшеленетін еңбек. Ал оған мойын бұру үшін ортағасырлық мәтіндерді аударудағы тәжірибе жеткіліксіз болатын, ол үшін бірнеше жыл қатарынан басқа тақырыптардан да қол үзе тұру қажет еді. «Диуани» еңбегінің аудармасына кірісуге мүмкіндік алғаныма қатты қуандым. Себебі, бұл жұмыс мен үшін өте тартымды болатын. Оның үстіне 1999 жылы біз Нидерландыға отбасымызбен көшуге шешім қабылдаған едік. Себебі, менің еріме сол жақтан қызықты жұмыс ұсынылған болатын. Ерім Роберт Эрмерс осыдан аз ғана уақыт бұрын Нидерландыда түркі тіл білімі тарихына қатысты докторлық диссертация қорғаған еді. Ол өзінің еңбегінде ежелгі дереккөздері ретінде Қашғаридың «Диуаниына» арқа сүйеген-тін. Яғни, менің жолдасым осы трактатқа деген қызығушылығымды толықтай құптап, мәтін құрылымының жасалуы мен жазылуына қолұшын беретінін айтты. Сөйтіп мен 1999 жылы «Диуани лұғат ат-Түркті» аударуға тілек білдірдім. Нәтижесінде аудармаға бөлінген арнайы грантты ұтып алдым.
– М.Қашғаридың осы еңбегін аудару кезінде нендей тың дүниелерге кезіктіңіз? Ол қандай мәселелерді қамтуымен ерекшеленеді және несімен құнды?
– «Диуани лұғат ат-Түрк» еңбегін аудару кезінде көптеген жәйттерге қанықтым және тың жаңалықтарға кезіктім. «Қазақ әдеби тілі ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қалыптасқан» деген кеңестік риторика бекіткен нұсқауға, оның өзінде орыс мәдениетінің ықпалымен қалыптасқан пікірге қарамастан, ХІ ғасырдағы «Диуани» еңбегіндегі өлеңдер, мақал-мәтелдер қазақ тілінің қазіргі мамандарына ешқандай аудармасыз түсінікті болатын үлкен көлемдегі сөздер мен мәтіндерден тұратындығын баса айтқым келеді. Бір атап өтерлігі, бұл мәтіндер тек ХІ ғасырға ғана тиесілі емес. Махмұд Қашғари өз еңбегіне одан да ежелгі кезеңге жататын мәтіндерді қосып отырған. Меніңше, автордың «Диуани» еңбегін жазудағы көздеген басты мақсаты – барлық мұсылман әлемін түркі тайпалары әлемімен біртұтас қарастыру және солай таныстыру болған сияқты. ХІ ғасыр Селжүктер әулетінің батыс түркі тайпалары үшін зор жеңісті кезең болды. Себебі, олардың жаулап алған жер көлемі де, халифаттағы саяси мойындалуы да айрықша еді. Дәл осы бір кезеңде Қарахан әулетінің шығыс түркі тайпалары да өздерінің Орталық Азиядағы ұстанымдарын нығайта түсті. Яғни, екі тайпа да өздерінің тұрмыстық мәдениеттері мен сыртқы болмыс-бітімдерінің айырмашылықтары мен өзгешеліктеріне қарамастан, түркі тілдерінде сөйлейтін болған. Екі тайпа одағының басшылары өздерін мұсылманбыз деп жариялады. Сондай-ақ олар өздерін «дар уль-Исламның» ортақ құндылықтарын сақтаушы ретінде таныта бастады. Түркі интеллектуалды элитасының өкілі ретінде Махмұд Қашғари үшін «дар уль-Исламды», оның жаңа қорғаушылары, яғни түркілердің тілі мен мәдениетімен таныстыру айрықша маңызға ие болған. Сондықтан, «Диуани» еңбегі араб тілінде жазылды. Ал ондағы түркі сөздері, мақалдар, аңыздар мен өлеңдер араб тіліне аударылған. Түркі грамматикасы да араб тілтану тұрғысынан түсіндірілген. Қазіргі таңда «Диуани лұғат ат-Түрк» – түркі мәдениеті мен тілі туралы ең танымал жүйелі өлеңдердің ішіндегі ең көнесі болып есептеледі.
