• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қыркүйек, 2011

Педагогикалық практика – педагог кепілі

869 рет
көрсетілді

Биылғы оқу жылында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни­вер­­ситетінің 5741 студенті педагогикалық және өндірістік тәжірибеден өтпек. Бұл білім ордасы жыл сайын сан мың­даған мұғалім атты ұрпақ тәрбиешілерінің қанатын қатайтып ұшырады. Студент­тер­дің киелі мамандықты иеленіп, нағыз кәсіп иесі болмаққа үйретудің шартты жолы – педа­го­гикалық тәжірибе болса керек. Биылғы оқу жылында жалпы саны 5741 студент педа­го­гикалық және өндірістік тәжірибеден өтеді. Жақында осы орайда университетте «Қазіргі мұғалімді даярлау жүйесінде педагогикалық практиканың ала­тын орны» атты бағдар беру конфе­ренциясы болып өтті. Конференцияны университет ректоры Динар Нөкетаева сөз сөйлеп ашты. Ол жалпы ұстаз мамандығының қадір-қасиетін тілге тиек ете отырып: «Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында жастар мәселесі мен олардың білім алуына ден қойып отырады. Онда Елбасы: «Сапалы білім мен ғылым болған кезде ғана Қазақ­стан­ның келешегі жарқын. Ең алдымен жас­тар­дың білімге және ғылымға парасаттылық көзқарасын өзгертетін уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде бәсекелесуге қабі­лет­ті жан-жақты мамандар қажет», деп көрсет­кен-ді. Осы талапқа сай студенттер әлемдік деңгейде, алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасалып жатыр. Бүгінгі таңда сіздер мен біздер өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында еңбек етуіміз керек. Ал студенттер осы жауапкершілікті мемлекеттік практикада бала тәрбиесінің қыр-сырын, сөй­леу және қарым-қатынас жасау мәдение­тін үйреніп шығуы тиіс», – дей отырып, болашақ маман иелеріне сәттілік тіледі. Іс-шара барысында педагог маманына жан-жақты тәжірибе беру мақсатында дәрістер оқылып, психологиялық тренингтер, панорамалық сабақтар мен психопортрет көрсетілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Алматы.