Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Депутаттар сондай-ақ қалыптасқан дәстүрге сәйкес, өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын жолдады.
Тито Сыздықов өз сауалында жеке мектептерде орта білім беруде мемлекеттік қаржыландыру мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, терең білім беруі тиіс жеке мектептерде орта тап өкілдерінің балалары оқи алмайды. Мұндағы оқу ақылы болғандықтан, оның бағасы шарықтап тұр. Осыны алға тартқан Т.Сыздықов жеке мектептердегі оқу бағасын қолжетімді ету үшін олар мемлекет тарапынан қаржыландырылуы тиіс деп есептейді. Мұндай тәжірибе АҚШ және Еуропа елдерінде ХІХ ғасырдан бар болса, көршілес Қытайда жеке мектептер барлық салықтардан босатылған.
Осы ретте оқушы күнделігі мәселесін көтерген Бекболат Тілеухан өзімен бір күнделікті де ала келіпті. Сыртында АҚШ-тың «Азаттық мүсіні» бейнеленген күнделікті әріптестеріне көрсете отырып, депутат оқушы санасын өзге елдердің құндылықтарымен ластауға болмайтындығын ескертті. Б.Тілеуханның айтуынша, күнделік ішінде мемлекеттік мерекелер қатарында Құрбан айт мерекесі жазылмаған, ал мемлекеттік Әнұранға күнделік соңынан орын тиіпті. Оның үстіне мұндағы мәліметтердің дені ресми тілде жазылған. Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат баспагерлерге нақты ұсыныстармен шығулары қажеттігіне назар аудартты.
Жер телімдерінің жетіспеушілігіне қатысты сауалында Сағындық Тұрсынов қазіргі таңда Астана қаласында осы мәселемен 70 мың адамның кезекте тұрғандығынан хабардар етті. Өкінішке қарай, оларға тегін берілуі тиіс жер телімдері болмай отыр. Тиісінше жарнамаларда жер телімдерін сатамын деушілер жетіп артылады. Жеке немесе заңды тұлғалар атында гектарлаған жер телімдері бар. Ақмола облысы Целиноград ауданының Қонды елді мекенінде жер телімі 5 мың доллар тұрса, Тайтөбе, Ильинка және Қосшыда 10 сотық жер телімі 8-10 мың доллар шамасында. Осыған орай депутат Астана айналасындағы жерлердің кімге қаншасы тиесілі екенін және олардың қандай сомаға сатып алынғанын тексеруді сұрады.
Күн тәртібіне қойылған мәселелерді қарау кезінде «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары қорытынды әзірлеу үшін айналымға алынды. Бұл міндет Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне тапсырылды.
2007 жылғы 6 қазандағы «Кеден одағының комиссиясы туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай жасады. Хаттамада Кеден одағының комиссиясы жекелеген мәселелер бойынша тараптардың ұсыныстарын қарау, келісу, сондай-ақ комиссияға тиісті ұсынымдар дайындау үшін үйлестіруші және консультативтік органдар құру көзделген. Комиссия шешімі жарияланғаннан кейін отыз күн өткенде күшіне енеді, ерекше жағдайларда жарияланған шешімнен бұрын емес мерзім белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Келесі мәселе үкіметтік емес ұйымдарға қатысты болды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед таныстырды. Министрдің айтуынша, заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесін түпкілікті өзгертуге арналған. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мониторинг жүргізу қарастырылса, оған отандық және халықаралық ұйымдар тартылып отыр. Сондай-ақ заңдық құжатта Үкіметтің, уәкілетті және мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты белгіленіпті. Бұрындары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды бір министрлік беріп келсе, енді оны әр ведомство өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыра алады. М.Құл-Мұхаммед мұндай тәсілді өте дұрыс деп атап өтті. Қазіргі таңда бюджетте үкіметтік емес ұйымдар тарапынан әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 2 миллиард теңге бөлінсе, ол салалық министрліктерге нақты аударылғаны белгілі болып отыр.
Бірқатар сұрақтардан кейін депутаттар заң жобасын қолдау керек деген ұйғарымға келді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.