– «Диуани лұғат ат-Түрк» бұған дейін француз, ағылшын, түрік және басқа да тілдерге аударылғаны белгілі. Ал оны орыс тіліне аударудың қажеттілігін немен байланыстырасыз?
– «Диуани лұғат ат-Түркті» орыс тіліне аударудың қажеттілігі туралы айтатын болсам, жиырмасыншы ғасырдың 90-шы жылдары түркі тілдес халықтардың басым бөлігі бұрынғы Кеңес Одағының территориясын мекен еткені белгілі. Ал осы кезеңде орыстар түркі тілі мен әдебиетін біртіндеп ығыстыра бастаған болатын. Екіншіден, идеологиялық ұстанымдар жалпы түркі мәдениетінің құндылықтарын шеттетілген этностық деңгейге дейін алып келді. Сондықтан «Диуани» еңбегінің орыс тіліне аударылуы осы бір ежелгі дереккөзіне және жалпы түркі мәдениетінің тарихына қызығушылық танытып отырған көптеген оқырмандардың қолжетімділігін арттыруға сеп болатын еді.
– Ежелгі түркі мәдениетіне қатысты көптеген құнды әдеби жазбаларды зерттеп, халыққа ұсынған көрнекті ақын, әдебиет сыншысы, аудармашы-ғалым Асқар Егеубаев болатын. Оның аударма саласына сіңірген еңбегін М.Қашғаридің «Диуани лұғат ат-Түрк» атты сегіз кітаптан тұратын көптомдығымен де айқын бағамдауға болады. Асқар Егеубаев қазақшаға тәржімалаған «Диуани» мен сіз орыс тіліне аударған еңбектің мәтінінде қандайда бір айырмашылықтар мен өзгешеліктер кездесе ме?
– 1999 жылы маған «Диуаниды» қазақшаға тәржімалауды тәмамдап қалған Асқар Егеубаевпен кездесудің сәті түсті. Бұл аталған трактаттың Қазақстанда танымал болуы үшін айрықша маңызды қадам болып саналған-тұғын. Алайда, А.Егеубаев араб тілін меңгермегендіктен, өз еңбегін С.Муталлибовтың 1960 жылғы өзбек тіліндегі аудармасына сүйеніп аударды. Ал өзбек тіліндегі аударманың өзі түрік тіліндегі аудармаға сүйеніп дайындалған болатын. Сондықтан бұл аудармадан түпнұсқадан ауытқушылық пен кейбір үзінділердің өзінің айқындылығы мен анықтығын жоғалтқандығы едәуір байқалып тұратын.
– Ал сіздің бұл жұмысты аяқтауыңызға қанша уақыт кетті?
– Еңбекті аударуға, оның алғысөзін жазуға және еңбектің сілтемелерінің басын құрауға, жалпы алғанда төрт жылға тарта уақыт кетті. Аудармамен жұмыс кезінде «Диуанидің» барлық шығарылымына, сондай-ақ 1969 жылы Ленинградта шыққан «Ежелгі түркі сөздігіне», Ж.Клозенің 1972 жылы Оксфордта шыққан «ХІІІ ғасырдағы түркі этимологиялық сөздігіне» және т.б еңбектерге жүгінуге тура келді. Себебі, ол еңбектерге «Диуани» еңбегінен бай лексикалық материалдар енгізілген болатын. Сөздік араб әліпбиі мен грамматикасын білмейтін жандарға ыңғайлы әрі түсінікті болуы үшін орыс әліпбиі бойынша арнайы тізім (индекс) жасау керек болды. Ол үшін барлық сөздік мақалаларында басынан аяғына дейін нөмірлер мен қодтар енгізілді. Бұған қоса, ғылыми шығарылымда мәтіннің нақты транслитерациясы болуы өте маңызды аспект еді. Ал ол көп уақыт пен ұқыптылықты ауадай қажет етті. Бұл ретте, менің ерім Роберттің көмегі мен тәжірибесін айрықша атап өткім келеді.
– Естуімізше, бүгінде сіз XX ғасырдағы қазақ тарихы мен әдебиеті мәселелерін зерттеп жүрген көрінесіз. Бұл ғасырды зерттеуге ниет бұруыңызға нендей жайт түрткі болды?
