Сапалы білім беру – қай кезде болмасын қоғамның басты құндылықтарының бірінен саналады. Кімді және қалай оқыту, қаншалықты және неге үйрету тәрізді ерекше қоғамдық маңызы бар мәселелерді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында нақтылап береді. Сол бойынша бағыт-бағдар айқындалып отырады.
Студенттермен тұрақты қарым-қатынас жасау тәжірибесі бізді мынадай тұжырымға жетелейді: олардың көпшілігіне кредиттік оқыту жүйесінде мұғалімдермен етене араласу, яғни білімге талпыныс пен білім алу кезінде өзара сенім арқылы жұмыс жасау екі жаққа да тиімді. Бұл үрдіс диалог формасындағы аудиториялық сабақ, дөңгелек үстелдер, іскерлік ойындар, семинарлар түрінде жүргізілсе тіпті құба-құп. Студенттердің танымдық белсенділігін арттыруда оқытушы жетекшілігімен өтетін өзіндік жұмыстардың көрсетер көмегі шексіз. Оқытудың жаңа технологиясы студенттерден тыңғылықты жұмысты талап етеді. Қабылданатын жаңа ақпараттар көлемінің өсуіне қарамастан, олар бұл жүктемелерді қызығушылықпен орындайды.
Кредиттік жүйемен жаңаша оқытудың соңғы жылдардағы тәжірибесі бізді әлемдік білім беру кеңістігіне сындарлы қарап, отандық білім беру жүйесінің көпжылдық тәжірибесін жоғалтпай, оны дұрыс бағалауды да үйретті. Жүргізілген сараптама осы жылдары университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы әлемдегі озық білім орындарының оң тәжірибелерін ескере отырып, оқу жүйесіне академиялық еркіндікті, оқытушылар мен студенттердің ұтқырлығын, оқытуды дербестендіруді қолға алды. Мұның мүлтіксіз жүзеге асуы көбінесе студенттерге байланысты болатыны түсінікті.
Осыған орай, технологияның негізгі элементтерін түсіндіру, пәндерді таңдап алу мен білім беру ауқымын қалыптастыру бойынша әрбір студентпен жеке жүргізілетін жұмыстарды күшейтуге тура келеді. Білім берудің жаңаша бағдарламасына сай оқып-үйренудің оңтайлы тізбектілігін таңдау арқылы танымдық жүйеге өздігінен оқуды ендіреді. Бұл студентті ізденуге, алға ұмтылуына жетелейді. Білім алу бір аудиториялық сабақтан екіншісіне көшудің орнына, сол орында келесісіне жалғасып отырады. Осы қадам талапкерлердің таңдаған мамандыққа қатысты пәндерді игерудің сапалық деңгейіне оң әсерін тигізеді.
Алдағы уақытта Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов жоо студенттері мен педагог мамандардың академиялық мобильділігін, біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөлінетінін атап айтты. Соңғы 3-4 жылда 75 мың маман шетелге барып, өзге елдердің білім берудегі, оқытудағы озық әдістерін меңгеріп қайтатынын да назарға салған болатын. Мысалы, Болон процесінің негізгі қағидаты бойынша студенттердің академиялық мобильділігі Еуропа елдерінде былайша жүзеге асады. 1 млн. студент «Эразмус» бағдарламасымен жыл сайын бір семестр немесе бір курс мықты ғылыми мектептері бар, ізденіс зертханалары дамыған басқа елдерде білім алуын жалғастырады.
Кредиттік оқыту технологиясының ерекше артықшылығы – жоғары оқу орындарына академиялық еркіндіктің берілуі дер едік. Университеттегі оқу жүйесін ұйымдастырудың негізі – оның ашықтығы мен ұтқырлығы. Бұл қалай іске асады дегенге келсек, мамандық бойынша оқу жоспарын жасау, әр факультетте таңдап алынатын пәндер құрамын анықтау, оқытушының еркіндігі мен пән мазмұнын қалыптастыра алу, сонымен бірге, студент жекелеген пәндер мен білім алу кезінде мұғалімді таңдау негізінде шешімін табады. Іс жүзінде оқытудың кредиттік технологиясының қорытындысына бақылау жүргізгенде әрбір студенттің нақты алған білімі, оның деңгейі мен дағдылары, сондай-ақ оқу-әдістемелік және қажетті маманмен қамтамасыз ету пәнінің дәрежесі анық көрінді. Яғни, заманға қарай талпыну, оң нәтиже бере бастады деген сөз.
