• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2016

ОПЕК мұнай өндірісін азайтуға келісті. Теңге нығаяды

296 рет
көрсетілді

Аустрия астанасы Венада өтіп жатқан мұнай экспорттаушы мемлекеттер ұйымының кезекті отырысында ұйымға мүше мемлекеттер мұнай өндірісі көлемін тәулігіне қазіргі 33,6 млн баррельден 32,5 млн баррельге дейін азайтатын болып шешті. Естеріңізде болса, қыркүйек айында аталған ұйым мүшелері Алжирде бас қосып, алдын ала осындай тоқтамға келген еді. Дегенмен, ол уақытта бұл шешім ауызша ғана қабылданғандықтан, нарықтағы қара алтын бағасында анау айтқандай үлкен өзгеріс болмаған-ды. Ал енді ұйымның шешімі ресми күшіне еніп, әр мемлекет өзіне белгіленген шектен аспайтын болса, мұнайдың бағасы алдағы бірер тәулікте 50 доллардан асып, бірнеше аптада 60 долларды маңайлап қалуы да ғажап емес. Ал дәл қазіргі кезде баға 50 долларға жетер-жетпес деңгейде. Жалпы, осы жиын қарсаңында нарықтағы саудагерлер екіұдай күй кешті. Екі ай бұрын қабылданған мұнай өндірісін азайту туралы шешімнен кейін баға біртіндеп жоғары көтеріле берген. Нәтижесінде 35 доллардан екі ай ішінде 45 долларға дейін жетті. Ал апта басынан бері, екі күн ішінде нарық тіпті қыза түсті. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейінгі аралықта баға бір көтеріліп, бір түсті. Сауд Арабиясы мұнай министрлігі өкілдерінің ОПЕК-тен оң шешім күтеміз деген мәлімдемесі және жалпы ұйым елдерінің алдын ала жасаған мәлімдемелеріне қарап өндіріс көлемі азаюы мүмкін деп жорамал жасауға болатын еді. Алайда Иран мен Ирактың қазіргі деңгейден бір баррель де қысқартпау туралы үзілді-кесілді ұстанымы бағаны кері тарта түсті. Оған қоса, Ресейдің де “бұл келіссөздерден түк шықпайды” дегені нарықтағы саудагерлерге сенімсіздік ұялатқан еді. Бүгін бірнеше сағатқа созылған келіссөздер кезінде қара алтынның бағасы дағдарыс басталғалы бері құлдыраған шикізат бағасының рекордтық деңгейіне көтеріліп, 49,99 долларға жеткен болатын. Осылайша ОПЕК ұйымы 2008 жылдан бері алғаш рет мұнай өндірісін тежеп, нарықта жасанды тапшылық жасайтын болып шешті. 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысында да ОПЕК елдері шикізат құнын осы әдіспен сақтап қалған-ды. Американың қаржы секторынан бастау алған дағдарыс бір жылдың ішінде шикізаттық секорға да жұққан еді. Сол кезде ұйым елдері бірауыздан өндірісті азайта тұруға келіскен. Нәтижесі де көп күттірмеген болатын. 2014 жылғы шикізат дағдарысы басталғалы бері Венесуэла елі өндірісті азайтуға шақырған. Дегенмен, ОПЕК елдері оған құлақ аспады. Бірер күн бұрын мұнай бағасының 60 долларға барған кезде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының айтарлықтай төмендейтінін хабарлаған едік. Бұл жолы теңге бағамында күрт өзгеріс болмауы тиіс. Өйткені Ұлттық банк қазір валюта бағамын біржола еркіне жібергендіктен, күнделікті мұнай бағасына қарай теңгенің құны да ыңғайланып отырады. Осы орайда, қара алтын жоғары айтқан деңгейге қымбаттайтын болса, АҚШ доллары Қазақстанда 320 теңгеге, ал алдағы айларда тіпті одан да төмен бағада саудалануы ықтимал. Бауыржан Мұқанов