– Қазіргі таңда мен қазақтар мен Орталық Азияға көршілес халықтардың өткені кеңестік тарих пен әдебиеттерде қандай тұжырымдарға сүйеніп қалыптасты, қандай тақырыптар мен қадамдар жаңа идеологиялық құрылымдарға сәйкес, жарамсыз болып саналды және ығыстырылған материалдардың орнын нелер толықтырды деген сауалдарға жауап іздеп жүрмін. Кеңестік кезеңдегі қазақ халқының тарихы ақылға сыймайтын идеологиялық амал-айлалардың құралына айналғаны белгілі. Мұны ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихының қаһарман тұлғаларын Ресейдің қарсыласы етіп насихаттаумен байланыстыруға болады. Халықтар достығының кеңестік тұжырымдамасы үшін мұндай қарама-қайшылық тек қазақ батырлары негізінде ғана шешілетіндей көрінгені белгілі. Яғни, оларды табиғатынан агрессияшыл, халықтың қарапайым өкілдерінің ұстанымдарын таптап өтетін және Ресейдің алдыңғы қатарлы, ілгерішіл билеушілеріне дұшпандық танытатын жандар деген насихаттаушылық белең алған болатын. Ал өткен шақтың әдебиетте көрініс табуына келетін болсақ, онда да автордың ішкі цензурасы көп жағдайда шығарманың жетістігін және жазушының тағдырын айқындап беретін еді. Менің бұл тақырыптарға қызығушылық танытуымды жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамының өмірінде айтарлықтай рөл атқарған Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовтың еңбектерін асқан қызығушылықпен оқуыммен де тығыз байланыстыруға болатын секілді.
– Сіз бүгінде Орталық Азияны зерделеу жөніндегі Еуропалық қоғамның (ЭСКАС) президенті екенсіз. Ол қандай ұйым?
– ЭСКАС – Орталық Азия елдерінің мәдениетінің түрлі аспектілерін, тарихы және саяси-экономикалық дамуын зерттейтін мамандардың халықаралық кәсіби жүйесі. Әр екі жыл сайын ЭСКАС мүшелері еуропалық университеттерде ұйымдастырылатын конференцияларда бас қосады. Биылғы жылдың қыркүйек айында біз өзіміздің конференциямызды Кембридж университетінде өткіздік. Кембридж университеті секілді жетекші жоо-ның ЭСКАС-тың конференциясын өздерінде өткізуге ниет танытуы – халықаралық академиялық орталарда орталық-азиялық өңірге деген қызығушылықтың артқандығын байқатса керек. Соңғы жылдары конференцияға Орталық Азия елдерінен, әсіресе Қазақстаннан қатысушылар санының артып отырғанын айрықша атап өткім келеді. Менің ойымша, еуропалық елдер мен Орталық Азия өңірі ғалымдарының үнқатысу алаңында тікелей кездесуі – ақпарат алмасу жағынан екі жаққа да пайдалы. Себебі, мұндай басқосулар түрлі елдерде қалыптасқан қазіргі заманғы зерттеу үдерістерін насихаттауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өзара бірлескен жобаларды әзірлеуге жағдай жасайды.
– Қазіргі таңда Голландияда тұрады екенсіз. Бұл елдің Қазақстанға деген көзқарасы қандай?
– Тұтастай Еуропа кеңістігі секілді Нидерландыда да Қазақстан мен Орталық Азияға деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Кеңес Одағы құлаған алашқы жылдары бізге жалпы мәдени кеңістіктің белгілі бір бөлшегі ретінде ғана қараған болса, бүгінде еуропалықтарды әр елдің өз қоғамына тән жеке ерекшелігі анағұрлым қызықтырады. Ең алдымен, мұны Еуропаның біздің өңірге деген экономикалық қызығушылықтарымен байланыстыруға болады. Тағы бір атап өтерлігі, біздің өңірдің еуропалық бағытқа бет алуы бизнес, мәдени және әлеуметтік құрылымдар арасындағы өзара байланыс – екіжақты диалогтың артуына сеп болуда. Соңғы жылдары мен Нидерландының кәсіпкерлері мен дипломаттарының алдында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бірнеше мәрте лекция оқыдым. Биылғы жылдың 28 сәуірінде Witteveen en Bos компаниясының ұйытқы болуымен, Девентер қаласында «Қазақстандық фестиваль» өтті. Қазақстанның елшілігі Қазақстан туралы көптеген қызықты материалдарды, буклеттер мен кітаптарды әкеліп берді. Фестивальге Қазақстаннан музыканттар шақырылды.