Білім алудың кредиттік технологиясы студентті білім беру жүйесінің белсенді қатысушысы болуға баулиды. Олардың оқытушымен бірге көптеген түйткіл мәселелерді шешу жолын іздеп, өздігінен жұмыс жасауға ұмтылуы көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа жағдайда оқытушы сабақты өткізуге бағдарламалық оқу материалын ғана емес, өзінің өмірлік кәсіби тәжірибесін де пайдаланады. Әлемдік практикада кредиттік оқыту технологиясы оқытушылардың ұдайы қайта дайындықтан өтуін, кәсіби өсуін міндеттейді.
Пәндердің мазмұнын, сабақты жүргізу әдістемесін өздігінен анықтау мүмкіндігі мен еркіндігі, академиялық рейтинг аясында оның жұмысын жылдық бағалауды, оқытушыдан ғылыми-зерттеу жұмысын жандандыру мен біліктілігін әрдайым арттыруды талап етеді. Мамандарды дайындауда оқытудың кредиттік жүйесіне көшу материалдық-техникалық базаны, соның ішінде пәндердің ақпараттық қамтамасыз етілу талаптарымен тығыз байланыста болады. Оқу-зертханалық, ғылыми-зерттеу орталықтардың болуы, оқытушының полиграфиялық және компьютерлік салаларды жетік білуі, оқу жүйесін компьютерлендіру біліктілігінің жоғарылығы үлкен міндеттердің орындалуына жол ашады.
Отанымыздың даму стратегиясын айқындаған Елбасы Н.Назарбаев: «Әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына тек жоғары білімді қоғам арқылы ғана кіруге болады», деп қазақстандықтардың алдына қойылған міндеттерді шешу ісінде білім берудің рөлін ерекше атап өтті.
Қазір ауылға бет бұрдық. Ауылдың гүлденуі туралы Мемлекет басшысы әркез айтып, алдымызға ауқымды міндеттер қойып келеді. Ауылшаруашылық кешені үшін бәсекеге қабілетті маман дайындау сапасын арттыру да үлкен міндет екені айдан анық. Бұл біздің оқу орнына тікелей қатысты. Соған орай, Ұлттық ғылыми академиясының академигі, университет ректоры Т.Есполов бастаған ұжым жасап жатқан жұмыстарға да тоқтала кетсем деймін. Оқу үрдісімізде студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуына мүмкіндік беретін зерттеу институтының зертханалары, зауыттардың конструкторлық бюролары, тәжірибеден өтуге арналған алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтары, сондай-ақ білім ордасының «Агроуниверситет» оқу-өндірістік шаруашылығы тұрақты жұмыс істейді.
Университет ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулердің басым бағдарламалары бойынша ғылыми конкурстарға белсене қатысуды да жоспарлап отыр. Қатысып та жүр. Соңғы үш жылда оқу аудиториялары мен зертханаларында сабақтарды инновациялық технологиямен жүргізу мақсатында 173 млн. теңгенің заманауи технологиялық жабдықтарын алу көзделуде.
Президенттің 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылға қарай халықты сапалы ауыз сумен қамту, ол белгіленген барлық санитарлық нормаларға жауап беру қажет екенін атап айтқан болатын. Осы өзекті мәселеде қолданатын суды өңдеу, тазарту және қайта пайдалану жағы тиянақты қарастырылмай отыр. Айта кететін жағдай, су көздерінің маңында жайылып жүрген малдардан немесе мал фермаларынан шыққан органикалық қалдықтар жаңбыр және қар суларымен қосылып, өзен және көлдерді ластайды. Ол түрлі патогенді, жұқпалы ауруларды таратып, судың сапасын төмендетеді. Ветеринарлық-санитарлық жағдайдың құлдырауына әкеліп соғады. Мысалға, 100 000 бас ірі қара малынан шыққан органикалық қалдықтар 1 млн. халқы бар қаладан шыққан қалдықтармен бірдей екен.