Шараның шымылдығы менің қызым Жанельдің орындауында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашылды. Ал фестивальден бір апта бұрын осы шараға дайындық ретінде Девентердағы кинотеатрда Рүстем Әбдіраштың «Сталинге сыйлық» фильмі көрсетілген болатын. «Желсіз түнде жарық ай» осы фильмдегі басты музыкалық тақырып еді. Менің қуанышыма орай, Девентердағы театр залына адам лық толды. Яғни, «Қазақстандық фестивальге» деген көпшіліктің қызығушылығы айрықша жоғары болды.
– Өзіңіз Голландиядағы Лейден университетінде сабақ береді деп естідік. Қандай пәндерден дәріс оқисыз?
– Иә, мен үш жылға жуық, яғни былтырғы жылдың соңына дейін Лейден университетінде сабақ бердім. Бұл университеттің магистранттарына Орталық Азияға қатысты, атап айтқанда Орталық Азия қоғамы мен мәдениеті, ондағы дінге қатысты дәрістер оқыдым. Лейден университетінде оқытушы болу мені айрықша қуантатын. Себебі, мен өзімнің туған мәдениетім туралы білімімді, ойға түйгендерімді айрықша қызығушылық танытқан еңбекқор жастармен бөлістім. Менің дәрісімді Нидерландының, Италияның, Түркияның, Грекияның, Иранның жастары тыңдады.
– Енді отбасыңыз, балаларыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Менің үлкен қызым Роттердам университетінің магистратурасында, ал екі кішкентай балам орта мектепте оқиды.
– Бір-бірлеріңізбен өзара қай тілде сөйлесесіздер?
– Тілдік ортаның жоқтығына қарамастан, олар үшін бірінші тіл – қазақ тілі болды. Біз оған барынша көңіл бөлуге тырыстық. Мен Алматыда бірнеше жыл жұмыс атқарған кезде кіші қызым «Көкіл» деп аталатын қазақ мектебінде оқыды. Бұл мектепте жүріп, қызым домбыра шертуді үйренді. Әлі мектепке бармағанына қарамастан, ұлыма да тәрбиешілер қазақ өлеңдерін жаттатты. Өкінішке қарай, қазір мектепте ағылшын тілдерінің айқын басымдылығына байланысты қазақ тілін үйренуге аз уақыт қалып отыр. Алайда, олардың тіл білудегі негізі қаланған. Қазақстанға келген кезде неғұрлым қазақ тілінде сөйлесуге тырысады.
– Сіз еріңіздің түрколог ғалым екендігін әлгінде айттыңыз. Және ол естуімізше, М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін шетел тіліне аударған екен.
– Менің ерім Роберт шын мәнісінде Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін голланд тіліне аударды. Ол кезде біз енді-енді ғана танысып жүрген едік. Сол кезде ол аталған әңгіменің орысша аудармасы мен қазақ тіліндегі түпнұсқасында кездесетін кейбір маңызды фрагменттердің сақталмағанын байқаған еді. Ол кездің өзінде ол түрік және араб тілдерін де жақсы меңгерген болатын. Кейін Нидерландыдағы Неймеген университетінде түрік және араб тіл біліміне қатысты докторлық диссертация қорғады. Біз Санкт-Петербургте өткен Ислам және арабтанушылықты зерттеу жөніндегі Еуропалық қоғамның конференциясы кезінде таныстық. Бізді белгілі петербургтік арабтанушы Анас Халидов таныстырған болатын.
– Роберт қазақ тілін жақсы біле ме?
– Ол қазақ тілін біз танысқан кезден бастап үйрене бастады.
– Қазір қандай қызмет атқарады?
– Қазіргі таңда Роберт Таяу Шығыстың мәдени антропологиясы жөніндегі курстардан дәріс береді.
– Енді Мұхтар Әуезов қорына тоқталсаңыз. Бүгінгі таңда қор қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Мұхтар Әуезов қоры – М.Әуезов ұрпақтарының бастамаларының жалғасы, бүгінгі жаңа желісі. Оның басты мақсаты – жазушының рухани мұрасын сақтау және насихаттау, сондай-ақ қазақ мәдениеті саласына байланысты жаңа бастамаларды қуаттап, қолдау. Мұхтар Әуезовтің шығармашылық биографиясы кеңестік дәуірге дейінгі кезеңнен тамыр тартады. Ал оның қайнар көзі мен бастау бұлағында Алаштың ой өресі биік, парасатты тұлғалары тұр. Менің ойымша, оның шығармаларының тартымдылығы мен ондағы идеялардың мықтылығы Әуезовтің негізгі бағытының айқын, бұлжымас көрсеткіші. Кеңестік мемлекеттің ауық-ауық өзгеріп отырған идеологиялық ұрандарына, идеологияның жазушыдан бірқатар шығармалардан өздігінен бас тарту мен «идеологиялық сән» ыңғайына байланысты кейбір сюжеттердің басқаша өрілуін талап етіп, міндеттегеніне қарамастан, олар қашан да Әуезов идеясының басты бағдары болып қала бермек. Оның өте бай әрі әр түрлі шығармашылық мұрасы оқырмандарға Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдың басынан алпысыншы жылдарға дейінгі күрделі өмір сүру кезеңін түсінуге мүмкіндік береді.
Бұл қордың президенті – менің әкем Мұрат Әуезов. Ал оның ұйымдастырушысы және қозғаушы тетігі – бауырым Мағжан. Туысқан бауырым Дияр Қонаев және мен қордың құрылтайшысымыз. Ал қор басқармасының құрамына ондағы маңызды жобалар туралы шешім қабылдайтын шығармашылық интеллигенцияның белгілі өкілдері, қазақ тілі мен әдебиетін жетік меңгерген мамандар кіреді. Қордың арнайы интернет-сайтынан оның қызметі жөнінде жан-жақты мәлімет алуға болады. Сайт қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат береді.
– Бүгінде қандай зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрсіз?
– Бүгінде Берлинде орналасқан Қазіргі заманғы Шығыстану орталығындағы мамандар алдында Орталық Азиядағы мұсылман халықтарының тарихы жөнінде лекция оқып жүрмін.
– Атаңыз Мұхтар Әуезовтің туған жеріне жиі барып тұрасыз ба?
– Қалыптасқан отбасылық дәстүрге орай, жиі барып тұруға тырысамын. Мұхтар Әуезовтің, қазақтың Мұхтарының туған жеріне табан тіреу менің жан дүниемді қашанда ерекше сезімге бөлейді. Бұл – дәуірлердің алтын қорына есімдері мәңгіге өшпестей етіп жазылған, артына өлмес мұраларын, өлеңдері мен қарасөздерін қалдырған тұлғалардың жері. Мұхтар Әуезовтің туған жері – Абай мен Шәкәрімнің кіндік қаны тамған жер. Қазіргі таңда мен үшін және менің отбасым үшін Семейдегі, Бөрілідегі және Жидебайдағы адамдар мен олардың өмірі анағұрлым қызығырақ. Себебі, олар өмірден өткен «интеллектуалдар» туралы мәдени ескерткіштерді сол күйінде сақтап қана қоймай, оларды келер ұрпаққа аманаттау үшін үлкен жұмыстар атқарып келеді. Олардың ішінде бір өзі тұтас энциклопедияға татитын қарияларымыз да бар. Сол қарияларымыз өткен шақтың бірнеше ондаған ұрпақтарының атына дейін жатқа соғады, осы бір қасиетті жердің белгілі азаматтары туралы халық арасына тараған әңгімелер, рулар арасындағы қақтығыстар мен текетірестер, олардың шешілу жолдарына қатысты да әсерлі әңгімелеп береді. Бұлардың барлығы Еуропаның бүгінгі өмірінен мүлдем бөлек, өзгеше әлем. Олар сонысымен де құнды болар.
– Мұхаңның бүгінгі ұрпақтары жиі кездесіп тұра ма?
– Алматыға жолым түскен кезде мен атам Мұхтардың ұрпақтарымен, немерелерімен үнемі кездесуге тырысамын. Ернар Мұхтарұлының балалары мен немерелеріне қатысты ақпараттарды да жиі естимін. Соңғы уақытта менің әкем тағдыр тәлкегіне байланысты жер-жерге шашырап кеткен өзінің туысқандарының басын қосып, олардың арасындағы туыстық байланысты нығайтуға айрықша көңіл бөліп жүр. Бұл маған да ауадай қажет.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.