Иә, ауыз судың сапасына санитарлық сараптама жасау жағы ойдағыдай емес. Жасыратыны жоқ, соңғы 20-25 жылда судың құрамын анықтайтын гидропостар мен зертханалардың саны 20-30 пайызға азайғаны және қолданылатын жабдықтардың ескіргені байқалып отыр. Осы аталған мәселені шешу мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық университеті судың сапасын бақылауға және сараптауға арналған алдыңғы қатарлы зертхана жұмысын жандандырып, заманауи құралдармен, қондырғылармен толық жабдықтады. Судың құрамындағы химиялық элементтерді, электрөткізгіштігі мен температурасын және сутегі көрсеткіштерін анықтайтын кондуктометр Metrohm (Швейцария), зертханалық pH – метр, автоматты титратор Titrazando (Швейцария), спектрометр УФ-SPEKOL1300 (Германия) бар.
Судың сапасын бақылауға және анықтауға арналған бұл құралдардың мүмкіншілігі өте жоғары, 52-ге жуық көрсеткішке дейін химиялық-санитарлық сараптама жасайды Ол арнайы компьютерлік Win AA бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Келешек су мамандарына уақыт талабына сәйкес сапалы білім беруге қажетті ресурстар жеткілікті. Егер білім беруді өндіріс саласына теңейтін болсақ, онда оны мүмкіндігінше қалай жүргізу, қызмет тармақтарын талапқа сай бағалау қажет екенін анықтап алғанымыз жөн. Біздің ойымызша, білім беру тек қана жоғары оқу орындарының ғана құзырлы ісі емес. Бұл – бүкіл елдік іс. Сол үшін де Мемлекет басшысының ерекше мән беріп отырғаны. Ауқымды шараны баянды ету барысында түлектердің кәсіби қауымдастықтарын құру қажет деп білемін. Бұған бірінші кезекте жұмыс берушілер атсалысса, нұр үстіне нұр. Сол секілді оқушылар мен студенттер арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізу, білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып білім берудің жаңа жүйесін жасау жұмыстарын ұйымдастыру арқылы да көп шаруаны тиянақтауға болады.
Осы арада өзімді толғандырып жүрген мәселелер туралы да аз-кем айта кетсем деймін. Шалғай ауылдарда жас мамандарға тиісті жағдайлардың болмауы, еңбекақының төмендігі түлектердің арасында мамандыққа деген аса қызығушылығын туғыза қоймайды. Сол себептен де қалтасында дипломы бар жастар қалада, қала маңында қалып қоюға талпынады. Мемлекеттік тапсырыспен, яғни грантпен оқып бітірген мамандарға Үкімет және жергілікті әкімдіктер тарапынан жеткілікті көңіл бөліне бермейді. Әрине, сөз жүзінде барлық жағдай жасалуда дейміз. Шын мәнінде, бұл жағы олқы соғып жатқанын мойындауымыз керек шығар. Диплом алып ауылға баратын жас мамандардың әлеуметтік қорғалуына барлық деңгейдегі ел басқаратын лауазым иелері қамқор болса, жастар елді мекендердің алтын тұғырына айналар еді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында шетелдік техникамен жұмыс істейтін механизаторлар үшін мемлекеттік тілдегі техникалық әдебиеттің қажеттігі айқын байқала бастады.
Ауыл – қазақ ұлтының негізі, өмір сүретін ортасы. Сол себепті, ауыл жастары білімді болып, техниканы терең меңгерсе, ұлт ұтылмас еді. Есте ұстайтын айрықша мәселенің бірі сол – ұлт қауіпсіздігінің негізін азық-түлік қауіпсіздігі құрайды. Бұл үшін теориялық білім мен кәсіби тәжірибені ұштастырсақ, болашақта ауыл ажарын ашатын маман дайындау заман талабына сай болары шүбәсіз.
Әбдінәби АУЛАНБЕРГЕНОВ, техника ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі.